ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚАУIПСIЗДIГI ҚАНДАЙ?

ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚАУIПСIЗДIГI ҚАНДАЙ?

ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚАУIПСIЗДIГI ҚАНДАЙ?
ашық дереккөзі
173

Сонау 2000 жылдары елiмiзде жаппай құрылыс нысандарының салына бастағаны баршаның есiнде. Әсiресе, сол кезде тепсе темiр үзетiн азаматтардың ауылдан қалаға ағылып, құрылыс компанияларында қыс демей, жаз демей жұмыс iстегенi тағы бар. Бертiндеп әлемдiк дағдарыс салдары құрылыс алпауыттарын да шарпып, бiртiндеп бүтiндей ықшамауданның құрылысын тоқтатуға мәжбүр болды. Осыдан кейiн үлескерлер дауы да өрши түстi. Ендi, мiне, сол созылмалы дауларға соңғы нүкте де қойылмақшы.

Соңғы нүкте деп отырғанымыз Үкiметте қаралған жаңа құрылыс заң жобасының дүниеге келуi. Оған сәйкес Үкiмет құрылыстың, ең алдымен әлеуметтiк нысандардың жаңа стандарттарын, нормативтерi мен ережелерi қаралған жаңа жобаны әзiрлеп, қабылдамақшы. Елiмiздегi құрылыс саласындағы орын алған көптеген олқылықтарды бұдан былай тыю үшiн Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов құрылыс нысандарының мiндеттi түрде халықаралық талаптарға сай тұрғызылуы керектiгiн мiндеттеп отыр. "Бiздiң алдымызда тұтастай алғанда құрылыстың және ең алдымен әлеуметтiк нысандардың санитарлық нормалары мен өрт қауiпсiздiгi, сейсмикалық орнықтылығы жөнiндегi қағидаларды есепке ала отырып, талаптарды қайта қарап, мектептердiң, ауруханалар мен емханалардың жаңа стандарттарын, нормативтерi мен ережелерiн әзiрлеу әрi қабылдау мiндетi тұр. Үкiмет өте ауқымды бұл жұмысты қазiрдiң өзiнде жүргiзуде", – дедi Премьер-министр.

Осынау қолға алынатын нысандардың бiрi – мектеп құрылысы. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы негiзiнде көптеген әлеуметтiк нысандардың салынғаны баршаға аян. Сондай-ақ осы нысандарға бөлiнген қаржының қолды болғаны тағы бар, тiптi кейбiрi атүстi қаланғаны көрген көзге ап-анық бiлiнiп тұрды. Үкiмет басшысының атап өтуiнше, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап шағын мектептердiң жобаларының құрылыс құны 22 пайызға азайтыла отырып, жаңа стандарттар, нормативтер және ережелер бойынша жоба құрылды. Бұған сәйкес сыйымдылығы 300 орыннан астам мектептер мен медициналық ұйымдардың кейбiр параметрлерi жаңартылмақ. Премьердiң мәлiмдеуiнше, 300 орындық мектептердi салу кезiнде 240 миллионнан астам теңгенi, ал 900 орындық мектептердi салу кезiнде 460 миллион теңгенi үнемдеуге мүмкiндiк бар. Бұрындары денсаулық сақтау нысандарындағы бiр науқасқа арналған алаң нормасы 9-дан 7 шаршы метрге қысқартылады. Олай болса 2010 жылдың 1-қарашасына дейiн жаңа талаптар енгiзiледi.

Құрылыс индустриясы саласы мен құрылыс материалдары өнiмдерiне байланысты қабылданған 2010-2014 жылдардың бағдарламасы қайта қаралып, келесi жылдан бастап құрылыс қайтадан қарқын алмақ. Атап айтқанда, 2011 жылдан бастап "еуро кодтар" енгiзiлетiн болады. Қазақстан аймағына бейiмделетiн еуропалық кодтарды енгiзу және еуропалық стандарттарға кезең-кезеңмен көшу құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесiне жүргiзiлетiн реформаның негiзi болып табылады. Осылайша 2014 жылға дейiн отандық құрылыс барысы толықтай жаңа жүйеге өтедi. Премьер-министр құрылыс саласына бөлiнген қыруар қаржының мақсатсыз жұмсалғанына, қолды болып, сапасыз нысандардың бой көтергенiне наразылық бiлдiрдi.

– Мемлекеттiң орасан зор көлемдегi қаржысы далаға кетiп жатыр. Бұл ретте, мемлекет басшысы зәулiм сарайларды емес, балалар мен қала тұрғындарының игiлiгiне лайық нысандар салу қажеттiгiн жүктедi, — дедi Премьер-министр. Ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа бюджет аясында игерiлетiн барлық әлеуметтiк нысандар жаңа құрылыс нормаларымен және жаңа ережелерiмен салынуы үшiн бiр аптаның iшiнде шешiм қабылданып, бiр тоқтамға келедi деп шешiлдi. Ал Үдемелi индустриалық-инновациялық бағдарлама төңiрегiнде құны 459 миллиард теңге құрайтын 72 жобаның құрылысы аяқталуға тиiс.

АЗИАДА НЫСАНДАРЫ РЕСПУБЛИКА МЕНШIГIНДЕ ҚАЛАДЫ

2011 жылғы VII қысқы Азиада ойындарын өткiзу елiмiзге үлкен мәртебе болып отырғаны белгiлi. Сондықтан намысымызға тырысып, халықаралық нормативтерге сай зәулiм спорт ойындары ғимараттары тұрғызыла бастады. Алды болып Шаңғымен секiру стадионы әлем бойынша 2010 жылдың үздiгi атанды. Ендiгi мәселе, 90 жылдардың үрдiсiмен жекешелендiруге өтiп кетпеу. Мұны алдын ала ескерген Премьер-министр: “Азиада ойындарын өткiзу үшiн салынған барлық нысандар республикалық меншiкте қалады” деп мәлiмдедi.

Жалпы, қысқы Азиада ойындарын өткiзуге қазынадан қыруар қаржы бөлiнгенi белгiлi. Осы мәселеге жекелей тоқталған Кәрiм Мәсiмов: "Менiңше, осы елеулi шара қарсаңында салынған нысандар Қазақстанның спорттық iрi держава болуына мүмкiндiк бередi", – деп үмiттенуде. Осы орайда Үкiмет басшысы Азиада өткеннен кейiн салынған барлық нысандар республикалық немесе коммуналдық меншiкте қалатынын жеткiздi. "Атап айтқанда, жекешелендiруге ешқандай да нысанды шығармаймыз", – деп кесiп айтты. Аталмыш нысандарды қажеттi ресурстармен қамту қолға алынып, осылайша туризмдi дамытудың бiр тетiгi пысықталмақ. Бұл мүмкiндiктi шығарып алмасақ, келешектегi 10-15 жылда спорттық шараларды өткiзетiн мемлекетке айналуымыз мүмкiн екенiн Үкiмет басы да мойындап отыр.

Ақжол

Серіктес жаңалықтары