Қатонқарағай паркі туристер үшін уақытша жабылды

/
Қатонқарағай паркі туристер үшін уақытша жабылды
katonkaragai.kz

Катонқарағай ұлттық табиғи паркінде орман өртінің жоғары қаупіне байланысты уақытша шектеулер енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Парк әкімшілігінің хабарлауынша, 28 шілдеден бастап Катонқарағай ұлттық паркі аумағында өрт қаупінің бесінші класы тіркелген. Ауа райының ыстық әрі құрғақ болуына байланысты орман алқаптарында өрт шығу қаупі жоғары. Осыған байланысты мемлекеттік орман қоры аумағында адамдардың жүруіне шектеу қою туралы шешім қабылданды. Бұл шара өңірдегі төтенше өрт жағдайының алдын алу мақсатында енгізіліп отыр.

– Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында 5-ші төтенше орман өрті класының тұрақты орнауына байланысты, өрт қауіпсіздігі қағидаларының 17-тармағы, 9-тармақшасына сәйкес, жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына шектеулер енгізіледі. Орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда шектеулердің нақты қашан алынатыны белгісіз. Бұл ауа райының өзгеруіне және өрт қаупі деңгейінің төмендеуіне қарай шешілетін болады.

Айта кетейік, бұған дейін бесінші деңгейдегі өрт қаупі Алматыда және елдің басқа да бірнеше өңірінде тіркелген болатын. Құтқарушылар мен экологтер азаматтарды орманға барудан бас тартуға және табиғат аясында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары