Кедендiк одақ: КОДЕКС КYШIНЕ ЕНДI
Кедендiк одақ: КОДЕКС КYШIНЕ ЕНДI
Бүгiннен бастап Кедендiк одақтың Кедендiк кодексi күшiне енедi. Бұл құжатты Қазақстан мен Ресей 28-мамырда ратификациялаған болатын. Ал, Кедендiк одаққа мүше Белоруссия Кедендiк кодекстi ратификациялауды әлi кейiнге қалдырып келедi.
Беларусь парламентiне Кедендiк кодекс 8-маусымнан жатыр. Бiрақ, Паралмент оны қарауға асығар емес. Оның өзiндiк себептерi бар. Белоруссия осы Кедендiк одақтың негiзiнде мұнай және мұнай өнiмдерiн және газды кедендiк баж салығынсыз өткiзудi талап етiп отыр. Ал Ресей Кедендiк одақтың талаптары кейбiр мәселелерде жүрмейтiндiгiн айтады. Соның бiрi Белоруссияға тасымалданатын мұнай және мұнай өнiмдерi. Белоруссия мен Ресей арасындағы газ текетiресiнiң салдарынан, Беларусьтер өз территориясы арқылы Еуропаға тасымалданатын газ құбырын жауып тастады. Ресей тарапы басқа жолды iздеп әлек. Сондай-ақ, "Газпром" Белоруссияны 190 миллион доллар кедендiк баж салығын төлемедi деп айыптаса, Белоруссия осы құбыр арқылы өткен газ тасымалына Ресей 260 миллионға қарыз дейдi. 8 маусымда Ресей газеттерi Белоруссияның Кедендiк одақ бойынша 12 кедергiнi көлденең тартып отырғандығын жазды. Бұл 12 кедергi Белоруссия экономикасына кәдiмгiдей зардап шектiредi делiнген онда. Соның ең бастысы ретiнде – мұнайдың экспорттық баж салығы, Белоруссияға тасымалданатын Ресей газының бағасының тым қымбаттығы айтылады.
Өткен дүйсенбiден "Газпром" Белоруссияға тасымалдануға тиiс газды 15 пайыздан шектей бастаған. Сәрсенбiде шектеу деңгейi 60 пайызға жеткен. Ресей тарапы Белоруссияның газдың шаршы метрне 150 доллар төлеп келгендiгiн айта отырып, 192 миллион доллар қарызын өтеудi талап етiп отыр. Ал, келiсiм шарт бойынша төленуге тиiстi сома бұжан әлдеқайда жоғары болатын. Белоруссия Ресейдiң қарызын бейсенбiде өтедi. Бiрақ, өздерi газ тасымалы үшiн 260 миллион доллар қарыз екендiгiн мәлiмдесе, "Газпром" Белоруссияның жыл басынан орындалған жұмыстарды қабылдап алу актiсiн жасамағандығын айтып отыр. Бейсенбiде "Газпром" Белоруссия арқылы өткен газ транзитi үшiн 228 миллион доллар төледi. Олар бұны 100 шақырымға 1 мың шаршы метрiне 1,45 доллар көлемiнде жасап отыр. Ал, Беларусь жағы: «Биыл бұл баға 1,88 долларға жеттi»– дейдi.
Сөйтiп жаңа заң кез келген мемлекеттен әкелiнетiн тауарға қойылатын шарттарды тек Қазақстан мен Ресей үшiн ғана бiртектендiредi. Бұл ретте ресейлiктердiң экономикасы беки түспесе, ұтары шамалы.
Кедендiк кодекстi жасау барысында кездескен ең басты қиыншылық жеке адамдардың автокөлiк тасымалына қатысты болғаны белгiлi. Ресей- мен, Қазақстанмен салыстырғанда Беларусьте кедендiк баж салығы анағұрлым төмен болған. Осы мәселе төңiрегiндегi дау-дамай әлi толастамай келедi. 2020 жылы барлық Кедендiк одаққа мүше мемлекеттер үшiн жеке тұлғалардың автокөлiгiне салынар баж салығы Ресейлiк баж салығымен теңестiрiлетiн болады. Егер машиан Белоруссия мен Қазақстан арқылы Ресей аумағына әкелiнетiн болса, онда ресейлiк баж салығы бойынша сатылатын болады. Ал, әзiрге бұл елдердiң кедендiк баж салығы өз деңгейiнде қалады.
Егер, бұрын жекелеген тұлғалар шеттен 35 килограмға дейiнгi жүктi тегiн әкеле алатын болса, бүгiнде оның салмағы – 50 килограммға жеттi. Ал, әкелiнетiн тауардың құны 1,5 мың еуродан аспауы керек. Егер, сырттан тасымалданатын жүк осы деңгейден асып кететiн болса, онда тауар құнының 30%-ына дейiн салық салынады. Бiрақ, ол бiр килограмына 4 еуродан төмен болмауы керек.
P.S. КЕДЕНДIК ОДАҚ ЖАЙЛЫ ҚАРАПАЙЫМ ТҰТЫНУШЫНЫҢ ТҮСIНIГI ҚАНДАЙ? ОСЫ ТӨҢIРЕГIНДЕ ӘРТҮРЛI МАМАНДЫҚ ЖӘНЕ КӘСIП ИЕЛЕРIНIҢ АРАСЫНДА САУАЛНАМА ЖҮРГIЗIП КӨРГЕН ЕДIК.
Әбдiрасыл (құрылысшы):
– Кедендiк одақ егемендiгiмiзге қатер төндiредi дегендi жиi айтып жүр ғой. Мұндай күдiктiң болғанының өзi Кедендiк одақ қанша пайдалы десе де, одан бас тарту керектiгiн байқататын секiлдi.
Айгүл (мұғалiм):
– Негiзi Кедендiк одақ арқылы Кеңестiк одақ орнатылады дегенге онша сене алмаймын. Себебi қазiр заман өзгердi. Елiмiз бұрынғыдай тығырыққа тiрелген, жан-жақтағы жаулардан әбден әлсiреген ел емес қой.
Талғат (жүргiзушi):
– Теледидардан сөйлеген Мусин 85 млн. доллар пайда түседi дейдi ғой. Пайдасы түссе түсетiн шығар. Әлi көп уақыт бола қойған жоқ. Бәрi де болашақта белгiлi болады.
Бауыржан (студент):
– Бұл одаққа қарсымын. Отандық тауарға зияны тиедi. Отандық тауар дамымай қалады.
Асқар (дәрiгер):
– Кедендiк одақ құрылғалы өзгерiс бар деп айту әлi ертелеу. Бiрақ болашақта үш ел арасындағы сауда-саттық дамып, елiмiз Белоруссия мен Ресейден жақсы тәжiрибе жинақтап, технологияларын меңгерiп, жаңа сатыға көтерiледi деп ойлаймын.
Олжас (студент):
– Бұл одақ Қытайдың ықпалынан аз да болса арылуға көмектеседi деп ойлаймын. Осы одақты пайдаланып, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiргенiмiз дұрыс.
Гүлмира (саудагер):
– Кедендiк одақты қолдаймын деп айта алмаймын. Орыстар онсыз да бiзден шикiзат алып, оны өзiмiзге қайтадан екi есе бағасына сатып отыр емес пе? Ал, бұл одақ орыстардың бiзге ықпалын арттырып, отандық тауарларымыз орыс тауарларының көлеңкесiнде қалып қоятын секiлдi.
Ғалия (мұғалiм):
– Баспасөзден Глазов деген бiреудiң осы одақ арқылы 2017 жылы Кеңестiк одақ орнатпақшы деген пiкiрiн көзiм шалып едi. Кедендiк Одақсыз бұрындары да күн көргенбiз. Мұндай нар тәуекелдiң қажетi жоқ. Кедендiк Одақты мүлдем қолдамаймын.
Сауалнаманы жүргiзгендер: Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Айнұр АҚЫНБАЕВА