“ҰЛЫ БИ” – ЕР ЕДIГЕ

“ҰЛЫ БИ” – ЕР ЕДIГЕ

“ҰЛЫ БИ” – ЕР ЕДIГЕ
ашық дереккөзі
398

"Алтын Орданың" қас жауларын күйреткен батыры, ел бiрлiгiнiң ұйытқысы "Ұлы би" атанғаннан Едiге Құтлықияұлы туралы аз жазылып жатқан жоқ. Ер Едiге туралы жыр аңыздар татар, башқұр, қарашай, ноғай, Қырым жұрттарында да кеңiнен сақталған. Түркiнiң осы тармақтары да Едiгенi өзiнiң ұлт батыры санап, оның мүрдесi де өздерiнде, сол елдерде деп есептейдi. "Айғақ" газетiнде шыққан бiр материалда ғана "Едiгедей ерiң бар, ей, Оңтүстiк" деп исi қазаққа тән батырды бөле-жара иемденгенi ыңғайсыз-ақ болыпты. "Түркiстан" газетiнде 8.VII.10 жылғы санында Ж. Айменовтың да Едiге батыр жөнiнде жазғаны сол ыңғайымен кетiптi. Ж. Айменов тау мен төбенi айыра алмай "Едiгенiң басы төбе басында таспен бастырылып жатыр" деген тiркес енгiзiптi. Жас ғалым Е. Мағауин бұл туралы "Бұл қазiр Едiге тауы деп аталады. Теңiз деңгейiнен есептегенде мың метрден астам, жолын бiлмеген адамның өрлеп шығуы мүмкiн емес" деп жазады. Академик-автордың ең болмаса осыны бiлгенi жөн едi.

Газеттiң осы санында автор "Едiгенiң …Баба түктi Шашты Әзиз кесенесiнде жатқандығы" деп бiр ұстаным көрсетсе, келесi абзацта "Едiге жерленген төбе маңы" деп жалт бередi. Зират пен төбенi шатастырғанына не деймiз? Әрi осы маңда жерленгенi жөнiнде "дерек бар" дейдi. Бiрақ ол деректi нақты көрсетпейдi. Дерек деген не? Ол тарихи сақталған зираттар, тасқа қашалған сурет-жазулар, не сол заманда сол оқиға, iс туралы тарихшылардың, ғалымдардың жазып кеткен мұралары. Пәлен ақсақал пәлен төбенiң басында отырып кешелi-бүгiндi айтқаны дерекке жатпайды. Оның үстiне бүгiнгi уақытта әйтеуiр бiр батырды, жырауды меншiктеп алуға тырысу, оған әйтеуiр iшiнде сүйек болса болды "зират" тауып беру үрдiс алған жағдайдың кезеңiнде өмiр сүрiп жатырмыз.Алладан қорқу, осы iсiмiз үшiн Құдай алдында жауап беремiз-ау дегендi де бiржаққа ысырып қою кей қаламгерге тән iс болып бара жатыр.

Бұл желөкпелiк кiмге қажет?

Шоқан Уәлиханов академик Шренкпен бiрге болған сапарында "Ұлытау шыңдарының бiрiнен маңғұт (Ноғай.К.Ж.)ордасының негiзiн салушы Едiгенiң моласын таптық. Оның моласы тас үйiндiсi. Оның құзыры өзi орналасқан тау қиясының биiктiгiмен сәттi ұштасып тұр"– деп жазады. (тандамалы 105 бет) Мiне, бұл нақты дерек. Шоқан Едiгенiң мазарын арнайы iздеп барған. Шыңның басына шығу шоқанға да, жол көрсетушi бiлгiр шежiре-қарттарға да оңай болмаған. Ол қарттар бүгiнгi бiздiң арамызда жүрген болжалдап айта беретiн шалдар емес екенiн де ескерген жөн.

Дерек, ол – Мәшһүр Жүсiптiң жазып кеткенi. Дерек, ғасырлар бойы Ұлытау маңын мекендеген исi қазақтың баласының шыңға жаны қиналып шықса да, ГПУ, КГБ ден қорықса да Ұлы Едiгенiң басына барып, тәуеп етiп келгенi. Ол бүгiнгiнiң жол-жөнекей әңгiмесi емес.

Едiгенiң оңтүстүкте жерленгенiн дәлелдеу үшiн ол құрған Ноғай Ордасының жер көлемiн, шекарасын өздерiнше көрсету де қисынсыз. "Ноғайлы жұрты Алтын Ордадан бастап Қаратаудың терiстiк бетi Қызылкөлге дейiн созылған " делiнуi Ноғай ордасының жерiнiң үштен бiр бөлiгiн ғана көрсету. Татар ғалымы М.Г.Сафаргалиев "Распад Золотой Орды" (Саран 1960ж) деген кiтабында Ноғай Ордасының тұтас картасын берген. Онда Ноғай Ордасы Едiлдiң ар жағынан басталып, Алтай тауларына барып тiрелсе, терiстiгi Түмен, Құлынды даласына жеткен. Соның нақ ортасында Ұлытау жатыр емес пе. Хан тағын иемденбей, оны Шыңғыс ұрпақтарына берiп қойса да, өз ұлысымен қоса бүкiл Алтын Орданы уысында ұстаған Ер Едiге хан ордасы Сарайшыққа бармай ұлы даланы мекен етiп, көшiп-қонып жүргенi тарихтан белгiлi. Сонда оның негiзгi тұрағы Ұлытау болған, сол жерде күнi бүгiнге "Едiгенiң майлы жұрты" атанған жер жатыр. Әлемге әйгiлi Алтын Орда империясы да, сонан бiр аймағы Ноғай ұлысы да қазақтың арғы ата-бабаларының мемлекетi. Автордың осы мақаладағыдай Алтын Ордадан басқа "Едiге түркiлерден құрылған Ноғайлы ұлысы" деген түсiнiк беруi қателiк, жаңсақ пiкiр қалыптастыру. Тарихи Едiге Алтын Орданың тұтастығын көксеген, соның мұңын жоқтаған батыр. Бұл жөнiнде академик Рахманқұл Бердiбаев "Едiгеге тағылған "айып" – оның әлсiреген Алтын Орданы қалпына келтiруге әрекет жасағаны, өзiне қарсы шыққандарды жазалағаны" деп жазады. Бұл тұжырымға тағы бiрдеңе деп пiкiр қосу артықшылық етедi.

Батыр, жыраулардың ата-тегi туралы да ойдан шығарған дәлелсiз пiкiр айту тарихқа үлкен қиянат. Осы мақалада аспаннан түскендей етiп "Едiгенiң бабалары Жошы ханның әскер басылары" деген пiкiр бар. Ол әскер басы кiм? Қандай тұлға едi, оған автор бас қатырып жатпайды. Дәлел қайда? Мұндай оқас ойлар ғылыммен айналысатын адамға жат жағдай екенi әркiмге де түсiнiктi.

Солай дей тұра (яғни, Едiге моңғол тектес дей тұра) автор "Баба Түктi Шашты Әзиз атам бар, соның қасына қойсын" деген кереғар пiкiрдi тағы ұсынатынына не дерсiң. Сонымен Едiге моңғол ма, әлде мың жыл бойы қазақпен қоса өрбiп өскен Баба Түктi Шашты Әзиз ұрпағы ма?

Мақала иесi ең болмаса осыдан төрт жүз жылдан артық уақыт бұрын жазған Қадырғали Жалайридың кiтабына көз жүгiртсе болар едi. Қ. Жалайри "Шежiлер жинағы" атты кiтабында Едiгенiң әуелгi бабасы Әбу Бәкiр Сыдық екенiн жаза келе Едiгенiң әкесi Құтылқияға дейiн санамалап бередi. Әбу Бәкiр Сыдықтың он үшiншi ұрпағы Баба Түктi Шашты Әзиз болса, оның бесiншi ұрпағы Едiге Батыр екенiне көз жеткiземiз. Едiгенiң тоғызыншы ұрпағы атақты Мөңке би екенi тарихтан әбден белгiлi.

Ғалым М.Г. Сафаргалиев те "Распад Золотой орды" атты кiтабында Едiгенiң баласы Нұрадиннiң де осы шежiренi түгендеп бергенiн жазады. Жаңсақ пiкiр қалыптаспас үшiн түбегейлi зерттеу қажет. Тiптi Мәскеудегi әлденше папкадан тұратын "Ногайские деланы" ақтарып шыққан ләзiм.

Тарихқа қиялдаудың қажетi жоқ. Тарих нақтылықты сүйедi. Қиялдау, фантазия, көркем әдебиетке тән дүние. Осы мақаладағы Бiлге қағанның екi ұлы жауласпағанда, ана хан мен мына хан сөйтпегенде "жетiм …. Шыңғыс хан әлемдi билемес едi", Хорезм шаһы шешесi Терке хатунның тiлiн алмағанда заман бүйтпес едi" дегеннiң неге жазылғаны да түсiнiксiз. Ендiгi қиялдың қажетi қанша? Тарихта солай болды. Неге солай болды, ол бiр Аллаға аян, сонан соң тарихшылардың iсi.

Мұнан гөрi Едiгенiң атымен тiкелей байланысты Тоқтамысқа тоқталған жөн. Тоқтамысты Алтын Орданың иесi еткен Әмiр Темiр едi. Бұл кезде Алтын Орда әлсiреген күй кешiп жатты. 1359-1379 ж.ж. арасындағы жиырма жылда Алтын Орда тағында бiрiн-бiрi құртқан 25 хан ауысты. Жошы ұрпағы мемлекеттi нығайтуды емес, қара басының қамын ойлап кеттi. Алтын Ордадан Хорезм, Көк Орда бөлiнiп, Қырымда Генуя, Венеция көпестерi иелiк етiп, Литва князы Ольгерд Подоля, Чернигов, Рыльскiнi алса, поляктар Волын жерiн иеленiп кеттi. Бұрын Карпатқа барып тiрелетiн Алтын Орда шекарасы ендi Днепр шоңғалдарымен шектелiп қалды. Көк Орданы иеленген Ұрыс хан бой ұсынбаған Маңғыстау билеушiсi Тойқожаны өлтiрдi. Ол Тоқтамыстың әкесi едi. Тоқтамыс жан сауғалап Әмiр Темiрге келген. Ұлыс-ұлысқа бөлiнiп, ыдырап бара жатқан Алтын Орда жерiн басып алу Әмiр Темiр үшiн күш жұмсамайтын оқиға едi. Бiрақ Әмiр Темiр оған бармады, қайта Тоқтамысты көтерiп Алтын Орданы қалпына келтiру саясатын ұстады.

Темiр Тоқтамысты Сауранда хан көтердi. Ол Ұрыс ханмен, Темiр Мәлiкпен қайта-қайта соғысында Тоқтамыс жеңiлiп қалып жүрсе де, оған көмек етiп, ақыры Алтын Орда ханы еттi. Осы тұста Тоқтамыс Едiгенiң әкесiн өлтiредi. Едiге әлденеше жағдайдан кейiн Тоқтамысты тастап, Әмiр Темiр жағына өтедi. Ал, Тоқтамыс Темiр басқа елдермен соғысып жүргенде Темiрге қарсы Моғолстан әмiрi Қамардинмен, Түрiк Баязитпен одақ құрып, әлденеше рет Әмiр Темiр жерiне басып кiрiп, Қаршығадағы сарайын да өртейдi. Мұның ақыры Әмiр Темiрдiң 1391 жылы Сарсуды өрлеп әскерiн бастап, Алтын Орда жерiне кiруiне әкелiп соққан. Осы жолы Едiге Ұлытау маңындағы елiн сақтау үшiн екi нөкерiн хабаршыға жiбергенi де тарихтан мәлiм. Осы жолғы Бұлғар жерi Күндiршiде болған соғысты М. Сафаргалиев "Распад Золотой Орды" кiтабында жеткiзе жазған. Тоқтамыс жеңiлдi. Едiге мен Темiр Құтлық Әмiр Темiрден бөлiнiп қалады да, Темiр Құтлық Сарайшық маңында хандығын көтерсе, Едiге ол маңнан алыс Ұлытау, Сiбiр жағында Ноғай ұлысын құра бастаған.

Әмiр Темiрден 1395 жылы Теректiде қирай жеңiлген Тоқтамыс Литва-Польша жерiне өтiп, король Витовтан көмек сұраған. Осыған дейiн Алтын Орданың бiраз жерiн басып қалған. Витовт ендi осыны пайдаланып иесiз қалғандай болған Алтын Орданы да, Ресейдi де бiржола басып қалуды ойлаған. Қазақ елiнiң келешек үрiм-бұтағына төнген бұл қатерге қарсы шыққан бiрден-бiр тұлға Едiге едi. Орыстар да Алтын Орданы бiржолата құртуды көздеп Витовтқа қосылды. Сөйтiп Литва, Поляк, Орыс, Тевтон орденi қосылған төрттiктiң (Е. Мағауин жазбасын қараңыз) мұздай құрсанған саны басым әскерi баса-жаншып кiрдi. Едiге оларды Борсықты (Ворскло) өзенiнде қарсы алды. Басы-аяғына дейiн Көк Темiр киген күшi басым жауды Едiгенiң қандай әдiс қолданып қирата жеңгенiн "Распад Золотой Орды" кiтабынан табасыз. Король Витовт азғантай ғана адамымен зорға қашып құтылған едi. Осы ұрыста Едiге жеңiлсе қазақ ұлының болашағына бiржола күмән туары даусыз.

Алтын Орданың жауымен бiрге болған орыс княздерiн тәубаға келтiру үшiн Едiге 1409 жылы жорыққа шығып, Коломно, Ростов, Дмитров, Серпухов, Н.Новгород т.б қалаларын алды. Елiн тастап қашқан Мәскеу князiн Едiгенiң кенже ұлы Жақсыбай жер түбiне қуды. Тверь князi Иван Василиұлы Едiгеге кешiрiм сұрап келдi. Едiге осы жылы бiр кезде Темiр Мәлiкке берген уәдесi бойынша Темiрдi хан етiп көтердi. Осы кезде хан тағы үшiн Жошы ұрпағының бiрiн-бiрi өлтiруi етек алды. Едiгеде есесi кеткен король Витовт Тоқтамыс ұлы Қадiрбердiнi Қырымда хан сайлаған (Қадiрбердiнi Едiгенiң әйелi Жәнеке бiр кезде арашалап алып қалған едi). Литва, Польша, т.б әскерiне сүйенген Қадiрбердi ойда жоқта елге басып кiрдi. Жайық бойындағы қанды қырғында Қадiрбердi өлдi де, Едiге ауыр жараланып, өзiнiң Ұлытаудағы Майлы жұртына жеткiзiлiп, сонда қаза болған.

Едiге қаза болған соң, тақ үшiн ғана қырқысқан хан әулетiнiң ұрпақтары тағы да бас көтерiп, ақыры Алтын Орданы бiр жолата титықтатты.

Едiге тек ел үшiн қанын төккен батыр емес, ел намысын дипломатиялық жолмен де қорғай бiлген кемеңгер тұлға. Оның сыртқы жауларды, оның iшiнде Тоқтамыстың айдап салумен қатерiн төккен Әмiр Темiрдi де өз дегенiне осы ақылымен көндiргенiне тарих куә. Ол қандай ханды да ауыстырып, не желкелеп қуып жiберу қолынан келiп тұрса да хан тағын иеленбей,хан тағына Жошы ұрпағын отырғызып,ел бiрлiгiн сақтаған, көненiң жолымен қазылық құрып, ел билеген Ұлы би атанған iрi тұлға.

Оның билiк дәрежеге көтерiле алмаған ұрпақтары мырза атанған. Ж. Айменов Қазы мырза мен Наурыз мырза Мансұрдың туыстары деп жазған екен. Дұрысында бұл үшеуi де жәй ғана туыс емес Едiгенiң бел балалары екенiн бiлген жөн.

Едiгенiң заманы академик Р.Бердiбаевтың сөзiмен айтқанда "Едiге дәурен сүрген заман Ноғай елiнiң (түбi қазақ елiнiң.К.Ж) тарихындағы ең даңқты, бейбiт, қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған кезең болып саналған". Ол өзi арпаласып жүрiп, халықтың тыныш өмiр сүруiн көздеген. Едiге адамды құл ретiнде сатуға да тыйым салған. Халық Едiгенi ғасырлар бойы сүйсiне жырлап келген. Жырда:

Менменсiген мiнездiнi

Тәубә қылған ер дүрмiн.

Досымның отын сөндiрмен,

Дұшпан отын жандырман.

Өзiм деген нәмартқа,

Шаңқан боз ат мiндiрмiн, – делiнуi де елiнiң Едiгедей ерiне деген мәңгi құрметi.

Едiгенiң балаларының қалай қайтыс болып, қайда жерленгенi ғасырдан ғасырға ауысқан тарих беттерiнде көмескiленiп, ел жадынан шығып кеткен. Тек сонау бiр оқушы шағымда үлкендердiң неге Нұра өзенiнiң екi саласы да Нұра атанады деп бас шайқасқандарын, сонан соң басын Кежектен алатын Нұраның бiр кезде Талдыеспе атанғанын естiген едiм. Сонан, дестi үлкендер, Едiгенiн баласы Нұралы (Нұрадин К.Ж) осы өзеннiң бас жағына қойылып, "Қай еспе, қай еспе дескенде, әлгi Нұралы қойылған еспе ше" делiне келiп, бұл саланың да Нұра атанып кеткенiн айтқан едi. Нұралының жерленген жерiн де мегзеген. Әттең, мен жiгiт болып, онан саяси қылмыскер атанып, кесiк мерзiмiн өтеп келгенде сол ақсақалдардың бiрi де бұл жалғанда қалмапты. Нұралының зираты қайсы деген сауал ғана көңiлде қалды.

Едiгенiң қайда жерленгенi туралы өз пiкiрiн бiлдiрген автор "Едiгеге Шоқанның назар аударуы кездей соқ емес" деп әрi Шоқан Едiге жырын жариялатқанын сөз етсе де, сол Шоқанның Едiгенiң мазарын арнайы барып көргенi туралы ештеңе демеуi жұртты жаңылыстыру ма деген ой туғызады. Бұл, әрине, ғалымға тән әрекет емес. Мәселенi қозғаған екенсiң, Шоқанның Ер Едiге туралы не жазғанын, не көргенiн түгелдей айту ғалымның мiндетi едi.

Едiгенiң жерленуi туралы Мәшһүр Жүсiп Едiге өлерiнде "Менi жер қазып көмбеңдер, Қорған тас қалап қойыңдар" дей келiп, баласы Нұралыға Баба Түктi Шашты Әзиз атасының басына апаруын аманат еткенiн жазады.Сөйтiп Едiгенiң сүйегiн "Ұлытауға аманат қойған" екен дейдi Мәшһүр Жүсiп. Едiге өлген соң өз басына әр қилы заман туған Нұралы әке аманатын орындай алмаған. Оның дәлелi деректiң неше алуан көзiн iздеген ғалым Шоқанның Ұлытау шыңынан Едiге зиратын келiп табуы. Бұл бас бұлтартпас айғақ.

Бұған сенгiсi келмегендер құдайдан қорықпаса тас пирамиданы аршып Едiгедей ұлы тұлғаның сүйегiн көруiне де бас тiксiн. Немесе осы күнгi көру технологиясын пайдаланып мүрденi сырттай да көруге боларын ескерсiн.

Тiптi, Едiге сүйегiм Баба Түктi Шашты Әзиз басына апарып қойыңдар деп аманат еттi дегенге сену қиын. Ол дiндар көптiң бiрi емес, жаумен арпалысқан батыр, саяси тұлға. Ол заманда ондай адамдар дүниеден өткен соң дұшпандары сүйегiн қорлаған жағдай болған. Шыңғыс хан өзiнiң мүрдесiн ешкiм таппайтындай етудi тапрсырған. Едiге де өз сүйегiнiң Ұлытаудың адам бара алмас шыңына қойылуын тапсыруы сондай әрекет. Қаракерей Қабанбай батыр да сүйегiн қорлатпас үшiн қазақ елiнiң төрт жерiнен өзiне мәңгiлiк орын дайындатқан. Едiге де сол сияқты "аманат" деп тапсырса да, мәңгiлiк орынын Ұлытау шыңы деп белгiлеген.

Қазақ халқының намысын қорғаған батырлардың ата– тегiн әркiм өзiнше бұрмалап, жөнсiз жармаса берудiң де қажетi жоқ . Ең бастысы– ол қазақ.

Сол сияқты ұлы би Едiге батырды да маңғыт, маңғытай деу артықшылық. Шоқан Уәлихантегiнiң "маңғыт ордасының негiзiн салушы Едiгенiң моласы"деуi де оның тегi маңғыт болғандықтан емес, сол елдi көтерушi, билеушiсi Едiге болғандықтан айтылған сөз екенiн зерделi азаматтың түсiнерi анық.

Қаламгер "Едiгедей ерiң бар, ей оңтүстiк" демей "ей, қазақ" десе қандай қуанар едiк. Әттең, бiр кем дүние-ай.

Кәмел қажы Жүнiстегi, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткерi

Серіктес жаңалықтары