Мархабат БАЙҒҰТ: ӨРКЕНИЕТ ПЕН КӨРКЕМНИЕТ АЛАШШЫЛДЫҚТАН БАСТАУ АЛАДЫ
Мархабат БАЙҒҰТ: ӨРКЕНИЕТ ПЕН КӨРКЕМНИЕТ АЛАШШЫЛДЫҚТАН БАСТАУ АЛАДЫ
Мархабат ағаның өзiнен бұрын шығармаларымен жиi таныспыз. Кейде газет бетiнен, кейде журналдан, кейде қолымызға түсiп жатса кiтаптарынан әңгiмелерiн жиi-жиi оқып тұрамыз. Қаламгердiң қолтаңбасы да бөлекшелеу, қарапайым. Қарапайым ауылдың қарапайым тұрмысы көз алдыңызға келедi. Ауылдағы тұрмыстан алыс кетпегендiктен бе, көбiне қаламына арқау ететiнi де – ауылдың жағдайы. Мархабат Байғұт шығармалары бiздi осынысымен елең еткiзедi, осынысымен сүйсiнтедi. Ауылдан алыс ұзап кете алмайсың. Қарапайым ауылдың қарапайым тiрлiгiн суреттеу арқылы бүгiнгi қоғамның көрiнiсiн айшықтап бейнелеп жүрген суреткермен Шымкентке барған сапарымызда жолыққан едiк.
– Мархабат аға, әдебиеттiң ортасынан алыс, Оңтүстiкте тiршiлiк кешiп жатқаныңызды көзiқарақты оқырман жақсы бiледi. Сiздi мұнда үп-үлкен шенеунiк болған деп те жатады. Ең алдымен, сiз қазақ әдебиетiнiң оқырмандары үшiн қаламгерсiз. Оңтүстiкте тұрып жатқан қаламгердiң тыныс-тiршiлiгi оқырманды көптеп қызықтыратыны белгiлi. Мархабат ағаның өмiрде жазушылықтан бөлек немен айналысатынын бiлгiмiз келедi? – Негiзi о баста менiң таңдағаным әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетi болатын. Оқуға түскен жылы бiздi әскерге алып кеттi. Одан оқуды жалғастырдық… – Оқуыңызды тәмамдай салып, бiрден ауданға кеттiңiз бе? – Әскерден келiп, оқып жүргенде ауылдағы анам қайтыс болды да, сол жылы сырттай бөлiмге ауысуға тура келдi. Сырттай ауысып елге келгеннен кейiн, филолог маманға аудан бойынша мұғалiмдiк орын болмады. Аудан бойынша мұғалiмдiк орын болмаған соң, аудандық газетке корректорлық қызметке орналастым. Корректор, аудармашы, бөлiм меңгерушiсi боп бiрталай жыл жұмыс атқардым. Одан кейiн облыстық "Оңтүстiк Қазақстан" газетiнде он жыл, он ай еңбек еттiм. Содан облыстық партия комитетiне қызметке шақырды. Сол жерде жетi-сегiз ай iстедiм. Шынымды айтсам, шенеунiк болғым келмедi. Жазушылар одағының облысаралық бөлiмшесiне кеттiм. 1992 жылы әкiмшiлiк жүйе құрылды да, қайтадан менi сонда жұмысқа шақырды. Ары қарай Тiл басқармасына жiбердi. Сол жылдарда iстеген менiң қызметтерiмнiң бәрiн шенеунiктiк деуге келмейдi. Тiл басқармасының өзi – өзiмiздiң ауыл. Сондықтан, өзiмдi шенеунiкпiн деп айта алмаймын. Кейiн Тiл басқармасы жабылып қалды. Бертiнiректе қайтадан құрылды. Жалпы алғанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметте он бес-он алты жыл жұмыс iстедiм, бiрақ, өзiмдi шенеунiк деп есептеп көрмеппiн. – Әңгiмеңiзге қарасам, әкiмшiлiк жүйеде көбiрек жүрген сияқтысыз. Бұл сiздi әдеби-мәдени ортадан шеттеу қалдырып қойған жоқ па? – Алматыны қатты армандайтын едiм. Сырттай оқуға ауысатын кезде де, қатты уайымдап, қайғырып, Алматыны қимай, бiрер күндей ұзақ жаяу аралағаным бар.Сонда iштей "шiркiн-ай, үш жылым әскерге кеттi, жаңадан оқу бастағанымда, анамнан айрылдым, неге бұлай болды" деп қиналдым да. Бiрақ, амал жоқ, елге қайтуға тура келдi. – Алматыны қимасаңыз да, елге қайттыңыз. Мүмкiн, тұрмыстың ауыртпашылығы шығар сiздi елге қайтарған… – Сол замандарда жұмыстың жоқтығын, тұрмыстың қиыншылығын онша көп ойламайтынбыз. Ол кезде жазуға икемi бардың, жаза алатындардың барлығы Алматыда тұру керек деген көзқарас болатын. Қиялдың, арманның, романтиканың, әдебиет пен көркем өнердiң орталығы болғаннан кейiн бе, Алматыны бәрiмiз аңсайтын едiк. Қалам ұстағаны бар, өнердiң басқа саласында жүргендер де Алматыға баруды армандайтын. Армандар ақтарылып жатқан, өзгеше бiр әлем сияқты көрiнетiн едi. Сондықтан, бiздiң де Алматыны қимағанымыз рас. Бiрақ, жаңағыдай жағдайлармен, елге кетуге тура келдi. Кейiнiрек, бiраз газеттер шақырды, бiрақ ол уақытта тым кеш едi. – Елде жүрсеңiз де, қаламгер болғаннан кейiн, шығармаларыңызды оқырманыңызға танытуға тура келедi. Алматыда болсаңыз, әдеби ортаға танылуыңызға жеңiлiрек болар ма едi. Сiздiң туындыларыңыздың тағдыры қалай болды? – Аудандық газетте алты жыл жүрдiм. Ол уақытта сол газетте сенiң не жазып жатқаның ешкiмдi қызықтырмайтын. Газет негiзiнен орыс тiлiнде әзiрленiп барып, аударылатын едi. Шығармашылықты жан-жақты талқылау деген дүниелер болған жоқ. Кейiн облысқа ауыстық. Мұнда келгеннен кейiн барып, әдеби ортаның не екенiн бiлдiк. Нәсiреддин Серәлиев деген керемет ағамыз болды. Жазушылар одағының облысаралық бөлiмшесiнiң жауапты хатшысы едi. Қарауылбек Қазиев, тағы басқа да ақын-жазушылар болды. Олар бiздiң шығармаларымызды талқылай бастады. Жылы пiкiрлерiн айта бастады. Жыл қорытындысында жаңа шығармалар талқылауға түсетiн. Осының бәрi әдеби орта емес пе? Әдеби орта дегенiмiздiң өзi кiтапхана мен кiтап қой. Осының бәрi қаламгердiң өсуiне әсер етедi. Одан кейiн Алматыдан елге белгiлi ақын-жазушы ағаларымыз жиi келiп тұрды. Рухани жылу аласың, жылынасың.– Шығармаңызды алғаш кiмге оқытатын едiңiз?
– "Осындай шығарма жазып едiм, оқып берiңiзшi" деп ешкiмге айтқан емеспiн. Бiрiншiден, тұйықтау болдым, кiсiкиiктеу болдым, жұғымым жоқтау болды жұртқа. Екiншiден, шығармамды құпия ұстағым келе ме, облыстық газетке, республикалық газетке бiрден жариялап жiберетiн едiм. Содан кейiн барып жұртшылық пiкiр айтатын. Менi алғаш әдебиетке алып келген адам, ол – Дулат Исабеков. "Очерктерiң әңгiме сияқты екен" деген пiкiрлердi көп айта бастады жұртшылық маған. Тұтқабай Иманбеков деген ағам бар едi. Ол кiсiмен де оқуды бiтiрген жылы танысқам. Сол кiсiге барып: "Екi айрықта тұрған сияқтымын. Жұрт очерктерiң әңгiмеге бергiсiз екен дегендi айтып жатыр. Бұрыннан жазылған екi-үш әңгiмем бар едi. Машинкаға бастырғам жоқ, соны бiр жерге көрсетсем деп едiм. Оны өзiңiз көресiз бе, әлде бiреуге апарайын ба?" деп ақылдастым Тұтқабай ағамен. Әрi ол кiсiге: "Болады" десеңiздер, жазушылық жолды қолға алайын, егер "әңгiмелерiң нашар десеңiздер" журналист болып-ақ жүре берейiн" дедiм. Сол жылдары "Жалын" альманағы ашылған болатын. Онда Дулат аға жұмыс iстейдi екен. Менi ертiп, сол кiсiге бiрден алып кiрдi. "Түнiмен оқып шығам, таңертең кел" дедi Дулат Исабеков. "Машинкаға бастырып әкелейiн" деп едiм. "Сенiң жазуыңның өзi әдемi екен, осыдан оқи берем" дедi. – Қандай әңгiмелерiңiз екенi есiңiзде ме? – Есiмде. "Гүлжазира", "Момын шал", "Шiлде және Егiнбай" деген шағын дүниелер едi. Содан Дулат аға ертеңiне: "Мына әңгiмелерiң жақсы екен. Мен бұларды "Жалынға" кезексiз салам" дедi. Сөйтiп, Дулат аға менiң жазушылық алғашқы қадамымды ашқан кiсi. Одан кейiн де әңгiмелерiм шықса немесе газет-журналдарға жарияланса, бiрiншi болып пiкiрiн айтып жүредi. Осыдан үш-төрт жыл бұрын "Егеменге" бiр әңгiмем шықты. Мақта туралы едi. Сол әңгiмемдi оқып, маған: "Әңгiмеңде екi деталь жетiспейдi. Бiрiншiсi – мына басты кейiпкерiңдi қыздың қасына апарып жатқызуың керек. Екiншiсi, Жетiсайға деген сағыныш жетпей тұр, соны дамыт" дедi. Екеуiн де орындадым. – Университетке барғанға дейiн бiрнәрселердi шимайлап жүретiн бе едiңiз? – Әуелде өлең жазғам. Қыздарға өлеңмен хат жазушы едiк қой. Қасымдағы балалардың бәрiне хатты өлеңмен жазып беретiн едiм. – Қаламгер ағаларымыздың көбi әуелi өлеңмен бастайды да, кейiн прозаға ауысып кетедi. Сiзде де солай болды ма? – Мұның сыры адамның мiнез-құлқына, табиғатына байланысты шығар. Жеке өзiме келетiн болсам, мен де өлеңнен бастадым. Бiрақ, мiнезiм тұйықтау, ақындар құсап алып-ұшып тұрмаймын. Баяуырақ қозғалам, содан кейiн бе, өлең менiң мiнезiме сай келмеген секiлдi. Байқап қарасам, осы облыстың өзiнде мықты ақындар көп екен. Олардың қасында нашар ақын болмай-ақ қояйын деп, прозаға ауысып кеттiм қой. – Айтыңызшы, жазушының алғашқы әңгiмесi белгiлi бiр жағдайларға байланысты жазыла ма, әлде белгiлi бiр кейiпкерге арнала ма? – Ең алғашқы әңгiмемдi әскерде жүргенде жаздым. "Күн астындағы Күнiкей қыз" деп аталатын едi. Сонда бiр жаңа қала және түрме салдық. Сол жерден бiраз әдемi қыздар көрдiм. Бiреуi – қой бағатын буряттың қызы, бiреуi – марал бағатын саханың қызы, бiреуi – қазақтың қызы. Сол үш қыздың тағдыры маған керемет әсер қалдырды да, содан "Күн астындағы Күнiкей" туды. – "Күн астындағы Күнiкей қызды" әскерде жүргенiңiзде жарыққа шығардыңыз ба? – Әскерде жүрiп, аудандық газетке жiбердiм. Аудандық "Шамшырақ" газетi жариялапты. Содан артымнан хат жазып тұратын қызым: "Сен басқа қыз тауып алыпсың" деп өкпелеп, қызық болған. – Кейiн татуластыңыз ба? – Татуластық. Бiрақ, бәрiбiр, кейiн ажырап кеттiк ғой. – Жалпы, сiз жиi ғашық боласыз ба? – Кейiнiректе жазған "Сiздi сүйген қыз едiм" деген әңгiмем бар. Оған да үш қыздың бейнесi, үш қыздың маған жазған хаттары негiз болды. "Машаттағы махаббат" деген повесiм бар. "Ғашық болу" деген қаттырақ жазғызады адамға… – Көбiне әңгiмелерiңiзге арқау болатын не? – Проблемалар дегенде, бiрнәрсеге елең ете қаласың, жүрегiң ауырады, көңiлге қозғау салады, селт ете қаласың, селк еткiзедi, содан басталады да, қалғандарын "жамайсыз" ғой. Әрине, күрделi, қиын құбылыстар, адамдардың тағдырлары әсер етедi.– Соңғы кездерi проза жазып жүрген адамдардың қатарында өзiңiздiң атыңыз жиi аталады. Бiрақ, қазақ әдебиетi туралы мәселе көтерiлгенде, қазiргi қазақ прозасының қиындау жағдайы айтылмай қалмайды. Қазiргi көркем әдебиетте проза жанры кешеуiлдеп қалды дегенге қалай қарайсыз?
– Қазiр уақыт өте қиын, күрделi кезең ғой. Адамдардың психологиясында да, заманымызда да, қоғамымызда да алмағайып, күрделi жағдайлар көбейiп кеттi. Қат-қабат проблемалар көп, түсiнiксiз, қауiптi құбылыстар көп. Солардың бәрiн електен өткiзе алмай жатқанымыз рас шығар, бiрақ, жазатын нәрсе жоқ, тақырып таба алмай жатырмыз дегенге келiсе алмаймын. Жазылып та жатыр. Әкiм Таразидiң "Жаза" деген романы, Тынымбай Нұрмағамбетовтiң соңғы жазып жүрген әңгiмелерi мен повестерi, Төлен Әбдiктiң "Парасат майданы" дейтiн повесi, Қуандық Түменбай, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Несiпбек Дәутайұлының соңғы кездерi жазып жүрген дүниелерi керемет емес деп айта аласыз ба? Жазылмай жатыр дегенге қосылуға болмас, азырақ жазылып жатыр десе, үлкен романдар туылмай жатыр десе, жөн басқа. – Көркем прозаның ойдағыдай дамымай жатқанына таралымның аздығы әсер етуде деп ойламайсыз ба? – Ол жағы да бар. Ары кетсе, екi-үш мың данамен шығады. Бiр кездерi ауылда жүрген менiң кiтаптарымның өзi отыз мың данамен таралатын едi. Оңтүстiктiң өзiне бес-алты мың данасы келетiн. Сол кiтаптарды өзiм де таба алмай қалатын едiм. Қазiр бiр мың-екi мың данамен шығады да, ешкiмге жетпей қалады. Өкiнiшке қарай, бұрынғыдай отыз мың данамен шыққан күнде де, оқырман ала қоймайды. Кiтап саудасы, кiтап тарату жағынан олқылықтар жетiп жатыр. Оқырман тарапынан да ықылас төмен. Асқар Сүлейменовтiң: "Мың оқырманға татитын бiр-ақ оқырман қалатын заман болар" деген сөзi бар едi. Соған келе жатырмыз. – Кiтаптың таралымы аз болса, оқырманына дұрыс жетпесе, онда қаламгердi қалай танимыз? – Бұл – күрделi сұрақ. Қазiр теледидардағы жеңiл-желпiлiк, әсiреңкiлiк, сериалдар адамдардың уақытының көбiн ұрлап жатыр. "Көксандықтың" көк сайтандық жағы көбiрек. Қатыгездiктi насихаттайтын фильмдер көп. Ату, шабу қаптап кеттi, көк сандығыңыз кiтапты мүлде шеттетiп тастады. Бұған қарап, кiтаптың заманы өттi, күнi бiттi деуге келмес. Бастысы, таразының екi жағын тең ұстауымыз қажет. Кiтап дейтiн ғажайыпты мүлде аяқасты етсе, адамның өз соры. – Оқырман қаламгерiн iздемейтiн шығар, ал, қаламгер қаламгердi iздей ме? – Қаламгерлер қазiр бiр-бiрiн iздемейдi. Барлығы дерлiк бүгiнде: "Балапан басымен, тұрымтай тұсымен". Ерекше бiр жақсы көретiн, бiр-бiрiн сағынатын, сағыныш сезiмi жоғалмаған, әдебиетке де, достыққа да сезiмi адалдар сұрыпталды ғой. Бұрын жиырма шақты жазушыны iздейтiн болсаң, қазiр бiр-екеуiн ғана iздейсiң. – Онда да қаламгердiң әңгiмесi немесе өлеңi газет-журнал бетiне шыққанда емес пе? – Ол да бар. Бiр шаруасы түскенде ғана iздеуi мүмкiн. Одан кейiнгi үлкен проблема – қаламақы… Қаламақының мәселесi шешiлмедi. Ендi ешкiм шешпес те… – Сiздiң кiтабыңыз дайын тұр делiк, оны баспаға қалай ұсынасыз? – Менiң кiтабым жаман шығып жүрген жоқ. Соңғы кездерi әр екi жыл сайын бiр кiтабым шығып жатыр. "Қайнар" баспасынан, осыдан бес-алты жыл бұрын Оразбек ағамыз телефон шалып, "Кiтабыңды шығарам, қолжазбаңның электрондық нұсқасын жеткiз. Бiрақ, алдын-ала айтайын, қаламақы болмайды" дедi. Шығарды. Қаламақы жоқ. Сексен кiтапты достарыма беру үшiн өзiм сатып алдым. 2008 жылы "Жазушы" баспасынан "Салқын масақ" деген кiтабым шықты. Оның да жағдайы солай. Былтыр "Қазақпарат" баспасынан бiр кiтабым шықты. Маған жиырма данасын бердi, болды. Тағы жүз кiтап жiберемiз деген. "Қаламақы" есебiнен. Күтiп жүрмiн. Бiр жылдан берi. Көп адам тегiн шығарғысы келмейдi, баспаларға бермейдi. Мен оқырманыма жете берсiн деп, тегiн шығаруға келiсе саламын. Қолжазба күйiнде жатқанша, бiреуi болса да, оқырманыма жете берсiн деген тiлек қой. – Тiл басқармасында жұмыс атқарғаныңызды бiлемiз. Оңтүстiктi қаймағы бұзылмаған қазақтың ауылы деп санаймыз, бұл жақта да тiлдiң проблемасы бар ма? – "Қаймағы бұзылмаған" деймiз. "Әрбiр бес-алты қазақтың бiрi осында тұрады" деймiз. Алайда, тiл жөнiндегi өзектi мәселелерi өзгешелеу. Бiзде отыз пайыздай өзге ұлттардың өкiлдерi бар. Тiптi, түркi тектi бола тұра солардың бiраз бөлiгi қазақ тiлiнен гөрi орыс тiлiне иық берiңкiрейтiн жағдаяттар жетiп-артылады. Аралас, тiптi таза қазақ тiлiндегi мектептердiң өзiнде үзiлiстерде, өзара тiлдескенде орысша сөйлейтiн қазақ оқушылар әлi де көп. Отбасылардағы қазақ ата-ана, қазақ ата-әжелер бала-шағаларымен, немерелерiмен ала-құла сөйлесетiн, орысшаға бейiмделе беретiн психология "қазақы қаймағыңызды" iрiтiп жiберетiн жағдайлар да аса азайды дей алмайсыз. Әсiресе, бай-бағландарыңыз, кәсiпкер "крутойларыңыз", "жаңа қазақтарыңыз" қайран қазақ тiлiн менсiнбейдi. Шырайлы Шымкентiңiздегi көрнекi ақпарат, жарнамалар мен маңдайшалар жөнделер емес. Шетелдiк шаһар секiлдi күйiнен оңалған жоқ. Мемлекеттiк мекемелерде iс-қағаз жүргiзу жағы бiраз жақсарды. Мемлекеттiк тiлде. Бiрақ қазақша жазу сауаттылығы сын көтермейдi. Осы бағытта көп жұмыс жасалуы тиiс. – Мемлекеттiк тiлдi дамыту саласында Тiл басқармасы қандай жұмыстар атқарды? – Тiл басқармасының атқарғаны аз емес. Бiр ашылып, бiр жабылғаны жаман болды бiр кездерi. Заңымыз солқылдақ. Басқарманың құқы мен қауқары аздау. – Қазiр "Егемен Қазақстанның" бетiнде әрiптестерiңiз туралы, қаламгер ағаларыңыз туралы әдемi, жылы естелiктерiңiздi оқып жүрмiз. Ағаларды сағынудан туған дүниелер ме? – "Егеменде" жарияланған эсселер негiзiнде "Сағыныш саздары" деген кiтабымыз шықты. Жақында. Алматыдағы "Қазақстан" баспасынан. Сағыныш сезiмi кiм-кiмде де суымаса деймiз де.– Ұлттың ұлт болып нығаюы үшiн басты қажеттiлiк неде деп ойлайсыз? Зиялы қауым өкiлдерiнiң, яғни қаламгерлердiң ұлттың ұлт боп қалуына қосар үлесi қандай?
– Қазiр қазақ ұлтының ұлт болып нығаюын қаламайтындар көбейе түскен секiлдi сезiледi. Ұлттық байлығымызды небiр түсiнiктi-түсiнiксiз жолдармен, алыс болашақты зымияндықпен көздейтiн мақсаттармен "игерiсiп" жатқандардың пейiл-пиғылдарын аңғал қазақ аңғармай келе жатқандай ма, қалай? Лайым, бiз қателесiп отырған болайық. Бәлкiм, бiздiң бұл қауiпiмiз орынсыз шығар. Алла бiледi. Бiрақ, бiр қорқыныштың бары рас. Кей-кейде жүрек сулайды. Жер байлығымызды, кен байлығымызды, ұлтымыздың келешегiне керек өзге де материалдық және рухани құндылықтарымызды "ұрлаушылар" аз емес сияқты. Ұлтымызды әлсiретiп, ұлттық қасиеттерiмiздi жоюға мүдделiлер дiни "ағымдардың" тарапынан да күшейiп, тiптi олардың беттерiн керi қайтармақ қиындады. Осы жағдаяттарды бiз бұдан бiрталай жыл бұрындары көтергенбiз. Жазыңқырағанбыз. Оншақты жыл бұрынырақта өткен "дөңгелек үстел" мәжiлiсi де еске түседi. Өз облысымызда, iшкi саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен едi. Әжептеуiр әкiмқаралар, Астананың өкiлдерi, пiлдей-пiлдей, iрi-iрi оқу орындарының басшылары, жастар ұйымдарының жетекшiлерi, бас имамдар, молдалар, тағысын-тағылар қатысқан. Сонда ұлттық салт-дәстүрлер мен дiн арасындағы мәселелер жан-жақты, қызу талқыға түскен. Сонда: "Бiз әлһәмдулиллаһ, мұсылманбыз. Бiрақ, қазақ мұсылманбыз. Бiз араб мұсылман бола алмаймыз. Бiз – мұсылманбыз. Бiрақ, қазақ мұсылманбыз. Бiз түрiк мұсылман бола алмаймыз. Бiз – мұсылманбыз. Бiрақ, қазақ мұсылманбыз. Бiз иран немесе өзбек, татар мұсылман бола алмаймыз. Дiнiмiзге дәстүрлерiмiз қайшы емес. Арыстанбабтың, Қожа Ахмет Ясауидiң, Айша бибiнiң кесенелерiне зиярат етiп бару арқылы, әулие-әнбиелерге, аруақтарға құрмет көрсету арқылы бiз Алла тағалаға жақындай түспекке әрекет жасаймыз. Ширiк қосудан Құдай сақтасын!", – деп мағлұмдап, кейбiреулерге жақпай қалғанбыз. Сонда да бiр қарарлар қабылданған. Iс-шаралар жоспарлары жасалған. Өйтемiз де бүйтемiз дескен. Алайда, акциялар, iс-шаралар, жиындар, басқосулар, "дөңгелек үстелдер" ұйымдастырылады да, одан ары қарай жұмыс жүргiзiлмей қала беретiнi жаман-ақ. Жалпы, бiзде сол алуан-алуан акциялар, "жоспарлардың" орындалуын ғана күйттейтiн даңғаза iс-шаралар "керемет", "ғажап", "аса жоғары деңгейде" өтедi де, қазағыңызға қажеттi, ұлтыңызға зәру, нақтылы жұмыстар жүрмейдi. Осыдан барып кесел-кесепаттар асқынады. Зиялылар, олардың iшiнде қаламгерлер шырылдап, шамырқанып, айтып-ақ, жазып-ақ келедi. Қашаннан-ақ. Ең дiлгiр мәселенiң бiрi – мемлекетiңiзде көркем әдебиетке деген дұрыс көзқарас, бетбұрыс жоқ. Көркем кiтап, шын мәнiндегi шынайы көркем әдебиет жастар тәрбиесi саласында мүлде ұмыт қалды. Көркем шығармалар оқымай өсiп келе жатқан ұрпақ – уызға жарымай өсетiн ұрпақ. Ол қаншама бiлiмдi, озық ойлы, үш тiлде сайрайтын, компьютердi кемiрген ұрпақ болғанмен, ұлттық көркем әдебиеттен мақұрым өссе, бәрiбiр, мәңгүрт. Ақылды, аяр мәңгүрт. Ұлтсызданған ұрпақ. Өркениеттi, бiрақ, көркемниетсiз ұрпақ болмақ. – Мүмкiн бiзде намысшылдық болғанымен, бойымызда мемлекетшiлдiк сана дұрыс қалыптаспай жатқан шығар. Сiз өзiңiздi мемлекетшiлмiн деп санайсыз ба? – Бiздiң билiк басындағылардың да, тү-у ұшар биiктерден бастап, яки Астанаңыз бен Алматыңыздан бастап, облыстарыңызға, аудандарыңызға, тiптi ауылдарыңызға дейiнгi буын-бунақтарыңыздағы iрiлi-ұсақты басшы-қосшыларыңыз бар, түрлi-түрлi жолдармен байыған, байып жатқан, тiрлiктi тындырып-ақ жүрген, iстiң көзiн тауып, ел мен жердi, қала мен ауылды көркейтiп-ақ жатқан бизнесмендерiңiзге дейiн алып қарасаңыз, ұлттың қамын көбiнесе ұмыт қалдырып, өзiмшiлдiкке, өркөкiректiкке, жеке бастың қамына ауып кететiндерi басым. Олардың бәрiне дерлiк ортақ, ең үлкен кешiрiлмес кемшiлiк бар. Олар – күнi кешегi Алаш ардақтыларының мұраттарын игермеген. Игермекке ұмтылмайды. Алаш ардақтыларын оқымайды. Сол ардақтылардың айтып кеткен ұлы ойларын саналарына сiңiрмейдi. Сөйлегенде, баяндама жасағанда, сол Алаш ардақтыларының айтқандарынан дәйексөз келтiрмейдi. Қазақтың қайран ұлттық көркем әдебиетiн менсiнбейдi. Оқымайды. "Уақыт жоқ" дейдi. "Уақыт жоқ" дегендерi өтiрiк. Бос уақыттары сауыққұмарлыққа, ләззатшылдыққа, пайдасы тиетiндерге жағымпаздық жасамаққа жұмсалады. Мемлекетшiлдiк, елшiлдiк дегендерiңiз ұлтшылдықтан (жақсы мағынасында), алашшылдықтан бастау алмақ. Қасиеттi қаламды, айналайын ақ қағазды алдамауды, ұлтына қызмет етудi мақсат еткен әрбiр ақын немесе жазушы – мемлекетшiл. – Елiмiзде мемлекетшiл тұлғалар бар ма, жоқ па, қалай ойлайсыз? – Тәуелсiздiгiмiзге тәубе дегелi жиырма жылдай уақыт боп қалды. Қазақстан өстi. Өркендедi. Ел бола бастадық. Ең бастысы, елiмiздi төрткүл дүние тани түстi. Ел ретiнде есептеседi. Менсiнбеушiлiк азайды. Әнекиiңiз ЕҚЫҰ-ның ешқашан, ешбiр жерде өтпеген Саммитi бiздiң елде бас қоспақшы. Ұлтжанды, парасатты кадрлар, әлеуметшiл, әдiлетшiл әкiмдер, қайраткер тұлғалар, нағыз халықшыл депутаттар аз емес. Пәленше, түгенше демей-ақ қоялық. Оларды көркем дүниелерiмiзде және публицистикамызда қал-қадерiмiзше жазыңқырап жүргендеймiз ғой. Мен сiзге бiр ғана жағдайды айтайын. Осы кеше ғана қайбiр телеарнадан елiмiздегi мал шаруашылығы жағдайының Парламент Мәжiлiсiнде талқыланғанын шынайы көрсеттi. Қаламгерлер қауiптенiп, айтып-ақ, жазып-ақ жүргендей, мал шаруашылығымызда мақтанатындай түк те жоқ екен. Әсiресе, iрi қара мал жағы құлдырап, құрдымға кетiп үлгерiптi. Бiздiң бұқалар бұқа