ПАУЛЬ ТҰРҒЫЗҒАН ДАУЫЛ

ПАУЛЬ ТҰРҒЫЗҒАН ДАУЫЛ

ПАУЛЬ ТҰРҒЫЗҒАН ДАУЫЛ
ашық дереккөзі
231

Мақаланың осылай аталғандығына қарап Паульды алып күш иесi екен деп ойлап қалсаңыз қателесесiз. Жолындағының бәрiн жайпап, барды шашып, жоқты жарыққа шығаратын дауыл дала мен қалада емес, ақыл мен сана иесi адамдар арасында тұрды. Сөзiмiз түсiнiктi болуы үшiн әңгiменi әрiден бастасақ.

Әлемдiк доп додасының аяқталғанына айдан аса уақыт өтсе де айқайы әлi басылмай тұр. Асығы алшысынан түскенi аламанның алтынын алып, алты қырдан атой салса, кейiндеп қалғандары күмiс пен қоланы мiсе тұтты. Допты артық салғандары да, сала алмай қалғандары да асай-мүсейiн арқасына артып, ауыл-ауылға тарқасты. Сонымен не керек, осы бiр әлем чемпионатында Бразилия немесе Аргентинаның ала допты қуғандары емес, әлдебiр су астындағы жыбырлаған жәндiк жұлдызға айналып шыға келдi. Оны да жұлдыз қылған түймедейден түйе жасауға бейiм батыстың бұқаралық ақпарат құралдары. Сондағы алаулатып-жалаулатып көкке көтерiп жатқандары әр ойын сайын қай команданың жеңiмпаз болатын "болжаған" Пауль есiмдi сегiзаяқ. Болжады деудiң өзi күлкiлi, көңiлi соққан табақтағы тамаққа ұмтылғаны болмаса. Ақылды ата-бабаларымыз мұндайда "Ақымақтың айтқаны келмейдi, сандырағы келедi" – деп қоя салған болар едi-ау! Өйткенi ақылды халық алдамшыға сенбейдi, Алласына сенедi. Кешегiнiң кемеңгерлерi көрiпкелдер мен көзбояушылардың келеңсiз кеңесiне көне қоймай, кеудесiнен керi итерiп отырған. Оған халық аузындағы қазақ ертегiлерiнде кездесетiн мына әңгiме дәлел:

Ертеде сiңiрi шыққан бiр кедей жiгiттiң кездейсоқ көрiпкелдiк атағы шығып кетiп, сәуегейлiктi күнкөрiс көзiне айналдырып алады. Оның дақпырты ханға да жетiп, ол оны сарайға алдырады. Жiгiт ханның жоғалған дүниесiн кездейсоқ тауып бередi. Ол оны сәуегейлiктiң себебiне жатқызады. Сөйтiп, ханның әбден сенiмiне кiредi. Бiр күнi хан оны тағы да сынағысы келiп, "Жұмулы алақанымда не бар? Соны тап!"-дейдi. Бейшара жiгiт хан қолында не бар екенiн қайдан бiлсiн, тұйыққа тiреледi. Содан хан алдында жалған көрiпкел екенiн ағынан жарыла айтқысы келiп, өз-өзiне: "Бiр рет секiрдiң – құтылдың, екiншi рет секiрдiң – құтылдың, үшiншi рет секiрдiң – тұтылдың" деген екен. Сонда хан мәз болып күлiп: "Таптың, таптың! Шынында да менiң алақанымда үшiншi секiргенде қолыма тұтылған шегiртке едi" – дептi. Әлгi жiгiттiң тағы да жолы болып кеткен екен.

Ал мына сәуегей "Паульдiң" қашанға дейiн жолы болатыны бiр Аллаға ғана аян. Аллаға ғана аян болуға тиiс ғайыптың тылсым сырын, құпиясын су жануары сегiзаяқ сезiп-бiлiп қойды деудiң тiптi қисыны жоқ. Ауладағы иттi "Бөрiбасар" деп шақырсаң, бөрi баспаса да басқандай болып арқаланып келетiнi бар. Ал есi кеткендер жер-көкке сыйғызбай ертелi-кеш әңгiме қылып жүрген сол сәуегейсымақ өз есiмiнiң Пауль екенiн бiле ме екен?

Қазақ қоғамының "сәуегейге" деген көзқарасын бiлу үшiн жастар арасында сауалнама жүргiзiлiптi. Сұраққа тартылғандардың 76 пайызы немiс сегiзаяғына мүлдем сенбейтiндiктерiн бiлдiрген. Олардың пiкiрiнше, бұл "болжағыш сегiзаяқ" арнайы ұйымдастырылған шоудың бiрi ғана екен. Айта кету керек, қазiргi күнi немiс жерiне ағылған туристер санында қисап жоқ. Қызық iздеп қыр асып келгендердiң қалауы болған сегiзаяқ бүгiнде үлкен жиындардың мәртебелi қонағына айналған. Бұл жай ғана сәйкестiк деп ойлайды екен жауап бергендердiң 16 пайызы. Сауалнамаға қатысқандардың қалған 8 пайызы сегiзаяқты керемет көрiпкел деп санайтындар. Бұл соңғы топ Исламнан хабары аз, мешiтке жиi бармайтын жандар. Ал Еуропада мұндай топтағы адамдардың саны едәуiр.

Бар уақытын теледидар көрумен өткiзетiн жандар Жаратқанның берген қаншама нығметiнен құр қалып жатқандығын бiле ме екен? Көк жәшiкке телмiрiп, көз майын тауысып отырып көретiн телехикаялардың барлығы тәрбиелiк мәнi зор дүниелер деп айта алмаймыз.

Алла Тағала адамдарға ардақтап ақыл бердi. Ақыл мен сана иесi болған бiздер Раббымыздың разылығын алуға ұмтылсақ жөн болмас па?! Абу Хурайрадан (оған Алла разы болсын) риуаят етiлген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игiлiгi мен сәлемi болсын) :

"Кiмде-кiм көрiпкелге барса және оның айтқанын растаса, ақиқатында Мұхаммедке (Оған Алланың игiлiгi мен сәлемi болсын) түсiрiлген нәрсеге күпiр болады" – дедi. Аллаға бiлместiкпен қарсы келiп жүрген жандар Қасиеттi Құранның "Көместiң (ғайыптың) кiлттерi Оның жанында. Оны Ол Өзi ғана бiледi…" ("аль-Анғам" сүресi , 59 аят) деген аятын қаперге алса жөн болар едi.

Мұхаммеджан Тазабеков,

"Дарын" Мемлекеттiк Жастар сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары