Астаналық Меруерт Халелова Қарқаралыда ұйымдастырылған марафонда 1 жасар ұлы Әлижанмен бірге 12 шақырымдық күрделі тау бағытын бағындырды. Жарыс биіктігі әртүрлі және тасты, кедір-бұдыр соқпақтардан тұратын қиын маршрутпен өтті, деп хабарлады turkystan.kz тілшісі.
Меруерт бұл қашықтықты арқасында сәбиімен жүріп өтіп, жоғары физикалық дайындық пен жан-жақты жауапкершілігін көрсетті. Себебі баламен жарысқа қатысу – тек мықты дене шынықтыру ғана емес, мұқият дайындық пен толық зейінді талап ететін ерекше сынақ. Сәбиді Меруерт жарыс бойы арнайы туристік рюкзакта арқалап өтті.
Бұл оқиға Guinness World Records, ITRA және Қазақстанның спорт ұйымдарына бейресми рекорд ретінде ұсынылуы мүмкін.
«Мен ана болуды шектеу емес, күш пен шабыттың көзі ретінде көрсеткім келді. Біз бұл жолды ұлыммен бірге еңсердік. Әлижан бір жаста. Ол жарыс бойы арқамдағы арнайы тасымалдағышта отырды. Кейде ұйықтап, кейде кішкентай саусақтарымен маған жармасып отырды. Бұл біз үшін жай ғана спорттық қашықтық емес — бұл махаббат пен мейірім, аналық пен баланың арасындағы тығыз байланыс туралы оқиға болды. Бірақ біз бұл сапарда жалғыз болған жоқпыз — жолай кездескен әрбір қатысушы бізге жымиып, шын көңілмен қолдау білдірді», — деп жазды Меруерт өзінің Instagram парақшасында.