СYНДЕТ ТОЙДЫҢ БIР СЫРЫ

СYНДЕТ ТОЙДЫҢ БIР СЫРЫ

СYНДЕТ ТОЙДЫҢ БIР СЫРЫ
ашық дереккөзі
388

Ата салтымыздың асыл қазыналарын ардақтау – парызымыз

Қазақ халқының салт-дәстүрi – сарқылмайтын қазына. Сол қазынаны ел кәдесiне, ұрпақ тәрбиесiне жаратуға үлес қосу азаматтық парызымыз. Ынтымағы мен бiрлiгi жарасқан халықтың ежелден қалыптасқан салт дәстүрi өмiршең. Әр заманның ағымына қарай өзгерiп, көркемдiк пiшiнi жаңарып, толған айдай толысып отырады. Ұлы сыншы В.Г.Белинскийдiң: "Әдет-ғұрып өзiнiң көнелiгiмен бекидi, бiрақ оған әркез уақыт сәулесi түсiп отырады. Ол ата-бабамыздан қалған мұра есебiнде буыннан буынға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келедi. Әдет-ғұрып халықтың бiтiм тұлғасын жасайды, топтастырады, онысыз халық бет-пiшiнсiз соғылған мүсiн тәрiздi" деп философиялық ой қорытқан.

Оңтүстiк Қазақстанның Ұзынмашат шатқалында, "Жерұйық-Машат" демалыс аймағында сол қазақтың салт-дәстүрiн дәрiптеген қарапайым той болды. Сүндет той. Ер баланы сүндеттеу мұсылмандықтың белгiсi. Алты-жетi жасында қазақ баланы сүндетке отырғызады. Бұл мұсылманға тән салт. Бiр кездерi ақын С.Торайғыров "Һәм оның атқа мiнер сүндет тойы, Тойға сойған үйiнiң жылқы, қойы" демекшi, әр ата-ананың жиған малы – көңiл мен ниеттiң шашуы болады. Мұсылман баласын сүндеттеудiң денсаулыққа, тазалыққа пайдасы бар. Баланы сүндеттеу үлкен рәсiм. Ол әр ата-ананың борышы. Бұл рәсiмнiң "сүндет тойы" деген сияқты жөн-жоралғылары болады, "қайырлы болсын" деп шашу шашылады. Сүндеттеу мiндетi бұрын молдаларға тапсырылса, қазiр оны дәрiгерлер де жасайтын болды.

Заман өзгерген сайын той өткiзудiң жөн-жоралғысы қазақылығын қалыптастырудың орнына, ұлттық кейпiн жоғалтып келедi. Күнделiктi өмiрде өз көзiмiзбен көрiп жүрген бұл кемшiлiктi жоюға белсене кiрiсiп жатқан пенде аз. Екi жастың үйлену тойлары бәсекеге айналды. Жұрт тойды атақ-мансап, даңғаза үшiн де жасайтын болды. Көптеген тойлар ұзақ-сонар жиналысқа айналды. Қазақтың салт-дәстүрiне өзге ұлттың әдет-ғұрыптары ене бастады. Қазақ тарихында той-томалақта арақ iшiп, атқа мiнiп, бiр-бiрiмен жаға жыртысты деген ата-бабаларымызды есiткен емеспiз. Қазақ тойы қазы-қарта, жал-жая, қымыз-қымыран, құрт-малтасымен өткен. Тойдың көркi қыз қуу, көкпар, теңге алу, күрес болған. Қазiргi тойда қызып алса, бiр-бiрiмен сүйiсiп жатқан ер азаматтарды көресiң. Дәл осыны кешегi ата-бабаларымыз көрсе, жон арқаңнан қамшымен осып-осып жiберер едi. "Қазақтың салт-дәстүрiн бұзған итталақ!" деп шариғаттың заңымен жазалар едi. Орыстарға елiктеу көп. Отау құрған жас жұбайлардың бәрi де той үстiнде қазақтың салт-дәстүрiне жат киiм-кешектер киедi. Қазақы киiм кисе жараспай ма? Той кезiндегi серуендеу де салт-дәстүрiмiзге қайшы. Көшеде көлiктермен сырнайлатып, кернейлетiп, даңғаза шуға басады. Жол ережелерiн жиi бұзады. Қысқасы, тәртiпсiздiк. Өмiрде бiр рет осындай қуаныш болып жатқан соң бұған көпшiлiк те кешiрiммен қарайды.

Оңтүстiктiң ел ағасы Әбiлдәбек Шардарбекұлы ежелгi дәстүрлерiмiздiң бүгiнгi күнде көзден бұл-бұл ұшып жатқанын жасырмайтын жан. "Сыңсу – ұлтымыздың ежелгi дәстүрiнде елеулi орын алған, тәрбиелiк мәнi үлкен ұлағатты-ғибратты нәрсе ғой. Ескiлiктiң сарқыншағы ретiнде сыңсу да қалып қойды. Бұған алып қашу дәстүрi тiкелей әсер еткенi де белгiлi. Бiрақ қазiр құда түсiп, қолдан қызын ұзатып жатқан жоқ па жұрт. Мен бiрақ сондай қаншама тойға қатысып жүрiп, әзiрге сыңсу естiгенiм жоқ. Тiптi, тұрған үй, өскен ортасын қимай жылаған қызды да байқамадым. Күйеу баланың машинасынан "дәс, дәс" деп қолын бiр-екi көтередi де, зып етiп, кiрiп жөней бередi. Қыз баланың тәрбиесiнде осы сыңсу да бiраз орын алады-ау деп ойлаймын."

Сүндет тойға қайта оралсақ. Осы қазақтың салт-дәстүрiнiң қаймағын бұзбай, тойды жиналысқа айналдырмай, табиғат аясында өткiзуге ниет ету – ата салтымыздың асыл мұрасын, алтын қазынасын жоғалтпаудан туған мақсат секiлдi. Ұлан байтақ даланың, ұлағатты халқының салт-дәстүрiне шын жанашырлық деп түсiнуге болады. Бұл тойды өткiзiп жатқан ата-ана шен-шекпендi ме, әлде кедей-кепшiк пе, ол басты мәселе емес. Жұмыр басты пенденiң барлығы Құдайдың құлы. Тойдың өлшем-бiрлiгi – ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүрiмiзден айдың аманында айырылып қалмау. Ата-бабаларымыз қалдырған асыл мұра халқымыздың мәдениетiне, тәлiм-тәрбиесiне ықпал етiп, өнегелi өсиет, бiлiмдi ұрпақ тәрбиелеуге мұрындық болса құба-құп.

– Қазақстан территориясының әр тұсында жүргiзiлген археологиялық зерттеулер байырғы ата-бабаларымыздың жерiн жаудан қорғаған жауынгер, ән салып, өлең шығарған ақын ғана емес, әлемдiк өркениетке үлес қосқан тамаша сәулетшi, мүсiншi, суретшi, ұста болғанын да дәледдеп отыр, – дейдi тағы бiр ұлт жанашыры.

Аталарымыз өз ұрпағын күмбiрлеген күмiс күйiмен, қобыз, домбыра, сыбызғы үнiмен, асқақтата салған әсем әнiмен, ғашықтық жырымен, мақал-мәтел, шешендiк сөз, айтыс өлеңiмен сан ғасыр бойы "сегiз қырлы, бiр сырлы", өнегелi де өнерлi, адамгершiлiк ар-ұжданы жоғары, намысты азамат етiп төрбиелеп келгенi – тарихи шындық.

Түркiтiлдес халықтарға ортақ, өшпес мұра қалдырған ортағасырлық ғұламаларымыздың терең толғаныстары мен ақыл-кеңестерi қазiргi қоғам үшiн, оның тәлiм-тәрбиесi мен мәдениетi үшiн таусылмас мол азық. Халықтың, ағартушы-ғалымдардың педагогикалық, психологиялық тұжырымдары бүгiнгi заман талабымен толық үндеседi. Сол себептi де өнегелi тәлiм мен тектi тәрбиенiң тiнiн табу үшiн, әрi тұлға болып қалыптасу үшiн өткен күн мен осы күннiң арасын сабақтастыра бiлгенiмiз орынды.

Халқымыздын мәдени тәлiм-тәрбиесiн негiзiнен, төрт жүйе төңiрегiне топтастыра аламыз. Бiрiншiден, адамдықтың бастапқы әлiпбиiн үйретудi көздеген әке-шеше баласына "әдептi, шыншыл бол" дегендi өмiрлiк темiрқазық етiп миына қондырады. Екiншiден, ата-ана баланы қайырымды, иманды болуға баулиды. Үшiншiден, Отаны мен отбасын қорғайтын батыл, намысты болуға үйретедi. Төртiншiден, саналы, бiлiктi етiп қалыптасуын ойластырады. Осының бәрiн бойы мен ойына сiңiрiп өскен перзент ары мен азаматтығының алдында ақ-адал болған. Бұл – елдiк құндылықтардың қарапайым отбасындағы саф қайнары, қоғам түзiлiсiнiң алтын арқауы.

Сүндет тойдың себепкерi болған жас баланың атын атап, түсiн түстемесек те болар едi. Ол да бiр қазақтың қарапайым баласы. Дегенмен, қазақ өмiрге келген сәбиге ырым етiп, ат қойып, айдар тағып жатады. Ғазали деген есiмдi күнделiктi тiршiлiкте жиi кездестiре бермеймiз. Жұрт бұл есiмде қандай мағына жатыр деп ойлайтыны хақ. Қазiргi есiмдердiң көбiсi билiктегi шен-шекпендiлердiң аты-жөнiмен байланысып келедi. Хан, сұлтан, төрелердiң есiмдерi жиi кездеседi. Сәбиге есiм қоя бiлу де өнер. Менiң ата-тегiм Түйетай. Бабаларым осылай атапты. Ата-тегiме қарап қазақтың ұлан-ғайыр даласы, асыл мұра салт-дәстүрi көз алдыма келедi. Нағыз қазақ екенiмдi мақтаныш тұтам. Әрине, қазiргi қазақ баласына мұндай есiмдi қойсаң, шошып кетедi. Ұят болады … Ұят болады деп жүрiп, қазақ өз сәбиiне Мэлс деп ат қоя салады. Ол ұят емес … Тойға дөкейлердi шақырмасақ ұят болады … Ал ата-бабаларымыздың асыл қазынасын қорғамау ұят емес. Мiне, жанды ауыртатын шындық осы. Сүндеттелген баланың әке-шешесi өз ұлының есiмiн Ғазали деп неге қойды? – деген сұраққа жауап iздегенбiз. Бiр кездерi заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовқа бiр оқырман "Неге сiздiң кейiпкерлерiңiздiң тағдыры үнемi жұмбақ? Соны неге ашып жазбайсыз?"– дегенi бар. Сонда жазушы: "Шығармаларымды менiң оқырманым ойлансын деп жазамын, сiз ойланыңыз…"– деп едi. Осылай бiр есiмнiң төңiрегiнде ойланып қалдық. Сөйтсек, белгiлi жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз да ойланыпты. Сондықтан бiздiң бiлмегенiмiз онша ұяттау көрiнбедi. Шерағамның өзi ойланып жүргенде… Белгiлi ғалым, тарихшы Мұрат Әуезовтың айтуына қарағанда, Ғазали ғұлама бабамыз әл-Фарабидiң үзеңгiлес серiктесi, сол заманның ұлы философы, жыршысы болған көрiнедi. Ғазали ғылым мен бiлiмге бiр табан жақын көзi ашық, көкiрегi ояу дiндар адам болғанға ұқсайды. Әйтеуiр қарапайым халықты билеп-төстеген шынжыр балақты шонжар, не хан, сұлтан болмапты. Түсiндiрме сөздiкте "Ғазал" сөзiнiң түп төркiнi арабша болып шықты. Мағынасы: "Соңғы екi жолы ұйқасып келетiн түркi халықтарының лирикалық өлең өлшемi" дегендi бiлдiредi.

"Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын" дейдi Пифагор. Атадан қалған әдет-ғұрып елдiң тыныштығын, бiрлiгiн сақтайды. Сондықтан салт-дәстүрiмiзге бекем болғанымыз жөн.

Осынау салт-дәстүрiмiздiң сәнiн келтiрiп, мәнiн арттыруға оңтүстiкте осындай бiр сүндет той өттi. Оған ұлт тағдырын ойлайтын азаматтар келдi. Қуаныштысы сол болды.

Балтабек ТҮЙЕТАЕВ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары