КӨШIМ ХАН ТУРАЛЫ НЕ БIЛЕМIЗ?

КӨШIМ ХАН ТУРАЛЫ НЕ БIЛЕМIЗ?

КӨШIМ ХАН ТУРАЛЫ НЕ БIЛЕМIЗ?
ашық дереккөзі
382

Қазақ даласын отарлауды бiр ғасырға кiдiрткен айбынды хан

Мiне, 400 жылдай уақыт өтсе де әлi осы күнге дейiн Көшiм хан туралы анық-қанығына жетiп нақты пiкiр айтып, басынан– бақайшығына дейiн талдап берген ешкiм жоқ. Көшiм ханды бағалау бiр жақты ғана қалыптасқан. Революцияға дейiн де, одан кейiнгi әдебиетте де Көшiм туралы көбiне-көп керi пiкiрлер мен ойлар айтылып, жазылып келдi.

Ол жөнiнде "Залым", "Қанiшер", "Сiбiрдi тонаушы" деп қана айтылып, насихатталып келген болатын. Сөйтiп оның жағымсыз мiнез-құлқын, құбыжық азаматтық пiшiнiн қалыптастырған.

Ал, жаулаушы, зұлым Ермакты ол кезде таңдай қақтырар қылып суреттеген едi. Оны тiптi "ұлттық батыр" ретiнде танып, бағалап, кезiнде қала, көше, мектеп аттарын берiп, ол туралы әспеттеп, қиюын келтiрiп кiтаптар, дастандар жазылды.

Бiрақ, негiзiнде солай ма?! Тыныш жатқан елдi, қаншама жылдық тарихы бар хандықты қиратып, жұртын қырып, бұған дейiн қазақтың талай руының жаз жайлауы, қыс қыстауы болып келген Iбiр-Сiбiрдi, iлгерi-кейiн толқып, жапырақтары шуылдап, сыбырлап тұратын ну қалың орман байлығы орасан кең өлкенi тартып алғаны рас. Алтайдан Сахаменге дейiнгi құс қанаты талатын зор аймақтың жартысы өстiп бөлiнiп қалды. Кезiндегi Алтын орда хандығы секiлдi, бұл да өткен тарих болып қала бердi. Тарих та бiр орында қатып қалған дүние емес, ол да жаңа iзденiстермен толығып, тың деректермен байи түседi.

Сондықтан, ендi жалтақтамай Көшiм ханның Сiбiр мен Қазақстан тарихындағы рөлiн нақты бағалап, шындықты айтатын кез келдi.

Көшiмнiң Сiбiрдi игерудегi еңбегiн, хандық құрып, сондағы ел-жұртты бiрiктiрiп, бiр тудың астына жинап, мұсылман дiнiне кiргiзiп, сауда-саттық дамыған аса iрi мемлекет құра бiлгендiгiн естен шығармауымыз керек.

Көшiм кiм болған едi? Революцияға дейiнгi орыс зерттеушi тарихшылары Н.Карамзин, А.Легихин, П.Небольсин және басқалары Көшiмдi қазақ тайпасынан шыққан адам деп есептеген әрi солай жазған болатын.

Шоқан Уәлихановтың өзi "Кучум был султан киргизский" – деп көрсеткен.

Көптеген деректерге зер салып қарасақ, Көшiм әбден қартайып, 80 жасында дүниеден өткен. Ол 1510-1520 жылдар аралығында Арал жағалауының солтүстiк бөлiгiндегi Алты ауыл ұлысында туған. Нақты қай рудан екенi белгiсiз. Бiрақ, түркi елiнiң, соның iшiнде қыпшақ баласы екенi нақты. Оның жастығы қалай өткенi, қандай жағдайда өскенi бiзге белгiсiздеу. Осы өлкеде өсiп, жетiлiп, кейiннен 1555 жылдары өзiнiң жақындары мен төлеңгiттерiн ертiп Сiбiр жаққа бет бұрады. Кезiнде бұл жақтың бай-мырзалары ерте көктемде бұлғын және терiсi қымбат басқа да аңдарды аулауға Сiбiрге ат шалдырып отырған.

Жаздай аулағандарын керуенге тиеп, мықты күзетпен Бұхар, Самарқан, Хиуа, Қырым мен Парсы елiне шығарып, зор пайдаға кенелiп отырған екен.

Жiгерлi, елгезек, еңбекқор Көшiм бiр көктемде өзiне ерген нөкерлерiмен және Сарыарқада өзiне қосылғандармен Сiбiрге келiп ордасын тiгедi. Бiр айта кетерлiгi, бұл өлкеде ол тек аң-құс аулаумен ғана болмай, айналадағы қазақтың руларымен және саны аз жергiлiктi бөгде жұртпен тайталаса жүрiп, оларды өздерiне қаратып, хандығын құрады. Әскерiн жасақтайды. Сөйтiп, аса зор қиындықпен 1563 жылдары хан тағына отырады.

Жиырма жыл бойы Сiбiр өлкесi жақсы дамып жаңа хандық қуатты бола түседi. Бұхара мен Саураннан, Үргенiш, басқа да орта азиялық қалалардан шейхтар мен сейдтердi шақырып, өзiнiң қол астындағы жұртты мұсылман дiнiне кiргiзе бiлдi. Бұл жағынан Көшiм үлкен жұмыс бiтiрдi. Оның бәрiн санамалап жатпайық. Дегенмен, ауқымды аймақты алып жатқан әрi өте мықты, сондай-ақ орыс жаулаушыларының жолына Орал таулары мен арынды өзендер тосқауыл болып тұрған күштi хандық неге жылдам күйредi? Себебi неде?!

Орал тауларынан асып Көшiм Ресей мемлекетiмен, сондай-ақ Бұхара, Қырым, Түрiк, Қытай елдерiмен берiк қарым-қатынас орнатып, сауда-саттықты өрiстетедi. Бүкiл Сiбiрдi орталықтандырып, сол заманның өркениетiн әкеледi. Ордасы орналасқан Iскер қаласынан басқа тағы бiраз қалалар мен сауда жүргiзетiн бiрнеше бекiнiстер салдырады. Хандықтың аумағы бүкiл Еуропаның көлемiне жете қабыл болды. Сiбiр хандығы мен Орыс елiнiң аралығын Орал таулары бөлiп тұрды. Өзiнiң күшiн, хандығының мықтылығын бiлетiн Көшiм хан Мәскеуге грамота да жолдап тұрған.

Ол былай басталатын: "Крестьянскому Белому царю и великому князю всей Руси Кучум-Богатырь, царь-слово наше". Орыс жағы Көшiм ханға "көршi, достас ел болайық, екi арада үнемi бейбiтшiлiк болсын", – деп хаттар жолдап отырды. Көшiм дегенмен, өзiнiң күштiлiгiн көрсетiп: "И ныне похожь миру – и мы помиримся, а похож волгатися – и мы воюемся", деп те сәлем жолдаған.

Иван Грозный оған шамасының келерiн не келмесiн бiлмей "Сибирской земли начальнику Кучуму – царю милостивое слово", – деп жазатын болған.

1582 жылдың көктемiнде Көшiм ханның үлкен ұлы Әли басқарған таңдамалы қалың атты әскер Оралдың арғы жағындағы көпес Строгановтардың билiгiндегi аумаққа басып кiредi. Бұл кезде Строгановтардың қызметiнде жүрген Ермак, Көшiм ханның ордасы болып саналатын Iскердiң ешқандай қорғаусыз, қорғансыз қалғанын естидi. Әли бұларға алым-салық үшiн тап бергенде, Ермак сегiз жүзден аса әскерiн жинап, тездетiп Iскердiң түбiнен бiр-ақ шығады. Қарауылда қалған аз ғана сарбаздардың зеңбiрегi мен мылтығын арқалай келген орыс казактарына шамасы келмей қалды.

Көшiм ханның нақты еңбектерiн айтатын болсақ, бiрiншiден, Сiбiрдегi рулар мен тайпалардың, басын бiр тудың астына бiрiктiрдi. Екiншiден, аймақта мұсылман дiнiнiң тез таралуына зор ықпалын тигiздi. Әйтсе де iргелi хандыққа зұлымдықпен тап берген Ермак өз заманындағы мықты хандықты күйретiп түсiрдi. Өшпес өкiнiштей болған қателiктiң кеткен жерi осы едi.

Кезiнде орыс отаршылдары Астрахан, Қазан, Қырым хандықтары мен Кавказда осылай ойламаған жерден тап берiп, қырғанын қырып, қалғанын құлдыққа түсiрген болатын. Жауыздықтың шегi бола ма?! Ордасы Iскер құлағанымен, Көшiм хан казак және орыс отрядтарымен 17 жыл жан аямай соғысты. 1585 жылы тамыз айында Ермак суға батып мерт болғанда, ханның бойында жеңуге деген үмiт пайда болған едi. Дегенмен, бiрiнiң артынан бiрi келiп жатқан орыс отрядтары Көшiм ханға тыныштық та, жеңiс те бермедi. Олар Түмен (Тюмень), Тар, Тобольск бекiнiстерiн салып, Сiбiрге мүлде орнығып алды. Патша билiгi Көшiмдi өз жағына шығуға қанша үгiттесе де, тәкәппар, намысшыл Көшiм көнген жоқ. Сiбiр үшiн соғысты одан әрi жүргiзе бердi. Осыдан 250 жылдан кейiн Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов та осылай соңғы демiне дейiн соғысқан болатын.

1598 жылы Көшiм ханның саны аз сарбаздары патша әскерiмен Сiбiр даласында соңғы рет кездесiп, кескiлескен соғыс өттi. Бұл кезде Сiбiрге дендеп кiрген орыс әскерi өте мол едi. Көшiм жеңiлiп, екi баласымен ұрыс даласынан әрең сытылып шыққан болатын. Қанқасап соғыс қазiргi Новосiбiр қаласының маңында өткенi белгiлi. Көшiм ығысып келiп, Қорғалжын түбiндегi ағайындарын паналайды. Бiрақ, орыс жасақтарынан сескенген туыстары Көшiмдi өздерi опат қылған сияқты. Қайран ұлы хан әрi ержүрек сардар осылай дүниеден өткен болатын. Денесi сол Қорғалжын даласында мәңгiге қалды. Қортындылай айтсақ, Көшiмнiң ешуақытта ұмытуға болмайтын ұлы еңбегi – орыс отарлаушыларының қазақ елiне кiруiн бiр ғасырға тежедi. Орыс әскерi Ұлы далаға әзiрге шамасының әлi келмейтiнiн бiлiп, әрi қарай Таймыр, Сахамен, Уссури өлкелерi жаққа бет бұра бастады.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК, Қазақстан журналистер Одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары