Жетісу облысында жүкті әйел көз жұмды

/
Жетісу облысында жүкті әйел көз жұмды
Фото: freepik.com

Жетісу облысында жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу жүргізілуде. Марқұмның туыстары медициналық құжаттардағы қайшылықтарды алға тартып, көрсетілген медициналық көмектің дұрыстығына күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Анастасия Жуктың айтуынша, оның туған әпкесі Виктория Наумова 2025 жылғы 15 желтоқсанда дәрігердің жоспарлы қабылдауында болған. УДЗ барысында елеулі патологиялар анықталмаған, тек қағанақ суының аздығы тіркелген.

Келесі күні жүкті әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Кешке оны Қарабұлақ аудандық ауруханасына жеткізіп, 17 желтоқсанда облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырған.

Туыстарының айтуынша, ауруханаға жатқызылған сәтте әйел есін біліп, сөйлеп, өздігінен қозғала алған. Перинаталдық орталыққа жеткізілгеннен кейін де ол күйеуімен телефон арқылы сөйлескен.

Ол толық есін біліп тұрды, өзі жүріп, сөйлеп жүрді. Облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырылғаннан кейін де күйеуімен телефон арқылы байланысқа шықты, — дейді марқұмның әпкесі Анастасия Жук.

Отбасының айтуынша, әйелінің жағдайын білу және қажетті заттарын жеткізу үшін күйеуі перинаталдық орталыққа барған. Алайда оған науқастың жағдайы өте ауыр екені, ағзалары істен шыға бастағаны айтылған.

Туыстар 23 желтоқсанда алған өлімнен кейінгі эпикризге сәйкес, 17 желтоқсан күні сағат 8:40-та медициналық препараттың екінші дозасы енгізілгеннен кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Сепсис пен септикалық шок дамып, содан кейін ұрық жедел түрде алынған, — деді Анастасия Жук.

Алайда 2026 жылғы 9 қаңтарда алынған өлімнен кейінгі эпикриздің басқа бір нұсқасында аталған препараттың енгізілгені туралы мүлде мәлімет жоқ.

Құрсағында болған сәбидің тағдыры да сұрақ тудырып отыр. Туыстарының айтуынша, Талдықорғандағы мәйітханаларға биоматериалдың түскені тіркелмеген. Ал медицина қызметкерлерінің сөзінше, биоматериал жойылған. Бірақ бұл жөнінде ешқандай құжат немесе ресми растау жоқ.

Виктория Наумова 2025 жылғы 20 желтоқсанда көз жұмған. Оның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген.

Полиция өкілдері марқұмның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, — деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.

Марқұмның туыстары объективті тергеу жүргізілуін талап етпек. Олардың пікірінше, бұл істе дәрігерлердің салғырттығы мен құжаттарды қолдан жасау белгілері бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары