Ахметжан ҚАДЫРОВ: СПЕКТАКЛЬДI «ТЕАТР ТIЛIНДЕ» ҚОЮ КЕРЕК

Ахметжан ҚАДЫРОВ: СПЕКТАКЛЬДI «ТЕАТР ТIЛIНДЕ» ҚОЮ КЕРЕК

Ахметжан ҚАДЫРОВ:  СПЕКТАКЛЬДI «ТЕАТР ТIЛIНДЕ» ҚОЮ КЕРЕК
ашық дереккөзі

Оны Әуезов театры мен Балалар мен жасөспiрiмдер театрының премьераларынан жиi көремiн. Пьесаның сапасы, режиссурасы, актерлар ойыны туралы пiкiрiн ашық та, әдiл айтады. Көзқарасын байыпты жеткiзедi. Өзi: "Қазақ театрлары туралы көп жаздым" дейдi. Расында да, солай. Ұлттық театрды биiкке көтерген қазақтың хас таланттары жайлы көп жазды.

Белгiлi театр сыншысы Ахметжан Қадыровпен болған әңгiмемiзде театр сыны, бүгiнгi режиссура, драматургия жайлы ой өрбiтпек болғанбыз. Бiрақ әңгiмемiз театрға қатысты басқа да мәселелерге ойысып кеттi. — Бүгiнде "театрдың директоры көркемдiк жетекшiнi басқарады" деген пiкiр бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды? — Театрда директор мен көркемдiк жетекшiнiң әрқайсысының өз мiндеттерi бар. Егер театрдың директоры мен көркемдiк жетекшiсi келiспей, араздық туып жатса, онда театр құлдырайды. Екi басшының арасындағы араздық театрды әлсiретедi. Бұл актерларға де керi әсер етедi. Актер үшiн өнерден мансап, қызмет жоғары тұрса, онда ол шығармашылық тұрғыдан әлсiрейдi. Актер мен режиссерлердiң арасында табиғатынан басқарушылық қабiлетi бар адамдар болады. Театрды сондай адамдар басқаруы керек. Ал, тым әсершiл, қызуқанды өнер адамының театрды басқаруы қауiптi. — Сiз театр сыншысысыз. Таяуда ғана Ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдiк жетекшi қызметiнiң тiзгiнiн ұстадыңыз. Әдетте көркемдiк жетекшiлiкке режиссерлер тағайындалады ғой… — Соңғы жылдары Ұйғыр театрының шығармашылық жұмысы нашарлап кеттi. Театр репертуарында жүрiп жатқан спектакльдердiң көпшiлiгiнiң сапасы сын көтермейдi. Театр ғимаратына бес жыл күрделi жөндеу жүргiзiлдi. Бұл аз уақыт емес. Осы жылдар аралығында театрдың жеке ансамбльдерi жиi концерттер қойып, спектакльдер өте сирек көрсетiлдi. Спектакль қою үшiн кең сахна, жарық, декорация қажет. Күрделi жөндеу жүргiзiлiп жатқан театр ғимаратында спектакль қою мүмкiндiгi шектеулi едi. Ұйғыр театрында шығармашылық құлдыраудың басталғанын осыдан бес жыл бұрын жарық көрген "После третьего звонка" атты кiтабымда жазған болатынмын. Ұйғыр театрындағы қордаланған мәселелер Мәдениет министрiнiң де назарын аудартты. Сәуiр айында Мәдениет министрлiгiнен келген комиссия Бас режиссер лауазымын қысқартып, оның орнына Көркемдiк жетекшi лауазымын бекiттi. Мәдениет министрiнен келген өкiл Мұрат Ерғалиев: "Аха, бiздер, комиссия мүшелерi ойласа келе, көркемдiк жетекшi қызметiне сiздi тағайындауды жөн деп таптық. Сiз де театр маманысыз. Театрдың қайнаған ортасында жүрсiз. Театрдың көркемдiк жетекшiсiнiң тiзгiнiн өз қолыңызға алсаңыз" деп ұсыныс айтты. "Жасым келген менi қайтесiңдер?" деп едiм, "Марқұм Әзiрбайжан Мәмбетов сексендi алқымдағанша Астана театрының көркемдiк жетекшiсi қызметiн атқарды. Өзiңiзбен замандас Рубен Андрисян да қарттыққа мойынсұнбай, қызметiн iстеп жүр" деген соң ойланып қалдым. Мен режиссер емеспiн, сондықтан спектакль қоймаймын. Менiң мiндетiм: пьесаларды қабылдау, спектакльдiң сапасына жауап беру. Репетицияда актерлардың ойынына қатысты өзiмнiң пiкiрiмдi бiлдiремiн. Театрдағы актерлардың көпшiлiгi өзiмнiң шәкiрттерiм. Осы тұрғыдан келгенде шығармашылық құраммен тiл табысып, жұмыс iстеу қиын емес. Былтыр театр жетпiс бес жылдық мерейтойын тойлауы тиiс едi. Бiрақ… театр iшiндегi тартыстар мен басқа да мәселелерге байланысты тойланбай қалды. "Время" газетi Ұйғыр театрындағы шиеленiскен жағдай туралы үлкен мақала жариялады. Әрине, бұл актерлардың психологиясына әсер етпей тұрмайды. Бiздiң ұжым өте талантты. 60-80-жылдарды қазақ театрының шарықтау кезеңi десек, осы жылдар аралығында Ұйғыр театрында да мәдени құбылысқа айналған талай спектакльдер қойылды. Сексенiншi жылдары Әзiрбайжан Мәмбетов Ұйғыр театрында "Анарханды" қойды. Мәскеуге гастрольдiк сапармен барғанымызда аталмыш спектакльдi көрсеттiк. Татардың "Анамның ақ көйлегi" пьесасын ұлттық театрлар фестивалiне алып барғанымызда қазылар алқасы жоғары бағалап, екi жүлделi орын алдық. Татарлар тiптi разы болды. Өзбектiң "Келiндер көтерiлiсi" пьесасы театр репертуарында ұзақ жүрдi. Өзбектер бiзге гастрольдiк сапармен келгенде, қойылымды көрiп, "өте жоғары деңгейде қойылған спектакль" деп разы болды. Бас рөлдi Раушангүл Илахунова ойнап, шеберлiгiмен көрермендi тәнтi еткен. Шекспирдiң "Отелласына" көрермендер билет таппайтын. Отелланы Ахмет Шамиев өте жоғары деңгейде ойнады. Пайымдауымша, актерлардың шығармашылық деңгейi өте жоғары болып, режиссерлердi басып тастады. Тiптi актерлар "мынандай режиссермен жұмыс iстей алмаймыз" деп ашықтан ашық айта бастады. Режиссерлердiң кемшiлiгi: басқа театрға бармайды, өзге режиссерлердiң спектаклiн көрмейдi. Жақсы спектакльдi ғана емес, тiптi нашар спектакльдi де көру қажет. Спектакль неге нашар? Режиссурасы ма, әлде пьеса ма? Осы сауалдарға режиссер жауап iздеуi керек емес пе?! — Қартайдым дейсiз. Жасыңыз нешеде? — Қазан айында жетпiс беске толамын. — Театрдағы дау-дамайдың бiр ұшы театр директорына да тиiп жатқаны анық. Ұйғыр театрының директорының ұйымдастырушылық қабiлетiн қалай бағалайсыз? — Әдiлжан Жанбакиев — өте талантты, бiлiмдi азамат. Өнерде өз орны бар композитор. Оның директор болғанына көп болған жоқ. Екi жыл. Қабiлеттi жiгiт. Театрға келгелi екi спектакльге музыка жазды. "Африкадан келген күйеу жiгiт" спектаклiне жазған музыкасы қойылым табиғатымен үндеседi. Сәттi жазылған музыка. — Әрбiр мекемеде қызғаныштан бiреудi бiреу сүрiндiрiп жатады. Әдетте шығармашылық ортаға қабiлеттi, дарынды адамдардың сiңiп кетуi қиындау. Әсiресе, интрига, талас-тартыс театрларда жиi белең алған… Неге? — Шығармашылық адамдары эмоциясын iрке алмайды. Қызуқанды актерлар айтарын айтып тастап, "ендi не iстейсiң?" деп қарап отырады. Мемлекеттi басқару үшiн салқынқандылық қажет. Ал, актер салқынқанды болса, ол рөлiн табиғатына сiңiре алмайды. Актерге айналадағы болып жатқан құбылыстың бәрi әсер етедi. Егер ол сезiмсiз болса, сахнада көрермендi сендiре алмайды. Актерлардың жүрегi нәзiк. Сондықтан да олар лирикалық бейнелердi сомдайды. Бiреудiң мұңын, трагедиясын жүрегiне қабылдайды. Трагедиялық кейiпкерлердi сомдап, сахнада күңiренедi. — Ұйғыр театрында режиссерге зәрулiк болса, онда неге өзге театрлардан режиссерлер шақырмайсыздар? — Бұл мәселенi қолға алып жатырмын. Есмұқан Обаев спектакль қоюға дайындықты бастап кеттi. Есмұқанды бiр адамдай жақсы бiлем. Интеллектiсi жоғары, талантты режиссер. Кеше Асанәлi Әшiмовке хабарласып, спектакль қоюға шақырдым. Рубен Андрисянды да шақыру ойымда бар. Атағы мен беделi бар бұл кiсiлердiң спектакль қоюы бiздiң театрға бiр жағынан жақсы жарнама. Әрбiр театрдың өзiнiң бағыт-бағдары болады. Ұлттық бет-бейнесi болады. Бiздiң театрда аударма пьесалар жиi қойылады. Әрине, аударма пьесалар керек. Бұл аты айтып тұрғандай Ұйғыр театры болғандықтан, ұлттық пьесалар жиi қойылуы тиiс деп ойлаймын. Театр репертуарында "Анархан", "Ғерип-Сәнәм" секiлдi ұйғырдың классикалық пьесалары жүргенiмен, режиссурасында айтарлықтай жаңалық жоқ. Тағы бiр мәселе: Анарханды, Сәнәмды ойнайтын актрисалар жоқ. Бүгiнгi режиссура әлi сол баяғы алпысыншы жылдардың деңгейiнен аспай жатыр. Рас, Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, Нұрқанат Жақыпбай секiлдi жаңашыл режиссерлер бар. Марқұм Қайрат Сүгiрбеков өзiне тән қолтаңбасы бар режиссер едi. Жалпы режиссерлердiң денi ескi сүрлеудi шиырлап жүр. Әзiрбайжан Мәмбетовтiң режиссурасын қайталаудың қажетi жоқ. Бүгiнгi көрерменнiң талғамы, дүниетанымы өзгерген. Мәмбетовтың режиссурасы өз заманында құнды едi. Мәмбетов – сөз жоқ, ұлы режиссер. — Ал, драматургия саласынан жаңашылдық байқайсыз ба? — Әкiм Таразидiң "Махамбет" пьесасын оқығанымда, бүгiнгi драматургияның заңдылықтарын меңгергенiн байқадым. Бiзге сондай драматургия керек. Ұйғыр театры "Махамбет" пьесасын қазақ тiлiнде сахналап, Махамбеттiң мерейтойына арналған театрлар фестивалiнде жүлделi орынды иелендiк. Тарихи тақырыптарға қазақ драматургтерi жиi қалам сiлтеп жатыр. Ұлтты қалыптастыру жолында қан төккен хан, батырлар туралы, әрине, жазу керек. Бiрақ тарихи пьесалар жаңаша бағытта жазылуы тиiс. Абылайхан туралы Әбiш Кекiлбаев, Сәкен Жүнiсов, Маман Байсеркенов жазды. Иә, олар хан Абылайды ғана емес, қолбасшы, философ, саясаткер Абылай ханды танытты. Менiң көзқарасым бойынша, олар ескi стильмен жазды. Үшеуi де. — Сiз орыстiлдiсiз. Қазақ тiлiн және өзiңiздiң ана тiлiңiз – ұйғыр тiлiн бiлесiз бе? — Қазақ тiлiнде және ана тiлiмде ауызекi сөйлеймiн. Ойымды орыс тiлiнде еркiн жеткiзе алғандықтан, орысша жазам. — Сыншы болып, ұтқаныңыз бен ұтылғаныңыздың арасалмағы қандай? Шындықты жаза алмаған сәтiңiз болды ма? — Қазақ театрларын Ұйғыр театрынан әлдеқайда көп жаздым. Қазақстан — кiндiк қаным тамған Атамекенiм. Осы жерде сыншы болып қалыптастым. Қазақ театрларының жетiстiгiне қуанып, кемшiлiгiне қынжылдым. Жергiлiктi орыс, немiс, кәрiс театрлары туралы да көп жаздым. Театр сыншысы, бейнелеп айтқанда, сынған әйнектiң үстiнде жалаңаяқ жүрген адамдар. Бiздердiң досымыз жоқ. Бiздер ешкiмдi дұшпан көрмеуiмiз мүмкiн. Әлдебiр актердiң кезектi бiр рөлiне сын айтайықшы, ол iштей жауыға бастайды. Көрген жерде көзiн алартып, тiсiн қайрайды. Сыншы режиссер мен актерден әлдеқайда көп бiлуi тиiс. Егер бiр жерден қателессең, олар сенi ешқашан сыйламайды. Әрбiр спектакльдiң әдеби нұсқасымен таныс болмасаң, қиын. Әдебиеттен ғана емес, философия, музыка, живопись өнерiнен де жақсы хабарың болуы керек. Сыншы да спортшылар секiлдi бiр формада жүруi керек. Әйтпесе, актер сенi бiр тыңдайды, екi тыңдайды, сосын "сен де сөйлейдi екенсiң" деп қолын бiр сiлтейдi. Кейбiр кәсiби деңгейi жоғары, бiлiмдi режиссерлер, мысалы, Атабаев секiлдi, қуланып әр нәрсенi айтып отырып, сыншыларды зерттеп отырады. Бiрде Мұхтар Әуезов театрында "Юлий Цезарь" спектаклiн тамашалап отырып, басты рөлдегi Тұңғышбай Жаманқұловтың кесек бiр монологын тастап кеткенiн байқадым. Театртанушылардың ешқайсысы тiс жармады. Тұңғышбайға, "Цезарьдың кесек бiр монологын тастап кеткенiң не?" дедiм. Ол өз қателiгiн мойындады. Баспасөз беттерiнен сыни мақалаларымды оқитын болса керек, әртiстер сахна сыртынан залда отырған менi көрiп, "Ахметжан Қадыров келiптi. Спектакль туралы газетке жазатын шығар" деп әбiгерленiп қалады екен. Әрине, бұл маған ұнайды. (күледi). Екiншi жағынан ауыр. Актердiң ренiшi, өкпесi жанымды ауыртады. Бiзде пендемiз. Алты ай дайындалған еңбегiн бiреу жоққа шығарып тастаса, бұл кiмге ұнайды? Сыншының "түгенше жақсы ойнады, болмаса нашар ойнады" деп жалаң айтуға құқы жоқ. Пiкiрiмiздi актер өз қателiгiн мойындап, өз қателiгiнен сабақ алатындай дәлелдi жеткiзуiмiз керек. Әрбiр сыншының өз шындығы болады. Ол шындық пендешiлiктен биiк тұруы тиiс. Өнер академиясын бiтiрiп жатқан театртанушылар көп, бiрақ шын мәнiнде, театртанушы болып қалыптасқан мамандар аз. — Актердi бақылап отырғанда ең бiрiншi назарға ненi аласыз? — Актердiң көзiне қараймын. Көзiнде ой жоқ актер рөлiн шынайы ойнай алмайды. Ол массовкаға шықса да, сахнаға не үшiн шыққанын бiлмей, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. — Сiздiңше, Қазақстандағы орыс театрлары қазақ драмасын қоюға неге ынта танытпайды? — Бүгiнде қазақ театрлары Шекспирдiң пьесаларын Мұхтар Әуезовтiң аудармасымен қояды. Себебi, Шекспирдiң ақ өлеңмен жазылған пьесаларын Мұхаң өте терең, сәттi аударған. Қалихан Ысқақтың аудармасымен Петропавлдың орыс театрында "Ұлпан" драмасы қойылды. Драматург "Ұлпанды" орыс тiлiне өте терең аударған. Өкiнiшке қарай, орыс тiлiне аударылып жатқан қазақ пьесаларының аудармасы нашар. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi кәсiби драматургтер аудармамен айналыспайды. Себебi, оларға төленетiн қаламақы мардымсыз, еңбектерiне арзымайды. Үкiмет аудармашылар түгiлi драматургтерге де дұрыс қаламақы төлемей жатыр. Сiз бiлесiз бе, Ғабит Мүсiреповтiң "Қозы Көрпеш-Баян сұлуын" алғаш рет Ұйғыр театры сахналаған. Ол кезде Ғабең жас қой, бәлкiм, қазақ театрларына беруге жүрексiндi ме екен, әлде, аты белгiсiз драматургтiң пьесасы тартпада жатып қалды ма, кiм бiлсiн? Ұйғыр театрының сол кездегi Бас режиссерi Виктор Дьяковтың қолына бұл пьеса кездейсоқ түседi. Дьяков пьесаны театр ұжымына оқып бергенде, бәрi ұнатып, "жақсы пьеса екен, сахналау керек" дейдi. Дьяков "Қозы Көрпеш-Баян сұлудың" авторын – Мұхтар Әуезов деп ойлапты. 1937 жылдың наурыз айында, Ұйғыр театрында Ғабеңнiң "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" пьесасы қойылады. Баянның рөлiн – Салима Саттарова ойнайды. Спектакльдi көркемдiк кеңестiң назарына ұсынғанда Мұхтар Әуезов "Бұл пьесаның авторы мен емес, Ғабит Мүсiрепов" дейдi. "Қозы Көрпеш-Баян сұлуды" қараша айында Шымкент театры, желтоқсанда Семей театры сахналайды. Бұл тамаша пьеса Қазақтың Бас театрында қырқыншы жылдары қойылады. Соғыс жылдарында Ұйғыр театры Шелекке көшкенде, Ғабең Салима Саттарованы қазақ театрында қалуға үгiттейдi. Қазақ театрында ол Баян, Ақтоқты бейнесiн сомдайды. Алпыс төртiншi жылы Балалар мен жасөспiрiмдер театрына ауысады. — Салима Саттарованың ұлты ұйғыр ма? — Иә. Қазақ жiгiтiне тұрмысқа шыққан. Ұйғырдың талантты қызы өмiрiнiң соңына дейiн Жастар театрында жұмыс iстедi. Байдiлдә Қалтаев, Салима Саттарова, Қасым Жәкiбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Әмина Өмiрзақова, Чапай Зұлқашевтар Жастар театрын биiкке көтердi. Олар спектакль алтыда басталса, театрға үште келiп, өз беттерiнше дайындалатын. Қазiргi жастар театрға спектакль басталардан он бес минут бұрын келiп, асығыс гримденiп, сахнаға шыға салады. Спектакль бiте салысымен, тойға кетедi. Асабалық қызметiн атқарып келiп, Отелланы, Гамлеттi ойнайды. Театрға спектакль көру үшiн академик, дәрiгер, заңгер келедi. Парасат-пайымы жоғары олар шынайы өнер мен халтураның аражiгiн ажырата алады. Актердiң ойынына сенбеген көрермен екiншi рет театрға келмейдi. Түсiнем, аз жалақымен жан бағу қиын. Жастар әдебиеттi, театр теориясын бiлмейдi. Талантын теориямен ұштастырмаған актер ешқашан өспейдi. Сонда қайтпек керек? — Бәсе, шынында да, сонда қайтпек керек? — Станиславский актердiң мiндеттерiн жазып келiп, соңында, "актер өнер жасауы үшiн, оған жағдай жасалуы керек" деген. Әртiстерге үкiмет тарапынан қамқорлық керек. Аш құрсақ жүрген актер театрды емес, әрине, бiрiншi өлмеудiң қамын ойлайды. Әртiстердiң жалақысы аз. Әсiресе, үйi жоқ, пәтер жалдап, көшiп-қонып жүрген жас актерларға қиын. — Соңғы жылдары өзiңiз көрген жаңалығы бар, көркемдiгi жоғары спектакльдi атай аласыз ба? — Әуезов театрының репертуарында жүрiп жатқан "Апат" және "Ымырттағы махаббат" спектакльдерiнiң көркемдiгi жоғары. Бұл екi спектакльдегi Асанәлi Әшiмовтiң кейiпкерлерi екi бөлек әлем. Бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайды. Әшiмов ойыны менi көрермен ретiнде қатты толқытты. Болат Атабаевтың "Қыз Жiбегi" жаңалығымен ұнады. Қайбiр жылы Жастар театрында Есмұқан Обаев қойған "Ай тұтылған түн", Нұрқанат Жақыпбай қойған "Жан азабы" спектакльдерi ұнаған болатын. Марқұм Бәйтен Омаровтың Петропавл театрында сахналаған "Ұлпан" мен Әуезов театрында жүрiп жатқан "Әпке" спектакльдерiнiң режиссурасын жоғары бағалаймын. Орыс театрында Рубен Андриасян қойған "Король Лирге" тұщындым. Кәрiс театрының "Сказания о Чун-Хян" спектаклi де маған ой салды. Оразбек Әлiмбек пен Ерсайын Тәпеновтiң режиссурасын жоғары бағалаймын. Кезiнде Жанат Хаджиевтiң Жезқазған театрында қойған "Қозы Көрпеш-Баян сұлуы" мен "Абайы" театр өнерiнде мәдени құбылыс тудырған. Абайдың жүз елу жылдық мерейтойына арналған Театр фестивалiнде Жанаттың "Абайын" көрген Жақып Омаров: "Аха, мына спектакльден соң маған театрдан кету керек шығар" деп едi. Сонда Жақыптың әрiптесiнiң жетiстiгiне шын қуанғанына, адами тазалығына қатты разы болып едiм. — Ciздерде көрермен аудиториясы туралы мәселе жоқ па? — Қазақ театрларының көрермендерi көп. Байқауымша, олар бiр пьесаны екi не үш рет қайталап көредi. Себебi, қазақ театрында жаңашыл режиссерлер спектакль қойып жатыр. Ұйғыр театрының көрермендерi спектакльдi бiр көрген соң, қайта келмейдi. Көрермендi театрға тарту үшiн жаңашыл спектакльдер қою керек. Әлемде жалғыз ғана Ұйғыр театры бар. Ол осы Алматыдағы Қ.Қожамияров атындағы музыкалық комедия театры. — Қытайда жоқ па? — Жоқ. Қытайда ұлттық ансамбль бар. Сол ансамбльдiң құрамында спектакльдер қойылып тұрады. Кәсiби Ұйғыр театры Қазақстанда ғана бар. — Софокл, Шекспир, Чехов, Европид, Брехт, Гауптман, Гоголь, Островский — мәңгiлiктiң жалына қол артқан драматургтер. Бiзде мәңгiлiк тақырыпқа жазылған, әлем театрларының сахнасында жүруге лайықты драматург бар ма? — Қандай да бiр ұлттың драматургiнiң әлем театрларының репертуарында пьесасының жүруi авторды ғана емес, ұлттың да мерейiн өсiредi. Кеңестiк кезiнде бiздер ұлт мүддесiн ойлағанымыз жоқ. Бiрде, Қазақстан КСРО-ның құрамында болған кезде iссапармен Мәскеуге ұштым. Әуежайда менiң төлқұжатымды тексерген кiсi: "Ұйғыр деген ұлт бар ма?" деп бетiме таңқала қарады. КСРО кезеңiнде бiздер, бәрiмiз Кеңес адамдары болдық. Бәрiмiздiң "мүддемiз бiр" едi. КСРО құрамындағы ұлттардың ұлттық мәдениетi ұмыт қалды. …Қайбiр жылы Каирда ұлттық театрлардың эксперименттiк спектакльдерiнiң фестивалi өттi. Сонда Қазақстаннан қазақ театрлары да, ұйғыр театрлары да қатысты. Бiр қиыны: фестивальге қатысқан спектакльдердi көруге келген көрермендер Әуезовтiң, Мүсiреповтiң тiлiн түсiнбедi. Бiрақ… олар Шекспирдiң тiлiн түсiнген секiлдi. Себебi, Шекспирдiң пьесаларын әкелген театрлардың спектакльдерiнде сөз аз, әрекет басым. Әуезов пен Мүсiреповтiң пьесалары әлем театрларының сахнасында жүруге лайықты. Әуезов Шекспирдiң, Гогольдiң пьесаларын қазақ тiлiне аударды. Ғажайып аударма! Себебi, Шекспирдi қазақтың ұлы жазушысы Әуезов аударып едi. Бүгiнде Әуезовтi журналистер аударып жатыр. Қарабайыр аударма кiмге керек? Театрға ма? Жоқ! Көркемдiгi әлсiз аудармаларды оқыған орыстар: "Мынау қазақтардың мақтанышы Әуезовтiң пьесасы ма?" деп қабылдамайды. Әуезовтi түсiнетiн, тiлi бай, шынайы жазушы аударуы керек. Бүгiнде театр өнерiнде жазылмаған бiр заң бар: әрбiр ұлттың классикалық пьесасын, көркемдiгi жоғары драмасын "театр тiлiне" аудару керек. Бәлкiм, Әуезовтiң шығармаларын пластикалық қимыл-қозғалыс негiзiнде қою керек шығар?! Сонда ағылшын да, француз да, өзбек те, тәжiк те түсiнуi мүмкiн. Өз басым, Болат Атабаев пен Нұрқанат Жақыпбаевтың спектакльдi пластикалық тұрғыда қоюын жақсы қабылдаймын. Себебi, олардың спектакльдерiн көрермен "қай тiлде, түсiнем бе?" деп ойламайды, олардың спектальдерi барлық ұлтқа түсiнiктi. Өйткенi, олар спектакльдерiн "театр тiлiнде" қояды. — Адамдармен қарым-қатынас жасағанда "мына адам жақсы адам" немесе "мына адамның маған достық ниетi жоқ" деп тартынып сөйлесесiз бе? — Адам iшкi түйсiгiмен өзiнiң айналасындағы адамдардың өзiне деген көзқарасын сезедi. Кейбiр адамдар саған ешқандай жамандық жасамаса да, ол адамды ұнатпай тұрасың. Антипатия. Оны тiптi бұза да алмайсың. Кейде ол адаммен жақын араласа келе, өзiңнiң ол туралы жаман ойға берiлгенiңдi ойлап, қысыласың. Станиславский жас кезiнде сахнаға массовкаға, Ермолова Жанна Д,Аркты ойнаған спектакльге қатысады. Сонда Станиславский күнделiгiне "Ұлы актрисамен бiр сахнада жүргенде өзiмдi ұлы сезiндiм" деп жазыпты. Бiр данышпанның "Мәдениеттi, ойлау жүйесi ерекше адамдармен араласа бастағанда, өзiңдi жақсы жағынан өзгере бастағаныңды сезiнесiң. Ақымақ адамдармен араласа бастасаң, өзiңдi ақымақ сезiне бастайсың" дегенiн оқып едiм. Осы сөзде шындық бар. ҚазГу-де Әуезовтiң лекциясын бiр рет тыңдап, қанаттандым. Ғабит Мүсiреповпен көзi тiрiсiнде бiрнеше рет пiкiрлестiм. Өлерiнiң алдында Ғабең үйге телефон шалды. "Аха, Қадыр Жетпiсбаев "Қыз Жiбектi" ұйғыр тiлiнде телефильм етiп түсiрмек едi. Сiз көркемдiк кеңесшi болсаңыз…" деп тiлек бiлдiрдi. Классик жазушының менi сыншы санап, ұсыныс жасағанына қатты қуандым. Өкiнiшке қарай, қуанышым ұзаққа созылмады. Ғабең көп ұзамай дүние салды. Содан соң Қадыр да өмiрден озып, бұл iс аяқсыз қалды. Айтайын дегенiм, осындай мәдениеттi, айтары бар, тұлғалармен сөйлессем, шабыттанам. — Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен Аягүл МАНТАЕВА