898
ҰРАН БОЛҒАН БАЙМҰРАТ БАТЫР
ҰРАН БОЛҒАН БАЙМҰРАТ БАТЫР
Баймұрат Байбөрiұлының аты Кiшi жүз руларының Ресейге бодан болу кезеңiнде көрiнедi.
Ел аузында "Електiң басы Есенбай", деген сөз бар. Жайыққа құятын Елек өзенiнiң басында отырғандықтан Баймұраттың атасының атына орай айтылған әңгiме болса керек. Есiмi бүгiнде аңызға айналып, кезiнде екi рулы елге ұран болған Баймұрат батыр туралы ел iшiнде әңгiме-аңыздар көп-ақ. ХVIII ғасыр iшiнде билiгiмен, батырлығымен көзге түскен Баймұрат шын мәнiндегi тарихи тұлға едi. Сол ғасырда қазақ ордасының Ресейге бодандығы туралы сөз болған тұста Баймұрат, Бақтыбай, тағы басқалар хан мен елшiге қаймықпай қарсы тұрғандар қатарында болды. Қазақ даласында жайылымдық, шабындық жерлердi иеленуде ру таластары жиi көрiнiс берген-дi. Осындай келеңсiз оқиғаларды көзбен көрiп өскен жас Баймұрат 16-17 жасында-ақ тұтас руына қорған бола бастайды. Аңыздарда Балғабек ұстаның балтасы, Қарға ұстаның пышағы, Оразбай ұстаның орағы бар шаңырақ, киелi, ырысты шаңырақ аталынған. Жауға шапқан Мәмбетұлы Есеттi "Шұнақ Есет" атандырса, ауылдағы ұста Балғабек атанып, ел құрметiне бөленiптi. Бұл тұста Кiшi жүз елiнде атағы жер жарған Тама Есет, Көтiбардың Есет батырларымен қатар Алаша Есет би шыққан. Есет пен Балғабек ұста садақ және жебе жасаудың шеберлерi екен. Баймұратпен қоян-қолтық ұрыстарда бiрге болған Есет, Баубектердiң есiмдерi бүгiндерi ел iшiнде құрметпен аталады. Құба қалмақтар Едiл бойынан бiртiндеп қазақтарды жаулап, Сыр өңiрiне де жетiптi. Олардың алдыңғы шептерi қазiргi Қызылорда облысының Қараөзек өзенi аумағындағы "Ауыз көл", "Қарарын", "Кiлем жайғанға" дейiн келiптi. Қараөзектiң Кұмкөл жақ бетiндегi жаппастардың (Өтек аталығының) малдарын тартып алады. "Зортөбеде" тұрақтап тұрған қалмақтар Баймұрат батырдың қол бастап шыққанынан хабардар болып, кейiн шегiне бастапты. Жауды өкшелей қуған Баймұрат батыр жасақтары (200-ден астам сарбаз) Қаракөл, Байқоңыр өзендерiнiң маңында қалмақтармен ұрысқа түседi. Ұрыс кезiнде жер-суды жақсы бiлетiн Жаппас қосыны аз әскерлермен-ақ жеңiске жетiптi. Күн санап Баймұрат жасағы ұрыстарда шыныға түседi. Осы кезеңдерде Баймұрат есiмi де ауыл-аймақтан асып, бiраз жерге жайылады. Батыр жасағына Алтын, Жаппас, Алаша руларының сарбаздары күн сайын келiп қосылып жатқан. Осы тұста жаңадан қосылған жауынгерлердi қалмақтардан ажырату мақсатында басшысы Баймұраттың атын атап атойлап шауыпты. Бұдан әрi Баймұрат батыр жасақтары "Кемесалған", "Диiрментөбе", "Майлыбас", Басықара, Қазалы, Ырғыз, Мұғаджар тауы, Маңғыстау түбiне дейiн жетiп қазақтың басқа батырлары бастаған жасақтармен тiзе қосып жауды қуған деседi. Баймұрат батыр хақында аңыз осылай жалғаса бередi. Баймұрат батырдың 1726-1727 жылдардағы "Бiлеутi, Бұлаңты өзендерi бойындағы ұрыстарға қатысқаны (ол жер "Қалмаққырылған" атанған) және 1729 жылғы "Аңырақай" шайқасына қатысқан батырлардың бiрi болғаны және жүз сексен бес үйiр жылқысын алғаны ел әңгiмесiнде айтылған. Қазақстан тарихындағы басқыншылар мен күресте есiмi ел есiнде қалған аға батырлардың бiрi Баймұрат батыр. Шаған өзенi бойында болған қатты ұрыста қазақ жасақтары үш салаға бөлiнiп басқарылады. Сол саланы басқаруға Баймұрат кеңесшiсi Байқозы батыр тағайындалған. "Шалқар" газетiнiң 1991 жылғы 19 көкегiндегi №15 санындағы "Қабанбай халық батыры" атты мақаладағы өлең жолдарында: …Ер Қосым, Баймұрат пен Райымбек, Болғаны оған серiк қазаққа анық, — деген жыр жолдары бар. 1748 жылдың қазан айы iшiнде (№166 құжатта) Нұралы сұлтанның анасына келуiне орай 12 бидiң бiрi Баймұрат барып, Әбiлхайырдың қайтыс болғанына көңiл айтқан. Сондай-ақ, Баймұрат батыр хан кеңесiне қатысып отырған. Баймұрат батыр тарихта, әдебиетте қалай суреттелдi? Жазушы Әбiш Кекiлбаевтың "Үркер" атты романында (1981) "…жаппастар хан ордасын да қамап алып айқайды салып жатыр. Түн ортасынан ендi ауа бергенде Баймұраттың жiгiттерi лақтырған қыл тұзақ Тевкелев отырған үйдi белдеуiнен орап-ап сытырлатып ырғай бастап едi, ханның бiр адамы шауып келдi. — "Тоқта батыр, екi жiгiтiң босатылды", — деп Баймұраттың әрекетiн тоқтауына әсер етедi." (352 бетте). Мұнан әрi Әбiш Кекiлбаев "…Жау десе сауытын киюдi ұмытып жалаңаш шабатын, жау десе iшкен асын жерге қоятын, оның үстiне аузынан абайсыз шығып кеткен сөзiнiң өзiн орындатпай қоймайтын қасарыспа Баймұрат хан маңындағыларды елшiнiң қасына аттатқызбай қойды" (456 бет). Әбекең ағамыз "Үркер" мен "Елең-алаң" атты кiтабын жазу үстiнде көп оқып, көп iзденгенiн, тарихи кiтаптар мен мұрағаттың құжаттармен кең танысқанын, романды оқи отырып сезiне түсесiз. Ағылшын Джон Кэстельге хан ордасындағылардың келген екi кiсiнiң бiрiн: "…Жаппас руының бас биi Баймұрат", — деп таныстырғанын Әбiш Кекiлбаев жазса, ағылшын саяхатшысы Джон Кэстель өзiнiң 1736 жылы Әбiлхайыр ханда болған күндерiне күнделiк арнапты. "…Маусымның жиырма үшiнде күн шығар-шықпастан тағы жазға шықтық, орда адамдарымен үш сағат бойы жортып келе жаттық. Осы жерде бiзге Баймұратбай (Баймұрат. — Т.Д.) батыр есiмдi бiр қарт кiсi келiп, мемлекеттiк кеңесшi әмiр беретiн болса, Орынборға 1000 қой айдататынын нық сенiммен айтты" (222 бет). Осындағы Баймұратбай дегенiмiз жоғарыда әңгiме етiп отырған Баймұрат батыр. 1731 жылғы Ресейге бодан болуға қарсы шыққан бiрен-саран батырлардың бiрi де осы Баймұрат. Бодандыққа қарсы көтерiлген (1731 жылдың 22 қазанында) Баймұрат Әбiлхайыр хан мен Тевкелев елшiлiгiне шабуыл жасаған. Бiрақ кейiннен көптеген билердiң кеңесiнен кейiн және елшi Тевкелевтiң түрлi әрекеттерi оны өз ойынан қайтарып, бiтiм жолдарын iздестiредi. Бұл жөнiнде "ХVI-ХVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары" құжаттарында жазылған. 1748 жылдың 21 қыркүйегiнде Нұралы сұлтан бiрнеше билер және батырлармен анасы Бопай ханшаға келгенi туралы "…Абпасского роду — Баймұрат, Чиклинского роду — Бақтыбай", деп нақтылай жазылған. Ал жазушы Александар Сергеев 1983 жылы "Жазушы" баспасынан "Петербургский посол" атты тарихи романын шығарды. Аталған кiтапта Петербордан патшайымның бұйрығымен қазақ даласына елшi болып келген Тевкелев пен Әбiлхайыр ханның арасындағы жайлар, елшiнiң келуiне қарсы билер жайында, әсiресе (68 бетiнде) Баймұраттың мiнезi мен түр-түсiне, оның көз-қарасын көркемдеп жазған. "…Зверь он, зверь и есть!" Башқұрт Кидрястың сөзiмен айтқанда: "…Баймұрат ашуланғанда көзiне қан толады". Хан кеңесiнде болған жайларды суреттей отырып А.Сергеев "…Но дорогу ему преградил нестарый кайсак в богатом, зеленого бархата халате. Сухое, смуглое лицо его было бы даже красивым, если бы не вылезший из орбиты правый глаз", — деп Баймұрат батырдың бар болмыс-пiшiмiн суреттеген. Ол қанша жамандағысы келсе де, оның айбатын, қайсарлығын жоққа шығара алмаған. Хан ордасында билер мен батырларға орыс елiнiң елшiлiгiнiң мәнi мен мақсатын және Ресей мемлекетiнiң күштiлiгiн сөз ете бастағанда Тевкелевтiң сөзiн аяқтатпай Баймұрат: "…Твой язык лжет. Тауыкел, не гость ты, враг нам" деген. Осы кеңесте Әбiлхайыр хан мен Баймұрат арасында келiспеушiлiк болып, Баймұрат батыр кеңестен кетiп қалады. Бұл жағдайдан хабардар болып отырған жоңғарлар Баймұратқа сөз салып, кездесуге шақыруы мүмкiн. Алайда, жазушы А.Сергеев жазғанындай қалмақ қолына қосылып, жау болды дегенi шындыққа келмейдi. Қазақ халқы елiн, жерiн сатқан сатқындарға қатаң қараған. Ал керiсiнше Бақтыбай батыр есiмi Алтын, Жаппасқа ұран болып, күнi бүгiнге дейiн батыр есiмi аса құрметпен аталып, қастерленiп келедi. Демек, Баймұрат батырдың ел тәуелсiздiгi жолында күрестерi халық жадында сақталып бүгiнге жетiп отыр. Осы тұста Баймұрат батырдың жас шамасын анықтауға мүмкiндiк бар. Өйткенi,1736 жылы ағылшын Джон Кэстель Әбiлхайыр хан ордасында болғанда Баймұратты көрiп, оны қария жаста десе, М.Тевкелев оны жас деп жазған. Олай болса Баймұрат сол тұста жас та емес, қарт та емес 35-40-тағы кiсi болса керек. Шамамен Баймұрат батыр 1690-1691 жылдарда туып, 1759-60 жылдарда өмiрден өтсе керек. Өйткенi, мұрағат деректерiнде 1748-1750 жылдардан кейiн Баймұрат Бөрiбайұлының есiмi кездеспейдi. Жалпы шежiрелердiң бәрiнде Жаппас ұраны "Баймұрат!" екенi айтылғанмен оның елге сiңiрген еңбегi, не себептi ұранға айналғаны туралы бүгiнгi ғылыми-көпшiлiк әдебиетiмiзде дұрыс баяндалмай келе жатқан сияқты. Билердiң беделi мен күштiлiгi шыққан руларының, яғни шығу тегiнiң ежелгi көшелiгiмен, олар кiретiн рулардың үстемдiгiмен анықталады. Қазақ ұлыстары билерiнiң, кейбiр ерекше құқықтары болды: қол астындағы руларға сот, әкiмшiлiк, әскери билiк жүргiзу ханнан басқа тек билерде ғана болды. Олар жалпы мемлекеттiк iстердi шешу үшiн жыл сайын шақырылатын "халықтық жиынға" сұлтандармен бiрге қатысты. Ең беделдi ру басшылары ханның қол астындағы "билер кеңесiне" кiрдi Қазақ елi Ресейге өз еркiмен қосылды дегенде, алдымен Әбiлхайыр ханның 1730 жылы Анна патшаға жазған хаты, оның берген анты ауызға алынады. Ресей елiне бодан болуға әу баста қарсы болған Жаппас Баймұрат, Әлiм Бақтыбай, Сырлыбай, Бәби сынды билер мен батырлар көптеген едi. Бiрқатар туындыларда оларды ұрда жық етiп көрсетiлiп келдi. Ал Ресейге қазақтардың өз еркiмен қосылғанына 250 жыл толу қарсаңында жоғарыда аты аталған билер, батырлар жағымсыз кейiпкер етiп суреттелген. Әсiресе, Баймұрат батырдың iс-әрекетi, тiптi қалмақ-жоңғарларға деген тұжырымдары жазушы А.Сергеевтiң тарихи романында молынан кездеседi. Баймұраттың батыр тұлғасын, хан алдында қасқайып тұрып өз ойын айтуы да қарапайым халықтың жоқшысы, қорғаны болғанын сол жазбалардың өзi айқындап берiп отыр. Көкжал барақ сұлтанмен тiзе қосып ел iсiне араласуынан оның Орта жүзге де қадiрлi, сыйлы болғанын аңғарамыз. Демек, Баймұрат батыр бiр аймақтың ғана емес, қазақ халқының тәуелсiздiгi жолында күрескендердiң бiрi болған бiрегей тұлға. Сол кезеңде Жаппас елiнiң бұйда ұстары болғандықтан да Баймұрат есiмi Жаппас руына ұран болып келген. Баймұраттан Байтүгел, Баяу, Алаң, Малбасар, Болат ұрпағы өсiп— өнген. Баймұраттың Алаң деген ұрпағынан Кеңестер Одағының батыры Нағи Iлиясов тарайды. Қызылорда облысы, Сырдария (Тереңөзек) ауданында Н.Iлиясов атында ауыл бар. Аты ұранға айналған батырға жеткiлiктi дәрежеде құрмет көрсетiлмей отырылғаны насихаттың аздығы болса керек.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, Елтай ҚҰТЫБАЕВ