YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН
YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН
Сонымен, Батыр Бауыржан Момышұлының халық күткен 100 жылдық мерейтойы Жамбыл облысындағы туған жерiнде, алдағы қыркүйек айының 15-17 күндерi өтетiн болды. Тасқындап жеткен ақпараттарға құлақ түрсек, Баукеңнiң ауылында алпыс киiз үй тiгiлiп, ат шаптырып, бәйге жарыстыратын көрiнедi. Иә, бұл той баршаның қуанышы болары анық.
Осы тойға қандай дайындықпен, игi iстермен келдiк? Көз көрген батырды өз дәрежесiнде ұлықтай аламыз ба?
Сөз жоқ, тойға айтарлықтай дайындықтар жасалынды. Профессор Мекемтас Мырзахметовтiң жетекшiлiгiмен Таразда Баукеңнiң отыз томдық жинағы құрастырылып, бiраз бөлiгi "Өнер" баспасынан жарық көрдi. Былтыр Астанаға еңселi ескерткiшi орнатылды. Алматы мен Астанадан шалғай жатқан ауылында мұражайы бар. Жыл басынан берi мектептерде, университеттерде еске алудың мәдени-әдеби шаралары ұйымдастырылуда. Батырды ұлықтау осылай басталды. Өз дәрежесiнде өтiп жатыр ма, жоқ әлде "әттегенайлары" орын алды ма, оны әлi халық-сыншы таразыға сала жатар.
Үкiмет ненi ескермедi? Әкiмге де жоғарыдан нұсқау керек пе? Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет, Тарих, Философия институттары Момышұлы тағылымдарынан қандай игi шараларды жүзеге асырды?
Бауыржан Момышұлы – әлемдiк тұлға. Басты образы Баукең болып табылатын Александр Бектiң "Волоколамский шоссе" романы әлемнiң жүзден аса ұлт тiлдерiне аударылған. Қалай айтқанда да Баукең сол кiтап арқылы әлемге танылып, әлем жұртшылығының сүйiспеншiлiгiне бөлендi. Тiптен Баукеңнiң әскери айла-тәсiлдерiн олар күнi кешеге дейiн үлгi тұтты. Халқымыз сондай жанға Үкiмет үлкен мегаполис Алматыдан өз алдына бөлек мұражай ашып, алдына еңселi ескерткiшiн қояды деп үмiт артқан. Қала бердi соңғы екi-үш жыл бедерiнде ұлттық баспасөздер арқылы құлаққағыс жасалғаны есiмiзде. Өйткенi батыр өмiрiнiң көп бөлiгi осы қалада өттi. Тәрбиелiк мәнi зор тамаша туындыларын осында жазды. Мемлекеттiк сыйлық та алды. Өкiнiшке қарай, Үкiмет халықтың осы үмiтiн ақтамады. Қысқасы, құлақ аспай, ескерусiз қалдырды.
Қала әкiмiнiң қолында да көп билiк бар. Тек әр iске құлқы, ынта-ықыласы болса деңiз. Осы орайда бiр мысал келтiре кетейiн. Ақтөбе облысының әкiмi Елеусiн Сағындықов Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың сексен жылдық мерейтойында ат шаптырып, бәйге жарыстырып қана қоймай, қалада талғаммен жасалынған биiк ескерткiшiн орнатып, жаңа мұражайын ашты. Әлияның Қобда ауданындағы бұрынғы мұражайын қайта күрделi жөндеуден өткiзiп, ел алғысына бөлендi. Мiне, әкiм! Мiне, азамат!
Сәтбаев, Әуезов, Мүсiрепов, Мұқанов, Бекмахановтай алыптар құрметтеген Бауыржан Момышұлын бүгiнгi Қазақстан Ғылым академиясындағы Тiл – Әдебиет, Тарих, Философия институттары ғалымдарының тұлға тануға немқұрайлы қарап, үн-түнсiз отырғандарын қалай түсiнуге болады? Әлде сол институттардың Баукеңе ешқандай қатыстары жоқ па екен. Баукең – әдебиетшi. Баукең – тарихшы. Баукең – философ. Оның шығармаларын оқып, ұлағатты сөздерiне ден қойған ғалымдар бұл анықтамаларға қарсы бола қоймас. Олар жауынгер-жазушының тағылымдарынан жарыса халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткiзiп, көпшiлiк ақпарат құралдары арқылы жалпы жұртқа жариялап жатса қанекей. Өкiнiшке қарай бiз күткендей болмады. Академия жым-жырт.
Қазақ кiм? Оның ұлттық болмысы қандай? Момышұлы шығармаларында бұлар қалай көрiнiс тапқан? Әскери тақырыпқа жазған еңбектерi несiмен құнды?
Ұлттық әдебиетте қазақтың қандай халық екенiн көркем тiлмен өрнектеген туындылар баршылық. Алайда солардың арасынан екi жазушының шығармасын ерекше атауға болады. Оның бiрi– Мұхтар Әуезовтiң "Абай жолы" эпопеясы да, екiншiсi – Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" мемуарлық романы. Екеуi де халқымыздың ұлттық болмысын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн, психологиялық мiнез-құлқын шебер жеткiзе бiлген. Бiрiн бiрi толықтырады.
Осыдан он жыл бұрын Мәскеуде Момышұлының тоқсан жылдығы аталынып өттi. Волоколамскiдегi Мәскеудi қорғаушылар ескерткiшi кешенiне Баукеңнiң де тастан қашалған бейнесi қойылған. Сол салтанатты жиынға Мәскеу мэрi Лужков қазақ ақын-жазушыларының бiрқатарын шақырған едi. Марқұм жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың: "Баукеңнiң "Москва үшiн шайқасын" майдангер орыс генералдары өте жоғары бағалады. "Соғыс тақырыбындағы еш қоспасы жоқ, таза шындықпен жазылған роман" – деген сөздердi әр қайсысынан естiгенiмiзде мерейiмiз өсiп, төбемiз көкке жеткендей қуандық" – деп жазғаны бар. Мұны хош деңiз. Баукеңнiң 1943 жылы Алматыда жазған "Соғыс психологиясы" ше? Майдан өмiрiнiң қыр-сырын орыстың қай генералы Баукеңдей терең талдап жаза бiлдi? Ешқайсысы. Ал бiз ұлттың беделiн көтерген Баукеңе Алматыдан жеке мұражай мен ескерткiшiн аша алмай отырмыз. Кiмге күлкi, кiмге түрпi?
Жуырда Алматыдағы Ұлттық кiтапханада болып, облыстық газеттердiң бiрнеше айлық тiгiндiлерiн ақтардым. Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының газеттерiнде ғана Баукең туралы жарияланған мақалалар бар екен. Ал басқа облыс басылымдарында некен-саяқ. Тiптен жоқтың қасы. Исi қазаққа Абай ортақ, Бауыржан ортақ емес пе? Баукеңдей ұлттық тұлғаның ерлiгiн, еңбегiн, адами қасиеттерiн насихаттамағаннан кiм ұтып, кiм ұтылады? Қала бердi, бiле бiлген жанға Бауыржан Момышұлы ұлтық патриотизмнiң үлгiсi емес пе! Соны сезе тұра олар неге насихаттаудан сонша тартынғандарына таңым бар.
Ұлттық кiтапханадан "Оңтүстiк Қазақстан" газетiнiң соңғы үш айлық тiгiндiсiн қарап шықтым. Оқырмандарды өзiне тартатын мақалалар көп-ақ. Әсiресе, ағымдағы жылдың 29 мамырында айқара бетiне жарияланған газет редакторы Бейсенбай Тәжiбаевтың тарихшы-ғалым, Мемлекеттiк "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Дархан Қыдырәлиевпен жүргiзген сұхбаты ерекше әсерге бөледi. Сұхбат "Тарих тағылымы тұлғалардың жасына жармасқанды хош көрмейдi" деп аталыныпты. Тәжiбаев жас ғалымға көпшiлiктiң көкейiн көптен берi мазалап жүрген өзектi сұрақтарды қойған. Ал Қыдырәлиевтiң ұтымды жауаптары тың ойларды ортаға салады. Екеуара әңгiменiң бiр үзiндiсi мынау.
…"Рысқұловтың бұл бастамасының астарынан саяси қызметте ұлт зиялыларының әртүрлi пiкiрде болғанымен, шын мәнiнде мемлекет тәуелсiздiгi жолында бiр адам екендiгiн дәлелдесе керек. Алайда, бiздiң бүгiнгi кейбiр таяздау тарихшыларымыз табылған деректердiң байыбына бармай, байбалам салып жатады. Мәселен, "Рысқұлов пен Шоқай бiр бiрiне ата жау, Қожанов пен Рысқұловтың арасы өте нашар екен" деп, баспасөзге материал бередi. Оған лезде бiрнеше қол қойғыштар қосыла кетiп, қаралауға көшедi. Бұл бiздiң бүгiнгi бөлiнушiлiгiмiз бе, әлде шын мәнiнде солай ма?
… – Осы орайда, сауалдағы Шоқай мен Рысқұловтың қарым-қатынасына байланысты бiр мысал бере кетейiк. Әйгiлi Зәки Валидовтың естелiктерiне сүйенер болсақ, Тұрар Рысқұлов құрамына Түркiстан, Башқұртстан, Бұхара, Хиуа өлкелiк партия комитетi мүшелерiн тартуды көздеген және "Шығыс социалист партиясы" деп аталған жасырын ұйымға татар Мирсаид Сұлтанғалиев, өзбек Низам Хожаев және Ахмет Байтұрсыновпен бiрге мүше болған екен. Бұл ұйымға сол Валидовтың өзi де кiрген. Олар әуелгiде партия ретiнде жасақталып, Коминтерннiң құрамына енуге әрекет жасағанымен, Компартия бұл партияның құрылуына түбегейлi қарсы болғандықтан, жасырын ұйым ретiнде жұмысын жалғастыра берген. Бұл аз десеңiз, Түркiстан тарихының бiлгiрi, профессор А.Беннигсен де 1920 жылдың көктемiнде Мирсаид Сұлтанғалиев, Зәки Валидов, Тұрар Рысқұлов және т. б. көрнектi тұлғалардың жасырын ұйым құрып, Кеңес өкiметiне қарсы астыртын күрес жүргiзгенiн жазады. Автордың айтуынша, бұл жасырын топ үш бағытта жұмыс жүргiзген едi: Бiрiншiден, қызметтерде бола жүрiп, тәжiрибе жинақтау. Екiншiден, жаңа кадрларды даярлау мақсатында оқу ордалары мен бiлiм ошақтарын қолға алу. Үшiншiден, басмашылық қозғалысы сияқты Кеңес өкiметiне қарсы ұлттық топтармен байланыс орнатып, ұлттық мемлекет құрудың алғышарттарын даярлау.
Мiне, осындай астыртын ұлтшыл ұйымға мүше болған Тұрар Рысқұлов Түркия мен Германияға 70-ке жуық жас азаматты оқуға жiберген. Артынша, Түркiстан АССР-i Халық Комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы ретiнде 1923 жылы Берлинге барғанда Шоқайдың шәкiрттерiмен кездескен, тiптi, оларға қолдағы бар қаражатын берiп көмектескен. Әрине, бұл кезде Тұрар Рысқұловты қырағы көздер қас қақпай қадағалап отырғаны белгiлi. Сондықтан, онсыз да орталықтың (сенiмiнен шығып кеткен) Рысқұловтың бұл сапары ақыр аяғында үлкен дауға ұласты. Тұрар Рысқұловтың 1938 жылғы "сотында" тағылған айыптар негiзiнен оның 1919 жылдан берi Үкiметке қарсы "Иттихат ва Таракки" ұйымына мүше болғаны және осы 1923 жылдан бастап Алманияға жұмыс iстегенi төңiрегiнде болған едi. Сондықтан Мұстафа Шоқай Рысқұлов туралы сөз болғанда "Сталиннiң фаворитi", "Большевиктердiң Түркiстандағы сенiмдi өкiлi" сияқты сөздердi қолдана бастады. Шоқай мұндай сөздерi арқылы "Рысқұлов шынында Сталинге берiлген, адал большевик, менiң онымен қатысым жоқ" деген ұғым қалыптастырып, Түркiстанның қайраткер ұлын төнiп келе жатқан қауiп-қатерден қорғаудың бiр амалын қарастырғаны едi. Иә, шовинистiк пиғылдың Кеңестiк жүйе мен эмиграцияда астасып, бiр сипатта өрбiгенi сияқты ұлтшыл зиялылар да елде болсын, мейлi эмиграцияда жүрсiн, ұлттық мүдде тұрғысынан бiр арнада тоғысып жатты".
Ғалымның бұл тың ойы көкейге қонады. Неге? Шоқай саралау, ауқымы кең, iрi саясаткер. Ондай жанның қандай бiр жағдайға сергек қарайтыны белгiлi. Ненi де тереңнен ойлайды. Өзi эмиграцияда жүрсе де елдегi Алаш зиялылары мен Рысқұловтай адамдардың ұлт мүддесi үшiн күресiп жатқанын iштей жақсы бiледi. Ел iшiндегi тоталитарлық жүйемен күрестiң аса қауiптi екенiн де бағамдаған жөн. Рысқұловқа жоғарыдағыдай ұғымды қалыптастырғаны да сондықтан болар.
"Естiген құлақта жазық жоқ". Мына бiр болған жайды жуырда Сарыағаш ауданындағы Дархан ауылының тұрғыны Сейiтбек Жанаев айтып берген едi.
– Сауда-саттық жұмысында жүргенiме бiраз жылдың жүзi болды. Шымкент пен Қызылордаға тауар тасып, аста-төк болмаса да бала-шағамның несiбесiн айырып келемiн. Тауар алыс-берiсiнде талайлармен танысып, талайлармен қоян-қолтық араластым Жаныма жолдас болған жақсы жандар да кездестi. Олармен жұмыс iстесудiң өзi бiр ғанибет. Жаның қысылған қиын кездерде қасыңнан табылып, жанашырлығын танытады. Сондай жандардың бiрi – Талғат деген жiгiт. Уәде бердi ме, сөзiнде тұрып, орындауға тырысады. Иманына берiк. Қулық-сұмдықты жаны жаратпайтынын талай рет көрiп, көңiлiм әбден сенген.
Ол көптен берi көрiнбей кеткен едi. Әуелгiде шаруа басты болып жүрген шығар деп ойладым. Кейiндеу "Талғат қайда жүр?" деп iздей бастадым. Қанша қоңырау шалсам да қалта телефонынан жауап болмады. Сұрастырсам, танитындар да оның жай-күйiнен бейхабар екен.
…Үлкен қаланың көкөнiс сауда орталығында көтерiп алушыларға картоп өткiзiп жатқанмын. Кенет бiр таныс дауыс ту сыртымнан атымды атағандай болды. Жалт қарадым. Менен екi, үш қадам жерде қос балдаққа сүйенiп,сүйектерi сiңiрiне iлiнген, жағы суалып әбден азып-тозған бiреу тұр. Түрi адам шошырлықтай. "Бұл кiм? Бұрын қайдан көрдiм?". Жыға тани алмағаныма ыңғайсызданып, тұрып қалсам керек. Соны сездi ме анау: "Сейiтбек, бұл мен ғой Талғат" – дедi. Апыр-ай, "Адам арыса – аруақ" деген осы шығар, сiрә. Күнi кеше ғана көз алдымда жанарларынан от шашып, жайнаң қағып, жараған құр аттай ширақ жүрген оның мына мүсәпiр кейпi өн-бойыма бiрден аяушылық сезiмiн туғызды. Амандық-саулықтан соң ол өзiнiң мұндай күйге қалай душар болғанын айтып бердi. Өткен жылы қарашада Шиелiге барған. Ауа райы күрт өзгерiп, түнi бойына жаңбыр жауады. Ертеңiне жалдаған машинаға күрiш артып, Түркiстан бағытындағы тас жолға шыға бергенде, көлiк арықтағы батпаққа батып қалады. Ол кабинадан түсiп, көлiктiң жақтау қорабынан ұстап, бар күшiмен шiрене итерiп жатқанда, аяқтары ғайыптан тайып, езiлген батпақтан шыр айналған доңғалақ астына түседi. Көзi қарауытып, талқысып бара жатқанын бiледi. Одан арғысы есiнде жоқ. Есiн жиса поезд вагонында келе жатыр екен. Шымкенттен әйелi мен бауыры күтiп алып, облыстық аурухананың урология бөлiмiне жатқызыпты. Дәрiгерлер рентген аппаратының көмегiмен оның аяқтарының және жамбасының бiрнеше жерiнен сынғанын анықтайды. Жыныстық ағзасының қан тамырларына да зақым келген. Дәрiгерлер күрделi операцияны қажет етедi деген соң тапқан-таянғанын бередi. Сонымен операция жасалынады. Екi айдан соң қос балдаққа сүйенiп, сүйретiлiп жүретiн қалге жеткенде дәрiгерлер: "Медициналық емнiң бар мүмкiндiгiн пайдаландық. Зәрiңiздi осылай түтiк арқылы шығарып отырасыз. Ал мынау екiншi топтағы мүгедектiгiңе кепiлдiк беретiн бiздiң анықтама" – деп қолына екi беттiк қағаз ұстатқан.
Талғат торыққан үнмен:
– Отбасымда маған қарап отырған шиеттей бала-шағам мен қартайған шешем бар. Өн-бойым түнiмен қақсайды. Мына жарымжан түрiммен соларды қалай асыраймын деп басым қатып жүр, – дедi мұңайып.
Өзiм де бiр рет ойламаған жерден жол апатына ұшырап, Сарыағаш аудандық аурухананың хирургия бөлiмiнде жатқанмын. Аяғымның сынған сүйектерi дұрыс салынбаған соң Тәшкентке барып қайта емделдiм. Сонда аурудың азабын әбден көрген едiм. Талғаттың шарасыздық танытқан мүшкiл қалiне жаным ашыды.
– Дәрiгерлердiң берген анықтамалығы, рентген түсiрiлiмi бар ма?
– Бар. Оны неге сұрадың?
– Тәшкенттегi республикалық урология орталығында таныс дәрiгер бар едi. Сен келiсiм берсең соған көрсетейiн.
Ол сенiмсiздiк танытқандай басын шайқады.
– Сейiтбек, дәрiгерлерден көңiлiм қалды. Солардан қайыр болады дейсiң бе?
Мен өз басымнан өткен жайды баяндадым. Ол сонда ғана езiлген еңсесiн көтергендей болды. Артынша қаражаттың жоғын, қолында жалғыз сиырының қалғанын айтып, тағы да шарасыздық танытты. Мен көмек ретiнде өз қалтамнан азын-аулақ қаражат қосатын болдым. Ол түстен кейiн әлгi құжаттарды қолыма ұстатты.
Арада бiрер апта өткен соң Тәшкентке жолым түстi. Орталық стадион жанындағы ауруханаға барып, таныс дәрiгер Алишер Икрамовпен кездесiп, мән-жайды түсiндiрдiм. Ол шымкенттiк дәрiгерлер жазған медициналық анықтаманы оқып шығып, рентген түсiрiлiмiн қабырғадағы жарық беретiн аппаратқа қойып ұзақ үңiлдi.
– Сайд ака, мұның жұмысы көп.
– Қанша?
– Миллион сум.
– Оның ондай қаражаты жоқ. Алишер, екеумiз бiраздан берi сыйласып жүрген жандармыз. Мен үшiн, достық көңiлiмiз үшiн бағасын бiраз түсiрсейшi.
– Әй Сайд ака, өстiп қинайсың-ау, – деп телефон тұтқасын көтерiп, әлдекiмге қоңырау шалды. Тұтқаның арғы жағындағы жанға: "Мансуралы ака, Прохоров екеуiңiздiң көмектерiңiз қажет болып тұр", – деп жағдайды қысқаша түсiндiрдi. Бiраз сөйлесiп, тұтқаны орнына қойды да маған жымия қарап: – Сайд ака, жолың болатын болды. Республикалық урология орталығының бiлiктi дәрiгерi Мирзоевпен сөйлестiм. Хирург Александр Сергеевич Прохоров та сонда екен. Жүр, кеттiк, – деп жинала бастады.
Үшеуi рентген түсiрiлiмiн қарап ұзақ кеңестi. Әлден соң бiр тұжырымға келген соң барып, Прохоров маған бұрылды.
– Сiз науқастың кiмi боласыз?
– Жай жолдасы едiм.
– Операция миллион сум тұрады.
– Оның ондай ақшасы жоқ, – дегенiм сол едi Прохоров екi иығын көтерiп, алақандарын жайды да басын шайқап кетуге ыңғайланды. Сол кезде Мирзоев: – Александр Сергеевич, бiзге өтiнiш жасаған мына Икрамов қой. Өтiнiшiн жерге тастасақ қалай болады? – деп тежеп қалды. Содан соң маған бұрылып: – Науқастың жетi жүз мың сум тауып беруге шамасы келе ме? – дедi. Мен:
– Келедi, – деп кесiп айттым. Олар операция жасайтын күндi алдағы аптаға белгiледi.
Шiлденiң ыстығында бiздiң кеденшiлер шекарадан өткiзбей көп әуреге салды. Жалынып, жалпайып әзер дегенде көндiрдiк. Соның өзiнде Талғаттың ауыр қалын көрiп тұрып, үш күннен артыққа рұқсат бере алмаймыз деп табандап тұрып алды. Ертең операция белгiленген күн. Ендi қайттық деп тұрғанда облыстан бастығы келiп қалмасы бар ма? Кабинетiне кiрiп, жағдайды түсiндiрдiм. Иманы бар жан екен. Талғат пен әйелiне қырық күнге рұқсат жазып бердi.
Тәшкенттiк дәрiгерлер Талғатқа операцияны алты сағат жасады. Бiз ұзын дәлiзде күтiп отырдық. Бiр кезде тұла бойлары терге шомған Мирзоев пен Икрамов шықты. Артынша маңдай терiн сүлгiмен сүртiнiп, Прохоров та келдi. Әбден қалжырап шаршағандары кiрбiң шалған жүздерiнен көрiнiп-ақ тұр. Мирзоев:
– Шымкентте операция дұрыс жасалынбаған. Жамбас сүйектерiнiң сынықтары қисық бiтiп, жүйке жүйелерiне әсер еткен. Тұла бойының қақсап ауыратыны да содан. Соны бiзге қайта салуға тура келдi. Үзiлген жыныстық қан тамырлары да дұрыс жалғанбаған. Бiз оларды да қайта тiктiк. Ендi зәрi өз жолымен шығатын болады. Еркектiк қабiлетi де қалпына келедi. Асыққаны соншалық шымкенттiк әрiптестер iшiне қыстырғыш құралды да ұмыт қалдырыпты. Адамды осыншалық қорлыққа салып қойғандарына таңбыз. Бiз бәрiн фотоға түсiрiп қойдық. Медициналық анықтамаларымызды да беремiз. Заң орындарына шағымдануларыңызға болады, – дедi.
Қырық күннен соң Талғат сүйенiш таяғын тастап үйiне оралды. Оның толық сауыққанын көрiп, отбасы қуанышқа бөлендi. Қалалық сотқа шағымданып, облыстық ауруханадан шығындарын қайтарды. Содан берi де үш жыл уақыт өтiптi. Қазiр ол бұрынғы кәсiбiне қайта кiрiскен.
Р.S. * XX ғасырда қазақтың әлемге танылған, түрлi халықтардың құрметiне бөленген Батыры Бауыржан Момышұлы. Оның 100 жылдық мерейтойында iрi саяси-мәдени орталық Алматыдан жеке мұражайы мен ескерткiшi ашылмағаны өкiнiштi-ақ. Ол – Үкiметке сын.
* Тарихи тұлғалардың бiз әлi көзiмiз жетпеген құпия-сырлары көп. Олардың астарлы сөздерiн түсiнбей бұра тартсақ, тұлғаға қиянат жасарымыз хақ. Байыбына бармай, байбалам салмайық, ағайын.
* Адам ағзасы өте күрделi. Дәрiгерлерден бiлiм-бiлiктiлiктi, үнемi iзденудi қажет етедi. Ал бұл мамандыққа кездейсоқ келгендер Талғат секiлдi талайлардың тағдырын тәлкекке салары хақ. Сондай келеңсiздiктi болдырмас үшiн медициналық оқу орындарындағы ұстаздар шәкiрттерiнен бiлiмдi қатаң талап етуi қажет.
Көлбай Адырбекұлы