емес, жұқа екен. Сиырларымыз сиыр емес, қиыршыққа айналған. Ешкiнiң мөлшерiнде ғана сүт бере бастаған. Қайран қазақтың ақбас сиырының ахуалы тiптi мүшкiл. Жойылуға жақындапты. Сол үшiн, ауыл шаруашылығы министрi: "Америкадан асыл тұқымды бұқалар алдыру керек, ол үшiн пәлен миллиард теңге қажет", – де-е-еп тұр. Сөйтсе, депутаттарыңыз ренжидi: "Жоқ, қазақтың бұқасынан мықты бұқа жоқ едi. Құртқан өздерiңсiңдер", – деп. Шынымен-ақ бiздiң Қазақстанда шошқа мен тауық үшiн көп мөлшерде субсидия төленедi екен. Ал сиыр мен қой және жылқы үшiн түк жоқ дерлiктей. Сонымен, шынында да қазекемнiң ақбас бұқасы мен сиырының ахуалы, жалпы, мал шаруашылығының тағдыры тұйыққа тiрелiп тұрыпты. Мұны министрiмiз Күрiшбаевтың күмiлжiп, әлдебiр себептердi сылтау етуiнен, келтiрген фактiлерiнен байқадық. Ал, ендi ойлаңызшы. Сол министр мемлекетшiл, елшiл, халықшыл деп айта аласыз ба? Жерден жетi қоян тапқандай боп, ақбас сиырдың құрып бара жатқанына қынжылып, жұқа тартқан бұқаны айтқанда мырсылдап күлiп отырған Мәжiлiс депутаттарын мемлекетшiл, елшiл, халықшыл деуге бола қояр ма екен? Олар осы уақытқа дейiн қайда қараған? Не ойлаған? Министр ше? Министрлiк ше? "Мал-жандарың аман ба?" деп, малды алға салып сұрайтын қазақ шошқа баға ма? Тәуелсiздiктiң жиырма жылдық тойына қазақтың ақбас сиырын жойып барамыз ба сонда? Бiздiң бiлуiмiзше, Шығыс Қазақстан облысының Жарма және Көкпектi аудандарында қазақтың ақбас сиырын сақтап, ойдағыдай өсiрiп жатқан жанашырлар, мемлекетшiлдер, елшiлдер, патриоттар бар. Солар да, бiраз-бiраз қаламгерлер де кезiнде шырыл қаққан. Амал қанша, шырылды министрлер де, депутаттар да тыңдамайды. Сынасаң шыртылдайды, шытынайды. Ақырында жоғарыдағыдай жағдайға ұшыраймыз. Мұндай мысалдар әр саладан да табылады. Мемлекетшiл тұлғалардан гөрi өзiмшiл, тек өздерiнiң шексiз байымағын бiржақты көздейтiн "көкелерiңiз" көбiрек. – Мемлекетшiл еместер көбiрек дейсiз, оларды не iстеуiмiз керек? – "Қоғамдық меншiкке" негiзделген, коммунизмдi мақсат-мұрат тұтқан мемлекеттен жекеменшiкке негiзделген, капиталистiк тұрғыдағы мемлекетке өту, әрине, оп-оңай жүзеге аса салмайтыны түсiнiктi. Өзiмшiлдiктiң өршеленiп кетуi, тек бiржақты байып қалмақтың сананы сансырата билеп алуы бiрте-бiрте реттелер, өркениеттi арнаға түсер. Бәрiбiр, бiздiң Қазақстанның, қазақтың жағдайында өркениеттен гөрi ұлтымызға етене тән көркемниет биiк тұрмағы ләзiм. Қазақ елiнiң егемендiгiн, тәуелсiздiгiн, ұлтымыздың тұтастығын сақтап қалу үшiн бiздiң биiктегi тұлғаларымызда мемлекетшiлдiк, елшiлдiк, халықшылдық, ұлтжандылық өзгелерден өзгеше, әлденеше есе артығырақ болмағы керек. "Тәрбиеленем" деген тұлғалар, тағы да қайталайық, Алаш ардақтыларының мұраларын оқысын, үлгi-өнегелерiнен үйренсiн, ұлттық көркем әдебиетке, елшiл БАҚ-тарға бетбұрыс жасасын. Солай болады деп сенейiк.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА