ҚАЗАҚ ҒАЛАМДЫҚ САЯСАТ ҚҰРҒАН КҮН

ҚАЗАҚ ҒАЛАМДЫҚ САЯСАТ ҚҰРҒАН КҮН

ҚАЗАҚ ҒАЛАМДЫҚ САЯСАТ ҚҰРҒАН КҮН
ашық дереккөзі
193

56 мемлекет — 11 жыл, ал Қазақ елi — 325 күн күткен ЕҚЫҰ Саммитi басталды. Қазақ елордасының қақ төрiнде басталған үлкен жиынға 38 мемлекеттiң басшылары, 11 халықаралық ұйым басшылары, көптеген саясаткерлер мен журналистер келдi. Астана әуежайы президенттiк ұшақтарды бiрiнен соң бiрiн қабылдап, үлгере алмай жатса, Астананың көшелерiнде бейсауыт жүрiс тоқтап, қауiпсiздiк ережелерi әдеттегiден тыс күшейтiлген.

Астана дымын iшiне алып, Ғаламдық саясаттың ыңғайына жығылды.

ЕҚЫҰ — тарихы 35 жыл бұрын басталған, үш континент пен 56 мемлекеттiң тағдырын бiр арнада тоғыстырған, кезiнде екiге жарылған Ғаламдық саясатты қырғи-қабақ соғыстың қаупiнен арылтып, жаңаша қауiпсiздiк теориясын дамытуға еңбегi сiңген ерекше құрылым. Ал ортаазиялық жас та арынды мемлекеттiң төрағалық етуiмен бұл ұйым ХХI ғасырда соны сүрлеуге түсiп, жаңаша түлеуi әбден мүмкiн.

АЯЗ, ҚОРШАУ ЖӘНЕ… ТАНКIЛЕР

Астананың суық ызғары беттi қариды. Бiрақ қарбалас тiрлiктiң қамы бойды алған суықты елемеуге дағдыландыратын сияқты. Санаулы күннiң iшiнде Астананың қарапайым тұрғындарының барлығы көшiп кеткендей. Керiсiнше, бұл қалада атағы жер жарған, әлемдiк азулы саясаткерлер мен оларды күтiп алумен шапқылаған ұйымдастырушы белсендi топ қана қалғандай. Оларға, әрине, қолына микрофоны мен диктофонын ұстаған, қаламы мен қағазын дайындап, әлденеден әбiгерге түскен журналистер қауымын қосыңыз.

Дегенмен, Саммит жұмысын ұйымдастыруға, оны ойдағыдай өткiзуге атсалысқан тағы бiр топты атамай кетуге болмас. Олар – еңбегi айрықша аталып, еленбесе де, осы iстiң жауапты бiр жүгiн арқалаған маман иелерi: қорғаушы, өрт сөндiрушi, құтқарушы, күзетшi, таксист, мейiрбикелер мен аспазшы т.с.с. қоңыр тiрлiктiң иелерi. Ғаламдық Саммиттiң iшкi иiрiмiн қалт жiбермей бағатын әрi оның ауыртпашылығы мен жауапкершiлiгiн қайыспай көтеретiн, кейiннен осы оқиғаны халық аузында сан-саққа жүгiртiп, аңызға айналдыратын да – осы топ. Ендеше, Саммиттiң бейресми "авторы" әрi шынайы кейiпкерi де – халықтың өз өкiлдерi емес пе?

Бөгде көлiктер өткiзiлмейтiн, қаланың басқа аудандарынан оқшауланған, арнайы күзетiлетiн аумақта ЕҚЫҰ Жетiншi Саммитi өтiп жатыр. Қоршаудың әр тұсында, қаланың қақ ортасында шөппен бүркемеленген танкiлер тұр. Әуелгiде көзге шыққан сүйелдей көрiнсе де, қым-қуыт шабылыстан, үздiксiз тексерулерден кейiн бұл көрiнiске де көзiң үйренедi. Әрi-берiден соң, тiптi, осылай болуы керек сияқты деген ой қалыптасады.

"ЖЫЛДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ" ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ?

Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев "стратегиялық ұлттық жоба" деп атаған болатын. Ал осы ұйымның Астанада өтiп жатқан Жетiншi Саммитiне Елбасы әу бастан "жылдың ұлттық жобасы" деген баға бердi.

Қазақстанның бұл ұйымға төраға болуы туралы бастама 2003 жылы 18 ақпанда Вена қаласында өткен Тұрақты кеңесте көтерiлдi. Мұндағы мақсат – әлем назарын Орталық Азияда тұрақтылық пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiне аудару болатын.

Ал Қазақстанның төраға болу мәселесiне қатысты шешiм 2007 жылы желтоқсанда Мадридте өткен ЕҚЫҰ сыртқы iстер министрлерi кеңесiнде қабылданды. Бұл оқиғаны Тәуелсiздiк тарихының оқулықтарында жазылар, Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгiнiң дипломатиялық жеңiсi деп атауға лайық. Өйткенi, Қазақстан – қазiргi таңда ТМД аумағында осы ұйымға төраға болған бiрден-бiр мемлекет.

Қазақстан төрағалығы "траст" (сенiм), "традишн" (дәстүр), "транспаренси" (ашықтық) және "толеранс" (төзiмдiлiк) ұрандары аясында жүзеге асты.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң сыртқы iстер министрлерiнiң тамыз айындағы бейресми кездесуiн ашу рәсiмiнде сөйлеген сөзiнде "Бiздiң Ұйымымыз құрылған 1975 жылы, сол тұста әлi әлемнiң саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрiздi мемлекеттiң 35 жылдан кейiн оны басқаратыны, сiрә, ешкiмнiң ойына кiрiп те шықпаған шығар" дедi.

Беделдi халықаралық ұйымға төрағалық Ақорданың саяси бастамашылдық қабiлетiн жарқырата көрсетуiне мүмкiндiк бергендей. Осы жарты жылдықта Қазақстан басшылығы халықаралық қауымдастыққа түрлi мәселелерге қатысты сан қилы ұсыныстар тастап үлгердi. Солардың бiрi – Трансеуразиялық қауiпсiздiк жүйесiн құруға байланысты. "ЕҚЫҰ: жаңа онжылдықта төзiмдiлiкке қарай" деген шартты атауы бар құжат Саммит қарауына ұсынылды.

Биыл Хельсинкiдегi Қорытынды актiге қол қойылғанына – 35 жыл, жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясының қабылданғанына – 20 жыл толды. Кәрi құрлық үшiн маңызы жоғары осындай айтулы мерейтойлардың тұспа-тұс келуi де – Қазақстан төрағалығының тарихи маңызын арттыра түскенi анық.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Саммиттi өткiзу туралы шешiмнiң қабылдануын "Қазақстанның iрi жетiстiгi" деп бағалады. Оның айтуынша, "Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ға жаңа күш-қуат, жұмысына соны қарқын бердi".

Қазақстаннан соң төрағалық тiзгiнiн Литва алмақ. Ал 2012 жылы ЕҚЫҰ-ына Ирландия, 2013 жылы Украина төрағалық етедi.

Ал Қазақстан 2011 жылы "үштiк" деңгейiнде ЕҚЫҰ жұмысына басшылық етудi одан әрi жалғастырмақ.

ЖЕТIНШI САММИТ – ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Ұйымның ең жоғарғы органы – Саммит. Бұған дейiн алты рет шақырылған басқосулардың тарихы мен географиясына көз жүгiртсек, 1975 жылы – Хельскинкiде, 1990 жылы – Парижде, 1992 жылы – тағы да Хельсинкiде, 1994 жылы – Будапештте, 1996 жылы – Лиссабонда өткен.

Ал ЕҚЫҰ соңғы Саммитi осыдан 11 жыл бұрын, 1999 жылы Стамбұл қаласында өткiзiлген екен.

Негiзi, Саммит әр екi жылда шақырылып отырылуы керек. Оның ұзақ уақыт өткiзiлмеуi себебiн Нұрсұлтан Назарбаев былай деп түсiндiредi: "ЕҚЫҰ Саммитiн өткiзудегi 10-жылдық үзiлiс бұл ұйымның консессуалдық негiзiнiң дағдарыста болмаса да, тоқырау жағдайында екендiгiнiң анық белгiсi" дедi.

Шындығында, сарапшылар Қазақстанның 2009 жылы төраға болу талпынысына қатысты сол кезде нақты шешiмнiң қабылданбауы да – ұйымның дағдарыста болуынан дейдi.

Осы ұйымның Саммитiн өткiзу үшiн әлемнiң 55 мемлекет басшыларының келiсiмiн алу да дипломатиялық қажырлы еңбектiң арқасында жүзеге асқан.

ЕҚЫҰ төрағасы, Қазақстан мемлекеттiк хатшысы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев бұл Саммиттiң маңыздылығы туралы былай дейдi: "Бiз мұндай жоғарғы деңгейдегi кездесудiң нәтижесi жаңа "Астана лебiнiң" пайда болуына себепкер болады деп сенемiз. Бұл бүгiнгi геосаяси жағдайда Хельсинкi қорытынды актiсiнiң табиғи сабақтастығы әрi жалғасы болар едi. Бұл шара Ұйымымыздың мерейтойын лайықты атап өтуге әрi оны ХХI ғасырда жаңа жетiстiктерге жетуге итермелейдi" дедi.

Президенттiң айтуынша, бұл Саммит Хельсинкi актiсiнiң қабылданғанына 35 жыл толған жылы ЕҚЫҰ-ның "Хельсинкiден Астанаға дейiн" эволюциялық даму жолын әйгiлемек.

Президент Астана Саммитiнiң ұлттық мәнi туралы былай деген: "Алдағы басқосудың Қазақстан үшiн маңызына ерекше тоқталып өткiм келедi. Халықаралық өмiрдегi басты саяси оқиғалардың бiрiнiң Астанада өтуi бiздiң елдiң әлемдегi абыройын асқақтатып қана қоймай, Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық, демократиялық дамуына жаңаша серпiн берiп, қазақстандықтардың бiрлiгi мен патриоттығын арттыра түседi".

Астана Саммитi – Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығының әрi жемiсi, әрi қорытындысы болмақ. Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығына берiлетiн бағаның қандай болмағы – Жетiншi Саммиттiң қай деңгейде өтуiне байланысты.

ЕҚЫҰ ЖАҢАРА МА?

ЕҚЫҰ негiзгi мiндеттерi "үш себеттен" тұрады: бiрiншi себет – саяси-әскери бағыт. Қару-жарақты таратпауды бақылауда ұстау, кикiлжiңдердi шешуде дипломатиялық ерiк-жiгердi пайдалану және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сенiмдiлiк орнату шаралары.

Екiншi себет – экономикалық және экологиялық мәселелер.

Үшiншi себет адами құндылықтарға қатысты. Адам құқығының сақталуы, демократиялық институттардың дамуы және сайлауларға мониторинг жасау.

Қазақстан төрағалық тұсында ЕҚЫҰ-ның үш "себетiн" қатар қамтуға тырысты. Әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салалар аясында жасалған Қазақстанның талпыныстарын ЕҚЫҰ мүше мемлекеттердiң барлығы дерлiк қолдады.

Мемлекеттiк хатшы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевтың сөзiмен айтқанда, Қазақстанның төрағалығы "Ұйымымыздың институттарының, әсiресе, оның атқарушы құрылымдары қызметiн жақсартуды ғана емес, мүше-мемлекеттер арасындағы сенiмдi қалпына келтiруге де бағытталған".

Сарапшылар Қазақстан төрағалығының басты жетiстiгi ретiнде "Корфу" процесiндегi белсендiлiгiн атайды. Жыл бойы осы процесс аясында көптеген пiкiрталастар өткiзiлдi. Еуроатлантика, Еуразия кеңiстiктерiндегi қауiпсiздiк мәселелерi бойынша көптеген ұсыныстар жасалды, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында бiр-бiрiне деген сенiм артты.

Сондай-ақ, Қазақстанның еуропалық қауiпсiздiктi орнатуға қатысты ашық түрде пiкiрталасқа шақыруы, бар жұмысты ЕҚЫҰ қағидаларына сүйене отырып ұйымдастыруы да еуропалық дипломаттардың көңiлiнен шықты.

ХХI ғасырда ЕҚЫҰ-ның негiзгi мiндет ауқымы да өзгердi. Қазiргi кезде бұл аймақтық ұйымның аты – еуропалық болғанымен, заты – географиялық ауқымы жағынан Орталық Азиямен, тiптi Ауғанстанмен шектесiп жатыр.

Алдағы уақытта да есiрткi тасымалы, терроризм, дiни экстремизммен күрес шаралары ұйымның басты назарында қала бермек. Астана Саммитiнде Ауғанстан арнайы тақырып аясында қарастырылатын болғандықтан, Қазақстан тарапынан әлi де ұтымды ұсыныстар айтылуы әбден мүмкiн.

САММИТТIҢ КҮН ТӘРТIБI

Бұқаралық ақпарат құралдарына берген бiр сұхбатында ЕҚЫҰ төрағасы, Мемлекеттiк хатшы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев Жетiншi Саммиттiң күн тәртiбi туралы былай дедi: "Саммиттiң ең оңтайлы күн тәртiбiн жасау үшiн бiз ЕҚЫҰ аясындағы әрiптестермен бiрлесе отырып тыңғылықты жұмыс iстеп жатырмыз. Оның басты тақырыптары Ұйым аясында бұрынырақ қабылданған барлық мiндеттердiң нақтылануы, еуроатлантикалық және еуразиялық қауiпсiздiктiң келешегi, оның iшiнде "Корфу процесi" де, Еуропалық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiмшарт жобасы да, жаңадан пайда болған қауiптерге қарсы тұру, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдай, адам құқығы мен бостандықтары т.б. әмбебап құндылықтар болуы мүмкiн деп ойлаймын".

Саммитте Ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiк мәселелерi талқыға түстi.

Жетiншi Саммитте экономикалық интеграция мәселелерi де назардан тыс қалмады. Қазақстан басшысы ЕҚЫҰ экономикалық-экологиялық өлшемдi дамытуға көбiрек көңiл бөлуi тиiс деп санайды. ЕҚЫҰ-ның Бонн декларациясы мен Маастрихт стратегиясын қазiргi жағдайға бейiмдеудi және "Маастрихт плюс" құжатын жасау қажеттiгiн айтып жүр. "Мен Еуразия субконтинентiнде терең де дәйектi интеграциялық үдерiстердiң сенiмдi жақтасымын және Еуразиялық интеграцияның негiзгi қағидалар мен бағыттарын бейнелейтiн бiртұтас құжат әзiрленуi қажет деп санаймын" дедi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Экологиялық бағыт бойынша, халықаралық қауымдастықтың назарын Арал теңiзiне аударуға күш салынды. Бұл аймақтағы экологиялық, әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi шешуде күш жұмылдыруға шақырудың талпынысы жасалады.

Сондай-ақ, Қазақстан ЕҚЫҰ әрiптестерiмен көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет ретiнде қоғамдағы тұрақтылық пен бейбiт келiсiмдi орнатудың механизмдерi жөнiнде ой бөлiсуге әзiр. "Елдердiң барлығында бiрдей этностық және дiни төзiмдiлiк саласында көптеген түйткiлдi мәселелер қордаланып қалды. Бүгiнде ЕҚЫҰ-ның жауапкершiлiк аймағында мәдени, өркениеттi және дiнаралық қарым-қатынас жасаудың қажеттiлiгi пiсiп-жетiлдi" дедi Елбасы.

Қазақстан ЕҚЫҰ ұйымы аясында төзiмдiлiк қағидаларын таратудың жолы ретiнде екi ұсыныс бiлдiрдi. Бiрiншiсi, Төзiмдiлiк пен кемсiтушiлiкке жол бермеу жөнiндегi ЕҚЫҰ Орталығын құру. Екiншiсi, ЕҚЫҰ-ның этносаралық және дiнаралық төзiмдiлiк мәселесiндегi ролiн күшейтудi талқыға салу.

Оның үстiне, қоғамдағы төзiмдiлiк мәселесi Қазақстанның iшкi және сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бiрi ретiнде келесi жылғы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық кезiнде де өзектi болмақ.

АСТАНАҒА АСЫҚҚАН ҚОНАҚТАР ЛЕГI…

Бұған дейiнгi деректерге сәйкес, Астана Саммитiне 55 мемлекеттен ресми делегациялар тобы, 60-қа жуық халықаралық ұйым басшылары, 500-ден астам үкiметтiк емес ұйым өкiлдерi, шетелдiк 1500-дей журналист келедi деген долбар айтылған. Сыртқы iстер министрлiгiнiң соңғы күндердегi дерегiне жүгiнсек, Жетiншi Саммитке 2500-дей делегат, 1200-дей бұқаралық ақпарат құрадарының өкiлдерi, 600-дей үкiметтiк емес ұйым өкiлдерi келген. Жалпы саны, алдын ала жоспарланғандай, 5000-дай адам.

Алдын ала алынған деректерге жүгiнсек, Саммит жұмысын ұйымдастыруға 11 млн. еуро жұмсалған. Бұл шығынды ЕҚЫҰ мүше мемлекеттер бөлiсiп көтередi. 11 млн. еуроның төрттен бiрi ұйымға мүше мемлекеттер төлеген жарнадан құралады. Әрине, Саммит өткiзушi елдiң көтерер жүгiнiң салмағы ауырлау болмақ. "Тас – түскен жерiне…".

Бұл жиынға ұзын-саны 38 мемлекет басшысы, бiр вице-президент, 10 үкiмет басшысы, 7 вице-премьер, бiр мемлекеттiк хатшы (АҚШ), 14 сыртқы iстер министрi, сондай-ақ 33 халықаралық және аймақтық ұйым басшылары, оның iшiнде Еуроодақ, БҰҰ, Ислам конференциясы ұйымы, ШЫҰ, Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiм-шарт ұйымы, ЕурАзЭҚ басшылары келген. Жалпы, Астанаға 75 ресми делегация келiптi.

Делегаттар 30 қараша күнi бесiн уақытынан бастап, түнi бойы ағылып келiп жатты. Кейбiр мәртебелi қонақтар ұшақтан 1 желтоқсан күнi таңертең түсiп, тiкелей Тәуелсiздiк сарайына қарай тартты…

Сонымен, үш континенттi дүбiрлеткен Астана Саммитi де өттi. ЕҚЫҰ басты қағидасы – ортақ келiсiмге келу. Ал келiсiмге келу үшiн барша тараптардың бiр-бiрiне деген сенiмi нығаюы керек екенi сөзсiз. Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасына көпiр салып, диалог орнатуға талпынысы оң нәтиже бере бастағандай.

Шындығында да, Астана Саммитiнен соң "Астана лебiн" таратудың мүмкiндiгi бар.

ЕҚЫҰ – Еуропа, Орталық Азия мен Солтүстiк Америкадағы 56 мемлекеттiң басын қосқан аса iрi аймақтық ұйым.

Оған мүше мемлекеттер:

Австрия, Әзiрбайжан, Албания, Андорра, Армения, Беларусь, Бельгия, Болгария, Босния мен Герцеговина, бұрынғы югославтық Македония Республикасы, Венгрия, Германия, Греция, Грузия, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Кипр, Қырғызстан, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Мальта, Молдова, Монако, Нидерланды, Норвегия, Польша, Португалия, Ресей Федерациясы, Румыния, Сан-Марино, Қасиеттi Тақ (Ватикан), Сербия, Словак Республикасы, Словения, Бiрiккен Корольдiк, АҚШ, Тәжiкстан, Түркiменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Франция, Хорватия, Черногория, Чех Республикасы, Швейцария, Швеция, Эстония.

ЕҚЫҰ әрiптестерi:

Ауғанстан, Австралия, Алжир, Египет, Жапония, Иордания, Израиль, Корея Республикасы, Моңғолия, Марокко, Таиланд, Тунис.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары