ЖЕТIМДЕРДIҢ ТАFДЫРЫН ТӘЛКЕК ЕТКЕН

ЖЕТIМДЕРДIҢ ТАFДЫРЫН ТӘЛКЕК ЕТКЕН

ЖЕТIМДЕРДIҢ ТАFДЫРЫН ТӘЛКЕК ЕТКЕН
ашық дереккөзі
312

Прокуратура қызметкерлерi жүргiзген тексеру жұмыстарының нәтижесiнде, 2009 жылы Атырау облысында кәмелеттiк жасқа толмаған балаларды зорлап, қорлаумен айналысқан қылмыскердiң жетiм баланы асырап алғаны анықталған. Облыстың аға прокуроры Нұрлан Өтебалиевтiң мәлiмдеуiнше, кезiнде бүлдiршiндерге қиянат жасауына байланысты темiр қапасқа қамалған азаматтан тиiстi орындар қылмыскердiң өткенi мен қазiргi өмiрi туралы қажеттi құжаттарды талап етпеген. Сондай-ақ, атыраулық мемлекеттiк қызметкерлер ауыр қылмыс жасап, заңды жазасын өтеуден қашып жүрген бiрнеше қылмыскерге де бала асырап алуда "жомарттық" жасапты.

2009 жылы бала асырауға байланысты жалпы саны 198 азаматтық iстi (оның бiреуi шетелдiк азаматқа қатысты) қараған Атырау облыстық соты барлық iске жағымды шешiм шығарған. Демек, 198 жетiм жаңа отбасын тапты. Атам қазақ "жетiм көрсең, жебей жүр" деп бекер айтпаған. Ата-анасыз қалған сәбиге қамқор болу – жүрегi иманға ұйыған әрбiр азаматқа мiндет. Алайда, бала асырап алу iсiне қатысты мiндеттердi атқаратын атыраулық қызметкерлер жетiмдер үйiнен бала алғысы келетiн болашақ ата-анадан түрлi дерттерден сау екендiгiн анықтайтын медициналық құжатты, олардың әлеуметтiк ахуалы, тұрмыстық жағдайы, сондай-ақ, бұрын-соңды сотталып, сотталмағаны туралы анықтаманы талап етуi тиiс екендiгi анық. Өйткенi, аталған талаптар сақталмаса, тағдыры онсыз да тәлкекке түскен көгенкөздiң келешегiне қатер төнуi әбден мүмкiн. Өкiнiшке қарай, атыраулық тиiстi органдар бала өмiрi үшiн аса маңызды саналатын осындай жайттарға салғырт қараған. Бiрнеше заң бұзушылықты анықтаған атыраулық прокуратура өкiлдерi былтыр жаңа туған нәрестелердiң бала асырауға тыйым салынған отбасыларға берiлгенiн, кейбiр ата-анадан қажеттi құжаттар талап етiлмегенiн т.б. анықтады. Ал егер жазықсыз сәбидi асырап алғандардың ақыл-есi кем болса, араққа салынса, токсоикомания, наркоманияға шалдықса немесе АҚАЖ (СПИД), ВИЧ-инфекция сияқты басқа да түрлi жұқпалы ауруларға ұшыраса, не болмақ?

Заң жүзiнде, бала асырап алғысы келетiн отбасының емес, жаңа ортаға баратын жетiм баланың мүдделерi жоғары қойылуы тиiс. Мамандардың айтуынша, бүгiнде асырауға берiлетiн балалардың денсаулығы да қатаң тексерулерден өткiзiлуi тиiс. Өйткенi, қазiр дәрiгерлер баланың денсаулығы туралы дерек бергенде, "тiрi, денi сау" деумен ғана шектеледi. Ал жетiмдер үйiнен үмiтi ақталып шығатын кейбiр ата-ана сәл уақыт өткеннен кейiн баланың денсаулығына байланысты туындаған қиындықтардан кейiн жетiмдi керi қайтарып алуды талап ететiн көрiнедi. Сөз жоқ, бұл сәбидiң психикасына керi әсер етедi.

1999 жылы қабылданған заң бойынша, СПИД, ВИЧ-инфекция, психикасы бұзылған, iшiмдiкке салынған, наркомания, токсикомания, туберкулез, терi ауруларының ауыр түрiне ұшырағандар, 1-2 топтағы мүгедектерге бала асырап алуға тыйым салады. Бiрақ Атырау облысындағы бiрқатар аудандарда болашақ ата-аналар медициналық тексеруден өткенде жоғарыда жазылған шарттар бойынша емес, қарапайым азаматтарға, мысалы, жоғары оқу орнын бетке алған талапкерлерге арналған №086 формасы бойынша тексеруден өткiзiлген. Ал ол құжатта СПИД, ВИЧ-инфекция т.б. ауруларды анықтайтын бөлiмдер жоқ.

Атырау облысының аға прокуроры Нұрлан Өтебалиевтiң айтуынша, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетiнiң басқармасы тарапынан берiлуi тиiс анықтаманы бiрде бiр аудан талап етпеген. Мемлекеттiк қызметкерлердiң осындай немқұрайдылығының кесiрiнен 4 бiрдей бала ауыр қылмыс жасаған және заңды түрде жазасын өтеуден қашып жүрген отбасыларға түскен. Сорақысы сол, сәбилердiң бiреуiн бұрын кәмелеттiк жасқа толмаған балаларды зорлаумен айналысқаны үшiн 9 жылға бас бостандығынан айырылған бiреу асырап алыпты…

Өкiнiшке қарай, бүгiнде балалы болғысы келетiн отбасылардың барлығы бiрдей материалдық жағдайы туралы деректердi ашық және жария түрде беруге мүдделi емес. Азаматтардың кейбiрi жалақысы мен айлық табысын көрсетуде жалған ақпарат беруге ұрынған. Бұл келеңсiздiктi де жетiм баланы асырауға беретiн тиiстi органдар емес, Атырау облыстық прокуратура қызметкерлерi анықтаған. Аталған заң бұзушылықтар бiр ғана Атырау облысына тән. Ал прокуратуралық тексерулер бүкiл Қазақстан бойынша қайта жүргiзiлсе, көрсеткiштердiң едәуiр жоғарылайтыны анық. Үстiмiздегi жылдың басында ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi тарапынан берiлген ресми деректерге жүгiнсек, қазiргi таңда ата-анасыз қалған 42 494 көгенкөз бар. Олардың 27 378-i қамқорлыққа алынған. Жетiмдер үйiндегi балалардың саны – 15 116. Былтыр 2773 бала ел аумағында асырауға берiлсе, 2009 жылы бұл көрсеткiш 3044-ке жеткен. Демек, жетiм балаларды асырап алуға бұрынғыдай тек шетелдiк азаматтар ғана емес, қазақстандықтар да белсендi. Алайда, қанша отбасындағы сәбидiң бақытты өмiр сүрiп жатқаны бiр Аллаға ғана аян. Өкiнiштi, әрине…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары