YЛЕСКЕРЛЕР YЙЛI БОЛДЫ

YЛЕСКЕРЛЕР YЙЛI БОЛДЫ

YЛЕСКЕРЛЕР YЙЛI БОЛДЫ
ашық дереккөзі
449

Әлемдiк қаржы дағдарысы баспаналы болғысы келген үлескерлердiң үкiлi үмiтiн сөндiргендей болып едi. Әсiресе, Алматы мен Астана қалалары үйсiз қалған үлескерлердiң саны жөнiнен елiмiз бойынша алдыңғы қатарға шықты. Бiрақ Үкiмет дер кезiнде қол ұшын созып, тұрғын үй кешендерiнiң құрылысына жан бiтiруге өзi көмекке келген-тұғын. Нәтижесiнде құрылыс жұмысы тұралап қалған бiрқатар компаниялар өз үлескерiн қуантып жатыр.

Алматы қаласындағы "Ақсел кент" деп аталатын тұрғын үй кешенi баспанасын 4 жыл бойы күткен 1500 үлескерлер үшiн ақ түйенiң қарны жарылды. Олардың бiразына пәтер кiлтiн Тұңғыш Президент- Елбасының өзi табыс еттi. Жыл соңына дейiн тағы 230 пәтер пайдалануға берiлмекшi. Елiмiздегi ең iрi тұрғын үй нысандарының бiрi – "Ақсел кент" кешенiнiң құрамына 65 көппәтерлi тұрғын үй кiредi. Құрылыстың бiрiншi кезегi аясында мердiгер компания 42 үй тұрғызған. Бұл сан келесi жылы тағы өспек. "Ақсел кент" тұрғын үй кешенiне "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорынан 16, 5 млрд. теңге бөлiнгенiн тiлге тиек еткен Нұрсұлтан Назарбаев: "Барлық үлескерлерге қаражат табамыз деп, зейнеткерлер, мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң жалақысын көтерудi жарты жылға доғарып қойдық. Қаражат аспаннан келiп жатқан жоқ. Сондықтан мемлекетке риза болуларыңыз керек" дегендi баса айтты. Ал, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов: "Бүгiнгi таңда бiзде 7400 үлескерлер бар. Оның 4600-i биыл пәтерлi болады. Келесi жылы қалған 2800-нiң мәселесi толықтай шешiледi" деп уәде бердi.

Айтпақшы, Елбасы "Ақсел кент" тұрғын үй кешенiнiң атын "Ақ кент" деп өзгертуге ұсыныс бiлдiрдi. Ал, "Ақсел кент" жобасының жетекшiсi Окан Қаней бұған қарсы бола алған жоқ. "Мемлекет дер кезiнде қол ұшын берiп, алып кешеннiң бiрiншi кезегiн салып бiтiрдiк. Ендi қалған пәтерлердi сатып, ақшасын қайтарамыз. Оны мемлекеттiң өзi қадағалайтын болады", — дейдi ол ағынан жарыла.

"Ақ кент" тұрғын үй кешенi тұтас ықшамаудан iспеттi. Кешеннiң жалпы аумағы 44 гектар. Мұнда 89 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылмақ. Ондағы үш мыңдай пәтер үлескерлерге тиесiлi. Биiктiктерi 9-дан 22 қабат аралығында болатын 58 тұрғын үйге 4220 пәтер кiредi. Оған қоса дербес мектеп пен екi балабақша, емхана, спорт алаңдары мен бассейн, одан қала бердi сауда және ойын сауық орталықтары бой көтеретiн көрiнедi.

"Ақ кент" тұрғын үй кешенiнiң жыл соңына дейiн баспанасыздар мәселесiн шешуге зор септiгiн тигiзетiнi анық. Бұл жағымды жаңалық қалған 3 мыңға жуық үлескердiң де үмiт отын жақты.

Қазақтың басындағы басты мәселе – баспаналы болу. Бүгiнде тiршiлiгi жоқ кейбiр елдiмекен тұрғындары жыл сайын қалаға ағыла түсуде. Олар ерiккеннен емес, күнкөрiс қамымен келiп жатыр. Алайда, баспанасыздар санын арттыра түсетiн мұндай отбасы қалай баспаналы болмақ? Әрине, кезiнде "Өз үйiм — өлең төсегiм" болсыншы деген көптеген отбасы құрылыс компанияларына үлескер боп, ақшасын құйды. Бiрақ тұтқиылдан құйындата келген әлемдiк қаржы дағдарысы олардың iзгi ойларын дер кезiнде жүзеге асыруға кедергi жасады. Халық тығырыққа тiрелген шақта мемлекет үнсiз қалсын ба? Үлескерлердiң басында туындаған мәселенi шешуге Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың өзi араласып, үкiмет мүшелерiне арнайы тапсырмалар жүктедi. Нәтижесiнде баспанадан күдерiн үзе бастаған үлескерлер көп ұзамай қоныс тойын тойлау бақытына ие болуда. Қазақ "Үй болмаса, күй болмайды" дейдi. Әуелгi кезекте жас отбасының, баспанаға мұқтаж жандардың баспанамен қамтамасыз етiлуi — әлеуметтiк жағдайды жақсартып, демографияға серпiлiс жасайтыны айтпаса да түсiнiктi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары