Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «...ДОСЫМЫЗДЫ САҚТАЙ БIЛГЕН ЕЛМIЗ»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «...ДОСЫМЫЗДЫ САҚТАЙ БIЛГЕН ЕЛМIЗ»
Ағымдағы жыл жемiстi болды десек, көз алдымызға алдымен Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитi, жыл бойындағы өндiрiс орындарының ашылуы және халықаралық деңгейде бiлiм беретiн Назарбаев университетiнiң студенттер қабылдауы бiрден келедi. Осы бiлiм ордасына сейсенбi күнi бас сұққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түйткiлдi мәселелер және ел мен жер келешегiне қатысты дәрiс оқыды.
"Астана Саммит күндерi Хельсинки, Париж, Лиссабон, Будапешт, Ыстамбұл сынды әлемдiк қалалармен тең сатыға аяқ басты!" деген Президент абыройлы iс атқарылып, Қазақстан беделiнiң көтерiлгенiн үлкен мерекемен теңестiрдi. Олай болса Қазақстан жаңа заман есiгiн ашып, жаңа уақыттың жылнамасын бастады, яғни әлемнiң сұлу қалаларымен терезесi тең келдi.
Ғылым мен бiлiмге баса көңiл бөлетiн оқу орнында бiлiмдi ұстаздардың дәрiс оқитыны белгiлi. Бiрақ бұл дәрiстiң орны бөлек. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзектi ойлары мен бiрлiкке шақырған дәрiсiн тыңдауға студенттермен қатар әлемдiк саясат сахнасының саңлақтары – саясаткерлер де келдi. Бұл жылдың елiмiз үшiн жемiстi болғандығын Елбасы "Осы орайда елiмiздiң астанасында осындай жаңа университеттiң дәл Қазақстанның әлемдiк ең iрi ұйымның – ЕҚЫҰ-ның көшбасшылық тiзгiнiн өз қолына алған 2010 жылы ашылуының символикалық мәнi бар. Күнi кеше ғана бiздiң елiмiзде 75 мемлекеттiң делегациялары қатысқан ұлы құрылтайда Астана Декларациясының қабылдануы – Еуразиялық және Еуроатлантикалық қауiпсiздiктiң ортақ, бөлiнбес қоғамдастығының жаңадан қалыптасуының бастауына айналуы мүмкiн" деп дәлелдей түстi.
Тұңғыш рет Азия құрлығында беделдi де берiк ұйым ЕҚЫҰ Саммитiн дәп Астана қаласында өткiзуге не себеп болды? Бұл сауалдың жауабын да Елбасы өзi бердi. Тәуелсiздiк алғаннан берi достық қарым-қатынасты алға тартып, шетелдiк инвестиция арқылы экономиканы көтеру үшiн Батыс және Шығыс елдерiн өзiне қаратқан Қазақстанның 20 жыл iшiндегi жетiстiктерi көп. Осы орайда Президент ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тарттық та, барша әлемнiң сенiмiне ие болдық дедi.
– Қазақстан қоғамын дамытудың басты шарты – бұл бiздiң көпұлтты халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмде өмiр сүруi! – дедi Нұрсұлтан Назарбаев – Егер тұрақтылық бар болса, егер өзара түсiнiстiк пен тыныштық болса, онда кез келген басқа мәселелердi шешуге болады. Ал егер көршiлес қырғыз елiндегi секiлдi, қоғам бұлардан жұрдай болса, онда оқу, жұмыс, инновация түгiл, бас қайғы.
Тарих тоғысындағы елiмiздiң шежiресiн де еске салған ол "Дұшпан басынбаған елмiз, басымыздан сөз асырмаған елмiз. Досымызды сақтай бiлген елмiз, дәм-тұзын ақтай бiлген елмiз" деп қорытындылады сөзiн.
Бұл әдемi кештiң соңында Назарбаев университетiнiң студенттерi Елбасымен еркiн пiкiр алмасып, сұрақ қою мүмкiндiгiне ие болды. Осы тұсты сәттi пайдаланған студенттер Нұрсұлтан Әбiшұлына қайтадан мамандық таңдау мүмкiндiгi туса, қай салаға бет бұрған едiңiз деген сауалға:
– Инженер-металлург мамандығы бойынша бiлiм алдым, жұмыс жасадым. Егер мен қазiр оқуға түсетiн болсам, онда қайтадан Политехникалық институтты таңдайтын едiм, – деп өткен күндерден қол үзбейтiнiн жеткiздi.
Бүгiнде жаһандық прогрестiң парадигмасы, форматы тез өзгеруде – әлем өз дамуының постиндустриялдық кезеңiне көшуде, – дедi одан әрi Елбасы – Онда белгiлi футуролог Брюс Стерлингтiң сөзiне жүгiнсек, болашақ "прогресс" сөзiнiң синонимi болудан қалады, себебi болашақ бүгiннен-ақ басталады. Осы жаңа дәуiрде тек табиғи ресурстар мен байлықтар немесе дамыған өнеркәсiптiк базаның болуы ғана елдiң әл-ауқатының негiзiн құрамайды. Қоғамның негiзiн бiлiмдi азаматтар құрайды. Сондықтан студенттер күнделiктi сабақпен тыйылмай қосымша ғылыми зерттеулерге де араласу керек екенiн айтты. Себебi болашақта бiзге тәжiрибелi, жаңа техникаларды жаңғақша шағатын, өз iсiн меңгерген маман керек. Бұл – басты талап.
"Түркiстан-ақпарат"