ҮКIМЕТТI БАСҚАРУДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ӘДIСI

ҮКIМЕТТI БАСҚАРУДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ӘДIСI

ҮКIМЕТТI БАСҚАРУДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ӘДIСI
ашық дереккөзі
474

Қазақстанда 4 млн. адам ғаламторды пайдаланады

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов үкiмет мүшелерi алдына тағы бiр жағымды жаңалықпен келдi. Ол бұдан былай барлық шаруаны интернет арқылы тындыруға болатынын жеткiзiп, үкiметтiң әрбiр мүшесiнiң қалтасында смартфон мен мобильдi интернет болуы тиiс деген тапсырма жүктедi.

Бұрын да қолға алынған "Электронды үкiмет" жобасы толыққанды жүзеге асса, үкiмет мүшелерi баяғыдай бастарын жиi қоспайтын сияқты. Тiптi, қолына бiр бума қағаз құшақтап, кезегiн күтiп тұру да келмеске кететiндей. Премьер-министр Ақпарат және байланыс министрлiгiне келiп, серверлiк орталықтың тыныс-тiршiлiгiмен танысты. Мұнда компьютер арқылы көрсетiлетiн мемлекеттiк қызмет туралы ақпарат сақталған. Қажет болса, бұл құралдың көмегiмен зейнетақы қорына түсетiн аударым туралы анықтаманы да үйiңiзде отырып алатын боласыз. Ол аздай, салығын дер уағында төлеуге мойны жар бермейтiн кейбiр кәсiпкерлер үшiн нағыз оңтайлы жол. Техникалық кемшiлiктердi де анықтап, ретке келтiрiп отыратын арнайы мамандар қызмет етедi.

Жаңа жүйенiң ұтымды жағына аса мән берген Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Қазақстанда LTI жүйесiн, кеңжолақты интернеттi дамыту бойынша ұсыныс бергiм келедi. Бiр планшеттiк компьютерлер мен ұялы телефондардың жаңа түрлерiн азаматтарымызға қолжетiмдi етiп, солар арқылы электрондық Үкiметке кiрiктiруiмiз қажет", – дедi Ақпарат және байланыс министрiне қарата айтқан сөзiнде. Ол сондай-ақ, электрондық Үкiметтi дамыту бағдарламасына түзетулер енгiзудi де тапсырды.

Өз кезегiнде, Ақпарат және байланыс министрi Асқар Жұмағалиев: "Электрондық қызмет көрсету деңгейi қалаларда жаман емес. Бұл стандарт бойынша ауылдарды 3 жыл iшiнде интернетпен қамтамасыз етемiз. Оған ақша мемлекеттен бөлiнбейдi. Қазiргi таңда "Қазақтелеком" 25 млрд. теңгесiн сақадай-сай дайындап отыр. Егер бұл шараны тез арада жүзеге асырсақ, келер жылы елiмiзде интернеттi тұтынушылар саны 850 мыңға жетiп жығылмақ" деген жағымды болжам ұсынды.

Бiр айта кетерлiгi, соңғы бес жылда "Электрондық үкiмет" жобасын енгiзуге 44 миллиард теңге жұмсалса, 18 млрд. теңге көлемiнде бюджет қаржысы үнемделген көрiнедi. Ал, қағазбастылықтан бiржола құтқаратын жаңа жүйе арқылы бүгiнге дейiн 700 мың құжат берiлген. Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту жөнiндегi салалық бағдарламаның бiр бөлшегiне жататын жоба үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын құрастырушы бағандардың бiрi. Ақпарат және байланыс министрi Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, электронды Үкiметтiң көмегiне жүгiнушiлердiң қатары жыл өткен сайын артып келедi. Қазiр ғаламторды пайдаланушылардың саны жергiлiктi халықтың 20 пайызын құрап отыр. Бұл дегенiмiз – 4 миллион тұрғын. 2014 жылға таман Үкiмет мемлекеттiк қызметтiң 50 пайызын электронды желiге ауыстыруды көздеп отыр. Электронды қызмет түрлерi жыл соңына дейiн 1 млн. 400 мыңға жеткiзiлсе, электронды Үкiметтiң жемқорлықпен күресуге үлкен мүмкiндiгi тумақшы. Неге десеңiз, шенеунiк пен азаматтар арасындағы тiкелей байланыс бiржола үзiлетiн болады.

Отырыс соңында Кәрiм Мәсiмов Үкiмет мүшелерiн Премьер-министрдiң тапсырмаларын шұғыл түрде алып отыруға мүмкiндiк беретiн арнайы электронды поштаны пайдалануға шақырды. Министрлер кабинетiнiң барлық мүшелерiнiң басын бiр электрондық үкiмет жобасының аясына топтастыру iсi Қаржы министрi Болат Жәмiшевке сенiп, тапсырылып отыр. Премьер-министр барлық мемлекеттiк мекемелерден келiп түсетiн мәлiметтер мен ақпараттар осы шаңырақтың астында болатынын айта келе, көш бастаушы мекеме тұрғысынан алғанда, бұл жұмысты Қаржы министрлiгiне мiндеттеудi жөн санап отырғанын жеткiздi. “– Ұйымдастырушылық та, техникалық та және басқа да көптеген себептер бойынша осы орын – Қаржы министрлiгiне бұйыруы керек!” – деген Премьер-министрдiң бұл ұсынысын үкiмет мүшелерi бiрауыздан қолдайтындығын бiлдiрдi.

Ал, вице-премьер Ербол Орынбаев: "Мемлекеттiк ведомстволардың мәлiметтер базасын ЖИН мен БИН негiзiнде интеграциялау iсiнде жалғыз көшбасшы орган болғаны жөн. Ол барлық базаны бiр техникалық форматқа көшiредi. Менiңше, бұл не Қаржы, болмаса Әдiлет министрлiгi болуға тиiс! Өйткенi, солар тұрғындарымызға қатысты негiзгi мәлiметтер базасын ұстап отыр және оларды интеграцияламай, бизнес-үдерiстердi оңтайландыру мен бизнес-қызметтердi толыққанды электронды күйде ұсыну жайында жақ ашу – әбестiк", – дедi. Сонымен, Қаржы министрлiгi негiзiнен, саяси басшылыққа жауапты болса, Ақпарат және байланыс министрлiгi электрондық үкiметтiң iстен шығып қалмауын қадағалайды. Ал, электрондық үкiмет аясындағы бизнес-үдерiстердi үйлестiру iсi Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң жауапкершiлiгiне қарайды. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова болса, 2012 жылдан бастап, бала тууға байланысты берiлетiн бiр реттiк жәрдемақыны электронды түрде тағайындамақ. "2012 жылы нормативтiк-құқықтық актiлер өзгертiлiп, жеке есепшоты бар екендiгi туралы екiншi деңгейлi банктерден ақпарат алынған соң және АҚАЖ органдарымен ақпараттық ықпалдастық жолға қойылғаннан кейiн жүргiзiлетiн ең қажеттi iс-шара – бала тууына байланысты берiлетiн бiр реттiк жәрдемақыны тағайындаудың электрондық қызметiн жүзеге асыру жоспарланып отыр" дедi Гүлшара ханым. Бұл министрлiк бүгiнде электронды Үкiмет аясында халыққа электрондық қызметтердiң 12 түрiн ұсынады екен.

Премьер-министр жиынды қорытындылай келе, Байланыс және ақпарат министрлiгiне Үкiметтi blackberry көмегiмен басқаруға әзiрленудi жүктедi. "Үкiметтiң әр мүшесi құпия емес поштасын "blackberry"-ге шығарсын! Мен тапсырманы сол арқылы берiп отыратын боламын! Сендер де маған тiкелей сол арқылы жүгiнесiңдер", – дедi Үкiмет басшысы. Яғни, барлық министрлер мен агенттiк төрағалары iшкi электрондық пошта жүйесiмен байланыстырылады, олар бiр-бiрiне сұрақ қойып, құжат алмаса алады.

Алайда, қазiргi кезде интернет пайдаланушылар электрондық Үкiметтiң порталын дұрыс қолдана алмай жүр. Әлi де жетiлдiре түсетiн шаралардың бар екенiн ескерген Үкiмет басшысы болашақта әр азаматпен тең дәрежеде тiлдесу үшiн "электрондық кiлт" жасатуды да назарға салды. Мұндағы көзделген мақсат – ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшудi тездету.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары