БАҒАЛАЙ БIЛГЕНГЕ – БАҚ ТҰРАДЫ
БАҒАЛАЙ БIЛГЕНГЕ – БАҚ ТҰРАДЫ
"Ағаға қарап, iнi өседi" дейдi дана халқымыз. Осы қағида сөздiң өмiр тәжiрибесiнен алған шындық екенiне талай-талай көзiм жеттi. Тағдыр менi көптеген жайсаң жандармен кездестiрген болатын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенiмде ұлағатты ұстаздардың сөйлеген сөзiн қызыға тыңдап, олардың жүрiс-тұрысына дейiн сынай қарап, олардан үлгi-өнеге алуға тырысатынмын. Кейiн орта мектеп бiтiрiп, жоғары оқу орнында оқып жүргенде де осы дағдымнан айнымай, жасы үлкен азаматтарға елiктеп өстiм. "Түсi игiден түңiлмей", шарапатты iстерiнен үйренiп, өз бойыма сiңiру жас маман болған кезiмде жалғасты. Сонау 1956 жылы Павлодар темiржол станциясына қызметке орналасқанымда аға әрiптестерiмнiң қанатының астына алып, еңбекке баулығанын ризашылық сезiммен еске алып отырамын.
Сол елуiншi жылдардың аяғында өзiм қалаған темiржол саласының ардагерi Кәрiм Әжiбековтi алғаш көргенiм және одан кейiнгi кездесулерiм жадымда жатталып қалыпты. Ағаны күнi бүгiнге дейiн қастерлеп еске аламын. Темiржол саласын өте қиын кезеңде басқарған азаматтың ерлiкке толы еңбегi, қиындыққа мойымай, мақсатына жеткенше тыным таппайтыны, осы сияқты көптеген жақсы қасиеттерi туралы сол кезде көп естiп-бiлiп, қанық болған едiм.
Биыл жаз маусымында, Кәрiм ағаның туғанына 110 жыл толуына орай жерлестерi Павлодарда бiрқатар iс-шараларды қолға алды. Темiржол саласын дамытудағы жемiстi қызметiне арналған ғылыми-тәжiрибелiк конференция өткiзiлдi. Марқұмның аруағына бағышталып Құран оқылып, ас берiлдi. Көзi көрген замандастары, әрiптестерi және ұрпағы естелiктер айтты.
Сол күндерi Кәрекеңдi еске алу шараларына куә болғандардың iшiнде: "Әбеке, Кәрiм Әжiбековтiң бiзге жерлес екенiн, темiржолдың тарланы екенiн бiлмей келiппiз. Осы кiсi туралы көбiрек бiлсек екен", деп маған тiлек айтқан азаматтар аз болған жоқ. Олар Кәрiм Әжiбековтiң Қазақстан Республикасының Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтiң нағашы атасы екенiн естiп-бiлiп, жалпы осы әулетпен жете танысқанды жөн көрiптi.
Кәрiм Әжiбеков 1900 жылы Семей губерниясы, Семей уезi Малыбай болысының, қазiргi Павлодар облысы, Лебяжi ауданының Қорт ауылында туған. Аттары аңызға айналған Ер Көкше мен Баян батыр – Кәрiмнiң арғы аталары. Қазақ халқының атақты ақыны Мағжан Жұмабаев жырлаған Баян батыр қазақ ордасының билеушiсi Абылай ханның атынан Қытай императоры Цянь Лунмен келiссөздерге қатысқаны белгiлi.
Кезiнде ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановта батыр Баянның ел қорғаудағы үлкен ерлiк жасағанын атап көрсеткен.
Ауыл молдасынан арабша бiлiм алған Кәрiм орыс мектебiнде оқуын жалғастырады. Қаныш Сәтбаев, Жүсiпбек Аймауытов сияқты қазақ халқының ұлы перзенттерiмен жастық шағында танысады.
1937 жылы Кәрiм Әжiбеков Файка апаймен көңiл жарастырып, екеуi отау құрып, шаңырақ көтердi. Сол жылдары сауатсыздықты жою, аштықпен күресушiлер қатарында болып, адал да принципшiл азамат партияның асыра сiлтеушiлiк саясатына ашық түрде қарсы шығады. Партияның саясаты халықтың малын тәркiлеп, миллиондаған адамның аштан қырылуына әкеп соққаны белгiлi. 1933 жылы Жарма аудандық партия комитетiнiң хатшысы болған ол аштыққа ұшыраған тұрғындардың талаптарын қолдағаны үшiн партия қатарынан шығарылады.
