ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо: БIЗ ЖАРНАМА ЖАСАУҒА КЕЛГЕН ЖОҚПЫЗ
ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо: БIЗ ЖАРНАМА ЖАСАУҒА КЕЛГЕН ЖОҚПЫЗ
ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның журналистерге арналған баспасөз жиыны үстiнде шетелдiк бiр басылым тiлшiсi "ЕҚЫҰ төрағалығы Қазақстанға не бердi? Әлде осы Саммиттi Қазақстан PR ретiнде ғана пайдаланып отыр ма?" деген сұрақ қойды. Жасыратыны жоқ, шетелдiк журналистердiң көбiнiң көкейiнде тұрған сауал бұл.
Дегенмен, Бришамбо мырзаның бұл сұраққа салмақты да байыпты жауабы көңiлiмiзден шықты. "Варшавада, Венада өткен Шолу конференцияларына Қазақстаннан 80-нен астам үкiметтiк емес ұйымдар өкiлдерi атсалысты. Олар өз ойларын ашық айтып, пiкiрлерiн ешкiмнен тайсақтамай жария еттi, ал Қазақстан билiгiнiң өкiлдерi бұл сынды сабырлы күйде қабылдады. Осы ұйым өкiлдерiнiң сөздерiнен кейiн мен бұл төрағалық Қазақстанға пайдалы болды деген ойға қалдым" дедi Бас хатшы.
Бришамбо мырзаның айтуынша, Астана Саммитi көптеген түйткiлдi мәселелердi жоғары деңгейдегi кездесулер барысында талқылауға мүмкiндiк бередi. Осындай кездесулердiң бiрi – Армения мен Әзiрбайжан президенттерiнiң Астана Саммитi аясында жоспардағы кездесуi болуы ықтимал. "Менiңше, Саргсян мен Әлиев жиi-жиi кездесiп тұрулары тиiс" дедi Бас хатшы. Ал бұл екi мемлекет басшыларының бiр дөңгелек үстел басына отырып, келiссөзге келуiне Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының беделi себепкер болуы мүмкiн.
"Ауған мәселесi бәрiмiздi де мазалап жүр" дедi бұдан соң Бас хатшы. "Менiңше, Ауғанстан мәселесi Саммитке қатысатын президенттер мен үкiмет басшылары сөздерiнiң негiзгi тақырыбы болмақ".
Шындығында да, Ауғанстан – Жетiншi Саммиттiң өзектi тақырыптарының бiрi. Бришамбо мырза Ауғанстандағы саяси-экономикалық дағдарысты шешу үшiн ЕҚЫҰ аясында қолға алынған кадрлер дайындау бағдарламасын атап өттi. "Әлi де осы Саммитте көптеген жақсы, соны ұсыныстар айтылады деген ойдамын" дейдi ЕҚЫҰ Бас хатшысы.
Соңғы кезде ЕҚЫҰ-на қатысты қарама-қайшы пiкiрлердiң көп айтылғаны аян. Бiрақ Бас хатшы ұйымның болашағы зор екенiне сенiмдi көрiнедi. "ЕҚЫҰ – пiкiрталастар мекенi" деген Бришамбо мырза бұл ұйымды "әлсiз" санайтындармен пiкiр жарыстыруға дайын сияқты. "Бiз әлсiздiктен қорықпаймыз. Бiз қиындықтан да қорықпаймыз" дедi Бришамбо әр сөзiн нығырлай.
Бұған дейiн Варшава конференциясы барысында Бас хатшының ЕҚЫҰ-ны "тiрi жобаға" балағаны есiмiзде. Оның айтуынша, бұл жоба ұжымдық теңдiк және қауiпсiздiк негiзiнде ұдайы өзгерiске түсiп келедi. "Болашаққа сенiммен қарау үшiн ЕҚЫҰ бұдан да күштi, бұдан да тиiмдi және бұдан да жақсырақ жабдықталған құрылым болуы тиiс" дейдi ол.
Жалпы, Бас хатшы ЕҚЫҰ-на төраға болу оңай жұмыс емес екенiн атап өттi. ЕҚЫҰ – ұдайы жаңаруды тiлейтiн ұйым.
Обалына не керек, Бас хатшының Қазақстанға деген көзқарасы тәуiр-ақ. Бұған дейiн де ол Астана төрағалығына қатысты талай жылы лебiздер айтып келдi. Ол Қазақстанға "белсендi төраға" деп баға берген едi. Бiрақ бұл жолы "Бiз жарнама жасауға келген жоқпыз" деп қысқа қайырды. "Бiз бейбiтшiлiктi қалаймыз. Сол үшiн жұмыс iстеймiз" дедi.
Ал баспасөз жиыны соңында Бришамбо мырза "Астана Саммитiнiң Қазақстанға не бергенi жөнiнде бейсенбi күнi Нұрсұлтан Назарбаев айтсын" деп қалды.
Соңғы сөз – Қазақстандiкi дегендi меңзегенi ме екен…