КӨП ҚЫРЛЫ ҒАЛЫМ

КӨП ҚЫРЛЫ ҒАЛЫМ

КӨП ҚЫРЛЫ ҒАЛЫМ
ашық дереккөзі
810

Ата-бабаларымыздың "Адамның адамдығы адалдығымен және төккен терiнiң төлемiмен бағаланады" дегендерi айдай анық қағида емес пе?! Әркiм өзiнiң мiнез-құлқын, кiсiлiк қабiлетiн, көзқарасын өз қолымен қалыптастырады. "Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңiз" деп, ұлы ақынымыз Абай да адамның өзiн-өзi тәрбиелеуiнiң, жетiлдiруiнiң құпиясы тұлғаның өз ырқына, ерiк-жiгерiне тәуелдi екенiн айтса керек.

Осындай ой белгiлi ғалым-саясаттанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттаров Раушанбек Борамбайұлының қалыптасу жолын оймен шолғанда санаға орала бередi. Р.Әбсаттаров – көп қырлы ғалым. Ол тек қана философ емес, сонымен қатар әлеуметтанушы, саясаттанушы, мәдениеттанушы, тарихшы, публицист. Бiз осы тiзiмдердiң iшiнен тек қана кейiпкерiмiздiң бейнесiн көбiрек ашатын саясаттанушы тақырыбын ғана алдық. Раушанбек Әбсаттаров – көрнектi ғалым, республика және шетелдерге белгiлi саясаттанушы – саяси ғылым саласындағы талантты зерттеушi, Қазақстан Республикасы ғылым саласына еңбек сiңiрген қайраткер, "Жоғары оқу орнының ең үздiк оқытушысы" мемлекеттiк грантының иегерi, философия ғылымдарының докторы, профессор. Қызылорда облысы, Қармақшының қасиеттi топырағында дүниеге келген, Раушанбек Әбсаттаров орта мектептi бiтiрiп, әскери борышын өтеп келгеннен кейiн бiлiмге, ғылымға деген құштарлық албырт жасты Киевтiң мемлекеттiк университетiнiң философия факультетiне алып келдi. Аталған оқу орнын 1967 жылы үздiк бiтiрiп, ғалым-философ дипломын алып шығады. Ғылымға деген алғырлығын байқаған ұстаздары оны осы университеттiң аспирантурасына қабылдатады. Аспирантурада оқып жүрiп, Раушанбек атақты одақтық философ академиктер П.В.Копни, Г.В.Глушков, В.И.Шинкарук, Лениндiк сыйлықтың лауреаты, философия ғылымдарның докторы, профессор И.Д.Назаренколардың сүйiктi шәкiртi болады. Мiне, осындай iрi ғалымдармен бiте қайнасып, араласу Раушанбектiң iрi ғалым және ғылым мен бiлiм саласында ұйымдастырушылық қабiлеттерiнiң шыңдалуына жол ашады. Қажыры мен қайратының арқасында өрлеу баспалдақтары одан әрi биiктей бередi. 1970 жылы аспирантураны ойдағыдай бiтiрiп, кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, ол Қазақ мемлекеттiк университетiне жiберiледi. Жастайынан табан ақы, маңдай тердiң арқасында ғана биiкке жететiнiн жiтi түсiнген Раушанбек, бұл жерде бар қажыр-қайратын жұмсады. Бiлiм мен бiлiктiлiктi жадына жақын тұтқан доцент Раушанбек, алғашында философия – экономика факультетiнiң аға оқытушысы, болып iстедi. Университет басшылығы оның адалдығы мен iскерлiгiн байқап, жас маманды бiрнеше жыл қатарынан сол оқу орнының қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы мiндетiн жүктейдi. Осы университеттiң доцентi бола жүрiп, 1988 – 1990 жылдары ол партия қызметiне де шақырылады. 1991 жылдан бастап Раушанбек Борамбайұлы жаңадан ашылған Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы менеджмент, экономика және болжамдау институтының әлеуметтiк – саясат және философия кафедрасының меңгерушiсi, Қазақстан Республикасы Президентi аппаратының консультанты қызметтерiн атқарады. Бiрақ, бiлiмге және ұстаздық жұмыстарға құштарлық оны жоғары оқу орнына қайтадан алып келедi. 1997 жылдан бастап Раушанбек Борамбайұлының өмiр жолы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiмен тығыз байланысты. Әуелi кафедра меңгерушiсi, декан қызметтерiн атқарады. 2009 жылы осы университеттiң жанынан жаңа құрылым – магистратура және доктарантура институты ашылды. Қазiр Раушанбек Әбсаттаров осы институттың саясаттану және әлеуметтiк экономикалық пәндер кафедрасының меңгерушiсi. Өз iсiне деген шынайы берiлгендiктен, Раушанбек Борамбайұлы ғылым жолына дендей кiрiп, үлкен нәтижелерге жеттi, Қазақстанның әлеуметтiк саяси ғылымының дамуына үлкен үлес қосты Ол сегiз тiлде 32 монография, кiтаптар, оқу – құралдары, брошюраларды басып шығарды, 500-ден астам ғылыми және оқу әдiстемелiк мақалалар жазды. Оның бұл еңбектерi өз елiмiзбен қатар, алыс және жақын шетелдерде кеңiнен белгiлi. Республикамыздағы ұлтаралық қатынастар мәдениетi және оның тәрбиесi, этносаяси қауымдастық, ұлттық және жалпықазақстандық бiрiктiлiк, ұлттық қарама-қайшылықтар және оның шешу жолдары, салыстырмалы саясаттану, т.б. жаңа бағыттардың қалыптасуы мен дамуы оның атымен тығыз байланысты. Әлеуметтiк саяси қатынастардағы күрделi де түбегейлi мәселелердi шешуде Р.Әбсаттаров батылдығымен және жаңашылдығымен айырықшаланады. Оның "Ғылыми-техникалық прогресс және ұлтаралық қатынастар", "Ұлттық қатынастардың дамуы проблемалары және басқару", "Ұлттық процестер ерекшелiктерi және проблемалары", "Студенттердi ұлтаралық қатынастар мәдениетiне тәрбиелеу теориясы мен практикасы", "Саясаттану және оның проблемалары" атты еңбектерi, өзiмiздi айтпағанда тiптi евразиялық саяси ғылымда елеулi оқиға болды. Р.Әбсаттаровты тәуелсiз Қазақстанның саяси ғылымының негiзiн қалаушылардың бiрi деуге болады, себебi, ол пайдаланып, кеңестiк өмiрдiң дәуiрлеп тұрған заманында-ақ, 1990 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң жанынан кандидаттық диссертациялар қорғайтын ғылыми кеңес ашуға көп күшiн жұмсады. Қамқор аға, ақылшы ұстаз Р.Әбсаттаровтың басшылығымен 14 кандидаттық, 2докторлық диссертация қорғалды. Бүгiнде шәкiрттерi Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде ғылым, бiлiм және өндiрiс, басқару жүйелерiнде жемiстi еңбек етiп жүр. Қазақстанның қай облысына, қай ауданына бара қалсаңыз, немесе, қай мемлекеттiк мекемелерге кiре қалсаңыз Р Әбсаттаровтың шәкiрттерiне жолығасыз. Бәрi де оны ризалықпен еске алып жатқанда iшiңiз жылиды. Раушанбекетi ұстазым деп мойындайтындардың, оның алдын кесiп өтпейтiндердiң арасында министр де, әкiм де, профессор да бар екенiне куә болып жүрмiз. Р.Әбсаттаров өзiнiң маңайына студенттер немесе аспирант, магистранттар, не кафедраның қызметкерлерi болсын, ылғи талапты да, ойшыл жастарды жинақтайды. Жалпы, өзiнiң адами тұлғасын жақсы қасиеттермен жетiлдiрген, бiлiмi мен талантын, ақылы мен азаматтығын жұртшылыққа кеңiнен танытқан Раушанбек Әбсаттаров бiреудiң қуанышына, шын мәнiнде, өз қуанышындай қуана бiлетiн адам. Тағы бiр ерекшелiгi – Раушанбек Боранбайұлының отбасы да өзгелерге үлгi өнеге. Аяулы жары Меруерт өзiмен бiрге Киев университетiнде аспирантурада бiрге оқып, кандидатық қорғаған, бүгiнде профессор. Раушанбектiң алаңсыз жұмыс iстеуiне жағдай жасап бақты. Өмiрде ақ босағасының береке-бiрлiгiн сақтап, алтын босағалы шаңырақ күмбезiн көкке көтерген, аналық пен адалдықты аялап, азаматының қадiр-қасиетiн бағалаған, абырой-атағын кемiтпеген, балаларына мейiрiмдi ана, жолдастарына ақжарқын дос бола бiлген асыл жарды қалай әспеттесек те жарасады. Раушанбектiң күнделiктi күйбең тiршiлiктiң қам-карекетiне мойын бұрмай, ғылымға алаңсыз қызмет еткенi Меруерт ананың арқасында десек, ақиқаты сол болады. "Жары жақсының – бәрi жақсы" деген осы. Ұлдары Марат, Ғалымжан, қызы Майябәрi жоғары бiлiмдi мамандар, әртүрлi салада еңбек етiп жүр. Әке жолын қуған Марат пен Ғалымжан ғылыми жолдың баспалдақтарымен биiктеп келедi, Марат та, Ғалымжан да диссертация қорғаудың қамында жүр. Бүгiнде өмiрдiң жетi белесiн артқа тастаған көрнектi ғалым, ұлағатты ұстаз Раушанбек Әбсаттаров туралы айтылған әңгiмелердi тиянақтай келе айтарымыз: Қашанда Жаратқан жарылқап, Тәңiр өсу мен өнуге жазсын, Раке!
Әмiржан Шалтықов, саяси ғылымдар докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары