МЫСЫРДЫҢ АТАҚТЫ ПАЛУАНЫН АЛЫП ҰРҒАН МАРҒҰЛАН

МЫСЫРДЫҢ АТАҚТЫ ПАЛУАНЫН АЛЫП ҰРҒАН МАРҒҰЛАН

МЫСЫРДЫҢ АТАҚТЫ ПАЛУАНЫН АЛЫП ҰРҒАН МАРҒҰЛАН
ашық дереккөзі
333

Жақында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетiнiң Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi "Қалжат" кеден бекетiнiң маманы Марғұлан Әсембеков Астана күнi қарсаңында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Кубогы үшiн болған турнирден жеңiспен оралды. Айтулы жеңiстен кейiн Марғұланмен жүздесудiң сәтi түскен едi.

– Марғұлан, спортқа қалай келдiң? Үлкен спортқа алып келген алғашқы бапкерлерiңдi бiлгiмiз келедi.

– Әкемнен ерте айрылдым. Үлкен ағам Нұржақып мен үшiн әке де, аға да болды. Ол менi 5 жасымнан спортқа баулыды. Үнемi таңертең ерте оятып, салқын сумен жуындырып, жаттығу жасататын. Алғашында мен қыңқылдап, ұйқыдан тұрғым келмейтiн, бiрақ артынан үйренiп кеттiм. Сөйтiп, таңғы жаттығу жасау әдетке айналып кеттi. Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басшы елдi мекенiнде 8 сыныпты бiтiргеннен кейiн, арман жетелеп, Талдықорған қаласындағы Дәнеш Рақышев атындағы мектеп-интернатқа оқуға келдiм. Әдеттегiдей қыркүйекте сабаққа кiрiстiм. Оқу басталғаннан кейiн бiр аптадай өткенде менi грек-рим күресiнiң бапкерi Азамат Көкебаев деген ағамыз интернатқа iздеп келдi. Сөйтсем, күреске қатысатын сыныптастарым: "Интернатқа ауылдан салмағы ауыр, қайратты бала оқуға келдi" дептi. Менiмен танысқан Азамат ағай жаттығуға шақырды. Кiшкентайымнан күреске жаным құмар болған соң, ол кiсiнiң ұсынысын бiрден қабыл алдым.

– Алғашқы жарысың есiңде ме?

– Әрине, күрес үйiрмесiне қатысып жүргенiмде, Жаркент қаласында "Дәулет" клубының құрылғанына бiр жыл толуына орай грек-рим күресiнен республикалық турнир ұйымдастырылды. Бұл менiң алғашқы жарысым болатын. Қарсыластарымның барлығы талай додаға қатысқан азулы палуандар едi. Арасында республикалық жарыстардың жеңiмпаздары да бар. Бапкерiм Азамат ағайдың нұсқауын, ақыл-кеңесiн бұлжытпай орындаған мен алғашқы кездесулерде қарсыластарымды жеңiп, финалға жолдама алдым. Ақтық сында Республика чемпионымен белдестiм. Қарсыласым да осал жан емес. Өзiнiң азулы палуан екенiн танытып, ұпай санымен басым түстi. Бұл – 1998 жыл едi.

Дегенмен бұл жарыстың мен үшiн маңызы өте жоғары болды. Себебi, осы турнирде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп-интернаты бапкерлерiнiң көзiне түсiппiн. Содан келер оқу жылында олар менi осы спорт-интернатқа шақырды. 10-сыныпты мен Алматыда оқыдым, ал 11-сыныпты спорт мектебiнiң Елордаға қоныс аударуына байланысты Астанада аяқтадым. Интернатта жүргенiмде менiң бапкерiм Рысбек Нұрғазин дейтiн азамат болды. Сол кiсiден көп тәлiм-тәрбие алдым. Талай республикалық турнирлерде жүлдегер, жеңiмпаз атандым. 2001 жылы спорт интернатты аяқтаған соң Республикалық спорт колледжiне оқуға түстiм.

2000 жылдан бастап, ересектер арасындағы жарыстарға қатыса бастадым. Мәселен, 2000 жылғы желтоқсанда Семей қаласында, Болат Тұрлыхановтың жүлдесi үшiн өткен Республика кубогы жарысында жүлделi 2-орынға ие болдым. Турнир барысында мен 4 рет белдесуге түсiп, оның үшеуiнде жеңiске жеттiм. Ақтық сында жастар арасындағы әлем чемпионы Валерий Матвиенкомен белдестiм. Тәжiрибесi молдау Валерий ұпай санымен менен басым түстi. 2003 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатының финалында В. Матвиенкодан есемдi қайтарып, алғаш рет Қазақстан чемпионы атандым.

– Халықаралық аренаға қашан шыға бастадың?

– Халықаралық жарысқа алғаш рет 2005 жылы Түркияның Мармарис қаласында өткен турнирде қатыстым. Менiң салмақ дәрежемде 30-ға тарта палуандар бақ сынасты. Жарыс барысында 5 белдесуге түсiп, барлығында жеңiске жеттiм. Ақтық сында грузиялық әрiптесiммен кiлемге шықтым. Қарсыласым – Әлем чемпионатының күмiс жүлдегерi болатын. Сол сында амалымды асырып, ұпай санымен жеңiске жеттiм.

Сонымен бiрге, менiң өмiрiмде елеулi орын алған турнирдiң бiрi Семейде өттi. Осы турнирде Қазақстан Республикасы құрама командасының грек-рим күресiнiң аға бапкерi Юрий Мельниченко маған назар аударып, құрама командаға шақырды. Мiне, сол кезден бастап, мен құрама команданың мүшесiмiн.

– Марғұлан, спорттағы ең елеулi жеңiсiңiз бен өкiнiшiңiз туралы айтсаңыз…

– Өмiрде жетiстiк пен өкiнiш қатар жүретiнi белгiлi емес пе. Әзiрше, өзiм қол жеткiзген ең елеулi жеңiс 2006 жылы Польшада өткен халықаралық турнирде орын алды. Осы турнирге өте жоғары дайындық деңгейiнде келдiм. Алғашқы кездесулерден-ақ қарсыластарымды ойсырата ұта бастадым. Сөйтiп, ақтық сынға жолдама алдым. Финалда 2004 жылы Афинада өткен олимпиаданың чемпионы, Әлем чемпионаттарының екi дүркiн күмiс жүлдегерi, 2002 жылдан жауырыны жер иiскемеген Египет палуаны Габер Караммен белдестiм. Атағы жер жарған палуанға барлығы сескене қарады. Тiптi, менiң бапкерлерiм де бiртүрлi аянышты сезiммен қарағандай болды. Ал мен болсам, белдi палуаннан еш сескенген жоқпын, қайта кiлемге жеңiске деген нық сенiммен шықтым. Алғашқы сәттен-ақ шабуылға шықтым. Бiрнеше амалды сәттi орындап, қарсыласымды састырдым. Нәтижесiнде, белдесу соңында египеттiк палуанды кiлемнен зембiлмен алып кеттi. Бұл жеңiс – менiң спорт әлемiндегi мәртебемдi көтерiп-ақ тастады.

– Ең қиын жеңiсе қашан жеттiң?

– 2005 жылы Түркияның Измир қаласында Дүниежүзiлiк Универсиада өттi. Алғашқы белдесулерден-ақ, жақсы қарқынмен ақтық сынға жолдама алдым. Кiлем иесi түрiк палуаны да қарсыластарынан басым түсiп, чемпиондыққа ұмтылыс жасады. Мiне, ақтық сынға шықтық. Зал өз жерлесiне керемет қолдау көрсеттi. Төрешiлер де түрiк палуанына оң көзбен қарайтындай. Алайда мұның барлығы менiң сағымды сындырмай, керiсiнше жiгерлендiре түстi. Мен белдесудi белсендi жүргiзiп, қарсыласыма ерiк бермедiм. Нәтижесiнде, қарсыласымнан ұпай санымен басым түстiм. Бұл жеңiс маған өте ауыр тидi.

– Спортшы ретiндегi басты арманың не?

– Кез келген спортшы үшiн ең үлкен арман – Олимпиада чемпионы болу десем, қателеспейтiн шығармын. Төрт жылда бiр өтетiн бұл дүбiрлi додаға жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпарлар қатысатыны анық. Осындай жарыста топ жару – әр спортшының басты арманы. Менiң басты мақсатым – 2012 жылы Лондонда өтетiн жазғы олимпиадаға жолдаманы ұтып алу және сол ойындарда жеңiске жетiп, егемен елiмiздiң көк байрағын желбiрету, кеден қызметiнiң абыройын асқақтату.

Бүгiнгiдей мүмкiншiлiктi пайдаланып, мен Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау деапртаментiнiң басшылығына, осы Департамент бастығы Құрманбек Жуасұлы Артықбаев ағамызға ризашылығымды бiлдiргiм келедi. Осы кiсiнiң қамқорлығы арқасында мен жарыстарға алаңсыз дайындалуға мүмкiндiк алдым. Бүгiнде Алматы облысының кеденшiлерi – менiң ең жанашыр жанкүйерлерiм.

Әңгiмелескен Қайрат МАТРЕКОВ, Кеден қызметкерi

Серіктес жаңалықтары