БАҒДАРСЫЗ КЕМЕГЕ БИЛЕТ САТУ

БАҒДАРСЫЗ КЕМЕГЕ БИЛЕТ САТУ

БАҒДАРСЫЗ КЕМЕГЕ БИЛЕТ САТУ
ашық дереккөзі

Бiлiм саласындағы реформалардың тағдыры қамықтырады

Өткен аптада Алматыдағы ҚМЭБИ-дiң (КИМЭП) лицензиясы өзiне қайтарылды. Бiлiм және ғылым министрi тағына жаңадан жайғасқан Бақытжан Жұмағұловтың алғашқы қадамы осы болды.

Оқу орнын лицензиясынан бұрынғы Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев айырған едi. Алдағы алты айда бiлiм беру құқынан айырылған қмэбилiктер де қарап қалмады. Қоғамда ҚМЭБИ мен Жансейiт Түймебаев арасындағы тартыс Түймебаевтың министр тағынан түсуiне себеп болыпты-мыс деген де әңгiмелер бар. Б. Жұмағұловтың алғашқы жұмысын осы оқу орнының лицензиясын қайтарудан бастауының өзi көп нәрседен хабар бергендей.

Түймебаев елiмiздегi ең маңызды стратегиялық сала — бiлiм саласын 2007 жылдан басқарып келдi. Келе салысымен жаңа бағдарлама жасауға кiрiстi. 2004 жылдан берi енгiзiлген ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) жүйесiне де өзгерiстер енгiзуге талпынды. Әуелi ҰБТ-ға бесiншi пән ретiнде қазақ тiлiн енгiзуге уәде бердi. Бiрақ, бұл әрекетi жаппай сипатқа ие болған жоқ. Тек орыс мектебiнiң түлектерi үшiн қазақ тiлiнен, қазақ мектебiнiң түлектерi үшiн орыс тiлiнен емтихан тапсырылатын болды. Әрi бұл пәннiң балдық көрсеткiшi ҰБТ нәтижесiне әсер етпейтiн болды. Сонымен қатар, ҰБТ-ны мектеп түлектерi мен жоғары оқу орнына түсуге ниеттенгендер жеке-жеке тапсыратын болды.

Жалпы кез-келген саланың дамуы оған сенiп тапсырылған тұлғаларға байланысты. Мемлекетшiлдiк санасы қалыптасқан, ұлтшыл тұлғалардың артында оның жасап кеткен еңбегi, iстеген жұмысы жайында аңыз қалады. 1991 жылдан Бiлiм саласында 11 министр ауысып, 12-шiсi тағайындалып отыр. Н. Бектұрғанов қолға алған 12 жылдық бiлiм беру мәселесi әлi күнге дейiн жүзеге асқан жоқ. Өйткенi, бiз теңiзге саяхаттау үшiн кеме дайындаудың орнына, жоқ кемеге билет сатып қойған әпендi секiлдiмiз. Турасын айтқанда, бағдарсыз кемеге билет сату десек те болады. Дүркiндете жүргiзiлген реформалардың нәтижелерiнен қоғам мүлдем бейхабар. Оқулықтар әлi күнге көбiне сапасыз. 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне 2008 жылы көшемiз деп жар салдық, нәтижесiнде әлi күнге дейiн бiздiң мектептердiң материалдық-техникалық базасы дайын болмай шықты. Түймебаев 12 жылдық жүйеге көшу iсi 2015 жылы түбегейлi жүзеге асырылады деген едi.

Түймебаев министр тағында отырған үш жылдың iшiнде қолға алынған бiр мәселе — электронды оқулықтар. Оның өзiнiң сөзiне қарағанда, электронды оқулықтардың 85 пайызы санды технологияға аударылып үлгерген екен. Бiрақ, ауылдық мектептердiң көпшiлiгi күнi бүгiнге дейiн интернеттiң не екенiн бiлмейдi. Ал, ауылдық мектептер барлық мектептiң 75 пайызын құрайды, оның 82 пайызы шағын кешендi мектептер. Демек, бұл iстiң де берер жемiсi шамалы сияқты.