1933-1939 жылдары К.Әжiбеков Қазақ ҚСР Кеңес халық шаруашылығы комитетi аппаратында қызмет етiп, кейiнiрек үкiмет тапсырысымен Түрксибке жiберiледi. 1942-1943 жылдарды Түркстан-Сiбiр темiржолы Шымкент бөлiмшесiнiң саяси бөлiмiнiң бастығы болып қызмет атқарған. Ол кейiнiрек өз еркiмен майданға аттанады.
Жауынгерлiк жол оны Екiншi Белорус майданына, одан кейiн Жапонияның Квантун армиясына қарсы Забайкалье майданына бастайды. Взвод, содан кейiн артиллерия батареясының командирi болып, жауынгерлiк тапсырмаларды мүлтiксiз орындайды. Оның қан майданда ерлiкпен соғысқанын көптеген жауынгерлiк наградалары әйгiлейтiн.
Кеңес Армиясы қатарынан босағаннан кейiн 1947-1948 жылдары партия қызметiнде, Ақмола облыстық партия комитетi хатшысының орынбасары қызметiн атқарады.
1948 жылы К.Әжiбеков Қарағанды темiржолы саяси бөлiмiнiң бастығы болып қызметке келедi. КСРО Бас қолбасшысы Ұлы Отан соғысы жылдарында темiржол саласында осындай жауапты саяси қызмет енгiзiп, саланы дамыту мiндетiн алға қойған болатын.
Саяси бөлiм мәжiлiстерiнде Кәрiм Әжiбеков Қарағанды темiржол магистралiнiң аймақтық солтүстiк және орталық бөлiгiндегi бөлiм бастықтарының есептерiн жүйелi түрде тыңдайтын. Өз қызметiнде жаңалық ашуға құштар ол көлiкте алғашқылардың бiрi болып селекторлық кеңестердi енгiздi. Бұл жұмыстың өз уақытында тиiмдiлiгi мен жеделдiгiн арттырған қадам болғаны белгiлi.
Сол жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ж.Шаяхметов жедел кеңес өткiзедi. Күн тәртiбiндегi мәселе – Қарағанды тас-көмiр бассейнi мен Қазақстанның экономикасы дамыған солтүстiк облыстарын елдiң оңтүстiгiмен, одан әрi Орта Азиямен төте көлiк байланысымен қамтамасыз ету.
Мұндай мәселенiң күн тәртiбiне қойылуының мәнi бар болатын. Сол кезде Қарағандыдан жолаушы поезымен Ақмола-Көкшетау-Петропавловск-Омбы-Барнаул қалалары арқылы үлкен айналыс жасап Алматыға жететiн. Осыған байланысты төте жол салу қажеттiгi туған. Жаңа темiржол тармағын салу жолды 1300 километрге қысқартатын. Басқаша айтқанда, Транссiбiр жолын Түркстан-Сiбiрмен (Түрксиб) қосу мiндетi алда тұрды. Трансқазақстандық магистральдiң соңғы бөлiгiн – Мойынты-Шу линиясын салу жөнiндегi үкiмет тапсырмасы жүктелдi.
"Жұмыла көтерген жүк жеңiл" дегендей, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi мен республика үкiметi Мойынты-Шу құрылысын бүкiлхалықтық құрылыс деп жариялады. Қазақ КСР Министрлер Кеңесi төрағасының орынбасары Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев жол құрылысы жөнiндегi республикалық комиссиясының төрағасы болып бекiтiлдi. Ал Қарағанды темiржолы басқармасының бұл құрылысын басқару – саяси бөлiмнiң бастығы Кәрiм Әжiбековке жүктелдi.
Адамзатты қырғынға ұшыратқан сұм соғыс аяқталғаннан берi аз ғана уақыт өткен кез. Соғыс жарасы әлi жазылмаған, қиындық көп, тұрмыстың ауыр кезiнде темiржол тармағын салу оңай шаруа емес. Оның үстiне өңiрдiң қатал табиғаты да кедергi келтiрдi. Құм дауылы, судың аздығы жағдайында құрылысшылар тасты жерлердi аршып, темiржол салды. Бұл арада патриоттық сезiмдi бойына сiңiрген жандар үшiн ешнәрсе тосқауыл болмағанын айтқан жөн. Осындай жауапты шақта өмiрден түйгенi мол, iскер де мейiрiмдi жан Кәрiм Әжiбеков құрылысшы қауым арасынан жиi көрiнiп, олардың жiгерiн оятып, ел алдындағы мiндеттерiн абыройлы атқаруға бастап отырды. Мойынты-Шу темiржолының бойында Сары-Шаған, Шығанақ, Мыңарал, Қияқты, Хантау, тағы басқа инфрақұрылымдары бар станциялар бой көтердi.
1953 жылы 25-қазанда республикамыздың өмiрiнде елеулi оқиға болды. Елiмiздiң солтүстiгi мен оңтүстiгiн қосқан жаңа темiржол салтанатты жағдайда ашылды. Транссiбiр жолы Түркiстан-Сiбiр жолымен қосылып, Петропавл, Көкшетау, Ақмола-Қарағанды бағытындағы Трансқазақстан магистралi пайдалануға берiлдi. Қарағандыдан көмiр тиелген алғашқы поезды Алматыға жеткiзгендердiң алдыңғы қатарында Кәрiм Әжiбеков бар болатын.
Кәрiм Әжiбековтiң өмiрiндегi тағы бiр белес – Ақмола мен Павлодар қалалары арасында темiржол тармағын салу едi. Жаңа жол Қарағандыны Кузбаспен, Магнитогорскiмен, Куйбышевпен байланыстыруға мүмкiндiк бередi. Құрылыс жұмыстары қиын жағдайда жүргiзiлдi. Бiрақ жол салушылар еңбек қарқынын төмендетпей, құрылысты жоспарда белгiленген мерзiм бойынша жүргiзiп отырды. Бiр атап өтетiн жәйт, құрылыста жаңа технологиялар қолданды.
1952 жылдың 16-ақпанында Ақмола мен Павлодарды байланыстыратын темiржол линиясында соңғы рельстердi түйiстiру рәсiмi болды. Қазақстанның солтүстiгi мен орталығында тың және тыңайған жерлердi игеру кезеңiнде, Қарағанды магистралi еңбеккерлерi арасында саяси жұмысты өрiстетiп, мемлекеттiк тапсырманы орындауға жұмылдырғаны үшiн Кәрiм Әжiбеков "Тың игергенi үшiн" медалiмен марапатталды.
1954 жылы 22-қаңтарда КСРО Министрлер Кеңесiнiң Қарағанды темiржолының Павлодар бөлiмшесiн құру туралы қаулысы шықты. Бұл Ертiстiң бойындағы Павлодар өңiрiнiң экономикасын шапшаң қарқынмен дамытуға игi әсер еттi.
Қарағанды темiржолының комиссары магистраль бойындағы елдi мекендердi салып, көркейту iсiне барынша көңiл бөлгенiн айта кеткен жөн. Мәселен, Ақмолада республикадағы темiржолшылардың ең iрi Мәдениет сарайын, көптеген емханалар мен ауруханаларды, мектептердi, демалыс үйлерiн салуға ықпал еттi.
Өкiнiшке қарай, айтулы азамат Кәрiм Әжiбековтiң өмiрi тым қысқа болды. 1961 жылы 28-қазанда Целиноград қаласында мәңгiлiк сапарға аттанды. Марқұммен қоштасып, соңғы сапарына шығарып салуға мыңдаған адам келдi. Тың өлкелiк газетiнде жарияланған қазанамада К.Әжiбековтың қарапайым мұғалiмнен iрi партия қызметiне дейiнгi жолдан өткенi, ел iшiнде зор беделге ие болғаны атап өтiлдi.
Туған елiне зор еңбегi сiңген, халқының адал перзентi бола бiлген Кәрiм Әжiбеков отбасында да бақытты өмiрдi бастан кештi. Құдай қосқан қосағымен төрт баланы тәрбиелеп өсiрдi. Үлкен қызы Үмiт МГУ-дiң философия факультетiн үздiк бiтiрiп, професссор атанды. Кiшi қызы Элеонора – Омбы темiржол институтының түлегi, ұлы Әдiл – Мәскеу көлiк институтын бiтiрген, профессор. Мәсiмовтер Элеонорадан туған немересiне нағашы атасының атын бердi. "Жақсы алма ағашынан, жақсы жиен нағашысынан" деп айтқандай, Кәрiм Мәсiмов атасының жолын қуған деуге болады. Астанамыз Алматыдан көшкенде Көлiк және коммуникация министрi Кәрiм Мәсiмов Қарағанды темiржолы басқармасының ескi ғимаратындағы атасының мекемесiнде отырып, қызмет атқарған.
2001 жылдың қысында Көлiк және коммуникация министрi Кәрiм Мәсiмов Павлодар облысында болып, темiржолшы қауымның тыныс-тiршiлiгiмен жете танысқан болатын. Кадрлар даярлау ордасы – Павлодар көлiк және коммуникация колледжiнде болашақ темiржолшылармен жылы шырайлы кездесу өткiзген.
"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң" деп халқымыз айтқандай, Кәрiм Әжiбековтiң отбасында балаларды еңбексүйгiш етiп тәрбиелеуге, өз iсiне жауапкершiлiкпен қарауға, отбасына, туған-туысқандарына жанашырлықпен қарауға тәрбиелеген. Соның бiр айғағы, Кәрiм Мәсiмовтың әкесi, ата-анасынан ерте айрылған Қажымқан Қасымұлы өзiнiң артынан ерген бес iнi-қарындасының қамы үшiн алыстағы Сургутта жұмыс iстеп, көп қиындықты бастан кештi.
Бүгiнде сонау елуiншi жылдары қос бағытта жаңа темiржол тармақтарын салуға белсене қатысқан Кәрiм Әжiбековтердiң iсiн жалғастырып, алға бастырған ұрпақтарының жетiстiктерiн атап айтқан жөн. Осыдан жиырма жылдай бұрын тәсуелсiздiгiн алған егемен ел Қазақстан темiржол саласын дамытуда толағай табыстарға ие болуда. "Алыс жол алғашқы сәттi қадамнан басталады" дегендей, 2001 жылы Ақсу-Дегелең темiржол тармағы қысқа мерзiмде салынып, пайдалануға берiлдi. Сөйтiп, солтүстiктi шығыспен төте жолмен жалғастыратын экономикалық тиiмдiлiгi зор жоба ойдағыдай жүзеге асты. Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев үлкен құрылыстың барысын үнемi қадағалап, зор қолдау көрсеттi. Ол жаңа темiржолдың ашылу салтанатына қатысу үшiн Павлодарға арнайы ат басын тiредi. ҚР Көлiк және коммуникация министрi Кәрiм Мәсiмов салтанатты жиынды ашты. Елбасымыз Кеңес Одағы тарағаннан кейiн ТМД елдерiнде бiрiншi болып Қазақстан өз күшiмен темiржол салғанын атап айтып, бүкiл қазақстандықтарды зор жетiстiктерiмен құттықтады.
Жалпы, Қазақстанда темiржол саласына ел басшылығы тарапынан көп көңiл бөлiнуде. Мұның мысалын экономикалық әлеуетi зор Павлодар облысынан айқын көруге болады. Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Сағынтаев пен "Қазақстан темiр жолы" АҚ президентi Асқар Мамин арасындағы iскерлiк қарым-қатынас нәтижесiнде темiржолға қатысты бiрнеше iрi жобалар жүзеге асырылып, жол тармағын электрлендiру тәуелсiз Қазақстанның зор жетiстiгi. Бұрын тек қана сырттан әкелiнетiн темiржол құрал-жабдықтарын өзiмiзде өндiруге де күш жұмсалуда. Мәселен, Екiбастұз қаласындағы бұрынғы "Таман" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi негiзiнде жүк вагонын шығару өндiрiсi құрылды. Рельстерiн шығаратын осы заманғы өндiрiс орны Павлодар облысында пайда болды. Вагон доңғалақтары жұбын, тағы басқа құралдарды шығару да Павлодар облысында қолға алынып отыр. Кең-байтақ елiмiзде темiржол саласына қажет тетiктер көптеп шығарылатын болады.
Республика үкiметi ел шаруашылығының күретамыры атанған темiржол саласын дамытуға айрықша назар аударатынын баса айтуымыз керек. Мұның өзi Елбасымыздың "Қазақстан-2030" стратегиялық жоспарына, жыл сайынғы халыққа Жолдауларына сәйкес темiржол көлiгiн дамытудағы тапсырмаларды абыройлы орындауды қамтамасыз етедi. "Бағалай бiлгенге бақ тұратынынын" ескерсек, бүгiнгi күндерi атқарылып жатқан iстерiмiздiң нақты жемiсiн көретiн кезiмiз де тым алыс емес.
Әби Сарқыншақов, "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы", консультативтiк кеңесiнiң мүшесi