АДАСҚАН ЖҰЛДЫЗДАР...

АДАСҚАН ЖҰЛДЫЗДАР...

АДАСҚАН ЖҰЛДЫЗДАР...
ашық дереккөзі
448

Ғ.Мүсiрепов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық балалар мен жастар театрында маусым айының 25-26-сы күндерi жазушы Нұрғали Ораздың "Адасқан жұлдыз" драмасының премьересы болып өттi. Қойылым режиссерi — Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi Балтабай Сейiтмамытұлы. Қоюшы-суретшiсi — Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерi Серiкқан Омаров.

Адасқан жұлдыз… Қойылымның алғаш болып тұсауын кесуге келген көрермендердiң ойында "Жұлдыздар неге адасты?" деген сауалдың қылаң бергенi жасырын емес. Таңдандық һәм қызықтық. Қойылым арқылы биiк мақсаттың жетегiнде арман қуып қалаға келген арманшыл жастардың баспанасыз, үйсiз-күйсiз қиын тiршiлiк тынысына куә болдық. Тек бұл жолы әртiстер өзгенiң өмiр жолын сомдап емес, сахнадан тысқары өмiрдегi өздерiнiң қиын да тауқыметтi тағдырларынан сыр шертiп, жүрек түкпiрiндегi қарапайым адам ретiндегi ой-армандары мен мақсат-тiлектерiн ешқандай бүкпесiз ашық түрде көрерменiне жайып салды.

— "Спектакльдiң көтерiп отырған жүгi өте ауыр, — дейдi қоюшы-режиссер Б.Сейiтмамытұлы. — Негiзгi тақырып жас мамандардың әлеуметтiк мәселесi, оның iшiнде бiздiң, яғни актерлар өмiрiнiң тыныс-тiршiлiгi, олардың тұрмыстық жағдайы, күнкөрiсi. Пьеса негiзiнен 90-жылдардағы мәселелердi көтердi дегенмен, сол кездегi жағдайдың қазiргi хал-ахуалымыздан аса көп айырмашылығы жоқ. Шүкiр, қоғамымыз бүгiнде көркейiп, өсiп, дамып жатыр. Халқымыздың әл-ауқаты да жақсы. Алайда, театрға әлi де көзқарас онша емес. Сондықтан осы пьеса арқылы театрдың iшiндегi өнер адамдарының жанайқайын сахнада көрсетiп, үлкен мәселе ретiнде көтергiмiз келдi. Дәл қазiр бiздiң театрда өнер көрсететiн әртiстердiң 80 пайызы жастар. Олардың ешқайсысының үйi жоқ. Билiк басындағылар рухани жағдайға дұрыс қарамайды. Ал, өнер деген мемлекеттiң бiр қанаты сияқты ғой. Ол — ұлттық идеологиямыздың қуатты құралы. Театр — халықтың рухани азығы, бiздiң мәдениетiмiз деймiз. Бiрақ, сол руханиятымызға деген жанашырлық әлi де салқын. Дап-дайын қойылымды тамашалай сала, оның олқылықтарын тiзбелеп, бiрден сын айтуға дайын тұратын көпшiлiк те бүгiн әртiстердiң зейнетiнен бейнетi көп, үздiксiз iзденiстi талап ететiн тынымсыз өмiрлерiне куә болады. Бұл — бiздiң сахна сыртындағы боямасыз өмiрiмiз.

Сондай әдiлетсiздiктерге төзбеген жаны нәзiк өнер адамдары таңдаған бағытынан жаңылып, түзу жолдан адасып жатады. Оған Ержанның (Әсет Иманғалиев) арпалысқа толы қасiреттi тағдыры куә. Әсiресе, қойылымда Қадырғазы Қуандықов сомдаған егде жастағы актер Мұсатайдың образы өте сәттi шыққан. Актер Мұсатай бейнесi арқылы, оның өз атақ-даңқын пайдаланып, талай таланттың тағдырына балта шапқан пасықтығы арқылы тамыр-таныстық, жағымпаздық сияқты қоғам дертiнiң кейбiр шындықтарын көрсетуге тырысқан.

"Менiңше, әр театрдың өзiнiң ылығы да, былығы да болады. Жалпы, өнер дегеннiң өзi тартыстан тұрады. Шынайы өнер бар жерде адал бәсеке де болуы керек. Десек те, көп жағдайда пенделiкке салып, адамшылыққа жатпайтын әрекеттерге барып жатады кейбiреулерi. "Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды" демей ме?! Әсiресе, жастарға үй беру, атақ беру мәселесiнде үлкендер өздерiнiң беделдерiн пайдаланып, көпшiлiгiнiң алдын орап кетiп жатады. Адал өнер бәсекесi бар жерде бәрi де ретiмен болуы керек қой. Барлығы болмаса да, сол реттi бұзатын адамдар бар. Осы тұрғыдан автор мәселенi дөп басқан",— дейдi қойылымда режиссердiң рөлiн сомдаған әртiс Ербол Садырбаев.

Ал, ендi пьесадағы қайыршы болып ойнау жолында үздiксiз iзденiп, тiптi базарға барып қайыршы да болып көрген Ержан (Ә.Иманғалиев) тағдыры мүлде бөлек. Театр ордасынан тiршiлiк ортасына топ ете қалған жас актер өз өмiрiнiң ертең-ақ осындай күйге түсетiнiн бiлмек түгiлi, тiптi де ойламаған едi. Алайда, өмiрде орын алып жататын сан түрлi әдiлетсiздiктер жас жiгiттiң асқақ армандарын астаң-кестең етедi. Атақ пен абыройға, халқының ыстық ықыласына бөленiп жүрген талантты актер бiр-ақ сәтте қайыршы болып шыға келедi. Қойылымдағы шиеленiстi оқиғалардың аяғы соңында Ержанның тағдырын көздi ашып-жұмғанша тас-талқан еткенiн көргенде жап-жас актердiң осы бiр талайсыз тағдырына жаныңыз ашып, ерiксiз көзiңiзге жас келедi. Әттең…

Ержанның да өзiндiк арманы бар болатын. Ол арманы қап-қап ақша, не болмаса атауынан ат үркетiн атақ-даңқ емес, тiптi кейбiрулердiкiндей орындалуы қиын, болмаса мүлдем орындалмайтын тiлек те емес едi. Ержанның бар тiлегенi — отбасымен жарасты өмiр кешiп, жанұясының жылуын сезiнiп, өз отын түтететiн қарапайым ғана баспана едi.

…Иә, ендi оның актер болғысы келмейдi!…

"Ержан бейнесi алыстан ат терлетiп iздеп, қиналып iзденетiн образ емес. Бұл — бiздiң қазiргi өмiрiмiз. Дегенмен, қойылымның дайындығы барысында режиссердiң айтуы бойынша базарға барып, қайыр тiлеп отырмасам да, шет жағынан байқап, қайыршылардың iшкi жан-дүниесiн зерттеп көруге тырыстым. Берiлген рөл маған үлкен жауапкершiлiк жүктедi. Өйткенi, көтерiлiп отырған мәселе жалғыз Ержанның басындағы жағдай емес, бүкiл қазақ елiнiң театрларындағы, қала бердi барлық мамандық саласындағы проблема десем де болады. Қазiр жастарымыздың көбi баспанасыз жүр. Қиналып жүрген актерларымыз да бар. Сол кiсiлердiң өз өмiрлерiн көз алдыларына көрсетiп, барынша шынайы сомдауға тырыстым". Бұл — Ержанды сахналаған жас актер Ә.Иманғалиевтiң пiкiрi. Ал, актердiң базардағы қайыршы "әрiптесiнiң" рөлiн ойнаған Сәния Ерзатқызы қойылымды қою барысында өзiнiң түйгенiмен былайша бөлiседi: "Осы рөлдi сомдау барысында өзiмнiң түйсiнген, сезiнген нәрсем, тағдырдың қанша тәлкегiне ұшыраса да адам өмiрде күреске тоймайды екен. Қойылымға iздену үстiнде мен соны ұғындым. Қайыршы әйелдiң, күрескер ананың рөлiн берген кезде кейiпкерiмнiң баласы мүгедек деп алып, сол ананың тауқыметiн, мұң-зарын сезiнiп, соны көрерменiме де жеткiзгiм келдi. Алла сақтасын, бiрақ, менiң сомдаған образыммен тағдырлас аналарымыз көп қой қазiр. Ал, ондай жандар күреске ешқашан тоймайды. Баласының тағдыры, бақыты үшiн бәрiне де барады".

Бұл — актердiң емес, өмiрдiң бар қиыншылығымен күресiп үйренген қайыршының, үйiндегi баласы үшiн неден болса да аянбайтын ананың сөзi. Театрда өнер көрсетпейдi демесеңiз, бұл кейiпкер тағдыр сахнасында өз рөлiн сомдап жүрген өмiрдiң өзi тәжiрибеден өткiзген дап-дайын әртiс. Олар сомдаған образ тым қасiреттi болғанымен, шынайы. Өкiнiшке қарай, мұндай әртiстер бiздiң қоғамда аса көп. Және оған бүгiн сахналанып жатқан қойылымда көтерiлген әртiстердiң театрдан тыс өмiрлерiндегi "рөлдерiн" қосып қойыңыз…

Ал, режиссердiң образын ашқан актер Е.Садырбаевты көрерменi бұл жолы мүлдем басқа қырынан таныды. Үнемi комедиялық рөлдердi ойнап келген әртiс жаңа кейiпкердiң бейнесiн ашудағы өз әсерiн: "Қиын болған жоқ деп айта алмаймын. Өйткенi, осыған дейiн тек комедиялық рөлдердi ойнап келдiм. Сол күлдiргi образдан шығып, бiрден салмақты режиссердiң рөлiне ауысу бiраз iзденiстi қажет еттi. Жасыратыны жоқ, iзденiс барысында кейiпкерiмнiң бейнесiн негiзiнен режиссерiмiз Б.Сейiтмамытұлының характерiнен алдым. Ол кiсi актермен жұмыс жасауды бiледi. Мен де қойылымдағы Ержанмен дәл солай жұмыс жасадым. Мысалы, мен Ержанға: — Сен батырлардың рөлiн ойнап, әбден үйренiп қалғансың, ал бұл қайыршының рөлi. Екеуiнiң арасы жер мен көктей. Сондықтан шынайы шығар, — деп талап етемiн сахнада. Дайындық барысында Балтабай аға маған тура солай жасады.

— Бұл қылжақтап, күлдiретiн рөл емес, салмақты да салиқалы режиссердiң образы. Комедиялық ойыннан алшақ кет. Сенiң қолыңнан келедi, тек жауапкершiлiкпен қара! — деп сенiп тапсырғаннан кейiн, сол сенiмнен шығуға тырыстым. Өмiрден алған осы тәжiрибем қойылымдағы режиссер образын ашуда көп септiгiн тигiздi. Сахнада Ержанға режиссер ретiнде "былай жаса, былай жаса!" деп жатқаным — ол менiң дайындық үстiнде өз басымнан өткерген дүниелерiм" — деп жеткiзедi.

"Адасқан жұлдыз" — жазушы Нұрғали Ораздың драматургия саласындағы алғашқы туындысы. Пьеса оқиғасы негiзiнен осыдан он жыл бұрынғы жағдайды көрсетедi дегенiмiзбен, мәселе бүгiнге дейiн өз өзектiлiгiн жоймаған. Осы орайда автор: "Негiзгi мақсат — өнер адамдарының тағдырын көрсету болды. Жас актерлар, жазушылар, ақындар өмiрлерiн бiржола шығармашылықпен тоғыстырып, үлкен арман қуып қалаға келгенiмен, алғашқы кезде баспана мәселесiнен бастап, тағы басқа көптеген тiршiлiктiң қиыншылықтарына тап болады. Әсiресе, бүгiнгi кезде сол қиыншылықтар тiптi ушығып кеттi. Әлi күнге дейiн шешiмiн таппай келе жетқан осы мәселенi өнер адамдарының тағдырымен байланыстырып сахнада көрсету арқылы өнердiң, руханияттың қоғам үшiн қаншалықты қымбат екенiн айтқымыз келдi", — дейдi.

Бiреудiң сыры бiреуге жыр болып көрiнедi. Десек те, бүгiнгi қойылым әртiстер өмiрiнiң көрерменiне ұсынған бiр үзiк сыры, әлеуметтiк тұрмыс қиыншылығынан шыққан жанайқайы. Шетсiз-шексiз ғаламдағы монтанақтай ғана Жер-Ананы жалпы адамзат қауымының үйi десек, театр — бар өмiрiн сахнада өткiзетiн әртiстер үшiн үлкен үй, киелi қарашаңырақ. Сол шаңырағына адал болу — әрбiр өнер иесiнiң парызы деп те жатамыз-ау. Ал, үлкен үйге лайықты қызметтi талап етпес бұрын, ең алдымен кiшкене баспанасының жағдайы жасалуы керек. Олай болмаған күнде, Ержан тағдыры кез келгенiнiң басына түсуi әбден мүмкiн. Қойылымнан осылай деп ой түйдiк.

Назерке ЖҰМАБАЙ

Серіктес жаңалықтары