368
ӨНЕРДIҢ БИIК ӨРIСIНДЕ
ӨНЕРДIҢ БИIК ӨРIСIНДЕ
Өнер сүйер қауымды тағы бiр қуантатын оқиға — көп жылдар бойы творчестволық өмiрiн Қазақтың мемлекеттiк академиялық халық аспаптар оркестрiмен байланыстырған, онда дирижер-ассистент, дирижер, бас дирижер әрi көркемдiк жетекшiсi мiндеттерiн атқарған, ҚазКСР халық артисi, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесi, белгiлi музыкант, ұлағатты ұстаз, профессор Алдаберген Мырзабеков 80 жасқа толып отыр.
Ол 1930 жылы 14-қарашада Жамбыл облысы, Сарысу ауданының бұрынғы Байқадам, қазiргi Саудакент ауылында дүниеге келген. Бұл — Жамбыл облысының ең шалғай жерi, Бетпақдаланың бiр шетiмен ұласып жатқан шөлейттi аймақ. Геноцидтiк саясаттың, қолдан жасалған ашаршылық қырғынынан аман қалған бұрынғы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданынан оңтүстiкке үдере көшкен халық негiзiнде 1934 жылы қайта құрылған Сарысу атты аудан болатын. Алдекеңнiң балалық, мектепте оқу, есею шақтары әдет-ғұрпы, салт-дәстүрiнiң қаймағы әлi бұзылмаған ел арасында өттi. Сәби күнiнен халқымен бiрге ашаршылық тауқыметiн, соғыс жылдарындағы ауыл өмiрiнiң қиындықтарын көрiп, бастан өткiздi. Мектеп қабырғасында домбыра үйiрмесiнiң белсендi мүшелерiнiң бiрi болды. Сол кездiң өзiнде-ақ сахара қазақтарына әлi бейтаныс өнер – дирижер болуды арман еттi. Кластас құрбыларының айтуынша, Алдекең домбыра ойнап отырған балалар алдына шығып, қолдарын сарын ағымына сәйкес сермеп-сермеп жiберiп, болашақта дирижер болатын қабiлетiн аңғартқан екен. Өнердiң қай түрi болмасын, адамның генетикалық табиғатына, өскен ортасына байланысты екенi белгiлi және содан бастау алып, бiлiм iздеу, еңбектену жұмыстарымен жалғасатыны тағы бар. Алдекеңнiң өскен ортасы Байқадам халқының iшi болатын. Өнер халықтiкi екенi де белгiлi ғой. Халық iшiнде, ағайын арасынан әншiлiк өнерiмен бүкiл Арқаға әйгiлi, уақытында сал-серi атанған Мүсәйiп пен Сапалай елiмiздiң мақтан ететiн өнер саңлақтары Үкiлi Ыбырай, Шашубай, Балуан Шолақтармен бiрге Қоянды жәрмеңкесiнде өнер көрсеткендерiн ел аузында ол кездерi көп айтылатын едi. Сол Мүсәйiп пен Сапалайдың өздерiнен ән өнерiн үйренген шәкiрттерiнiң бiр тобы Қоралас Абдрахман (1936 жылғы бүкiлқазақстандық өнер слетiнiң жүлдегерi), Әйнектiң Алдабергенi, Мырзамбеттiң Рақымжаны (өнер слетiне шақырылған), Жұмабайдың Әшiрбегi, Дудар Әбдiлда, Соқыр Мәдi атанған Мәдi Шәуiтұлы, бұрынғы өткен атақты домбырашылар – Сары Тоқа, Қыздарбек, Сүгiр сынды халық композиторларының ойнау тәсiлдерiн меңгерген өнердегi аға буын домбырашылар мен әншiлер өнерлерiн әр уақытта жиын-той, мерекелерде көрiп тамашалаған Алдекең өнерге деген iшкi сезiмiн ерте оятып өстi. Өзi де сүйген өнерiн құмартып Сарысу өңiрiнде ел арасынан көрiне бастаған құрбы-құрдас, замандас ағаларымен бiрге шертпе және төкпе күйлердiң Арқа, Қаратау, Жетiсу мектептерiнiң ойнау ерекшелiктерiне көңiл бөлiп, бойына игере бiлдi. Солардың көбi кейiн келе аудан, облыс деңгейiнде белгiлi домбырашыларға айналды. Атап айтқанда, Әбдiхалықов Әлжаппар, Асанов Нұрғали, ағайынды Абыл мен Дабыл Ажақаевтар, атақты тенор, дүние жүзiне аты шыққан Ла Скала опера театрында (Милан қ., Италия) екi жыл стажировкада болған Амангелдi Сембиннiң ағаларымен жарыса домбыра тартып, ән сала жүрiп келешек өмiрiн ұлтымыздың қасиеттi аспабы, "Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп Қадыр ағамыз жырға қосқанындай, домбырамен бiрге оның қыр-сырын терең меңгеруге, музыкалық бiлiм қуған жас талант Алматы консерваториясының халық аспаптар факультетiне түсiп, оны 1955 жылы Л.Шаргородский класы бойынша бiтiредi. Айта кететiн жәйт, Алдекең өскен орта өнерлi болатын. Ол орта Ықылас, Сүгiр, Дайрабай, Жаппас, Сары Тоқа сынды өнерiмiздiң ұлы тұлғаларына тәрбие берiп, шеберлiктерiн ұштауға ықпал еткен орта болатын. Алдекең сол ортаның жалғасын Сүгiр, Жаппас мұрасы арқылы көрiп өстi. Алдекең 1955 жылы Алматы консерваториясын бiтiрiсiмен, оның творчестволық өмiрi Құрманғазы атындағы мемлекеттiк академиялық халық аспаптары оркестрiмен тiкелей байланысты. Әуелi дирижер-ассистент, дирижер, бас дирижер бас-аяғы 33 жылын сүйiктi ұжымымен бiрге өткiздi. Оркестрдiң алғашқы ұйымдастырушысы әрi дирижерi, қазақ жазба кәсiби музыкасының негiзiн қалаушылардың бiрi, ҚазКСР халық артисi, композитор, академик А.Жұбановтан бата алған жас талант А.Мырзабеков, өткен ғасырдың елуiншi жылдарының аяғында пультке көтерiлiп, көптеген жауапты концерттерде дирижерлiк функциясын аса жауапкершiлiкпен және толқумен ойдағыдай атқарып шығатын. Ол кездегi оркестр орындауындағы концерттер аншлагпен өтетiн. Концерттерге әрдайым тыңдаушылар ретiнде жауапты Кеңес, партия қызметкерлерi, әдебиетiмiз бен өнерiмiздiң негiзiн салушылар М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин, Кеңес Одағының батырлары Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин т.б. қатынасып, концерттерге ерекше мазмұн, сәндiк көрiнiс беретiн. Мiне, осындай атмосфераны талай көрiп, ұмытылмас әсер алған жас дирижер А.Мырзабеков мол тәжiрибе жинақтады, жауапкершiлiк һәм кәсiби тұрғысынан қалыптасты, өнерiн биiктеттi. Алдекең басқарған оркестрдiң орындаушылық шеберлiгi ұлтымызға тән музыкалық үн, саздық бояу, өрнектi құрылым түрiн ұлттық нақышпен әлсiретпей, тыңдаушыны, әсiресе, шетелдiктердi жаңа бiр бейтаныс лирикалық әлемге бөлеп, олардың қуаныш сезiмдерiне ұмытылмас әсер қалдырды. Ол туралы кезiндегi газет-журналдармен басқа да ақпарат құралдары кезiнде көптеп жазып, көрсетiп те жатты. Құрманғазы атындағы академиялық мемлекеттiк халық аспаптар оркестрi ұлттық өнерiмiздiң мақтанышына айналды. Бұл ұжым музыка әлемiнiң биiк деңгейiне лайықты көтерiлiп, дүниежүзiне кәсiби ұжым ретiнде танылды. Оркестрдiң академиялық деңгейiне көтерiлуi, көптеген орындаушылық, кәсiби жетiстiктерге жетуiнде, шеберлiгiнiң ұшталуында, әрине кезiнде оны басқарған дирижеры, профессор А.Мырзабековтiң де еңбегiнiң бар екенi шындық. А.Мырзабековтiң жасаған концерттiк бағдарламаларында қазақтың дәстүрлi музыкасымен қатар, орыс және шетел классиктерiнiң шығармалары кең орын алды. Алдекең көптеген қазақтың ән-күйлерiн, шетел музыкасын Қазақ академиялық мемлекеттiк халық аспаптар оркестрiне лайықтап өңдедi. Сондай-ақ шетел классиктерiнiң осы заман композиторларының шығармаларын да ұлттық оркестрге бейiмдеп, оларға жаңашыл жол ашты. Алдекең 1962-1963 жылдары Баян Өлгий музыка драма театрының (Моңғолия) музыкалық жетекшiсi әрi бас дирижерi болып жауапты қызметтi атқарды. Онда бiр концерттiк бағдарлама жасап және "Тұлбанор үшiн шайқас" спектаклiне музыка жазды. Осы еңбектерi үшiн Моңғолияның Құрмет грамотасымен марапатталды. 1966-68 жж. Н.Осипов атындағы орыс халық аспаптар оркестрiнiң (Москва) дирижер-стажерi болды. Бұл дирижердiң тәжiрибе жинақтау кезi едi. 1964 жылы Алдекең өзi бiтiрген Алматы мемлекеттiк консерваториясының Ұлт аспаптар кафедрасына педагогтық қызметiн негiзгi жұмысымен қатар бiрге жүргiзе отырып, жастарға дирижерлық өнердiң қыр-сырын меңгеруге, шәкiрттерiнiң келешек кәсiби маман болуларына терең бiлiммен, творчестволық ерекше сипатын үндестiре отырып, оларға шеберлiк дәстүрдi дарытуға үйретiп, бұл жолда жемiстi еңбек етiп, профессор атағына ие болды. Алдекең кәсiби дирижер ретiнде дарынын дамытып, өзiне тән дирижерлiк стиль жасай бiлдi. Құрманғазы атындағы мемлекеттiк академиялық халық аспаптар оркестрiнiң орындаушылық мүмкiншiлiктерiн аша түстi, оның репертуарлық аясын кеңейтiп, қазақ, орыс, Еуропа композиторларының жаңа шығармаларын оркестрдiң қорына енгiздi. Еңбекқор дирижер атқарған көп iзденiстер нәтижесiнде бұрын жеке орындаушылар репертуарындағы оркестрлiк орындалуда қиындығы мол шертпе күйлер, оның iшiнде Ықыластың шәкiртi, шертпе күйдiң асқан шеберi, қазақтың күйшi-композиторы Сүгiр Әлиұлының "Кертолғау", "Аққу", "Бозiнген" т.б. шығармаларын бiрiншi рет 1964 жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрiнiң орындауында сәттiлiк танытып, музыка әлемiне жаңа бағытта қайта жолдама алды. Алдекең Құрманғазы атындағы мемлекеттiк академиялық халық аспаптар оркестрiнiң көркемдiк жетекшiсi әрi бас дирижерi кезiнде атқарған көптеген творчестволық жұмыстарының iшiнде шертпе күйлердiң асқан шеберлерi, халық композиторлары Сары Тоқа, Тәттiмбет, Қыздарбек, Сүгiр сияқты өнер саңлақтарының шығармаларын оркестрге бейiмдеп, оның репертуарына енгiзудегi еңбегi ерекше. Кезiнде оркестрдiң көркемдiк жетекшiлерi және бас дирижерлерi КСРО халық артисi Ш.Қажығалиев, Қазақстанның және Татарстанның халық артисi Ф.Мансуров, КСРО профессоры А.Мырзабеков болған едi. Оркестр құрамындағы жеке аспаптардың дыбыстық, тембрлiк мүмкiншiлiктерiн заманауи талаптарға сай жетiлдiруге оның құрамдық саны мен сапасына қарай орналастыруда ұрмалы аспаптар, үрлеу, сырнайлау және шектi аспаптар арқылы шығатын дыбыстар үндестiгiн құлаққа жағымды һәм қазақи нақышқа жақын тепе-теңдiгiн табуда көптеген iзденiстер мен еңбек нәтижелерiнде, оркестр аспаптарының осы күнгi жетiлдiрiлген түрiне әкелдi деуге болады. Бiр қарағанда қарапайым, сөйлесе кетсең, тез ашылып, жатсынбай өзiне тарта ой бөлiсетiн Маэстро, дәстүрлi музыканың келешегi елеңдететiнiн жасырмайды. Бұрынғы кезде орындаушылық шеберлiктерi жоғары әншiлер, домбырашылар, қобызшылар, тiптi оркестрдiң өзi де радио, теледидар арқылы жиi-жиi насихатталушы едi. Қазiр ол үрдiс сұйықталып кеттi, ендi ақпараттық орындарды қаптаған, қайсысын алсаң да кiлең "жұлдыздар" басты. Қазақ ұлттық өнерi мен ана тiлiмiздiң үлкен жанашыры А.Мырзабеков бесiктегi бүлдiршiндi, балабақшадағы сәбидi, мектеп қабырғасындағы жасөспiрiмдi ана сүтiмен бiрге халық музыкасын, ана тiлiн бойына дарытқанда ғана жерiн, қоршаған ортасын, Отанын сүйетiн, әдет-ғұрпын қадiрлейтiн, рухы биiк, намысшыл, парасатты азамат қалыптасады дейдi. Бұл аталы сөз қазiргi кезеңде өте өзектi. "Көп жылдар бойы сарапталған кәсiби өнердiң қыр-сырларын жастарға жеткiзiп, келешегiне жөн сiлтеп, бiлiммен, ұлттық рухта тәрбие берудi халық алдындағы қасиеттi парызым" деп есептейдi профессор А.Мырзабеков.
Сара Күзембай, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесi, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, өнертану ғылымдарының докторы, профессор