Журналистерге сұхбат беруге аса пейiлдi Жансейiт Түймебаев соңғы кездерi бiрнеше рет шалыс басты. Оның бiрi және бiрегейi — пост кеңестiк елдерге ортақ тарих оқулығын жасау, оқулықты шетел мамандарына жаздыру туралы ұстанымы. Орнынан кетуiне де түрткi болған жайт осы деген сыбыс тараған.

Сонымен, ең маңызды стратегиялық салаға Түймебаев басшы болып келген кезде жұрт одан не дәметтi? Әрине, ең бастысы бiлiм берудiң ұлттық стандарттарын жасап, мемлекеттiк тiлдiң бiлiм саласындағы пәрменiн күшейтiп, оны ҰБТ-дағы негiзгi пәннiң бiрiне айналдырады деп күткенi анық. Кезiнде Жақсыбек Құлекеев бастаған талап — өзге тiлдi мектептерде бiрнеше пәндi қазақ тiлiнде оқыту мәселесi де алға жылжыған жоқ. Керiсiнше, мектептерде ағылшын тiлдi пәндердi көбейту мәселесi жиi сөз болды. Жыл сайын өсiп отырған қазақтiлдi мектеп түлектерi үшiн мемлекеттiк бiлiм грантын өсiру мәселесi де күн тәртiбiнен алып тасталды. Оның үстiне оқулығы, базасы дайын емес "Дiнтану" мен "Өзiн өзi тану" пәндерiн енгiзуi де қоғамдық қолдауға ие бола қойған жоқ.

Сондай-ақ, бiлiм саласындағы жемқорлықты ауыздықтайды деген ой да болды. Айлығы шайлығына жетпейтiн мұғалiмдердiң дәрежесiн арттырып, жалақысын арттыру мәселесi де күн тәртiбiне қойылған едi. Бiрақ, Түймебаев бұл қадамдардың бiрiне бармады. Мұғалiмдердiң жалақысын келесi жылы елдегi орташа айлық деңгейiне жеткiзудi көздеп отырғанын айтқан ол мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн мұғалiмдерге басымдық берудiң орнына ағылшын тiлiнде дәрiс бере алатын мұғалiмдердiң категориясын арттырып, соған орай олардың жалақысын өсiретiнiн мәлiмдеген едi. Бұның өзi қоғамда бiраз наразылық туғызғаны айқын.

Түймебаев бiлiм берудiң жаңа бағдарламасын жасап, оны кезең кезеңдермен жүзеге асыруды қолға алған едi. Бiрақ, ол ойы аяқсыз қалды.

Жаңа министр бұл бағдарламаны ары қарай алып кете ме, жоқ, орта жолда қала ма, ол жағы әзiрге беймәлiм.

Өзiн жан жақты саясаткермiн деп есептейтiн Бақытжан Жұмағұлов басшылық қызметте ұйымдастырушы ретiнде көбiрек көзге түстi. Қандай iстi қолға алмасын Б. Жұмағұлов мырза дөңгелетiп әкететiнiмен ерекшелендi. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ректор болып келiсiмен елiмiздiң бас университетiнiң материалдық-техникалық базасын нығайтуға бiршама күш салды. Бiлетiндер Бақытжан Жұмағұловтың мұндағы жемқорлыққа балта шапқандығын да жыр қылып айтып жүр. Тек көңiлге қаяу түсiретiнi, ұлттық университеттiң кадрларының қайтадан орыстiлдiлермен толыққандығы. Көбi — ҚазҰУ орыстанып кеттi деп ренжидi. Қалай дегенмен де, дауы көп, жемқорлығы асқынған бiлiм саласын басқару қызметiне жаңа басшы келдi. Ендi одан халықтың күтетiнi ұлттық бiлiм стандарттарын жаңалап, бiлiм берудiң ұлттық сипатын қалыптастыру, оқыс шешiмдерге жол бермеу, мемлекеттiк тiлдiң нығаюына мектептен бастап, ЖОО-ларда жол салу. Бұған дейiнгi 11 министрдiң аяқсыз қалдырған реформаларын жүзеге асыру, материалдық техникалық базаны жаңа заманға сай жасақтау.

Есенгүл Кәпқызы