ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ КӨМЕСКI КӨКЖИЕКТЕРI
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ КӨМЕСКI КӨКЖИЕКТЕРI
Мемлекет бiржақты макроэкономикалық саясаттан бас тартып, индустриялық-инновациялық даму бағытын ұстанып отыр. Өйткенi, жағдай мүлдем өзгерген. Еуразия кеңiстiгiнде жаңа қаржылық-экономикалық құрылым өмiрге келдi. Буыны әзiр бекiмесе де, қазiрдiң өзiнде тиiмдiлiгiн таныта бастаған Кедендiк одақ Тәжiкстан, Қырғызстан сияқты дамушы елдердi де қызықтыра бастады.
Жаңа экономикалық одақ туралы жиi сөз болуда. Украинаны қосып есептегенде, жаңа экономикалық одақ бұрынғы Кеңестер Одағының 70 пайызын қамтымақ. Түпкi саяси мүдде бөлек әңгiме, саясаттан гөрi елдiң әлеуметтiк-тұрмыстық дамуын жақсарту тұрғысынан қарасақ, тасы өрге домалап, шаруасын үйiрiп әкеткендер үшiн бұл – iздегенге сұраған деген жағдайдың нақ өзi.
Биыл тұңғыш рет елдi индустрияландыру мiндетi күшiне енiп отыр. Осы мәселеде тәуелсiз Қазақстанның мүмкiндiгi қандай?
Нарықтық қатынастардың алғашқы жылдарында көптеген өндiрiс ошақтары жабылып, алып зауыт-фабрика ғимараттарының сауда орталықтарына, базарларға айналып кеткен ақиқатын да бiлемiз. Маман жұмысшылар жұмыссыз қалды. Әсiресе, орта деңгейдегi кәсiби мамандық иелерi барар жер, басар тау таппай қалды.
Ал осындай ақиқаттар жағдайында елдi индустриялық-инновациялық дамытудың көкжиектерi қандай өзi? Бұл орайда индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасы жасалғаны да белгiлi. Әлбетте, жаңа бастамаларға скептицизмнiң iлесе жүруi де заңды. Кейбiреулер елде маман-кадрлардың, тiптi қарапайым жұмысшы күшiнiң тапшы екенiн алға тартады. Ауқымды жобаларды жүзеге асыруға басшылық жасауға тиiстi кәсiби инженерлер де жоқ. Ал бағдарламаның ауқымы өте үлкен дейдi.
Жоғарыда айтылған бағдарламада 2014-шi жылға қарай Қазақстандағы машина құрылысы саласындағы жұмыс өнiмдiлiгiнiң көлемiн 52 мың АҚШ долларына дейiн көтеру қарастырылған. Оны қарапайым тiлмен түсiндiрсек, 2014-шi жылға қарай қазақстандық әрбiр жұмысшы жылына 52 мың АҚШ долларының өнiмiн шығаруы керек екен. Ал ол қаншалықты қисынды?
Ақиқатына жүгiнер болсақ, дәл бүгiнгi қарқынмен оны бос утопия дегеннен басқа лажымыз да жоқ.
Дәл сол бағдарламада аса дамыған экономикалық өндiрiс ошақтарындағы еңбек өнiмдiлiгi 1 миллион долларға дейiн жетуi мүмкiн екенi айтылған. Ал орташа деңгейлi машина құрылысы салаларындағы еңбек өнiмдiлiгi 200-250 мың АҚШ доллары көлемiнде болуы керек.
Кезiнде аграрлы республика бола тұра, Қазақстанда индустрияның да өзiндiк қайтарымы болды. Мысалға, Павлодардағы кәсiпорындарды, Петропавлдағы Ленин атындағы зауытты, Көкшетаудағы "Тыныс", Талдықорғандағы аккумулятор зауытын айтуға болады. Осы өндiрiс ошақтарының бәрi де өз заманында қайтарымы бар кәсiпорындар едi.
Соған қарағанда Қазақстанның бұл орайда тәжiрибесi бар да сияқты. Кейбiр қалаларда бұрынғы тежелген индустрия қайтадан жандана бастады. Қазiр Қарағанды қаласында пайдалы қазбалары көп елге аса қажеттi БелАЗ машиналары жасалып жатыр. Бұл машиналардың iргеде тиiп тұрған мыс өндiрiсiне аса қажеттi екенi де белгiлi. Бұған дейiн Қазақстан сыйымдылығы жоғары осы машиналарды Белоруссиядан 1 миллион долларға сатып алатын. Ал отандық конвейерде құрастырылған машинаның нарқы одан екi есе төмен. Көкшетауда КамАЗ машиналары құрастырылуда. Ол да отандық индустрияға қосылған үлес.
Қазақстанның бiр байлығы – Каспий. Мұнай туралы әңгiме бөлек, Каспийдiң балығының өзi игере бiлгенге қыруар байлық. Атыраудағы балық өндiрiсiне байланысты ерекше бөлiп айтарлық бiр оқиға бар. Кезiнде жекеменшiкке өтiп кеткен "Атыраубалық" акционерлiк қоғамы үстiмiздегi жылы мемлекет меншiгiне қайтарылды. Осының өзi-ақ Үкiметтiң индустриялық-инновациялық бағдарлама ауқымында жаңа бағытпен жұмыс iстей бастағанын көрсетедi.
Жекеменшiкке өтiп кеткен кезде "Атыраубалықтағы" өндiрiстiк ресурстардың 90 пайызы ескiрiп, жүдеген. Жеке қожайындарға оның болашағы емес, күнделiктi түсетiн қаржысы қажет болған едi. Соңғы жылдары кәсiпорындағы еңбек өнiмдiлiгi төрт есе азайып, сыртқы берешегi 1,3 миллиард теңгеге жеткен. Шығын көлемi – 109 миллион теңге. Сондай-ақ, "Атыраубалықтың" мойнында 307 миллиондық банк несиесi және тұр.
Осының бәрi елдi индустриялизациялау бағыты ұсынылып отырылған кезде маңызды өндiрiс ошақтарын халық меншiгiне қажеттiлiгiн алға тартып отыр. Жекеменшiктен алынып, мемлекет құзырына өтуге тиiстi кәсiпорындар Қазақстанда жетiп-артылады.
Бiр ғана "Атыраубалықтың" тәжiрибесiнен алып қарастырсақ, таяудағы болашақта ауланатын балық мөлшерiн бұрынғы 3,8 мыңнан 15 мың тоннаға жеткiзу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жылына 5 миллион құты шығаратын консервi зауыты да салынбақ. Жұмысшылар саны бұрынғы 700-ден 2,5 мың адамға өспекшi.
Мұндай оңтайлы өзгерiстер үстiмiздегi жылдың маусым айында Елбасы өзi барып ашып, атын "Алтынтау" деп өзгерткен Көкшетаудағы кен орнына да қатысты. Ондағы өндiрiлетiн алтын көлемi екi есе артып, жұмыс орындары көбейдi. Бiр сөзбен айтсақ, 400 тонна алтын алу көзделiп отыр.
Кезiнде жарты Одақты бағалы шұға матасымен қамтамасыз еткен Қарғалы шұға комбинатының да нарықтың алғашқы жылдарында осы кемшiлiктердi басынан кешкенi бар. Рас, қазiр Қарғалы шұғасына басты бәсекелес есебiнде Қытай шұға өндiрушiлерi аталады. Алайда Қазақстандағыдай емес, Қытайда қой жүнi тапшы. Сондықтан қытайлық шұға маталарына синтетика көп араластырылады. Ал қазақстандық өнiм табиғи, синтетика атымен жоқ. Шикiзат мәселесiне келсек, әр қазақ ауылында жүн алатын кәсiпорын болмағандықтан, жабағы жүн тау төбе болып үйiлiп жатыр. Демек, қазақстандық шұға-мата құнды деген сөз. Оған қытайлық өнiм бәсекелес бола алмайды.
Биыл осы Қарғалы шұға комбинатының да жұмысы жанданып, дамытылуға тиiс бағдарламадағы бiрнеше кәсiпорынның қатарына қосылды.
Қысқасы, елде индустриялық-инновациялық дамудың алғышарттары қазiрдiң өзiнде бар. Кедендiк одақ жағдайында отандық өнiмдерге аларманның табылатынына да күмән жоқ. Ендiгi мәселе осынау игi ниеттердiң жүзеге асуында.
Жоғарыда елде ендi жандана бастаған машина құрылысы саласын текке айтқанымыз жоқ. Себебi, Кедендiк одақтағы қос әрiптестерiмiздiң де бiзге ұсынары – техникалық құралдар. Сондықтан тәуелсiз Қазақстанның бұрынғыдай аграрлық, дотациялық, шикiзаттық қайнаркөз болып қана қалмай, индустриялануы қажет.
Кеңестiк кезеңде қазақстандық машина жасау кәсiпорындары Iшкi жалпы өнiмнiң 20 пайызын берiп келдi. Ал бүгiнгi көрсеткiш – 2,7 пайыз ғана. Демек, жаңа Кедендiк одақ жағдайында дәл осы саланың қолға алынғаны дұрыс болмақ.
Әлемде энергетикалық дағдарыстың бары да белгiлi. Соған сай осы саланың құрал-жабдықтарының да нарқы аспандап тұр. Қазақстандық мамандар индустриялық даму бағдарламасында аккумуляторлар, кабельдер, трансформаторлар өндiрiсiн жандандыру керек деп есептейдi. Бұл орайда Қазақстанда тәжiрибе жеткiлiктi. Оған мысал ретiнде кезiнде одақтық маңызы болған Талдықорғандағы аккумулятор зауытын алуға болады.
Сонымен, 1 шiлдеден бастап күшiне енген Кедендiк одақ жағдайында Қазақстанның алдында бәсекелестiкке қабiлеттi өнiм шығару мiндетi тұр. Ол үшiн Елбасы атап көрсеткендей, елдi индустриялық-инновациялық дамытудың маңызы зор.
Себебi Кедендiк одақтағы әрiптестерiмiз Ресей де, Белорусь та бұл орайда бiзден көш бойы алда. Әрi бәсекелестiкке қабiлеттiлiк жағынан алып қарастырғанда, әрiптестерiмiздiң имиджi де жоғары. Ол – екiнiң бiрi бiлетiн ақиқат.
Жер-жерде отандық индустрияны өркендетудiң тырнақалды қадамдары жасалып та жатыр. Индустриялық-инновациялық бағдарламаға күмән келтiрушiлер де бар. Алайда алдағы индустриялық өрлеуден үмiт үзуге қақымыз жоқ. Қазақстанды индустриясы дамыған мемлекетке айналдырудың мүмкiндiгi жеткiлiктi. Ендiгi мәселе сол мүмкiндiктi игере бiлуде.
Өмiрзақ МҰҚАЙ