КIНДIК АЗИЯ ҮШIН КҮРЕС
КIНДIК АЗИЯ ҮШIН КҮРЕС
Әлемдiк саясатта Кiндiк Азияның геосаяси маңызы күн санап артып келедi. Аймақтағы тұрақсыздық (Қырғызстан) қана емес, мұнай мен газдың, уранның сарқылмас мол қорының болуы әлемдегi державалардың ежелгi амбицияларына қозғау салғаны аңғарылады.
Ресейдiң жағдайы белгiлi. Кiндiк Азия – бұрынғы посткеңестiк аймақ. Сондықтан онда әлi де Мәскеудiң ықпалы зор. Оған Кеден одағының құрылуын қоссаңыз, мәселенiң байыбы бiрден байқалмақ. Оның үстiне аймақтағы басы даулы болып отырған ел – Қырғызстандағы ресейлiк әскери базаны еске алыңыз.
Аймақтағы саяси амбициясы үлкен мемлекеттiң бiрi – Қытай. Бiреу өлмей, бiреуге күн жоқ, геосаяси маңызы күн санап артып отырған Кiндiк Азиядағы соңғы саяси оқиғалардың астарлы маңызы да соған саяды. Соңғы кездегi Қырғызстандағы оқиғалар жетекшi державалардың Кiндiк Азияға деген қызығушылығын еселей түстi. Дәл қазiр аймақты жетекшi державалардың мүддесi тоғысқан жер деп атауға толық негiз бар. Ресми Пекин үшiн табиғи ресурстарға бай Орталық Азия республикалары ежелден аса маңызды роль атқарады.
Қазiргi Қытайдың Кiндiк Азияға байланысты негiзгi үш мақсаты бар деп пайымдау ләзiм. Әлбетте оның бiрiншiсi – аймақтағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ету. Өйткенi Қытайда "ұйғыр проблемасы" бар. Ұйғыр сепаратизмiнiң көсемi Рәбиа Қадыр ханым қазiр АҚШ-та. Сондай-ақ, Қытайдың бас ауруына айналып отырған ұйғыр сепаратизмi әлемдiк террорлық ұйымдар тiзiмiне iлiктi.
Цин-цзян Ұйғыр автономиялы ауданындағы саяси ахуал Қытайға бiр сәт маза берген де емес. Өткен жаздағы Шыңжаңдағы саяси оқиғалардың жаңғырығы әлi басылған жоқ. Бұл айтып отырғанымыз қазiргi Қытайдың бағыт-бағдарына байланысты ахуал.
Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, әлемдiк энергодағдарыс кезiнде қуат көздерiнiң маңызы өсе түскенi де белгiлi. Экономикасы қарыштап дамып келе жатқан Қытай үшiн әрi бұл – аса маңызды. Мұнайы, газы және басқа да пайдалы қазбасы көп Кiндiк Азия мемлекеттерiнiң дамыған Қытайдың олқы тұстарын толтырары айдан анық.
Былтыр ҚХР төрағасы Ху Цзинь-Тао Кiндiк Азия елдерiн аралады. Қазақстанда, Түркменстанда болды. Өзбекстан президентiмен кездестi. Түркменстан мен Кiндiк Азия – Қытай газ құбырын пайдалану салтанатына қатысып, маңызды келiсiмге қол қойды.
Соның алдында ғана Қытай Мемлекеттiк кеңесiнiң премьерi Ашхабадта болып, Түркiмен газын ұзақ жылдар пайдалануға байланысты келiсiм-шартқа қол жеткiзген. Қазiргi аймақтың дамушы елдерiнде қаржы тапшылығы бары өтiрiк емес. Сондықтан Қытай Орталық Азия мемлекеттерiне жеңiлдiк пайызбен несие бөлу саясатын ұтымды пайдаланып отыр. Оның үстiне сол несиеге игерiлген кен орындарының байлықтары алдағы уақытта тiкелей Қытайға экспортталады.
Қытайдың қазiргi саяси мүддесi – құдiреттi держава есебiнде аймақта жетекшi орынға қол жеткiзу. Алайда оның жолын осы елдермен тамыры, дәстүрi бiр Мәскеу кесiп отырғаны және рас. Кедендiк одақтың құрылуын да соған жатқызуға болады. Ал қиырда жатқан АҚШ ше? Құрама Штаттардың аймақ елдерiне қазiргi ықпалы қаржылық көмектен аспай отыр. Ал Пекин екi бастан "экономикалық ықпалдастық арқылы саяси келiсiмдерге келу" қағидасын ұстанады.
Саясаткерлер Қытайдың Кiндiк Азиядағы қазiргi ықпалы ресейлiктер қол жеткiзген нәтижеге жақындап қалды деген болжам айтады. Оған келiсу де қиын. Дегенмен аймақтағы елдерге Қытайдың тигiзiп отырған әсерi АҚШ пен Еуроодақтан әлдеқайда басым. Оның үстiне таяудағы бес-алты жылда дамыған Қытайдың Орталық Азия республикаларына тигiзер әсерi молая түседi деген гипотезалар айтылып қалады. Алайда оған қарап аймақтағы ресейлiк ықпалды әлсiреп қалады деу де қисынға келмейдi.
Дәл осы тұста тарихи бiр ақиқатты айта кету керек. Саясаттану iлiмiнде "қос құдiреттi саяси жүйе ортасындағы шағын елдiң синдромы" деген қағида бар. Мәселен, соғыскер герман тайпалары мен азулы шығыс славяндар арасындағы католиктiк Польшаны алуға болады. Польша ықылым замандардан берi бiр-бiрiне қарама-қайшы осы екi күштiң арасында "екi түйе сүйкенсе – ортасында шыбын өледiнiң" кебiн киiп келедi. Себебi, қос бүйiрден қысқан құдiреттi күштердiң екпiнiне төзу де қиын.
Сондай-ақ, ХVIII ғасырдың екiншi жартысында қытайлар құртып жiберген, өзiмiзге жақсы таныс Жоңғария мемлекетiн айтуға болады. Қос империяның өзара құпия келiсiмiнiң нәтижесiнде тұтас бiр этностың құрып кеткенiн тарих жақсы бiледi. Осыған орай Шоқан Уәлихановтың мына бiр жазып кеткен ойын да айта кетуiмiз керек. Ұлы Шоқан тарихи Енисей қырғыздарын Алатау қырғыздарынан бөлек этнос есебiнде қарастырады. Шоқанға сенер болсақ "Өз заманында Енисей қырғыздары әжептәуiр iргелi ел болған. Алайда ол жолы да қос құдiреттi империяның астыртын келiсiмдерiнiң нәтижесiнде тұтас құртылып жiберiлуi ықтимал…".
Әрине, жаңа заманда ондай қатердiң жүзеге аса қоюы екiталай. Дегенмен бiр мәселенi есте ұстауымыз керек. Мәскеудегi Шығыс Азияны зерттеу Орталығының директоры Александр Лукиннiң айтуына қарағанда "Пекин белсендiлiк танытқан аймақтарда ресейлiк фактор кездеспейдi…". Аймақ елдерiнiң көбi дәл осы бiр сөздiң астарынан да бiраз нәрсенi аңғарып, сабақ алуы керек сияқты.
Қазiр күн санап күшейiп келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымын әсте естен шығаруға тиiстi емеспiз. Әккi Қытай саясаты осы саяси ұйымды өзiнiң экономикалық мүддесiн жүзеге асыру үшiн тиiмдi пайдалануда. Әрi Пекиннiң бұл әрекетi оңтайлы нәтижелер де берiп отыр.
Алдымен айтарымыз – Кiндiк Азияға байланысты Қытайдың экономикалық мүддесi ерекше. Бұл орайда жүзеге асқан ең iрi шара – Кiндiк Азия – Қытай газ құбырының тартылуы. Түркменстан мен Өзбекстан шекарасынан басталатын құбыр Қазақстан арқылы өтiп, Хоргос шекара бекетiнде тұйықталады. Қос қабат газ құбырының жалпы ұзындығы 1833 шақырым. Оның алғашқы кезегi 2009 жылдың желтоқсанында пайдалануға берiлдi. Ал үстiмiздегi жылдың соңына қарай газ құбыры толықтай iске қосылады деп күтiлуде. Оның негiзгi қайнар көзi – түрiкмен газы. Ал одан әрi қарай Батыс Қытайға тасымалданбақ. Яғни жүздеген миллион Қытай тұрғындарының қажеттiлiгiн өтемек. Газ құбырының өткiзгiштiк қабiлетi жылына 30 млрд.текше метрден асады. Өз есебiн жақсы бiлетiн Қытайдың бақандай 35 млрд.доллар шығындап, аталмыш құбыр жүйесiн тартуы да тегiн емес.
Жалпы, Кiндiк Азия елдерiне қытайлық әсер ету факторы жыл санап артып келедi. Мәселен, аспан асты елi бiр ғана Қазақстан экономикасына 16 млрд. доллар құйыпты. 8,9 млрд. инвистиция, 1 млрд. жеңiлдiк несие, 6 млрд. сатып алынған активтердiң құны. Сондай-ақ, Пекин қазақ жерiнде қара және түстi металл кенiштерiн игеруге де мүдделi.
Ал аймақтағы доминациядан мүдделi елдiң бiрi Өзбекстанға Қытай түрлi мақсаттағы несие бөлiп, бiрлескен кәсiпорындар салуда. Аталмыш маңызды газ құбырының да осы ел арқылы өтетiнiн ұмытпау керек. Iс жүзiнде Өзбекстан мен Тәжiкстан Пекинге геосаяси тұрғыда емес, сауда-экномикалық тұрғыда ғана қажет тәрiздi.
Миллиардтан астам тұрғыны бар алып Қытайды алдағы уақытта газбен қамтамасыз етпек болып отырған Түркменстанның ұстанған позициясы өз-өзiнен белгiлi. Сондай-ақ, Қытай аймақтағы кедей елдердiң бiрi – Тәжiкстанға 8 млн. доллар шамасында несие мен инвестиция бөлiп отыр.
Бiр сөзбен айтқанда, геосаяси маңызы күн санап артып келе жатқан Кiндiк Азияда планетадағы үш құдiреттi державаның да өзiндiк мүддесi бары байқалады. Әрi солардың үшеуi де өз дегендерiне жету үшiн қолдан келгенiнiң бәрiн жасап бағуға тырысады. Қиырдағы АҚШ-ты айтпағанда, Ресей мен Қытай арасындағы осы тұрғыдағы бәсекелестiк айдан анық. Дегенмен Шығыс Азия зерттеу Орталығы директорының жоғарыдағы айтқан сөзi және бар. Яғни "Пекин араласқан салада ресейлiк фактор кездеспейдi-мыс…" Ол да ойландыратын гипотеза.
Аймақтағы қазiргi нақты геосаяси ойын осындай. Күнi кеше құрылып, күшейiп келе жатқан Кедендiк одақ әлi әлжуаз. Аймаққа қызығушылық танытып отырған қытайлық мүдде – мынау. Алдағы уақытта осынау жаңа геосаяси ойынның жаңа нышандарын көрiп қалуымыз да ықтимал…
Өмiрзақ МҰҚАЙ