АСТАНА АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАНЫДЫҚ

АСТАНА АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАНЫДЫҚ

АСТАНА АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАНЫДЫҚ
ашық дереккөзі
270

Алыс шетел қазақтары деп аталатын Түркия және Еуропа қазақтарында Қазақстан және оның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше орны бар. Өйткенi, олар Түркия және Еуропа елдерiнде Қазақстан тәуелсiздiк алғанға дейiн өздерiнiң қай ұлт екендерiн түсiндiре алмай қиналатын. Себебi бұл елдерде қазақ деген халық көп мәлiм емес едi. Өзiм 1988-1995 жылдар арасында Германияда өмiр сүрдiм. "Қай ұлт боласыз?" деп сұраған немiстерге "қазақпыз" дегенде "ол қай ұлт, монғол ма, татар ма?" деп тағы сұрап, қазақ деген халықты өмiрде бiрiншi рет естiп тұрғандарын аңғартатын.

Ал Түркияда болса, олар да қазақ халқын онша бiлмейтiн. Егер қазақ деген халық атын бiрен-сараң естiгендер бар болса, олар көбiнесе бауырлас қазақ халқын емес, кезiнде Ресей армиясының құрамында болып Осман патшалығымен соғысып жүрген орыс казактарын бiлетiн. Екiншiден, түрiк тiлiнде "қазақ" деп әйелiне мықты, айтқанын орындататын еркектi айтады екен.

1991 жылы Қазақстан тәуелсiздiк алып Түркия және Еуропа елдерiмен байланыс орнатқаннан кейiн ғана олар қазақ деген халықты және оның Қазақстан деген отаны бар екенiн бiлдi. Әсiресе ол кезде Қазақстан президентi халықаралық iс-шараларымен жақсы танымал болды. Сондықтан еуропалық елдерде "қазақпыз" дегенде бұрынғысы сияқты "ол қандай халық?" деудiң орнына "иә бiлемiз, Назарбаев, Қазақстан" дейтiн болды.

1992 жылы болу керек, Ыстамбұлда тұратын анам, Динахан айтады: "Бiр күн көшедегi нан, тағы бiрдеңелер сататын шағын дүкенге барсам, ондағы сатушы "Қазақ дегендi ендi түсiндiк. Сiздер жылдар бойы қазақпыз, қазақпыз деп келдiңiздер. Түсiнбедiк. Сөйтсек, Қазақстан деген елдерiңiз бар екен ғой. Сiздердiң кiм екендiктерiңiздi ендi түсiндiк" дептi. Түрiк халқы Қазақстан тәуелсiз ел болғаннан кейiн бiздi түсiндi ғой. Адамның өзiнiң ұлтын түсiндiре алмайтыны жанға бататын едi."

Бүгiндерi алыс шетелдерде қазақпын деген сөзге таңырқап отырған ешкiм жоқ. Әркiм қазақ деген халықты бiлетiн болды. Тiптi бiр кездерi қазақ деген қай халық деген еуропалықтарға Қазақстанның 2010 жылы Еуропаның Қауiпсiздiгi және ынтымақтастығы ұйымында төрағалық етуi бiздерге үлкен мақтаныш және қуаныш. Қазақстан бiр ел үшiн қысқа уақыт саналатын 19 жыл iшiнде қазақ атын танытып қана қоймай, өзiн мойындатып та отыр.

Мұның барлығы әрине, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, көреген саясаттарының арқасында iске асып отыр.

Түркиялық қазақтардың екiншi мақтанышы – Астана қаласы. Ол да Елбасының көреген саясатының арқасында салынған әсем қала. Мұның мән-маңызы ерекше. Қазақстан Астана сияқты заманауи сәулеттi қала салу арқылы дос-дұшпанға, бүкiл әлемге Қазақстанның қуатты да мәдениеттi ел екенiн көрсетiп бердi. Қазақ халқы Түркi халықтар iшiнде көшпелi мәдениеттi соңғы ғасырларға дейiн жалғастырған халық ретiнде даралануда. Бүгiнгi түрiк тарихшыларының көпшiлiгi қазақ халқының тұрмыс-салтын зерттемей, көне Түркiлердi жақсы түсiну мүмкiн емес деген бiз айтып жүрген қағиданы мойындауда.

Демек, бүгiнгi Түркiлер iшiнде қазақтар дала мәдениетiнiң бiрегей жалғастырушысы. Ал қазақтар ХХI ғасырда дала мәдениетiне қоса, қала мәдениетiн де жақсы меңгергенiн Астана қаласын салумен әлемге паш етiп отыр. Бұл өте маңызды. Өйткенi көшпелi мәдениет бiздiң көне Түркiлерден келе жатқан асыл мұрамыз. Бiрақ бүгiнгi заман отырықшыл мәдениеттiң заманы. Сондықтан қазақ халқының болашағы отырықшыл мәдениетте. Онсыз заманға iлесе алмай қаламыз. Құдайға шүкiр, бiз қазiргi таңда дала мәдениетi мен қала мәдениетiн бiрдей жете меңгерген дара халық ретiнде бүкiл адамзат тарихына әлдеқашан енiп кеттiк. Мұның барлығына Аллаға мың бiр шүкiршiлiк деуiмiз керек. Осы күнгi жетiстiктер әрине, қазақ халқының жетiстiктерi. Халқымыз өз iшiнен Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы жетекшiсiн шығара бiлдi. Бүгiн түрiк елi оны жақсы бағалап өзiнiң астанасы Анкараның төрiнде ескерткiшiн қойып отыр. Әлемде бiрiншi рет бiр елдiң басқа бiр елдiң билiк басындағы президентiне ескерткiш қойып отырған осы құбылыс бiр жағынан екi бауырлас елдiң әлемге үлгi боларлық достық байланыстарының айғағы болса, екiншi жағынан түрiк елiнiң қазақ президентiне деген үлкен ықылас-құрметiнiң белгiсi. Сонымен қатар мұны тек билiк басындағы түрiк саясаткерлерiнiң құрметi деп бағаламау керек. Түрiк халқының, зиялы қауымының да Елбасына деген үлкен құрметiнiң болғанын айту керек. Мәселен, түрiк ғалымы профессор Орхан Қауыншы осы ескерткiштiң Анкарада орнатылуына байланысты жазған мақаласында "Назарбаев 70 жасқа ғасырларды сыйғызған адам" деп Қазақстан Президентiне деген жоғары құрметiн атап көрсетiп отыр. Түрiк зиялыларының көпшiлiгiнде Назарбаевқа деген осындай құрметтi байқауға болады.

Сонымен сөзiмiздi қорыта айтар болсақ, алыс шетел қазақтары бүгiндерi қазақ деген халықтың кiм екенiн айтып, түсiндiрiп қиналмауда. Өйткенi, қазақ халқын әлемге данқты етiп жүрген Нұрсұлтан Назарбаев сынды дана жетекшiсi және әлемге үлгi ретiнде көрсетерлiк тамаша Астанасы баршылық.

Әбiдуақап ҚАРА, Мимар Синан көркем-өнер

университетiнiң профессоры,

Ыстамбұл

Серіктес жаңалықтары