ЕРЕУIЛ АТҚА ЕР САЛҒАН

ЕРЕУIЛ АТҚА ЕР САЛҒАН

ЕРЕУIЛ АТҚА ЕР САЛҒАН
ашық дереккөзі
1467

"Кенесары-Наурызбайды" жырлаған Нысанбай жырау ескерусiз қалғандай

Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күрескен тарихында Кенесары мен оның iнiсi Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң орны ерекше. Көтерiлiстiң үш жүздiң аумағын қамтуы және оған үш жүздiң сарбаздары қатысуы оның маңызын арттыра түседi. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерiлiстi ең алғаш ғылыми негiзде жазған ғалым-тарихшы Ермұхан Бекмаханов едi. Ол өзiнiң еңбегiнде Нысанбай жыраудың шығармашылығы осы көтерiлiске тiкелей байланысты екенiне ерекше тоқталған: "Среди исторических песен и поэм, посвященных Кенесары и Наурызбаю, ведущее место занимает песня "Песня о Кенесары" Нысанбая" — деген болатын.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерiлiстiң тарихы Нысанбай жырау Жаманқұлұлы қалдырған "Кенесары – Наурызбай" жырының негiзгi сюжетi болған. Жыраудың осы көтерiлiске тiкелей қатысуы, ақын еңбегiнiң құндылығын арттыра түсерi сөзсiз.

Нысанбай жырау көтерiлiстiң алғашқы күндерiнен (1837 жылдан) бастап Кенесары ханмен бiрге болады. Нысанбай Жаманқұлұлы 1822 жылы қазiргi Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Аққошқар елдi мекенiнiң түстiгiнде Шеңгелсай деген жерде дүниеге келген. Жырау өзiне қатысты берген мәлiметiнде:

Нәсiл затымды сұрасаң,

Ашамайлы Керейтпiн.

Он жасқа келгенде,

Қолыма қобыз iлгенмiн.

Он бiр жасқа келгенде,

Сөз мәнiсiн бiлгенмiн.

Он екiге келгенде,

Жақсының соңына ергенмiн.

Он төрт жасқа келгенде,

Өз елiмде жүргенмiн.

Он бес жасқа келген соң

Кенесары, Наурызбай

Төренi iздеп келгенмiн.

Сол кездегi төренiң

Сойдақ қожа ақыны.

Қобыз алған балаға

Толмады қожа тақымы.

Хан алдында сөйледiм,

Ханның болып жақыны.

Керейттен шыққан жетi ер –

Жар болған соң беглерiм

Қожаны жеңдiм ақыры.

Яғни, бұл кезең 1837 жылға сәйкес келедi. Өзiнiң талантымен Кенесарыны тәнтi еткен Нысанбай жырау көтерiлiске бастан-аяқ қатысып, көтерiлiс 1847 жылы жеңiлiс тапқанға дейiн онымен бiрге болған. Нысанбай өзiнiң жырымен жауынгерлердiң рухын көтерсе, ұрыс кезiнде қолына найза алып, ұрысқа қатысқан жауынгер-жыршы.

Жыршылығымен қоса Кенесары ханға, көтерiлiстiң өрбуiне байланысты салмақты ой-пiкiр бiлдiрiп отыратын сыншы да болған.

Бұл қиссаны шығарған

Нысанбай деген жыршы едi.

Кене ханның тұсында

Жұрттан озған сыншы едi,

Айтқан сөзi үлгi едi,

Құлақтың бiр құрышы едi.

Өлең-жырға Нысанбай

Мәшһүр шешен, нар едi,

Бiр естiген адамдар

Сөзiне тағы зар едi.

Көзiмен көрiп сөз қылған

Соғыста өзi бар едi, – деп жырлауы жоғарыдағы пiкiрiмiздi айғақтайды.

Нысанбай жырау творчествосындағы ең қомақты, ең құнды жыры – "Кенесары-Наурызбай" дастаны. Кезiнде бұл дастанға қазақ әдебиетiнiң классиктерi М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжiбаев тиiстi бағаларын берген.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Нысанбай жырауды "Бұқарадан кейiнгi аса iрi жорық жыршысы" деп атай келiп, "Қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының ортасында болған ақын, дастанды шындыққа ғана құрып, кестелi тiлмен суреттей жазған. Кенесары, Наурызбай жорығы туралы кейiнгi талай ақын түрлi өлең шығарса да, дәл Нысанбай жеткен өрiске жеткен емес", – деген болатын. (М. Әуезов, "Әдебиет тарихы". 1927 ж.).

Нысанбай поэмасының құндылығына байланысты кезiнде С.Мұқанов та өз пiкiрiн бiлдiрген: "Нысанбайдың бұл поэмасының бiр зор қасиетi – эпикалық оқиғаға ақын лирика дәнiн тамаша еге бiлген. Поэмада оқушының жан-жүйесiн босататын, ойын тербететiн лирикалы мотивтер көп. Бұл поэмада Нысанбай ХIХ ғасырдағы қазақ ақындарының расында төрiнен орын алады".

Нысанбайдың халық арасында ауызша тараған жыры ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап баспа бетiн көре бастады. 1875 жылы "Кенесары-Наурызбай" жыры С.Жантөрин мен Т.Сейдалиннiң аудармасымен "Записки Оренбургского отдела имераторского русского географического общества" журналының үшiншi бөлiмiнде сөзi қазақша, әрпi орысша бiр рет басылып шықты. Ал қазақ тiлiнде тұңғыш рет "Қазан" баспасынан Жүсiпбек Шайхысламұлының мұрындық болуымен 1912 жылы жарық көрдi.

Кеңес дәуiрi тұсында "Кенесары-Наурызбай" жыры екi рет жеке кiтап болып шыққан. Бiрiншiсi – 1923 жылы Ташкент қаласынан Х.Досмұхамедұлының алғы сөзiмен басылса, ал екiншi рет 1924 жылы Мәскеуде Н.Төреқұловтың кiрiспiсiмен жарияланды. Жырдың авторы мен мазмұны жөнiнде түрлi пiкiрлер әлi де айтылуда. 1923 жылғы нұсқасының алғы сөзiнде Х.Досмұхамедұлы: "Нысанбай сөзiнiң артықшылығы ең әуелi тiлi жағынан. Нысанбайдың тiлi – нағыз үлгi боларлық қазақ тiлi. Екiншi, Нысанбай өзi соғыста болып, көзiмен көргенiн жазып отыр", – деп пiкiр бiлдiрсе, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Әбiлда Тәжiбаев: "М.Әуезов өте iрi тұлға және көреген ақын деп санаған Нысанбай ХIХ ғасырда өмiр сүрген көкшетаулық Кенесары ханның ең жақын достарының бiрi, оның сүйiктi жырауы. Нысанбай жырлаған Кене хан бiздiң дәуiрiмiздегi ең iрi тарихи дастандарының бiрi және соңы деуге болады. Кене мен Наурызбайдың набыт болған күндерiне дейiн барлық трагедиялық дастаны. Бұл дастан кейiн Кене ханмен бiрге жабылды. Оны ауызға алу қылмыс саналды. Сол ғажайып дастанның босанар күнi бүгiн туды. Жаңа ұрпаққа, талантты оқырман қауымға ұсыну керек", – деп ойын тұжырымдаған болатын. (Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. А.1993 ж.).

Кезiнде "Кенесары-Наурызбай" дастаны туралы Ә.Диваев, Мәшһүр-Жүсiп, Х.Досмұхамедов, Е.Бекмаханов, Ә.Қоңыратбаев та құнды пiкiрлер айтқан.

Сонымен қатар этнограф Тынышбек Дайрабайдың "Жалағаш жерi – жыр кенi" (Алматы, 2008) кiтабында Нысанбайдың аталмыш дастаннан басқа шығарған өлеңдерi ("Черняевтiң Ташкенттi алуы", "Нысанбай сөзi", "Асан қайғының "Қилы-қилы заман болар" сөзiне жауабы", "Күнiмжанды алып келгенде, Жанғабылға айтқаны") келтiрiлген.

Өкiнiшке қарай, бүгiнгi ұрпаққа Нысанбай жыраудың Көбек ақынмен айтысы, Төремұрат жыраумен айтысы және Алпыс ақынмен айтысы жазба түрде жетпеген. 1841 жылы Кенесары хан болып сайланғаннан кейiн Қоқан хандығымен күресу мақсатында Сыр бойына келедi. Осы кезде қазiргi Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Жалаңаштөбе деген жерде үлкен жиын өткiзiп, ақындар айтысады. Осы жиында Нысанбай жырау Алпыс ақынмен айтысып, жеңiп шыққан. Нысанбай жырау өзiнiң жырында Кенесары, Наурызбайдың серiктестерi елiм деп еңiреп туған ерлер: Шұбыртпалы Ағыбай, Табын Жоламан, Қабан Бұқарбай, Қыпшақ Иман (А.Имановтың әкесi), Басығара, Дулат Байсейiт, Шапырашты Бұғыбай, Сұраншы, Саурық, Сүйiндiк, Жанайдар, Арғын Жеке батыр, Талмас, Жәуке, Қанжығалы Тастан, Қаржас Сармантай, Тама Құрман, Керейт Меңлi батырларды жырға арқау етуi – жырдың тарихи құндылығын арттыра түседi.

1847 жылы Кенесары көтерiлiсi жеңiлiске ұшырап, Кенесары қаза болғаннан кейiн Нысанбай жырау қырғыз жерiнен қашып шығып, Орта Азия елдерiнде бiршама уақыт жасырынып жүредi. Туған жерiне қай жылдары қайтып келгенi туралы нақты дерек жоқ. Қазiргi Аққошқар елдi мекенiнен екi шақырымдай солтүстiк тұсында Шеңгелсай деген жер бар. Сол жер ХХ ғасырда ХХ ғасырдың ортасына дейiн Керейттердiң Ершi, Ашамайлы, Жартай аталықтарының негiзгi қонысы болған. Нысанбай жырау сол Шеңгелсайға жерленген. Кезiнде қам кесектен үй там тәрiздi салынған бейiтi толық құлап, бүгiнде төмпешiк болып қалған. Өткен ғасырда Аққошқар елдi мекенiнде өмiр сүрген Тұңғатов Алдаберген ақсақал бала кезiнде бейiттi көзiмен көрiп өскен. Бейiт құлағаннан кейiн 1970 жылдары сол Аққошқар ауылында тұратын, бүгiнде сол ауылдың құрметтi ақсақалдары Абдiқалықов Жаңабай, Смайлов Дөлерес, Ағатайов Мадырайға бейiт орнын көрсетiп, басына белгi қойғызып, аманаттап тапсырып кеткен. Бейiт өз алдына бөлек орналасқан. Басына кесене салынса жеткiлiктi орын бар. Бейiт Аққошқар елдi мекенiне апаратын күре жолдың батысында, бiр шақырымдай жерде орналасқан.

Бұл күндерi Нысанбайдан қалған тiкелей ұрпақ жоқ. Оның Жабық, Жабағы деген екi ағасы болған. Жабық атамыздың шөбересi Жұмадiл деген кiсiден туған бұл күнде 81 жасқа келген Шәмшат ақсақал аудан орталығы Жалағаш кентiнде тұрып жатыр. Жабықтың екiншi шөбересi Жанәдiлден туған Орынбек Аққошқар елдi мекенiнде өмiрiнiң ақырына дейiн өмiр сүрiп, 2005 жылы 65 жасында қайтыс болды. Ал Жабағыдан тарайтын Омар, Жапбасбай, Әбiлқасым, Мақаш атты төрт баласынан да ұрпақ бар. Омардың Жұмабегiнен, Алпысбайдан тараған ұрпақтар Жалағаш ауданында тұрады.

Елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi, бiздiң елiмiздiң тәуелсiздiгi үшiн күрескен хандар, батырларымыздың есiмiн мәңгi қалдыруға байланысты ауқымды мемлекеттiк шаралар өткiзуде. Олардың аттары елдi мекендерге, мектептерге, көшелерге берiлiп, оларға ескерткiштер қойылып, кесенелер салынуда. Осылай болуы заңды да. Жалағаш ауданындағы елдi мекендерге Бұқарбай батыр, Қалдан батыр, Мырзабай ахун, Мөрәлi Шаменов аттары берiлдi. Мектептерге А.Бисенов, М.Байдiлдаев, Т.Жүргенов аттарының берiлуi асыл азаматтарға көрсетiлген үлкен құрмет. Осы жайдың бәрi халықтың көңiлiнен шығып, көңiл қуантады.

Бiздiң ойымызша, ел тарихына елеулi үлес қосқан асыл ерлерiмiздiң iшiнен елеусiз қалған – Нысанбай жырау. Сыр елiнде Нысанбай жырауды ұлықтап, оның есiмiн бүгiнгi, кейiнгi ұрпаққа есте қалдыруға байланысты барлық iс-шара – аудан орталығы Жалағаш қыстағы мен туған жерi Еңбек ауылында бiр көшеге аты берiлуiмен ғана шектелдi. Ойымызша бұл шарамен Қазақ елiнiң Тәуелсiздiгi үшiн күреске он жыл өмiрiн арнап, ұрпақтан ұрпаққа ұласар өлмейтiн тарихи жырлар қалдырған тарихи тұлға лайықты бағасын алды деп айта алмаймыз.Ұлы Мұхтар Әуезов "Бұқардан кейiнгi аса iрi жорық жыршысы", – деп атаған Нысанбай үшiн жасалған бұл ұлықтау шарасы жеткiлiксiз.

Алдағы 2012 жылы Нысанбай жыраудың туғанына 190 жыл толады. Бүгiнгi ұрпаққа елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң қадiр-қасиетiн қастерлетiп, олардың жүрегiне қазақ елiне деген патриоттық сезiм еккiмiз келсе, Нысанбай сияқты тарихи тұлғамызды барынша ұлықтап, лайықты бағасын беру керек. Оның мерейтойы республикалық, облыстық, аудандық дәрежеде өткiзiлсе, нұр үстiне нұр болар едi.

Бiрiншiден – Нысанбай жыраудың туып өскен, кейiн көтерiлiс жеңiлiске ұшыраған соң (1847 ж) кейiн қайтып келiп, ақырғы демiне дейiн (1883 ж) өмiр сүрген жерi – қазiргi Аққошқар жерiндегi "Еңбек" ауылы. Сондықтан, "Еңбек" ауылына "Нысанбай жырау ауылы" атағын беру өз-өзiнен сұранып тұр. Жалағаш ауданының халқы, аудан әкiмдiгi мен мәслихат депутаттары бұл пiкiрiмзге қолдау бiлдiредi деп ойлаймын.

Екiншiден – Нысанбай жыраудың көзiнiң тiрiсiнде де, кейiнгi уақыттарда да оның жыр дастандары мен өлең-жырлары жеке кiтап болып шыққан емес. Тек "Кенесары-Наурызбай" дастаны 1912 жылы Қазанда, 1923 ж. Ташкентте, 1924 жылы Мәскеуде жеке кiтап болып шықса, басқа шығарған өлеңдерi этнограф-ғалым Т.Дайрабайдың "Жалағаш жерi – жыр кенi" кiтабында ғана келтiрiлген. Тәуелсiздiк алғаннан берi "Кенесары-Наурызбай" дастаны әртүрлi кiтаптарда жарық көруде. Нысанбай жыраудың 190 жылдығы қарсаңында жауынгер-жыршының дастандары, өлеңдерi жеке жинақ болып шығарылса.

Үшiншiден – Нысанбай жыраудың мерейтойы тек Сыр елiнде ғана емес бүкiл қазақ елi көлемiнде ауқымды, беделдi шара түрiнде өтуi керек. Бұл осыған дейiн ескерусiз қалса да, ерiн ұмытпаған ел тiлегi. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасының мәдениет министрлiгi, Қызылорда облысының әкiмi, Жалағаш ауданының әкiмi ел тiлегiн ескерусiз қалдырмас деген үмiтiмiз бар. Елiмiз үшiн еңбегi сiңген тарихи тұлғаларымызды ардақтап, ұлықтай бiлейiк, ағайын!

Тұрмағамбет АСАНОВ, зейнеткер, "Ақсақал" қоғамдық қорының президентi

Серіктес жаңалықтары