МАНХЭТТЕНДЕГI МЕШIТ НЕМЕСЕ БАРАК ХУСЕЙН ОБАМА НЕГЕ КҮМIЛЖIДI?

МАНХЭТТЕНДЕГI МЕШIТ НЕМЕСЕ БАРАК ХУСЕЙН ОБАМА НЕГЕ КҮМIЛЖIДI?

МАНХЭТТЕНДЕГI МЕШIТ НЕМЕСЕ БАРАК ХУСЕЙН ОБАМА НЕГЕ КҮМIЛЖIДI?
ашық дереккөзі
226

Америкадағы қираған егiз мұнаралардың жанынан мешiт салу тақырыбы айналасындағы дау АҚШ-тың өмiр сүру-сүрмеу мәселесi секiлдi ұлттық мәселеге айналды. 11-қыркүйек жақындаған сайын, осыдан 9 жыл бұрын болған оқиғаның рухани зардабын әлi тартып келе жатқандай.

Жақында ғана Нью-Йорк қаласында Бүкiләлемдiк сауда орталығының үйiндiсiне жақын жерде мешiт салу идеясына үзiлдi-кесiлдi қарсылық бiлдiрген топ шеру өткiздi. Оларға қарсы тағы бiр топ ұрандатып көшеге шыққан. Алғашқы топ: "Мешiт салуға рұқсат жоқ!" десе, екiншiсi: "Нәсiлдiк қорқыныштарға жол жоқ!" деген сөздер жазылған қағаздарды жалаулатты.

Бұл оқиғаның барысына қатысты барша әлемдiк ақпарат құралдары үн қосып жатыр. Тiптi, мұны Америка мен Исламның ара-қатынасының шиеленiсуi деп қабылдағандар да бар. Әйгiлi "Time" журналы "Америка исламофобияға шалдықты ма?" деген сұрақты iрi қарiппен жазып, мұқабасына шығарды.

Шындығында, осы оқиға төңiрегiнде туындайтын сауалдар көп-ақ.

Дiни наным-сенiм бостандығын бүкiл әлемге таратуды көздейтiн Америка Исламға неге үрке қарайды?

Манхэттенде мешiттiң салынуына наразылық бiлдiргендер "Меккеде синагога салуға рұқсат берсеңдер ғана, Терактi жасаған жерге мешiт салуларыңа болады" деп те ұрандатқан.

Ауызға әуелi Шiркеу, Храм емес, неге Синагога iлiктi?

Жалпы, құрылысы Нью-Йорктың ауқаттылары тұратын Манхэттенде салынады деп жоспарланған нысан – мешiт емес, Ислам мәдени орталығы. Жоба құны 100 млн. доллар. Бұл – бассейн, фитнес-орталық, театр, мейрамхана және намазханалармен жабдықталған 13 қабатты ғимарат болмақ.

Жоба авторлары Батыс пен мұсылман әлемi арасында диалог орнатуды көздейтiнiн мәлiмдеген.

Бiр жыл бұрын Нью-Йорк қаласында осындай орталық салынатыны хабарланғанда, оған мән бере қойған ешкiм болмады. Осы орталықта орналасатын мешiттiң имамы болып Фейсал Абдул Рауф тағайындалғанда да, оның кандидатурасына ешкiм қарсылық бiлдiрген жоқ.

Ал, ендi осы мәдени орталықтың құрылысына қарсы қоғамдық пiкiр туындап, шеру ұйымдастырылуын немен түсiндiруге болады?

Бiз ғана емес, Еуропаның белдi басылымдары да осы сұраққа жауап iздептi.

Немiстiң "Der Spiegel" журналында тамыз айының соңында жаряланған "Паранойяға салқынқандылықты қарсы қою" атты мақаланың авторы Марк Гуйер мешiт құрылысына қатысты наразылықты аяқ астынан өршу себебiн Конгреске аралық сайлаудың басталуына екi-ақ ай қалғанымен түсiндiредi. "51 парк" жобасы консерваторлар мен республикандықтар арасындағы тайталастың нысанына айналды" дейдi ол.

АҚШ-та халық санағы кезiнде дiни наным-сенiмi туралы сұрақ қойылмайды, сондықтан да қазiргi таңда бұл елде қанша мұсылман бар екенiн нақты айту мүмкiн емес. Дегенмен, кейбiр дереккөздерiне қарағанда, қазiр Америкада 6-7 миллион мұсылман тұрады. Олардың 34 пайызы Пәкiстан мен Оңтүстiк Азиядан шыққан, 26 пайызы – арабтар, 25 пайызы – осы елде туып-өскендер, олардың басым көпшiлiгi – афроамерикандықтар екен.

Осылайша, Америкадағы ислам – кешегi құлдықта болған, нәсiлшiлдiк кемсiтушiлдiктi бастан өткерген немесе оны ата-баба дiнi деп қастерлейтiндердiң дiнi болып келген. Бiрақ соңғы жылдары Американың ақ нәсiлдi жергiлiктi тұрғындарының арасында да ислам дiнiне мойынсұнушылар қатары артып келедi.

Америкада ислам дiнiнiң кең таралуына қобалжушылар қатарының артуын кейбiр сарапшылар осы фактормен байланыстырады. "Әл-Арабиа" интернет-басылымында жарияланған "АҚШ-тағы ақ ислам" атты мақалада осы жағдай баяндалады. "Исламға жаңадан келген ақ американдықтар ислам құндылықтарына да, сондай-ақ батыс өркениетiнiң өз iсiне адалдық, аскетизм, шектен шықпаушылық, азаматтық бостандықтар секiлдi ең жақсы құндылықтарына да мойынсұнады. Олардың өмiр сүру салты арабтар мен азиаттардың тұрмыс салтымен салыстырғанда түбегейлi басқаша: олар кедей емес, өмiрiн жұмысқа арнайды, уақыттың қадiрiн бiледi және ерлер мен әйелдер арасындағы теңдiктiң болуына шын иланады.

Сондықтан да христиандық капиталистiк жүйеге ең үлкен қауiп, мiне, солардан. Олар бұл жүйенiң бар кемшiлiгiн көзге шұқып көрсете отырып, өмiр сүрудiң басқаша моделiн ұсынады. Оған қоса, эмигранттарға қарағанда, олар өз ұстанымын жария түрде айта алады".

Осы мақаланың авторы Салих Сулейман "Американдық билiк пен шiркеу басшылары басқа эмигрант-мұсылмандарды дiнi үшiн қудалап, елден шығарып жiбере алатын болса да, ақ нәсiлдi мұсылмандарға ондай шара қолдана алмайды" деген пiкiр айтады. Сондықтан да олар АҚШ-та исламға қарсы ұйымдар құру арқылы ақ нәсiлдi азаматтардың ислам дiнiне көптеп енуiне кедергi жасауға мүдделi.

Америка қоғамын дүрлiктiрген осы наразылыққа қатысты пiкiрiн президент Барак Обама көпке дейiн жария еткен жоқ, ақыры тамыз айының ортасында АҚШ Конституциясына сiлтеме жасай отырып, мұсылмандардың бұл жобаны жүзеге асыруға құқығы бар екенiн мәлiмдедi. Ал келесi күнi Обама бұл сөзiнен айнып шыға келдi: "Мен мешiттi дәл осы жерде салуды ақылды шешiм деп айтқан жоқпын, айтпаймын да" дедi ол. Салих Сулейманның жазуынша, бұл жағдай Обаманың рейтингiсiнiң түсуiне себеп болған.

Осы мақаладан тағы үзiндi келтiрсек: "Америка Құрама штаттарында 3-7 млн. мұсылман тұрады. Олар бұл елде басқа мемлекеттерге қарағанда қоғамдық өмiрге дендеп араласуы оңайырақ жүзеге асады. Олар тезiрек бейiмделедi, үлгiлi азаматтар болуға тырысады. Оларға қытайлықтар сияқты өз Чайнатауны, итальяндықтар сияқты Кiшi Италия да керек емес. Олар барлық жерде бар, бiрақ ерекшеленiп көзге түспейдi. Олар шу көтермейдi, жұмыстарын адал атқарады. Олар өз балаларының өздерiне қарағанда жақсырақ өмiр сүргенiн қалайды, олардың адвокат, дәрiгер немесе мұғалiм болғанын қалайды. 2006 жылы Өкiлдер палатасына тұңғыш рет мұсылман сайланды".

Автордың жазуынша, қазiргi таңда мұсылмандар Рамазан айынан соң келетiн Ораза айтты тойлауға сескенiп отыр, өйткенi, бұл жылы Ораза айт 9-қыркүйекке тұспа-тұс келедi.

Бұл күн 11-қыркүйек оқиғасын еске түсiретiнi сөзсiз.

"Барак Обаманы олар ұлтты қайтадан ұйыстыратын, нәсiлдер мен дiндер арасындағы кедергiнi жояды деген үмiтпен сайлаған жоқ па? Бұған дейiнгi өмiр жолына қарағанда, осы бiр қаранәсiлдiнiң қолынан бәрi келетiндей көрiнген. Ол инаугурация кезiнде өзiнiң толық аты-жөнiн айтты – Барак Хусейн Обама. Өзiнiң тұңғыш сұхбатын араб телеарнасына бердi. Ендi оның мешiт құрылысына қатысты күмiлжуi түсiнiксiз. Бәлкiм, Обама өз елiн түсiнуден қалған шығар?" дейдi автор.

Ал Израильде шығатын "Maariv" газетiнiң авторы Эяль Надав Нью Йорк мешiтiнiң құрылысы айналасындағы дауды американдық ұлтшылдықтың өршуiмен түсiндiредi. 16-тамызда жарияланған "Нью-Йорк мешiтiнiң айналасында дау және американдықтардың жаңа консерватизмi" атты мақаласында ол былай дейдi: "Бiрақ дүйiм ел аумағында белең алып келе жатқан (мысалға "Шәй iшу рәсiмi" ұйымын алсаңыз да болады) жаңа американдық консерватизмiнiң ұстанымы бөлек. Онда классикалық ұлтшылдық элементерi бар, ол күштi үкiмет жасақтауға ұмтылады және Американың басқа шетелдiк мемлекеттердiң iшкi iсiне араласуын құптайды. Ең бастысы, оған "ескi таныс" – ксенофобия, "бөтендерге" күмәнмен қарау тән. "Гранд-зиро" мешiтi – консерваторлардың өз көзқарасын танытудың бiрден-бiр жақсы мүмкiндiгi".

Дубайдан хабар тарататын "Әл-Арабия" телеарнасының бас директоры Абдель Рахман аль-Рашид Ұлыбританияның "Asharq Alawsat" ақпарат құралы арқылы мәдени орталықтың құрылысы жобасына байланысты туындаған кикiлжiңге қатысты пiкiр бiлдiрген. Бұл мешiт салынбай қалса да, мұсылман әлемi осы оқиғадан шу шығаруға ниеттi емес екенiн баса айта келiп, ол "мұсылман әлемiн қатты шамданып отыр дегендер – арандатушылар" деген пiкiрде. "… Арабтар тұратын аймақтарда бiрде-бiр қарсы шеру өткен жоқ! Имамдар өз уағыздарында Ground Zero мешiтi жайлы жыр" айтқан емес, ол туралы жұма намазы уағыздарында да еске алмайды. Бұл мәселе интеллигенцияны да, үлемдердi де тоғандырмайды. Иә, кейде бұл жөнiнде айтылып-жазылып жүр, бiрақ ондай жазбалар бүлiк тудыратындай мазмұнда емес. Дегенмен қыркүйектегi шабуылдың ауыр зардаптарын естен шығаруға болмайды, бұл мешiттi бiрден "саяси өлшемдер" аясында қарастыра бастады: оған нәсiлшiлдiк, тұлғаның ар-намысына тию, тiптi саяси оппортунизмге қатысты айыптар тағуда" дейдi.

Иә, Манхэттенде мешiт салынбай қалса да, исламның насихаты әлсiрей қоймасы түсiнiктi. Ал, әуелi осы мешiттi салуды құптаған, оның жобасын бекiтiп, жоспарлатқан, соңынан өз сөзiнен өзi қайтып, оған қарсы қоғамдық дүрбелең туғызған америкалық қоғамның дiттегенi не?

Әлде өз қорқыныштарымен күресудiң "үлгiсi" осы ма?..

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары