ТIЛ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БҮГЕСI МЕН ШIГЕСI

ТIЛ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БҮГЕСI МЕН ШIГЕСI

ТIЛ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БҮГЕСI МЕН ШIГЕСI
ашық дереккөзі
438

Премьер-министрдiң тапсырмасы бойынша "Тiлдердi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" осы қазан айында бекiтiлуi тиiс. Әзiрге Мәдениет министрлiгi тарапынан осы уақытқа дейiн келiп түскен ұсыныс пiкiрлердiң қаншасы екшелгенi жайлы ақпарат толық таратылған жоқ.

Дегенмен бұл құжаттың мақсаты айқын. Ендi он жылда Қазақстан қазақша сөйлеуi керек. Бiрақ қалай, қандай жолмен? Дәл осы сұраққа келгенде жауап таппай күмiлжiп қалатын сияқтымыз. Өйткенi, Мәдениет министрлiгi тарапынан жасалған аталмыш құжатта нақты iс-әрекеттер көрсетiлмегенi белгiлi. Бұл жайында барлық ақпарат құралдарында, тiл жанашырлары мен саясаттанушылардың сараптамаларында сөз болғаны айқын.

Жиырма жылда жасалған iс мол. Әсiресе, бiлiм саласын қазақтандыру iсi табанды түрде қолға алынғаны мәлiм. Қазiр ауыз толтырып айтарымыз да, мақтанарымыз да қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептердiң санының жыл сайын өсiп отырғандығы. Осыдан жиырма жыл бұрын Алматыда қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектеп саны 8-дiң айналасында болса, бүгiнде 50-ден асқан екен. Әрине, қаладағы жалпы бiлiм беретiн 170-тен астам мекеменiң тең жартысы да қазақ тiлiнде бiлмi бермейтiндiгiн ойласақ, бұл салада әлi де дамыта түсетiн мәселелер көп. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында қазақ тiлдi топтарға бөлiнетiн мемлекеттiк бiлiм грантының үлес салмағы 60 пайызға жеттi. Демек, жыл сайын жоғары оқу орындарын барлық бiтiрушiлердiң 60 пайызы қазақша тәмамдап жатыр деген сөз. Бiрақ, осыдан кейiн туындайтын бiр проблема бар. Қазiргi тiл заңдылықтарында мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуi мiндеттелмеген. Ал, орыс тiлiн бiлмеген адам мемлекеттiк қызметке қол жеткiзе алмайды деген жазылмаған заң бар. Қайшылық. Осы уақытқа дейiн мемлекеттiк қызмет туралы заңға мемлекеттiк тiлдi бiлудi мәжбүрлейтiн бап енгiзе алмай келемiз. Бүгiнде жоғары оқу орындарында қазақ тiлiнде бiлiм алып жатқан қазақ студенттерi жұмысқа орналаса алмайтындығы үшiн ертеңiне алаңдаулы. Өйткенi, қазақ билiгi әлi күнге қазақша сөйлеуге құштарлық танытпай отыр.

Қазақ тiлi тек гуманитарлық салада ғана үстемдiк етiп келедi. Саясат, экономика, әдiлет – барлығы да орыс тiлiне басымдық бередi. Теңге қазақша сөйлей қойған жоқ. Банктерде қызмет көрсету әлi күнге орыс тiлiнде жүзеге асады. 1С бағдарламасының қазақша атауларды оқи алмай жатқаны жайлы шу болғаны да белгiлi. Сот iстерiнiң 54 пайызы ғана қазақ тiлiнде жүргiзiледi екен. Бұл – ресми статистика. Ал, шын мәнiсiнде қазақ тiлiнде iс жүргiзуге қол жеткiзе алмай жүрген жандар қаншама? Салық комитетiнде құжаттар орыс тiлiнде қабылданады. Таяуда Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық бiр азаматтың баласының мектепте оқитынын растайтындығы жайында құжат сұратыпты. Ауыл мектебi баланың мектепте оқитыны жайындағы анықтаманы қазақша жазып жiберсе, ол жарамсыз болып шыққан. Сөйтiп, қолына қайтадан орыс тiлiндегi анықтаманың үлгiсiн ұстатыпты. Мiне, осындай ұсақ-түйек мысалдар жетiп артылады. Сол себептi де, бағдарламаны қабылдардан бұрын онда көпшiлiктiң талқысынан өткен қандай ұсыныс-пiкiрлер ескерiлгендiгiн Мәдениет министрлiгiнiң Тiл комитетi жария етсе дұрыс болар едi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары