ТIЛ: БIЗ ҚАУIП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ

ТIЛ: БIЗ ҚАУIП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ

ТIЛ: БIЗ ҚАУIП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ
ашық дереккөзі
165

Қазақ тiлi өз тұғырына қашан қонады? Бұл сұрақты қаузап келе жатқанымызға бiрнеше жылдың жүзi болыпты. Осы уақыт iшiнде мемлекеттiк тiлдiң дамуын көксеген бiрнеше бағдарлама қабылданды да. Жақында Мәдениет министрi Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасын таныстырды. Жаңа бағдарлама көпшiлiкке жол тартқалы берi сыни пiкiрлер мен ұсыныстар да толастамай отыр. Бiз қазақ тiлi мәселесiн шешуге арналған бағдарлама жөнiнде бiрқатар ұлт зиялыларының пiкiрiн бiлу мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырған едiк.

Динара Мыңжасарқызы: – Қазақ үкiметi Тiлдердi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасын еңсерiп тастап, жаңа жобаны талқыға салуға кiрiстi. Кезектi Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасы ұсынылып отыр. Осыған қалай қарайсыздар?

Дидахмет Әшiмханұлы: – Осы бағдарлама жобасы жарияланып, тағы он жылға созылды дегенде, академик Қ.Сәтбаевтың басынан өткен бiр оқиға есiме түсiп отыр. Қанекең Совет үкiметiнiң алғашқы жылдарында, Керекудiң бiр ауданында халық соты боп жұмыс iстеген. Жап-жас кезi. Бiр сот процесiнде ол жасы 60-тан асқан адамға 15 жыл берiптi. Сонда ақсақалға соңғы сөзiңiздi айтыңыз десе, "Қарағым, Қаныш, саған рахмет айтайын деп отырмын. Мен 60-тан асқан адаммын. Сен ғұмырымды тағы 15 жылға ұзартып бердiң ғой" дептi. Сонда Қанекең ертеңiнде арыз берiп жұмыстан кетiп қалыпты. Тiл мәселесi – бiзде ең бiрiншi мәселе болып тұр. 1980 жылдан берi осы мәселенiң жанында келемiн. Ол уақытта 30 жаста едiм. Қазiр 60-қа келдiм. 30 жыл бойы тiл майданының жауынгерi боп жүрмiз. Қанекеге "алғыс" айтқан әлгi шал сияқты тiл туралы бағдарлама да менiң шығармашылық қызметiмдi тағы он жылға ұзартып бердi. Бұл бiздi алдарқату ма, қалай? Халықты қорлауға болады, бәрiн iстеуге болады, бiрақ алдауға болмайды. Бiз осыған тап болып отырған жоқпыз ба деген қорқыныш бар.

Ғарифолла Әнес: – Дәке, 30 жыл болды деп, сiз өз өмiрiңiздi айтып отырсыз. Анау Ахаңдардан бастап, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, тағы басқалар да тiл үшiн күресiп келдi. 70 жыл бойы барлық мәселе Мәскеудiң құзырында болды. Тiптi, аудан, совхоздың басшысын сайлау, одан қала бердi бiр кiтап шығару iсi де Мәскеудiң қолында едi. Ал, ендi 1991 жылдан берi өз билiгiмiз өзiмiзде ғой. Содан берi халықтың санасын оятайық, санымызды көбейтейiк деп жүргенде 20 жыл өтiп кетiптi. Қазiр қазақтың саны 63 пайыз болған кезде, Тәуелсiздiгiмiзге 20 жыл толар шақта мынандай бағдарламаны қабылдайын деп отырмыз. Тiл туралы бағдарлама жобасын талқылау кезiнде бағдарлама 3 жыл болсын десе, ендiгi бiрi 5 жылға арналсын деп, 10 жылға созылуына түгел дерлiгi қарсы болды. Бiрақ өкiнiшке қарай, 10 жыл деп жазылды. Қанша талқылау болса да, бұл сол 10 жыл күйiнде бекiтiледi. Бұл шешiлiп қойған мәселе. Орыс тiлiне қамқор болып, орыс тiлiне жағдай жасаудың бiр түрi. Қазақ тiлi дамымай жатқан жоқ. Қазiргi қазақ әдеби тiлi осыдан 20 жыл бұрынғы қазақ әдеби тiлi емес, қазiргi қазақ та осыдан 20 жыл бұрынғы қазақ емес. Яғни, бәрi өзгерiспен, дамумен келе жатыр. Қазiр қазақ тiлi өлiп қалады деген қауiп жоқ. Қазақ тiлi өзiнiң әртүрлi функциясын жоғалтса да, тiл ретiнде ұмыт қалуы мүмкiн емес. Демек, қазақ тiлiнiң бағын байлап тұрған бiр нәрсе – әлемдiк деңгейдегi ағылшын тiлiмен, орыс тiлiмен жарыстырып қою. Өз елiнде төрге шыға алмай отырған тiл туралы қаншама бағдарлама қабылдап, қаншама жиналыс өткiзiп, талқылағаннан не шығады?

Дидахмет Әшiмханұлы: – Бiздiң алдымыздан ылғи толеранттық деген шығады. Бiз қашанғы төзуiмiз мүмкiн. Осы "толеранттық" сөзiнiң қазақшасын аударып көрдiм. Бұл бұрын "Кең болсаң, кем болмайсың" деген ұғымды берсе, қазiр бұл терминдi "Кең болсаң, тең болмайсың" деп аударып алдым. Бiз өз елiмiзде, өз жерiмiзде отырып, әркiмдi мойынға мiнгiзiп қойдық. Бүйте берсек, ертеңгi ұрпақта қандай рух болады?

Ғарифолла Әнес: – Бiз орысты iшке теуiп жатқан жоқпыз. Бiрақ орыс тiлiн дамытатын үлкен империя – Ресей бар емес пе? Кететiн адам бәрiбiр кетедi, қалатын адам бәрiбiр қалады. Соған қарамастан, орыс тiлiн дамытамыз, орыс тiлiне ешқандай шектеу қоймаймыз деп көсiлемiз. Тiлшi-ғалым ретiнде айтатын болсам, егер екi тiл қатар тұрған кезде бiреуiне шектеу қою керек. Екi кеменiң құйрығын бiрге ұстау мүмкiн емес.

Дидахмет Әшiмханұлы: – Осындай әңгiме қай уақытта шығады дейсiз ғой. Бiр-екi орыстiлдi газетте, орыс қоғамдық ұйымдарында тiлге қатысты мәселе көтерiлдi ме, билiк басындағылар бiрден шешiм шығаруға ұмтылады. Бұл не деген жалтақтық?

Ғарифолла Әнес: – Ресейде орыс тiлiн дамыту үшiн миллиардтаған ақша бөлiнiп жатыр. Владимир Путиннiң жұбайы Л.Путинамен Испанияда бiр конференцияда болдық. Олар түрлi қоғам арқылы дүниежүзiнде орыс тiлiн шама-шарқынша дамытып отыр.

Дидахмет Әшiмханұлы: – Оған бiз тек қана қызығамыз. Бұл бiз үшiн үлгi сияқты.

Ғарифолла Әнес: – Орыс тiлi – бiлiмнiң, ғылымның тiлi екенiн, орыс тiлi арқылы дүниеге көзiмiздi ашқанымызды ешкiм жоққа шығармайды. Егер маған қытай тiлi керек пе, үйренiп алам, ағылшын тiлi керек пе, меңгерiп аламын. Бiрақ жұрттың бәрiне, ауылдағы қарапайым халыққа, ең обалы оралмандарға орыс тiлiн неге тықпалаймыз? Шетелде 30-40 жыл өмiрiн өткiзiп келген оралманды 5-10 жылдай орыс тiлiн үйретуге мәжбүрлеудiң қандай қажеттiлiгi бар?

Дидахмет Әшiмханұлы: – Бәзбiреулер: "Тiлдi дамыту ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты" дейдi. Бұған түбегейлi қарсымын. Қазақ тiлi – отбасының тiлi емес. Бар кiлтипан басқада. Жоғарыдан ортақ бiр заң болмай, тегеурiндi күш болмай ештеңе болмайды. "Суға кеткен тал қармайды" деген сол.

Ғарифолла Әнес: – Ата Заңдағы орыс тiлi мен қазақ тiлi тең қолданылады деген баптың жалғасы мына бағдарламаға әсер етiп отыр. Соның негiзiнде орыс тiлiне үлкен қамқорлық жасалуда. Бiз орыс тiлiне деген қамқорлықты, бөлiнген ақшаны қызғанып жатқан жоқпыз. Тағы бiр мәселе – латын әлiпбиiне көшу туралы бiрауыз сөз жоқ. Орыс тiлiнен кiндiгiмiздi үзудiң бiр жолы – әлiпби ауыстыру екенiн неге түсiнбеймiз?

Динара Мыңжасарқызы: – Сонда латын әлiпбиiне көшу қазақ тiлiнiң мәселесiн шешедi деп ойлайсыз ба?

Ғарифолла Әнес: – Әрине, бұл дұрыс болар едi. Бiздiң кириллицаға жабысып қалған немiз бар? Әлiпби – жәй ғана жамылғы, таңба ғой. Бiздi тұқыртқан екiншi бiр мәселе – аралас мектептiң жойылмай жатқандығы. Бағдарламада аралас мектептi жабу керек, барынша қазақ мектебiн көбейту керек деген сөз жоқ. Мысалы, Алматы қаласының өзiнде 1200 бала оқитын мектепте 5000 бала үш ауысыммен оқиды. Ал, жанындағы 1200 бала оқитын не орыс, не аралас мектепте бар-жоғы 800 бала бар.

Динара Мыңжасарқызы: – Иә, дұрыс айтасыз. Бiлiм мен мәдениеттiң орталығы саналатын Алматы қаласында небәрi 46 қазақ мектебi бар екен. Бұл көңiлге қаяу салатын құбылыс емес пе?

Ғарифолла Әнес: – Бұл тенденцияны жоймай ештеңе болмайды. Есесiне, баяғы орыс және аралас мектебi сақталады деген сөз.

Дидахмет Әшiмханұлы: – Барлық нәрсенi қарапайым мысалмен айтқан жақсы. Мектепте оқитын екi немерем судай қазақша сөйлесе, балабақшаға баратын 5 жасар немеремдi бiрауыз қазақша сөйлете алмаймыз. Неге? Өйткенi, бүкiл орта, телеарна, радио орыс тiлiнде. Тiптi, қолындағы ойыншығының өзi орыс не ағылшын тiлiнде сайрайды. Бұл жерде әке-шешенiң кiнәсi жоқ.

Динара Мыңжасарқызы: – Бағдарламада мемлекеттiк тiлде хабар тарататын телеарна, радио ашу керектiгi айтылған. Алайда, бұл қай уақытта ашылады. Қазiргi бiр телеарнаны таза қазақ тiлiнде жасауға болмай ма?

Дидахмет Әшiмханұлы: – Бүкiл ел бiлетiн, жарнамасы бар "Қазақстан" телеарнасының өзiн таза қазақ тiлiндегi арна етуге болады ғой. Ал, бiз 2015 жылдан бастап сандық хабар таратуға көшпекшiмiз. Оны елдiң бәрi көре ме, ауылға жете ме, ол жағы белгiсiз.

Динара Мыңжасарқызы: – Дос мырза, бағдарлама жайында бұған дейiн де сыни пiкiр бiлдiрiп жүрсiз. Айтыңызшы, бұл бағдарламаның қазаққа, қазақ тiлiне пайдасы басым ба?

Дос Көшiм: – Менiң алдымда сөз алған екi азамат та әңгiмесiн пессимистiк көзқарастарымен бастады ғой. Шынында да, мынандай бағдарламадан кейiн қазақ тiлiнiң, қазақ халқының күнi не болады? Қазақтың саны 65 пайыздан асқан уақытта қазақ тiлiнiң толықтай жүзеге асатынына кәмiл сенемiн. Бiрақ, мынандай бағдарламамен емес. Бiз жылап-сықтай бермеуiмiз керек. Бұл бағдарлама бiзге қарсы топтардың, қазақ тiлi көгермесiн деген бағыттардың соңғы тұяқ серпуi сияқты. Бұл көзi ашық азаматтарды ашындыра түседi. Себебi, бiз осы арқылы азаматтық көзқарасымызды бiлдiремiз.

Динара Мыңжасарқызы: – Сiздер бағдарлама жасауға қатысқан жоқсыздар ма? Жалпы, бұл бағдарламаны кiм жасаған?

Дос Көшiм: – Бес-алты министрлiктiң аты аталған. Бағдарламаны оқып отырсаңыз, мұны жасаған адамның бiрiншiден, қазақ тiлiн жақсы меңгермегендiгiн байқайсыз. Тiптi, қазақ тiлiнiң қазiргi жағдайын да жақсы бiлмейдi. Бiр-екi мысал келтiрсем, "Мемлекеттiк тiлде сөйлеушi адамның сәндiк (беделдi) бейнесiн қалыптастыру", "Мемлекеттiк тiлдi көпшiлiкке тарату және насихаттау жөнiнде креативтi шешiмдер орталығын құру", "Мемлекеттiк тiлдi отбасында қарым-қатынас тiлi ретiнде көпшiлiкке тарату жөнiнде кең ауқымды науқандар ұйымдастыру" деп кете бередi. Сөздердiң байланысы да, грамматикалық, стилистикалық жағы да ақсап жатыр. Мысалы, өз басым басқа министрлiктерден осындай құжат шығып жатса, көңiл бөлмес те едiм. Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарып отырған комиссиядан мұндай жоба күткен жоқпын. Екiншiден, комиссия құрылады дегенде өз пiкiрiмiздi айтып, талқылауға қатысатын шығармыз деп қуанып қалдық. Бiрақ олай болмады. Ендi қазақ тiлi мемлекеттiк статус алған – 22 қыркүйекте қабылданып кете ме деген қорқыныш бар.

Динара Мыңжасарқызы: – Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов қазан айына дейiн қалай да қабылдау керек дедi ғой.

Дос Көшiм: – Премьер-министр жоспарлы түрде өз жұмысын ойлап жатқан болар. Өте нәзiк, өте күрделi, ұлттың намысына тиетiн мәселенi мына түрiнде қабылдау ұят. Осы жерде мынаны айтқым келедi. 1920 жылы азаматтық соғыстан кейiн ашаршылық болып жатқан уақытта азаматтар жиналыс жасапты. Сонда екi мәселенi күн тәртiбiне қойыпты. Бiрiншiсi – ашаршылықтың алдын алуға байланысты комитеттер құру, екiншiсi – кеңселерге қазақ тiлiн енгiзу. Көрдiңiз бе, адамдар қырылып жатқан кезде де қазақ тiлi туралы мәселе көтерiлген.

Бағдарлама жобасы мүлдем шикi, ең негiзгiсi бүгiнгi айтылып отырған тiл мәселесiнiң талаптарынан алшақтап жатыр. Iс-қағаздары 100 пайыз қазақ тiлiнде болады десе де, қазақ тiлi пайдаланылмайды. Қазақша бiлсек те, бiзге мекемелер орысша қағаз бередi, бiз солай толтырамыз. Сондықтан әңгiме қазақ тiлiн бiлуде емес, қазақ тiлiнiң қажеттiлiгiн жасауда. Бүкiл қоғамдық салада қажеттi болатындай жағдай жасау керек. Осы жайттарды бағдарламадан таппадым. Сосын заңдық негiздегi үш мәселенi күтiп едiм. Бiрiншiсi – Ата Заңдағы 7-баптағы қазақ тiлi мен орыс тiлiнiң бiрiктiру мәселесiн ашып, тек қана мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн қалдыру. Бiз бүгiнге дейiн Ата заңның 30 пайызын өзгерттiк. Керек болса, тағы да өзгерiс енгiзу керек. Екiншi мәселе – "Мемлекеттiк тiл туралы", үшiншiсi – "Ономастика туралы" Заң қабылдау керек. Бұрынғы қостiлдiлiктiң заңы, яғни, "Тiлдер туралы" Заңның бiз пайдаланып жүрген 10, 21-баптары бар. Бiрде бiрiнде жауаптылық жоқ. Прокуратура айналыспайды. Бiз бiрдеңе десек, олар "Тiл басқармасы жауап бередi" дейдi. Адам өлтiрсе, соттайтыны сияқты, қазақ тiлiнен қате жiбергенi үшiн де жауапқа тарту керек. Өйткенi, Заң бәрiне бiрдей. Тағы бiр үлкен қателiк – бұл 2005-2010 жылдары қабылданған бағдарламаның заңды жалғасы болуы тиiс. Жобаның кемшiлiгiн ашып айтпай, талдау жасамай қабылдасақ, соның кебiн киедi. Себебi, 10 жылдан кейiн тағы бiр заң қабылданады. Бұл мемлекет үшiн үлкен қателiк. Қысқасы, бағдарламаны жасаған азаматтар орыс тiлiнiң жағдайын сақтауды ойлаған сияқты. "Өгiз де өлмесiн, арба да сынбасын" дейтiн жағдаймен қазақ халқы келiспейдi. Ертең қазақ 70, 80, 90 пайызға жетедi. Сан сапаға айналады. Айтпақшы, "Мемлекеттiк тiлде көпшiлiкке тарайтын мерзiмдi басылымдарды, жылтыр қағазды журналдарды қамтамасыз ету" деген не сөз? Бұл не баланың ойыны ма? Тура балабақшаның келесi жылға қалып отырған мiндеттемесi сияқты. Бiрiншiден, қажеттiлiгi жоқ нәрселердiң бәрiн алып тастау керек. Екiншi, заңдық түрде ескеретiн мәселе болуы керек едi. Бiрiншi бағытқа: "Қазақстандықтардың орыс тiлiн меңгеру деңгейiн сақтау" деп жазылған. Қолданыстан табиғи түрде шығып бара жатқан тiлдi сақтау мiндетiн қойып отыр.

Динара Мыңжасарқызы: – Ал, республика халқының орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындарының үлесiн 90 пайыздық деңгейге жеткiзу керек дегендi қалай түсiнуге болады?

Дос Көшiм: – Иә, бұл да ақылға сыйымсыз. Ертең оны қалай тексеретiнiн де ешкiм бiлмейдi. Бұл мүмкiн емес. Мұндай көрсеткiш тек санақ кезiнде ғана тексерiледi. Ал бiздiң санақтың нәтижесi, 1 жарым жыл болды, әлi шыққан жоқ. Тiптi, қазақ тiлiнде қанша адам сөйлейтiнiн ешкiм бiлмейдi. Сосын "Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгiнде орыс тiлiнiң болуын қамтамасыз ету" дейдi. Бұл қазақтың осы күнге дейiнгi жанайқайына қарсы шығу. Тағы бiр жерiнде: "Ұлттық мектептерде орыс тiлiнде оқытудың инновациялық әдiстерiн енгiзу арқылы орыс тiлiн оқытудың сапасын жақсарту" делiнген.

Бақытжан Хасанұлы: – Бұл дұрыс емес. Неге мемлекеттiк тiлдi 90 немесе 100 пайыз бiлу керектiгiн айтпайды? Өйткенi, орыс тiлi үлкен мәжiлiстiң, жиналыстың тiлi болып тұр.

Динара Мыңжасарқызы: – Тiптi, бағдарламада оралмандардың да орыс тiлiн бiлуi ұмыт қалмаған. Олар Отанына қазақтығын сақтап қалу үшiн келген жоқ па?

Дос Көшiм: – Оралмандар, шетелдiктер, халықтың басқа жiктерi үшiн орыс тiлiн оқыту курстарын және орталықтарын құру дейдi. Оралмандар осында орыс тiлiн оқиық деп келген жоқ. Керiсiнше, бала-шағамыз өз туған тiлiнде сөйлесiн, бiлсiн деп келдi.

Динара Мыңжасрақызы: – Қазақ тiлiнiң қолдану аясын кеңейтейiк, ана тiлiнде сөйлейiк десек те, бағдарламаның iшiнде орыс тiлiнiң функциясын сақтау керектiгiнен көз сүрiнедi…

Дос Көшiм: – "Қазақтарды қалай көтеруге болады?" деген мақалам бар едi. Бiздiң мемлекет қазақтарды көтерудiң тамаша жолдарын ойлап тауып жатыр. Бiреуi – доктрина едi. Әйтеуiр оның бiраз жерiн дұрыстадық. Мынау да соның жалғасы. Бәрi жып-жылтыр. Ұстайтын ештеңе жоқ. Сондықтан менiңше асықпау керек. Министрдiң өзi айтқандай, мiндеттi түрде талқылауға салу керек. Комиссияның құрамына тiл жанашырларын қатыстырып, жеке-жеке талқылау қажет. Бiздiң билiк әлi күнге орыстiлдi азаматтардан секем алатын сияқты. Негiзiнде бұл Қазақстан мемлекетi екенiне, қазақ тiлiн бiлу мiндеттi екенiне олардың көздерi жетiп отыр. Сондықтан "Ел бiрлiгi" доктринасын жазған уақытта бiз шулап жүрiп, алғаш рет қазақ тiлiн бiлу мiндеттi деген сөздi қостық. Доктрина – негiзгi бағытты анықтайтын құжат.

Динара Мыңжасарқызы: – Бұл мiндеттiлiктi қай құжаттан да қалдырмау керек дейсiз ғой…

Дос Көшiм: – Мiндеттi түрде. Ең қызығы, мұны халық түсiнiп отыр. Қарсылық танытатындар көп болса 5 пайыздай ғана. Кейбiр басқа орыстiлдi азаматтар "Бiз неге ренжимiз? Францияға барсақ та, француз тiлiн үйренуiмiз керек. Қазақстанда неге қазақ тiлiн меңгермеймiз?" деп өздерi айтып, жазып жатқан уақытта орыс тiлiн меңгерудiң деңгейiн сақтау керек деп жауап беремiз. Менiңше, бұл бағдарламаны қайта жасау керек. Бiз оған атсалысуға дайынбыз. Бүкiл облыс халқы, аудан халқы қарап шығып, пiкiрлерiн айту керек.

Динара Мыңжасарқызы: – Қазiр бұл жоба елiмiздiң бiрқатар облыс, қалаларында талқыланып жатыр. Былай қарағанда, мұны белгiлi бiр топ қана талқылап, қолдау бiлдiрiп жатқан сияқты. Сiздiңше қалай?

Дос Көшiм: – Менiңше, облыста, аудан, қалада бағдарламаны қабылдауға қатысқан азаматтардың аты-жөнi баспасөзге жариялану керек. Ертең комиссияға кiретiн 60 адамның әрқайсысы қол қойып, қолдағаны немесе қарсылық танытқаны үшiн халықтың алдында айтылуы керек. Олар ар-намысын елдiң алдында қалай сақтап қалу керектiгiн ойлау керек. Әркiм өз пiкiрiн айтуы қажет.

Динара Мыңжасарқызы: – Жалпы, бұл бағдарламаны қабылдауға қажеттiлiк бар ма?

Дос Көшiм: – Бұған үкiметтiк бағдарлама ретiнде Елбасы қол қояды. Екiншiден, бұрынғы он жылдық бағдарлама бiткен уақытта алдағы уақытта не iстеймiз деген мәселе туындайды. Негiзi бағдарлама керек. Бiз сол арқылы жұмыс iстеуiмiз қажет.

Динара Мыңжасарқызы: – Ал, талайдан айтылып жүрген "Мемлекеттiк тiл туралы" Заңның қабылданбай жатқанына не кедергi болып тұр?

Дос Көшiм: – Бұл жерде орыстың да, диаспораның да ешқандай кiнәсi жоқ. Бұл жерде мемлекеттiк шенеунiктер өздерiнiң мүддесiн қорғап отыр. Олардың қызметте жүрген туған-туысы, бала-шағасының көбi қазақ тiлiн бiлмейдi. Қазақ тiлi орыс тiлiнiң деңгейiне жеткен кезде тынысы тарылады. Ертең барлық салаға қазақ тiлi енсе, олар далада қалады. Сондықтан бұл мүдделердiң арасындағы жарыс сияқты.

Ғарифолла Әнес: – Өз басым "Мемлекеттiк тiл туралы" бөлек Заңның қабылдануына қарсымын. "Мемлекеттiк тiл туралы" Заңды қабылдау деген сөз, отау iшiнен отау тiгу деген сөз. "Тiлдер туралы" Заң бар. Ендi оның iшiнен жұлып алып, "Мемлекеттiк тiл" туралы заң қабылдасақ, бiр күнi "Ресми тiл туралы", одан соң "Аймақтық тiл туралы" деп қабылдауымыз да мүмкiн. Оның не қажетi бар? Бар болғаны "Тiлдер туралы" Заңымызды жөндеу керек. Ол "Тiлдер туралы" емес, "Қазақ тiлi туралы" немесе "Мемлекеттiк тiл туралы" Заң болуы тиiс. Ресей өз тiлiн өздерi дамытады. Сондықтан бағдарлама осы жағынан ақсап жатыр. Бұл осылай қабылданады, бiрақ бұдан ештеңе өзгермейдi. Ата Заңды өзгертпей және "Қазақ тiлi туралы" заң қабылдамай ештеңе шықпайды. Ол үшiн "Тiлдер туралы" Заңды жаңадан қабылдау керек.

Динара Мыңжасарқызы: – Қазiр iс-қағаздарының қазақ тiлiнде жүргiзiлу деңгейi 67 пайыз болды деп қуанып жатырмыз. Бiрақ әлi күнге бiзге әртүрлi министрлiктен келетiн хаттар мен құжаттардың көпшiлiгi орыс тiлiнде. Келешекте 100 пайызға жеткiземiз деп құлшынып жатырмыз. Мына түрiмiзбен қалай болар екен?

Дос Көшiм: – Талап заңнан туады. Заң арқылы талап кiредi. Ол талапты ескермеген, не болмаса жүзеге асырмаған адам жазаға тартылуы тиiс. Бұл – дүниежүзiндегi мемлекеттiк әкiмшiлiктiң жұмыс iстеу тәсiлi. Бiзде бұл жоқ. Мысалы, Францияда көшеге француз тiлiн қорлап, қате жазып қойсаңыз, жеке адам 5 мың еуро төлесе, заңды тұлға 4 мың еуро төлейдi. Және заңында "Француз тiлiнiң мәртебесi", "Француз тiлi" Заңы деп жазылады. Ал, бiз қазақ тiлi деп жазудан қорқамыз да, "Тiлдер туралы" не "Мемлекеттiк тiл" деймiз. Егер жауапсыздықтың салдарынан министрлiкте отырған адам орысшаны факспен жiберген уақытта ертең өзiнiң бiр жылға түрмеде отыратынын ойласа, өлсе де салмайды. Ол алады да бiреуге аудартып, қазақшасын жiбередi. Ал, 98 пайыз қазақ қоныс тепкен Қызылорда немесе Шымкенттегi хатты қабылдаған қазақ: "Мынау неге мемлекеттiк тiлде жазылмаған?" деп жiберген адамды сотқа бере алмайды. Өйткенi, заң жоқ.

Динара Мыңжасарқызы: – Бүгiнде Украина мемлекетi “Сот құрылымы туралы" жаңа заңына байланысты, сот отырысының орыс тiлiнде өткiзiлуiне тыйым салып жатса, Эстония үкiметi “Тiл туралы" Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп, мемлекеттiк шенеунiктердiң қоғам өкiлдерiмен эстон тiлiнде сөйлеуiн мiндеттедi. Олар қоғам өкiлдерiмен эстонша сөйлеспесе қызметтен босатылады немесе үлкен айыппұл төлейдi екен.

Дос Көшiм: – Бiзде ең болмаса, өзiмiз шығарған заңымыздың әрбiр бабын жүзеге асыратындай талап болу керек. Сократ: "Өзiнiң шығарған заңын өзi ұстанбаса, ол мемлекеттiң болашағы жоқ" деген. Алысқа бармай-ақ, үкiмет, министрлiкте таратылатын қағаздардың өзi қазақ тiлiнде емес. Себебi, талап жоқ.

Динара Мыңжасарқызы: – Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов ең ұзақ отырған премьер екен. Алайда, оның қазақ тiлiнде сөйлеуi мәз емес. 3 жарым жылдың iшiнде қазақ тiлiн толық меңгерiп алуына болмас па едi…

Дос Көшiм: – Ең қызығы, бiздiң Ата Заң бойынша Премьер-министрдiң қазақ тiлiн бiлу мiндеттiлiгi жоқ. Бiзде тек қана Президент қана бiлу керек делiнген. Қазақстанның азаматтары мемлекеттiк тiлдi бiлуi парыз және мiндет дегендi доктринаға қосқанда, Президент қол қойды. Өйткенi, түсiнiп отыр. Мына құжатта сол мiндеттiлiктiң механизмi мүлдем жоқ. Оның орнына орыс тiлiн сақтап қалу керек деймiз. Әрине, қазақ тiлi орыс тiлiмен қатар тұрған кезде өспейдi. Бұл қазақ тiлiнiң кедейлiгiнен, нашарлығынан емес. Екi тiлдi жарыстыруға болмайды. Кезiнде 1930-40 жылдардан бастап тiлдiк саясат бойынша бүкiл тiлдердi құртып, орыс тiлiнiң сақталып қалуы негiзiнде үлкен саясат жүргiзiлдi. Ол тiлдiк жоспар деп аталды. 70 жыл осы бұғауда жүрсек те, одан шығудың тәсiлiн таппай келемiз.

Динара Мыңжасарқызы: – Бiздегi билiктегiлер тiл туралы мәселенiң өзiн орыс тiлiнде айтады. Бұл өздерiне бiлiнбесе де, жүрегi "қазақ" деп соғатындардың ашу-ызасын тудырмай қоймайды.

Дос Көшiм: – Премьер-министр жоғары шенеунiк. Олар өздерiн ұлттың не мемлекеттiң көсемi ретiнде санамайды. Олар – орындаушы, атқарушы топ, мемлекеттi басқарудың тетiгiн бiлетiн маман. Ал, әл-Фарабидiң "Iзгi қаланың тұрғындары" атты еңбегiнде: "Жақсы мемлекетте ұлты үшiн жанын беретiн азаматтар болады" дейдi. Оған бiлiктi басқарушы, тұлға Махатхир Мохамад сияқты адамдарды жатқызамыз. Әр азамат ұлттың алдындағы жауапкершiлiгiн түсiну керек. Бiз солай тәрбиеленуiмiз керек. Саясатта да қулық басым. Бағдарламаның iшiне төрт-бес мәселенi әдейi салады да, халық соған шүйлiгiп алады. Кейiн сол мәселелер алынып тасталып, негiзгi кемшiн тұстары сол күйi қалады. Осыған абай болу қажет.

Динара Мыңжасарқызы: – Қалай болғанда да, бұл бағдарлама келесi жылдан бастап күшiне мiнетiнi белгiлi. Ал, бұған дейiнгi бағдарламадан қандай да бiр нәтиже болды деп санайсыздар ма?

Дос Көшiм: – Өкiнiшке қарай, жоқ. Қазақ тiлiне облыс, қала, аудандар көшiп үлгерген жоқ. Ең бiрiншi Қызылордадан бастап мемлекеттiк тiлге көштiк дедi ғой. Қазақ тiлiне өттiк деп әр облыс рапорт бергенмен, iс жүзiнде жүзеге асқан жоқ. Сенбесеңiз, сол қаланың әуежайына барыңызшы. Әйтпесе, сол мекемеге келiп жатқан қағаздарды, сатылып жатқан билеттi қараңызшы. Әлi күнге орыс тiлiнде. Менiңше, тiл туралы бағдарламаның орындалуы жөнiнде мониторинг жасауды қоғамдық ұйымдарға табыстау керек. Бiзге Алматы қаласының 1,2-шi вокзалын тексерiңiздер десе, жазуларына дейiн түгел тексеретiн едiк. Бiрақ бiзге мұндай мүмкiндiк бермей жатыр.

Динара Мыңжасарқызы: – Бақытжан мырза, лингвист-ғалым ретiнде айтыңызшы, бағдарламаны жасақтауда не ескерiлмей қалған?

Бақытжан Хасанұлы: – Бағдарлама, болжам, реттеу дейтiн белгiлi терминдер. Ал тiлдi дамытудың ережесi әлеуметтiк-лингвистикалық тұрғыдан жасалады. Осы тұрғыдан келгенде бағдарлама деген ТМД елдерiнде ғана бар. Әлемдiк социо-лингвистикада реттеу, болжам ғана бар. Болжамның негiзi ғылыми түпнұсқада жатыр. Ол үшiн әлеуметтiк топтар арасында сауалнама жүргiзу керек. Сонда ғана бағдарлама дұрыс құрылады. Мұны бағдарлама деп атауға болмайтын себебi, Ата Заңда орыс тiлi қазақ тiлiмен қатар тең қолданылады делiнген. Олай болса, бұл жерде бағдарлама болу керек пе, әлде болжам ба, бәлкiм реттеу болу керек шығар. Тек қана реттеу. Сол реттеу жүргiзiлдi ме? Сауалнама өткiзiлдi ме? Жоқ. Бұл – бiр. Екiншi, бұрынғы бағдарлама қаншалықты орындалды, қандай дәрежеге жеттi, жете алмаса неге жете алмай жүр дегендi айту керек едi. Мысалы, зерттеу не үшiн жүргiзiледi?

Динара Мыңжасарқызы: – Сiздер қоғамның кез келген саласында зерттеу жүргiзесiздер ме?

Бақытжан Хасанұлы: – Бiзде қазiр көркем әдебиет саласында мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы құлдырап кеттi. Мысалы, Ғабеңнiң, Мұхаңның кiтаптарының тиражы 20 мыңнан асып жатты. Қазiр көп болса, 500, 200 дана. Бұл тiптi кiтапханаға да жетпейдi. Бұл мемлекеттiк тiлдiң аяғын тұсап, алға бастырмау. Тiл туралы бағдарламада мұны да ескеру керек едi. Дiн саласы қай тiлде насихатталуы керек? Ешқандай зерттеу жоқ. Тiл бағдарламасын талқыға салуға министрлер кабинетiнiң төрағасы, Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед келдi. Ал олар бұрынғы бағдарлама туралы неге қорытынды жасамайды? Басқа да министрлiкте қазақ тiлiнiң деңгейi қалай, бұл да зерттелуi керек. Яғни, халықтың, әлеуметтiк топтың пiкiрi жоқ. Әрбiр сала қызметкерлерiнiң мемлекеттiк тiлге деген психо-лингвистикалық бағдары қандай?

Динара Мыңжасарқызы: – Бiздiң ақпараттық кеңiстiгiмiздiң 60-70 пайызын орыстiлдi басылымдар құрайды. Орыстiлдi БАҚ қазақ тiлiнiң мәселесiн неге көтермейдi?

Ғарифолла Әнес: – Қазақстандағы орыстiлдi баспасөз жалпы тiлдi ғана емес, бүкiл қазақтың мәселесiн көтермейдi. Оларға тiлiң де, тарихың да керек емес. Себебi, орыстiлдi баспасөздiң кеңiстiгi бөлек. Олар Қазақстандағы Ресейдiң филиалы сияқты. Бұрын "Известия", "Аргументы и факты", "Комсомольская правда" сияқты газеттер қосымша түрде шығатын. Қазiр таңқаласыз. Ол орыстың материалы ма, қазақтың материалы ма, белгiсiз. Қазiр "Известия" орыстың емес, Қазақстанның газетi болып кеттi. Оның бiзге не қажетi бар? Ол бөлек қосымша болып тұру керек қой. Осының бәрi өзiмiзге керiсiнше тиiп отыр. Орыстiлдi қазақтарға, орыстiлдiлерге қазақ тiлiнiң түкке керегi жоқ. Тiптi, олар Қазақстанда 15-20 шақты қазақтiлдi газет бар екенiн де бiлмейдi.

Динара Мыңжасарқызы: – Сонымен, даулы тақырыпқа айналған тiл туралы бағдарлама жөнiнде нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

Ғарифолла Әнес: – Әрбiр 1-қыркүйекте реформа жасау керек. Қазақ мемлекетi мектебiнiң сыртына қазақ мектебi, орыс мектебi, ұйғыр мектебi деп жазып қояды. Басқа мемлекеттерде ондай емес. Бiзде қазақ мектебi, орыс мектебi деген болмау керек. Бәрi жәй ғана қарапайым мектеп болу керек. Және барлық пән қазақ тiлiнде жүргiзiлуi қажет. Ахмет Байтұрсынов "Қазақ" газетiнiң сонау алғашқы санынан бастап қазаққа мектеп керек, мектеп керек деп жылай бастаған.

Менiңше, заң, бағдарлама қабылдаудың керегi жоқ. Тiл үйрету орталығының да қажетi шамалы. Ана сүтiмен келмеген тiлдi үйрену уақытша нәрсе. Ол бiреуге бiр жыл, бiр сағат ғана керек болуы мүмкiн. Қажеттiлiк болмаса, қалып қояды. Келесi жылғы қыркүйектен бастап 1-2 сыныптардың бәрiн түгел ана тiлiнде оқытатын болсақ, соның өзiнде 11 жыл керек екен. Мәселен, Иран халқының 40 пайызы – парсылар болса, әзiрбайжандар – 60 пайыз. Бiрақ басқа ұлттың тiлiнде сөйлеу деген жоқ. Түркияда да қаншама қазақ жүр. Бiр қазақ бiр үйiрме аша алмайды. Өйткенi, бұл мемлекеттiк қауiпсiздiк. Сондықтан да бiздiң балаларымыз мектептен 100 пайыз бiлiм алып шыққанда ғана, қазақ мемлекетi боламыз.

Бақытжан Хасанұлы: – "Мемлекеттiк тiлдi дамыту тетiктерi мен жолдары" атты жоба ұсынып, Мемлекеттiк хатшы Қ.Саудабаевқа, Президент әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаевқа жiбердiм. Еш жауап болмады. 1980 жылдары орыс тiлiнде сөйлейтiн адамның саны 350 млн. болған. Қазiр Ресейде осыған болжам жасалып жатыр. Профессор Хрусловтың: "Позиции русского языка в мировом сообществе языков" деген мақаласының талқылауына қатыстым. Олар 2025 жылы халық саны 152 млн. болады деп болжам жасауда. Және олар орыс тiлiн дамыту үшiн 5 халықаралық қаржы қорын құрды. Сонда "Орыс азаматы тұрғылықты жерiнiң тiлiн бiлуi керек, сонда ғана орыс тiлi дамиды. Бұл түрлерiңмен 152 млн.-ға да жеткiзе алмайсыңдар" дедiм. Орыс қайда жүрсе де, сол елдiң тiлiн құрметтеуi керек дедiм. Яғни, қостiлдiлiктiң арқасында ғана тiл дамыта аламыз. Орыс тiлiне жаным ашығандықтан емес, қазақ тiлiнiң дамуының тағы бiр арнасын айттым. Қостiлдiлiк, үштiлдiлiк әр уақытта прогрессивтi игiлiктi iс. Бiрақ ол ана тiлiнiң негiзiнде жүзеге асуы керек. Орыстар құр ақшамен түк шешпейтiнiн түсiндi.

Динара Мыңжасарқызы: – Сiздiң мұныңызды жұрт қалай бағалар екен?

Бақытжан Хасанұлы: – Қостiлдiлiк те, үштiлдiлiк те қазақ тiлiнiң негiзiнде даму керек. Бағдарламада тура солай айтылған. Бiр адам бiрнеше тiлдi бiлуi керек. Үшеуi үш арнамен кетiп барады. Бiрақ әр тiл өзiнiң қажеттiлiгiне қарай дамиды. Басқа тiлдi бiлуiң қазақ тiлiне зиян келтiрмейтiндей болу керек. Көп ұлт үшiн екiншi тiл – қазақ тiлi.

Дөңгелек үстелдi жүргiзген Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары