Астанада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек AK Parti төрағасының орынбасары, Халықаралық департамент жетекшісі Зафер Сыракаямен және AK Parti төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс департаментінің жетекшісі Кюршад Зорлумен кездесті.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық туралы жаңа Меморандумға қол қойды. Меморандум партияаралық байланыстарды нығайтуға, мемлекеттердің достық және тату көршілік қатынастарына атсалысуға, сондай-ақ екі партия арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған. Құжат партия делегацияларының алмасуын жандандыруды көздейді. Сондай-ақ ол өзекті екіжақты мәселелер туралы және халықаралық күн тәртібі бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасуға бағытталған.
Қол қою рәсімі барысында Дәулет Кәрібек түрік әріптестерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған негізгі міндеттер туралы хабардар етті. Яғни, еліміздің цифрлық трансформация мен жасанды интеллекттің жаңа дәуіріне көшуі, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру, адами капиталды дамыту және инновациялық жобаларды қолдау мәселелеріне назар аударылды. Ол «AMANAT» партиясы аталған реформалардың қоғамдық тірегі саналатынын және оларды еліміздің барлық өңірінде жүзге асыруды көздейтінін атап өтті.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған тұңғыш мемлекет Түркия екенін еске салды. Кейінгі жылдары екі мемлекеттің ынтымақтастығы нығайып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзара сенімге негізделген қарым-қатынасы арқылы кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.
Кездесуде партияаралық байланыстарды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және ортақ бастамаларды ілгерілетуге қажет жаңа мүмкіндіктер аша отырып, партия дипломатиясы халықаралық қатынастардың маңызды құрамдас бөлігіне айналып жатқанын атап өтті. Осы орайда, «AMANAT» пен «AK Parti» арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа Меморандумға қол қойылуы – ерекше маңызға ие.
Өз кезегінде, AK Parti төрағасының орынбасары, Халықаралық департамент жетекшісі Зафер Сыракая «AMANAT» партиясы Қазақстанның саяси өмірінде жоғары рөл атқаратынын атап өтіп, ынтымақтастықты кеңейту жолында жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Ол AK Parti делегациясының Қазақстанға сапары жоғары деңгейдегі екіжақты диалогтың лайықты жалғасы екенін атап өтті. Ол жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар әріптестік байланыстарды кеңейтудің берік негізі екенін және бұл жүйеде екі мемлекеттің жетекші партиялары арасындағы тікелей байланыстар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ал AK Parti төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс департаментінің жетекшісі Кюршад Зорлу Қазақстан мен Түркияның саяси және мәдени-гуманитарлық бағыттағы стратегиялық серіктестігі тарихи негізге ие екеніне назар аударды. Мұны экономикалық көрсеткіштер де растайды. Былтыр екіжақты тауар айналымының көлемі 5 млрд АҚШ долларын құрады. Ол қол қойылған жаңа меморандум қазақ-түрік диалогының дамуына серпін беретінін атап өтті.