ҚАРАҒАНДЫ ШАҒЫН АВИАЦИЯНЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

ҚАРАҒАНДЫ ШАҒЫН АВИАЦИЯНЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

ҚАРАҒАНДЫ ШАҒЫН АВИАЦИЯНЫ ҚОЛҒА АЛДЫ
ашық дереккөзі
197

Қазақстанда да ауылшаруашылығына арналған "Фермер" ұшағы құрастырыла бастады. Егiстiк алқаптарына тыңайтқыш себу және дән салу жұмыстарын атқаратын жеңiл қанатты ұшақ Қарағанды облысында дүниеге келдi.

Бұған дейiн де шағын авиациялық ұшақтарды құрастырумен айналысып келген "КазАвиаСпектр" компаниясы Қазанның "МВЕН" компаниясымен бiрлесе отырып "Фермер-2" және "Фермер 500" ұшақтарын жасағалы отыр. Бастапқыда Македонияның "Mikrosam" фирмасының құрал-жабдығымен шығарылатын болады. Ұлан-байтақ территориясы бар, шет-шегiне көз жетпейтiн егiн алқаптары ұшқан құстың қанатын талдыратын Қазақстанда жеңiл ұшақтардың қажеттiгi талай жылдан берi әбден айқындалған. Елiмiздiң Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң түрткi болуымен қолға алынған ұшақ құрастыру зауытының алғашқы кiрпiшi ендi қаланды. Шағын авиацияны дамытуды қолға алған министрлiк 2015 жылға дейiн ауылшаруашылығы ұшақтарының санын 500-ге жеткiзу арқылы авиапарктi жаңалауды көздеп отыр. "Бiз үшiн бұл маңызды. ҚР аумағы үлкен, бiз бұл жерде дәндi-дақылдар өсiремiз, осыған байланысты бiздегi АН-2 ұшақтарын ауыстыруымыз қажет. Зауыт осы мақсатпен салынып жатыр. Мен ол салынады деген сенiмдемiн. Мұнда металл бар, осы техниканы шығару үшiн қажеттiң бәрi бар екен", – дедi ҚР көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайынов. Аймақ басшысы Серiк Ахметов: "Жаңа зауыттың салынуы – шағын авиацияны дамыту және осы саладағы ұшақтарды жаңарту мәселесiн түбегейлi шешуге жол ашады. Егер алдағы 2012 жылы бұл зауыт ұшақ жасап шығаратын болса, 2015 жылға жылына 500-ге жуық ұшақ жасауға қол жеткiзу жоспарланып отыр" –дедi.

Бiздiң елiмiзде 300-ден астам АН ұшақтары бар. Осы ұшақтарды алдағы 5-7 жыл көлемiнде жаңа әуе кемелерiмен алмастыру керек. Ал, Қарағандыда авиозауыт салуға барлық мүмкiндiктер бар деп отыр министр.

Ұшақ жасайтын зауыт бiр жылда 50 ұшақты қолданысқа бере алады. Жеңiл қанатты ұшақтың ұзындығы 7,15 м, жылдамдығы 125-130 км/сағ, ең алыс ұшу қашықтығы – 1000 шақырым болады деп жоспарланған. Қарағанды облысында бой көтеретiн зауыт шағын авиацияны дамытуға өз үлесiн тигiзбек, себебi бұл ұшақтарға қазiрдiң өзiнде жақын шет елдерден және республика өңiрлерiнен сұраныс көптеп түсiп жатқан көрiнедi. "Бұл "бұрандалы" өндiрiс емес, толық циклды кәсiпорын, отандық авиациялық конструкторлық бюродан бастап ұшақ жасау зауытына дейiн қарастырылған. Облысымыз жаңаша ғылымды қажет ететiн, экспортқа бағытталған заманауи өнiм шығара бастайды", – дедi облыс әкiмi Серiк Ахметов. Осы ретте индустриясы мен өнеркәсiбi дамыған облыстан тұңғыш авиазауыттың ашылуы тегiннен тегiн емес.

"ҚазАвиаСпектр" ЖШС құрастыратын "Фермер-2" ұшағы – 300 литр, ал "Фермер-500" ұшағы 500 литр тыңайтқыш көтере алады. Ұшақтардың ұшу салмағы 970 келi, жанармай багының сыйымдылығы 140 литр. Авиақұрастырушы Виктор Ермоленконың айтуынша, мамандандырылған ұшақ болмаса да бұл ұшақтарда қауiпсiздiк шаралары толықтай қарастырылған. Ұшқыш шаршамайды, ұшуға өте ыңғайлы. Орындығы жайлы, желдеткiш жүйесi өте сапалы жасалған екен. Ұшақтың жалпы құны 145 мың доллар тұрады. Ерекшелiгi – бұл зауыт жай ғана құрастыру өндiрiсi емес, бастан-аяқ отандық өндiрiс, яғни, конструкторлық бөлiмнен бастап, ұшақ құрылысы зауытына дейiн толыққанды кәсiпорын болғалы тұр. Бұған дейiн елiмiз ауылшаруашылығында бұрынғы АН-2 ұшағын немесе американдық жеңiлқанатты ұшақатарды пайдаланып келген. Американдық ұшақтардың бағасы 1 миллион доллар тұрады, сатып алуға ниет бiлдiргендер саны өте аз. Сондықтан елiмiздегi ұшақтардың құны бiршама төмендетiлiп отыр. Осы саланың мамандарын шетелден алып әуре болмаймыз, арнайы жоғарғы бiлiмi бар мамандар Қазан қаласына барып оқып келген екен.

Айтқандай, Қазақстан кейiнiрек өз жобасы бойынша жеңiл қанатты ұшақ құрастыра бастайды. "Сұңқар" деп айдар тағылған ұшақ жобасы бүгiнде дайын, оның құрылымы мен двигателi мүлде басқаша жұмыс iстейтiн болады. Үдемелi индустриялық-инновациялық бағдарлама негiзiнде жүзеге асып жатқан жобаның алғышарттары ретiнде "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық авиация қызметi туралы" Заңның қабылдануы болғанын айта кеткен жөн. Бұл Заң негiзiнде әкiмшiлiк кедергiлердi бiржақты реттеп, рұқсат беру және сертификациялау процедураларын жеңiлдету болатын. Зауыт құрылысының құны – 3,75 млрд. теңге. Зауытты тұрғызу барысында Қарағанды облысында 125 жұмыс орны ашылмақшы.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары