ЕУРАЗЭҚ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢIСТIКТI ҚОЛДАДЫ

ЕУРАЗЭҚ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢIСТIКТI ҚОЛДАДЫ

ЕУРАЗЭҚ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢIСТIКТI ҚОЛДАДЫ
ашық дереккөзі

Қазақстан көршiлес елдермен экономикалық байланысын нығайта түстi. Өткен аптада Санкт-Петерборда бас қосқан ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң Премьер-министрлерi аймақтық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өттi. Еуропа төрiнде құрылған бiрыңғай Еуроодақ елдерiнiң ашық шекарасы мен бiртұтас экономикалық байланыстары Шығыс елдерiне де жаңа үрдiс әкелген. Осы кезде шекаралары өзара шектескен посткеңестiк мемлекеттер жаңа қауымдастықта бас қосты. ЕурАзЭҚтың кезектi жиыны тағдырлас да тамырлас елдердiң бiрiге қимылдауына түрткi боларлық түйткiлдердi алға қойды.

Сондай-ақ, жастау ұйым Кедендiк одақтың болашағы жан-жақты талқыланып, ортақ интеграциялық аумақтың басымдықтары айқындалды. Бұған айқын дәлел ретiнде Еуроодақ елдерiнiң бiр экономикалық кеңiстiкте өмiр сүрiп отырғандығы тiлге тиек етiлдi. Бұдан сәл ертерек Ресей федерациясының Премьер-министрi Владимир Путин ТМД елдерiнiң Үкiмет басшыларымен кездесу өткiзген едi. Ал ЕурАзЭҚ отырысына Ресей, Қазақстан және Белоруссия арасындағы экономикалық интеграция және жиырмаға жуық мәселелер талқыланды. Айтқандай, келесi жылдың жазынан бастап үш ел шекарасындағы кедендiк бақылау толыққанды алынып тасталады. Сондықтан аталмыш одақтың кемшiн тұстары отырыс қатысушыларының назарын өзiне аударды. Әзiрге Кедендiк одақтың құрылу процесi аяқталған жоқ. Бұл идеяны жүзеге асыру осыдан үш жыл бұрын туған-ды. КСРО-ның бұрынғы тоғыз мемлекетiнен тұратын ЕурАзЭҚ мүшелерi: үшеуi – қауымдастық мүшелерi, үшеуi – бақылаушы деп белгiленген болатын. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл одақ жұмысын бастады. Алайда одақ қызу жұмысқа кiрiссе де, шешiмiн таппаған түйткiлдер әлi де жеткiлiктi. Сондықтан Кеден одағы жоғарғы органының отырысы жиi өтiп тұрады. Солардың бiрi ЕурАзЭҚ басқосуында жалғасты. Санкт-Петербор жиынында В.Путин сөз басын Кеден одағының кейбiр келеңсiздiктерге қарамастан тиiмдi нәтиже көрсетiп жатқанынан бастады. – Жұмыстың оңай еместiгiн бiлемiн. Бұл жобаны жүзеге асыруда бiздiң сарапшылар бар күшiн салуда. Бұл ұзақ уақытты алатын ауқымды жұмыс. Нәтижесiн кейiн үш ел экономикасының дамуынан-ақ, сонымен қатар әрбiр отбасының тұрмысынан байқауға болады, – дедi. Әлбетте, бұл жобаға үлкен сенiм артылып отыр. Бiрақ басымдық пен табыс көзi, әрине, Ресейде екенi мәлiм. Бұған дейiн посткеңестiк елдердiң қарым-қатынасын жақсарту мақсатында интеграцияның түрлi формасы қарастырылып келгенi бар. Осы орайда дүниеге келген одақтың инвесторлар мен шетелдiк кәсiпкерлердi қызықтырып отырғаны жасырын емес деп отыр В.Путин. Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң Еуроодақ принципi бойынша жасалғаны да жасырын емес. Осы орайда Ресейдiң Постиндустриалды қоғамды зерттеу орталығының директоры Владислав Иноземцов қазiр құрылып жатқан одақтың осыдан 20-30 жыл бұрынғы Еуропада қолға алынған үрдiстiң көшiрмесi екенiн айтып отыр. "Бұл еуропалық тәжiрибенiң ең жақсы үлгiсi. Олар сәттi де, сәтсiз тәжiрибелердi бастан өткердi. Бұл өте оңды қадам, посткеңестiк елдердiң экономикасын жаңа деңгейге көтередi", – дедi ол нық сенiммен. Осылайша өзге елдер бұл кеңiстiктен табылғысы келетiнiне өзiнiң сенiмдi екенiн жеткiздi. Алайда осы күнге дейiн баспасөз беттерiнде жарияланған кеден одағының тиiмдi, тиiмсiз жақтары баршаға аян. Посткеңестiк кеңiстiктегi экономикалық интеграция тақырыбы бұған дейiн Санкт-Петерборда өткен ТМД елдерi Үкiметiнiң басшыларының кеңесiнде де талқыланды. Премьер-министрлер еркiн сауда-саттық аймағы туралы жаңа келiсiмдi талқылады. Сауда-саттық төңiрегiндегi келiсiмшарт әлдеқашан жасалған. Тiптi, 1994 жылы күшiне енiп, бұған дейiн де бiрқатар мәселелердi шешiп келдi. Дегенмен, экономикалық кеңiстiктiң өсуiмен және нарықтық қарым-қатынастың кеңеюiне байланысты жаңа мүмкiндiктер қарастырылуда. Себебi соңғы 16 жыл iшiнде бұл жобаның кей тұстары ескiрiп қалған. Кейбiр түйткiлдердi одан сайын шиеленiсуге апарған. Мұны Ресейдiң Экономикалық даму министрi Эльвира Набиуллина да қолдап отыр. Оның айтуынша, ТМД елдерi арасындағы сауда-саттық төңiрегiндегi даукөбейiп келедi. Сондықтан жаңа келiсiмдердiң нәтижесi жақсы болмақшы. Ал алға қойылған келiсiм соңғы 2 жыл iшiнде түйiнделдi. Путинның айтуынша, осы құжаттардың арқасында келiспеушiлiктер атымен жоғалмақшы. "Бұл келiсiм 1994 жылы қабылданған сауда-саттық аймағы жөнiндегi жобаның жаңа құқықтық қорын қалыптастырды". Ресей мен Қазақстан транзиттiк мәселелердi де шет қалдырған жоқ. "Қазақстан тарапынан бәлкiм соңғы 19 жыл бойына қойылып келе жатқан, қазақстандық кәсiпорындар үшiн өте маңызды темiржол транзитiне және тарифтерiне қатысты мәселелер, бүгiн әңгiме болған келiсiмдер топтамасында шешiлдi", – дедi К. Мәсiмов. Премьер келiссөздер барысында қазақстандық электр қуатын Ресей территориясы арқылы Батыс Қазақстанға тасымалдау төңiрегiндегi жаңа серпiлiстер болғанын жеткiздi. "Келiсiмдер топтамасында қажет емес құжаттар жоқ. Бұл нақты мәселелер. Олардың шешiлуi кедендiк аймаққа енетiн және бiртұтас экономикалық кеңiстiкке енетiн барлық елдердiң кәсiпорындарына көмектеседi. Оның нәтижесiн жақын аралықта ЕурАзЭҚ-тың барлық кәсiпорындары сезiнетiн болады", – деп атап көрсеттi ол. Медициналық көмектiң мүмкiндiгiн арттыру мақсатында ұлттық телемедицина жүйесiн құру идеясы да қаралды. 2011-2012 жылдар аралығында гуманитарлық қарым-қатынасты жақсарту үшiн бiрнеше шаралар жоспарға қойылды. ТМД аумағында 2011 жылы – тарихи-мәдени мұра жылы болса, 2012 жыл – салауатты өмiр салты және спорт жылы болып қабылданған. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз аралығында ТМД елдерiнiң сауда айналымы үш есеге өсiп, 120 миллиард долларды құраған. Сондай-ақ, бұл кеңес барысында РФ Премьерi посткеңестiк елдерiне жаңа ұсыныс жасағалы отырғанын айтты. Яғни, бұл жоба бойынша КСРО дәуренiнде белең алған Халықшаруашылығы жетiстiктерiнiң көрмесiн (ВДНХ) ұйымдастыруға шақырып отыр. Мәскеудегi бұл көрмеде ТМД елдерi өзпавильондарын ашу мүмкiндiгiне ие болады. Ал көрме орталығын 1 жылға 1 рубль қаражатқа жалға беремiз деп отыр Ресей үкiметi. Осындай бағамен 50 жылға жалға берiледi екен. Естерiңiзде болса, “КСРО кезiнде Көрме орталығы Ресейдiң көзiрi болған едi” дейдi ресейлiк сарапшылар.

Ақниет ОСПАНБАЙ