МЕРКЕЛЬДIҢ АҚОРДАҒА САПАРЫ

МЕРКЕЛЬДIҢ АҚОРДАҒА САПАРЫ

МЕРКЕЛЬДIҢ АҚОРДАҒА САПАРЫ
ашық дереккөзі
219

Германия канцлерi Ангела Меркель 18 шiлдеде елiмiзге арнайы ресми сапармен келдi. Меркельдiң бұл жолғы сапарында Қазақстан мен Германия арасындағы саяси, сауда-саттық байланыстары жан-жақты талқыланды.

Қытайға сапарынан кейiн, Германияның федералды канцлерi Меркельдiң ұшағы Астана қаласына бет алды. Астана әуежайында Германия үкiметiнiң жетекшiсiн ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов, Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова және Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Константин Жигалов қарсы алды. Канцлер Астана қаласында металлургтер форумына қатысып, бизнес саласындағы бiрнеше келiсiм-шарттар жөнiнде Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаевпен келiссөздер жүргiздi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Меркельге немiс өнеркәсiбiне қажеттi жоғары сапалы металл өндiру үшiн Қазақстанда металлургиялық кластер құруды ұсынды.

Германия канцлерi Қазақстанға алғашқы сапарына тарихи оқиға деп баға берiп, Германия федералды республикасы үшiн Қазақстан Орта Азиядағы негiзгi әрiптес екенiн ерекше атап өттi. "Қазақстаннан мұнай тасымалдау бiз үшiн өте маңызды. Германия үшiн бұл энергоресурстарды тасымалдайтын маңызды деген 4-шi тасымалдаушы мемлекет" — деген канцлер Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелiкке өтудегi талпыныстарына сүйсiнiп, елiмiздiң аталмыш ұйымға тезiрек мүшелiкке өтуiн қолдайтынын айтты. Ангела Меркель ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету еркiндiк, қауiпсiздiк, демократия және адам құқықтары сияқты құндылықтарды сақтап, оны әлемге паш етудегi Қазақстанға берiлген үлкен мүмкiндiк екенiн де тiлге тиек еттi.

Ресми Берлин энергетика, телекоммуникация, құрылыс, ауылшаруашылығы салаларында Қазақстанмен байланыс орнатуға қызығушылық танытып отырғаны құпия емес. Осылайша, Қазақстан мен Германия арасында жалпы соммасы 2 млрд. еуроны құрайтын бiрқатар инвестициялық келiсiм-шарттарға қол қою жоспарланып отыр. Немiстердiң Siemens концернi мен елiмiздiң мемлекеттiк темiржол компаниясы арасында декларацияға қол қойылған. Бұл декларацияға сәйкес, Германия 2020 жылға дейiн темiржол жолдарын электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесiн модернизациялауға атсалысып, 110 локомотивтi жаңа техникамен жабдықтамақшы. Ал Metro сауда концернi Қазақстанда жалпы соммасы 200 миллион еуроны құрайтын 10-ға жуық жаңа гипермаркеттердi ашуды көздейдi. Қазақстан мен Германия арасындағы мұндай мәмiлелер немiс кәсiпкерлерiн аса қуанта қойған жоқ. Германияның "Немiс толқыны" басылымының хабарлауынша, немiс кәсiпкерлерi Қазақстанның Кеден одағына кiруi бiрқатар өнiмдерге кеден салықтарының ұлғаюына әкелiп соқтыруын алға тартып отыр. Бұған қарамастан екiжақты келiсiмге қол қойылатын түрi бар.

Германия канцлерi Қазақстанға "Набукко" жобасына қосылуы үшiн президент Н.Назарбаевтың келiсiмiн алуға келгенiн де жасырған жоқ. Дегенмен, беделдi канцлердiң бұл ұсынысы жетi рет өлшеп, бiр кесудi қажет ететiн сияқты.

Бiрнеше айлар бойы "Набукко" жобасы әлемдiк сарапшылар мен экономистердiң назарынан түскен жоқ. "Набукко" ең алдымен Каспий аймағынан Еуропаға газ тасымалдауды көздейтiн жоба. Газ құбыры Ресейдi айналып өтiп, Әзiрбайжан мен Гүржiстан арқылы Еуропаға газ тасымалдауға жол ашады. Кейбiр сарапшылар бұл жобаны "антиресейлiк жоба" деп атаған. Жобаға бұлай айдар тағылуының себебi де бар. "Набукко" ресейлiк "Газпром" салып жатқан "Оңтүстiк ағынның" бәсекелесi. "Набукконың" салынуы өз кезегiнде АҚШ және бiрқатар еуропалық алып мемлекттер үшiн аса маңызды екенi айтпаса да түсiнiктi. Сол себептi Еуропа үшiн жобаға Қазақстан мен Түркiменстанның қатысуы ауадай қажет. Еуропа атынан Назарбаевты "үгiттеуге" келген Меркельге Елбасы Қазақстан "Набуккоға" қосылмайтынын, себебi аталмыш жоба тек виртуалды түрде жүргiзiлiп жатқанын айтты. "Қазақстанның "Набуккоға" қосылуы үшiн тым құрығанда екi шарттың бiрiн орындау керек: газ құбырын Каспий түбiмен Кавказ арқылы Қара теңiзге шығару керек, немесе Каспийдiң бiздiң шекарамыздағы жағажайына газды шығару зауыттарын орнату керек. Бұл екi шарттың бiрi бойынша келiссөздерден басқа, ешқандай iс-әрекет жүзеге аспай жатыр" — дедi Н.Назарбаев. Мұнысымен Назарбаев Түркiменстан мен Қазақстан жобаға ресми түрде қосылмай "Набукконың" мүлдем iске аспайтынын меңзесе керек. Сауда-саттық саласында байланыс орнатуда асығы алшасынан түскен Меркельдiң Қазақстанды "Набуккоға" қосу үмiтi ақталмады.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары