ШИПАЖАЙДЫҢ ШЫРЫЛЫ

ШИПАЖАЙДЫҢ ШЫРЫЛЫ

ШИПАЖАЙДЫҢ ШЫРЫЛЫ
ашық дереккөзі
304

"Шымбұлақ" балалар шипажайы СПИД орталығына "еншi" бермек

Алматы қаласындағы туберкулезге қарсы "Шымбұлақ" балалар шипажайы ғимаратының жартысы облыстық СПИД орталығына берiледi деген суыт хабар қоғамды екiге жарған. Iле-шала Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан аяқасты келген бұйрыққа аң-таң болысқан шипажай дәрiгерлерi ғимараттың бiр бөлiгiн шұғыл босатуға мәжбүр болған.

Облыстық денсаулық сақтау басшылары ұсынған талапқа сәйкес, шипажайдың 50 орындық бөлiгiне СПИД орталығының зертханасы орналасады. Олар мұнда тегiн ине тарататын орталық ашпақшы көрiнедi. Мұны естiген шипажай дәрiгерлерi мен ата-аналардың төбе шашы тiк тұрып, жанайқайын кiмге бiлдiрерiн бiлмей дал болуда. Онсыз да аузы-мұрнынан шығып жататын емделу мекемесiнде қазiргi кезде 210 бала бар. Құрт ауруының ересектер тұрмақ, балалар арасында жылдан жылға өршiп бара жатқандығын ескерсек, шипажайдың төрт маусымда да лық толуы заңдылық. Алайда, бiр бөлiмшенiң толығымен қысқарғанына байланысты, ем қабылдауға мәжбүр балаларға деген орын да, дәрiгерлер де қысқаратын болды.

Бүгiнде шипажайда 2 жастан бастап, 14 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдер тегiн ем алады. Балалардың басым бөлiгi әлеуметтiк жағдайы төмен отбасынан шыққан. Олардың бiлiм алатын жерi де, тамақ iшетiн және жатын орны да ғимараттың өзiнде. "Шымбұлақ" балалар шипажайының бөлiм меңгерушiсi мiндетiн атқарушы Аманғазы Оразғалиев: "СПИД орталығы көшiп келген соң, бiз кәдiмгiдей қысылып қалдық. Олар жер бөлiгiнiң бiраз аумағын алып қойды. Дәл сол жерде балалар далаға шыққанда ойнап, таза ауамен тыныстайтын едi" деп iштей наразылығын бiлдiрсе де, қауқарсыз екендiгiн мойындайды. Себебi, жоғарыдан келген бұйрықты орындамауға дәрiгерлердiң дәтi бара қоймайтыны белгiлi. Әйтпесе, үлкен мегаполис Алматыда СПИД орталығына лайықты басқа жер табылмай қалып па екен?

Алматы облыстық СПИД орталығы мамандарының айтуынша, егер орталық қаланың басқа жерiне көшiрiлсе, дайын мамандарды жоғалтып алатын көрiнедi. "Алматы – есiрткi саудасының қызған ордасы. Мұнда Ауғанстаннан есiрткi тасымалдайтындар көп. Анығын айтқанда, аурулар да осы Алматының маңайында деген сөз. Сол себептен де орталықты Алматыдан басқа жерге көшiруге болмайды", – дейдiАлматы облыстық СПИД орталығы бас дәрiгерiнiң орынбасары Қуаныш Бекзатов. Солайы солай шығар, бiрақ та облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұл орталықты балалар шипажайының жанына тықпалағаны кiм-кiмге де түсiнiксiз жайт. Тiптi, осында ем алып жатқан балалардың ата-аналары СПИД орталығының зертханасы көшiп келгелi берi түн ұйқымыз төрт бөлiндi деп шырылдап жүр.

Құлаққа түрпiдей тиген жағымсыз жаңалықты ести сала, бiз де туберкулезге қарсы "Шымбұлақ" балалар шипажайына барып, мән-жайға қаныққымыз келген. Әкiмшiлiктен "Шекараға тiлшi қауымын өткiзбе…" деген бұйрық алған күзетшi тап қазiр басшының жұмыс орнында жоқ екендiгiн айтып бәйек болды. Сөйтсек, жаңа қызметке тағайындалғанына небәрi бiр аптадай ғана уақыт болған Бағжан Әкiмбайұлы осы мәселе бойынша Астанаға iссапарға кеткен көрiнедi. Ал, қарамағындағы басқа дәрiгерлер "жаңа бастықтан сұраңыз, ол тұрғанда бiз ештеңе айта алмаймыз" деп жауап беруден бас тартты. Иә, мұнысы түсiнiктi де. Олардың да жеп отырған нанынан айрылғысы жоқ. Тiптi,кейбiрi "қысқартуға ұшырап қалмас па екем" деген ойын да жасырмады. Бәлкiм, "Шымбұлақ" шипажайына "тың" өзгерiстер ала келген жаңа басшы болар, кiм бiлсiн?! Бiр белгiлiсi, бұл тосын жағдайдың соңғы бiр аптаның iшiнде ғана жария болғаны анық.

Шипажай маңайында кiрiп-шығып жатқан адамның қарасы көп. Күзетшi де қайта-қайта қақпасын ашудан шаршады ма, "Бiзге мынандай көп көлiк келмеушi едi. Кешегi аптадан берi есiкке де дамыл жоқ. СПИД орталығы түгелiмен көшiп болмай жатыр" деп өз мұңын бiлдiрдi. Расында да, орталыққа келген ерсiлi-қарсылы көлiк те, жаяу жүргiншi де әзiрге балалар шипажайының ауласымен кiрiп-шығуда. Олар иелiк еткен аумақ та қоршалмаған, жеке қақпасы да ашылмапты. Сорақысы сол, мұнда түрiнен адам шошырлық нашақорларды да, жезөкше қыз-келiншектердi де, тiптi, көшеде қаңғып жүрген бомждарды да әкелiп, қанын СПИД-ке тексередi екен. Айналасы бiр жарым сағаттың iшiнде "сырты бүтiн, iшi түтiн" бiрталай адамның сол орталыққа қарай зымырай жөнелгенiн бағамдап тұрдық. Солардың iзiмен әлi көшiп-қонып болмаған СПИД орталығы маңайына аяңдап барып, бұйрық райда сөйлеп тұрған қабағы қатулы дәрiгердi әңгiмеге тартып көрдiк. Ә дегеннен-ақ, "Сiздер мұнда бiржола келдiңiздер ме?" дей берiп едiм, "А, саған қалалық СПИД орталығы керек пе? Бұл облыстық орталық" деп жауап қатты асығыс-үсiгiс. Сiрә, менi қалалық СПИД орталығын таппай, адасып жүрген бейбақ дедi ме екен, дереу жөн сiлтеп жатты. "– Бiздiң мекемемiздi сносқа жiберiп, тас-талқан еттi ғой. Мұнда уақытша келдiк. Бiзге жайлы ғимарат табылғанша, осында боламыз" дедi де есiгiн тарс жапты әлгi дәрiгер. Ал, СПИД орталығының дәрiгерлерi ештеңеге де мойын бұрмастан, құрал-жабдықтары мен жәшiк-жәшiк құжаттарын тасып, ыңғайлы орынға реттеп әлек.

Олардың бұл iсiнен секем алған ата-аналардың көңiлi күптi. Мәселен, Ұлтай атты ана баласын шипажайға осыдан бiр-ақ апта бұрын ғана орналастырыпты. "– Өзiмiз таныс арқылы әрең кiргiзгенде, мынандай жағдайды естiп қорқып қалдым. Үш ай уақыт осында ем алатын болды деп қуанып едiм, ендi не iстерiмдi де бiлмеймiн. Әрине, ата-ананың бәрi қарсы. Балалар ем алатын шипажайдың жанына СПИД орталығының зертханасы көшiп келсе, қалайша уайымдамаймыз? Есiгi бөлек болғанмен, шаңырағы бiр. Ертеңгi күнi балалар алаңқайға шығып ойнап жүрiп, бiр шприц тауып алып, аузына салып қойса, не болмақ? Ертең баламды алып кетсем де, басқа да қаншама бала бар ғой. Олар не болады?" дейдi қамкөңiл ана. Ал, Эльмира атты келiншектiң екi қызы да балалар шипажайының емделушiсi. Туберкулез ауруымен байланыста болған балаларына ем қонбай жатқандығына қапаланған ана: "Бiзге дәрiгерлер ештеңе деген жоқ. СПИД орталығы көшiп келедi деп бiрауыз айтуына болады ғой. Менiң қызым сол орталық орналасып жатқан төртiншi бөлiмшеде едi. Қазiр оларды бала саны көп бесiншi бөлiмшеге қосып жiбердi. Бос жер қалған жоқ. Соған байланысты, қыздарымды алып кетуге бел буып, арыз жазып қойдым" деп жыларман күй кештi. Әлбетте, кiп-кiшкентай құлыншағын отбасынан алыс жерге қалдыру бiр бөлек те, оның жанында СПИД орталығының қоныс тепкенiн көру үлкен қорқыныш. Содан кейiн де, "Үйде жатып, жаным байыз таппағаннан гөрi, баламды шығарып алғаным жақсы" деген ұйғарымға келiп жатқан ата-аналар көп екен.

Бiр қызығы, "Шымбұлақ" балалар шипажайының дәрiгерлерi мен ата-аналары тарапынан айтылған мәселеге түсiнiк берген Алматы облыстық СПИД орталығының директоры: "Балалар мен СПИД-ке шалдыққандардың бiр ғимаратта отырғанында тұрған ештеңе жоқ. Ғасыр iндетi ауа арқылы таралмайды" дептi жайбарақат. Ал, Алматығакелген облыс әкiмi Серiк Үмбетов телеарнаға берген жауабында "Шымбұлақ" шипажайындағы дау-дамайдан хабарсыз екендiгiн айтып, "Мұндай сұмдықты бiрiншi рет естiп тұрмын. Ол мүмкiн емес. Комиссия жiберiп, анықтаймыз" деп таң қалды. Сонда, бұл шешiмге балалардың болашағымен ойнағысы келген облыстық денсаулық сақтау басқармасының өзi қол қойып, жайғастыра берген бе? Осы жағы күңгiрт.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары