ОТТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖIРЕСI
ОТТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖIРЕСI
Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО Қарулы Күштерiнде 4 орталық, 19 майдандық және флоттық, 103 армиялық газет, ал ұлттар тiлiнде 50 газет шығып тұрды. Оның iшiнде қазақ тiлiнде 10 майдандық, 3 дивизиялық, 1 округтiк газет жарық көрдi. Олар – "Қызыл әскер ақиқаты", "Қызыл Армия", "Жауға қарсы аттан", "Отанды қорғауда", "Суворовшы", "Қызыл Армия", "Майдан ақиқаты", "Отан намысы үшiн", "Отан күзетiнде", "Отан үшiн ұрысқа", "Дабыл", "Сталин туы", "Фрунзешi" және басқалар.
1942 жылдың қараша айының 12-сiнен бастап, 34 дербес армияда және 10 майданда қазақ тiлiнде бiрнеше әскери газеттер және Саяси Бас басқарманың жанынан "Үгiтшi блокноты" шыға бастады. Майдандық қазақ газеттерiнiң редакторлары болып Қасым Шәрiпов, Құрманбек Сағындықов, Үмiт Балқашев, Ахмет Елшiбеков, Кәрiм Усманов, Жұбан Молдағалиев, Ысқақ Дүйсенбаев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбiлев, Газиз Әбiшев, Әнуар Ипмағамбетов, Жолдас Аймұратов, Шынықұл Қарамергенов сияқты белгiлi журналистер тағайындалды. Сөйтiп, қазақ баспасөзiнiң сапына отты жылдар шежiресi — майдан газеттерi келiп қосылды.
"Майдандық қазақ газеттерi туралы түскен көптеген пiкiрлердiң бiрiнде бiр топ қазақ жауынгерлерi мен офицерлерi былай деп жазды: "Майданның қазақ газеттерi бiздiң мақтаныш сезiмiмiздi бұрынғыдан да жоғары көтердi. Газеттер бiзге қазiр қызу жұмыс жүрiп жатқан алыстағы туған өлкемiзден, қаламыздан, ауылымыздан хабар әкеледi. Сондықтан да бiздiң солдаттық жүрегiмiзге қазiр әскери газеттердiң әрбiр сөзi қымбат".
Майдандық газеттердiң сарғайған, оқ тескен, жыртылған беттерi — қазақ жауынгерлерiнiң Ұлы Отан соғысындағы өшпес даңқына, ерлiгiне толы. Оларда қазақ халқының батыр ұлдары мен қыздары — Төлеген, Сұлтан, Ағадiл, Нүркен, Мәлiк, Талғат, Рахымжан, Төлеуғали, Әлия, Мәншүк, Алтыншаш, Мәлике, Хиуаздардың ерлiктерiн оқимыз. Сондай-ақ фашист басқыншыларын әшкерелеген сықақтарды, өлеңдердi, әңгiмелердi кездестiремiз. Қалам қайраткерлерiнiң газет бетiндегi жалынды лебiзi қаһарман халқымыздың намысын сiлкiндiрiп, елдiкке, ерлiкке шақырғанында дау жоқ.
Қан майданға арналған көптеген өлеңдер, от-жалын ортасында жүрген ақындар қаламының шығып, сол кездегi орталық, республикалық, майдандық баспасөз бетiнде жиi-жиi жарияланып тұрды. Әсiресе "Отан үшiн ұрысқа!", "Жауға қарсы аттан!", "Дабыл", "Отан үшiн", "Қызыл әскер ақиқаты", т.б. қазақ тiлiнде жарық көрген газеттерден ақындар өлеңдерi басылмаған саны кем де кем.
Мемлекеттiк Қорғаныс комитетiнiң бұйрығы бойынша, басқа республикалардағы сияқты Қазақстанда да бiрнеше ұлттық бригадалар құрылды. Солардың бiрi — 1941 жылы 5 желтоқсанда Алматыда құрылған 100-шi дербес қазақтың атқыштар бригадасы. Бригаданың "Сталин үшiн алға" газетiнiң редакторы капитан Қасым Шәрiпов едi. Ол соғыстан кейiн ұзақ жылдар "Социалистiк Қазақстан" газетiнiң (қазiргi "Егемен Қазақстан") редакторы, ҚазТАГ-тың директоры болды. 100-бригадада бiрге болған жауынгер жолдастары жайында "Қатардағы қаһарман" және "Қаруластар" деген екi кiтабы жарық көрдi.
Редакция құрамында әдеби қызметкерлер Жекен Жұмаханов пен Диқанбай Қосанов, әрiп терушiлер Досқали Есентаев пен Абдолла Қабиров, баспашы Алексей Гаврин, жүргiзушi Михаил Букреев болды. Газеттiң бiрiншi нөмiрi 1942 жылдың 24 мамырында шықты. "Немiс оккупанттарына өлiм келсiн!" деген жолдар бар. Ал төменгi жағында: "Н.Құрамасының Қызыл әскер газетi". Бөлiмнен сыртқа шықпасын: оқып шық та жолдасыңа бер" деген сөздер бар. Маңызды мәселенiң бiрi газет төңiрегiне белсендiлер тобын ұйымдастыру болды. Бұл жөнiнде штаб комиссары Ғайса Дүйсенбекова, саяси бастығы Әбдiрахман Досанов, бөлiм қызметкерлерi Асқар Закарин, Қажымұрат Әлжанов, Балпан Төлебаев, Дүйсен Ерiмбетов, Абзал Жәкiшев, Егемқұл Тасанбаев көп көмек көрсеттi. Газеттiң авторлары ретiнде Тәжен Елеуов, Мәулен Исин, Әкентай Халимолдин, Жүнiс Бегiмбетов сияқты офицерлер, Әуеш Қошмағамбетов, Ысқақ Шәукенов, Кәрiм Тәшенова, Мұхит Әкiмжанов, Смағұл Көшекбаев сияқты кiшi командирлер үнемi мақала жазып, атсалысып тұрды. Жауынгерлерден құралған тiлшiлердiң саны елуден асты. Бұлардың iшiнде мақалалармен қатар өлең жазатындар да аз болмады. Әзiлхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Нәдiр Сәрсембаева, Жүсiп Баталов, Төребек Тоқмағамбетов сияқты он сегiз-он тоғыз жас ақындарды бүкiл бригада мақтаныш еттi.
Үшiншi батареядағы взвод командирi кiшi-лейтенант Қажым Көшековтi бүкiл бригада жауынгерлерi бiлетiн. Ол Алматыда Коммунистiк журналистика институтын ойдағыдай бiтiрген, республикалық "Лениншiл жас" (қазiргi "Жас Алаш") газетiнiң редакторы болған. Ол бұрын қаламымен қайрат көрсетсе, ендi қаруымен ерлiк танытты.
…Қасиеттi жер дiрiлдедi. Жаудың төбесiне оқ жаудырылды. Дұшпанның екi взводы қиратылды. Балқыған металл жексұрын басқыншылардың парша-паршасын шығарды. Молодой Тудтың оң жақ шетiндегi үлкен шiркеуге қарай ұмтылған бiздiң атқыштарымызға жол ашылды. Артиллеристер ұзап бара жатқан жаяу әскерлерден қалыспай, iлгерi жылжи бердi. Командир Көшеков кiдiрiп қалған бiр зеңбiректiң қасынап жүгiрiп барды да, оны ашық позицияға шығарып, көздеушiнiң орнына өзi отыра қалып, фашистердi тура атқылай бастады. Бiрақ сол мезетте ол жау снайперiнiң көзiне iлiнiп оққа ұшты. Құлаған жерiнен қайта көтерiле алмай зеңбiректiң қалқанына әрең сүйенiп отырып "жiгiттер алға"… дедi. Бұл оның соңғы сөзi едi". Көшековтың қаза табуы бүкiл бригаданы күйзелттi. Майдандық газетте Әзiлхан Нұршайықовтың "Өсиет" деген өлеңi басылды. "Қызыл Жұлдыз" орденiнiң кавалерi Қажымның өсиетi: "Алға қарыс бассаң да, сүйем кейiн шегiнбе! Әдет жоқ ондай тегiнде". Содан берi Көшековтың қансырап жатып, жауынгерлерге айтқан үш жол өсиетi газеттiң шекесiнен — шпигелiнен түспейтiн болды. Бұл өсиет сөз бригаданың қазақ халқының хатына жазған жауабына да жазылды.
1943 жылдың 5 мамырында "Сталин үшiн алға!" майдандық газетi тiлшiлерiнiң және әскери бөлiмшелерде шығарылатын "Жауынгерлiк листоктардың" редакторлары бригада штабы тұрған селоға шақырылды. Баспасөз күнiне арналған жиналыс өттi. Жиналыста ең белсендi әскери тiлшiлерге, үздiк редакторларға құрама командирiнiң арнаулы бұйрығымен алғыс жарияланды. Алғыс алғандардың iшiнде сержант Әзiлхан Нұршайықов, сержант Мәншүк Мәметова, аға сержант Мырзағали Үсаев, кiшi сержант Мағауия Қалиев, жауынгер Бейсенбек Мұстафин, старшина Сабыр Баймұратов, лейтенант Қаби Нұрмағамбетов, капитан Шазада Әтеева болды. Бұл тiзiмде ең алдымен сержант Нұршайықов есiмiнiң аталуы өте орынды деп есептелдi.
Сержант Нұршайықов тек тiлшi ғана емес, қатаң тәртiп ұстайтын зеңбiрек командирi екен. Сондықтан да ол Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығы бойынша бригада жауынгерлерiнiң iшiнде бiрiншi болып "Қызыл Армия үздiгi" белгiсiмен наградталған. 1943 жылғы көктемде редакцияға Жамбылдың "Балама хат" деген өлеңi түседi. Бiр жерiнде ақынның майдандағы Алғадай деген ұлының аты аталды. Тегiнде өлең Алғадайға ғана емес, майдандағы барлық қазақ жауынгерлерiне арналған. Өлең бригада газетiне басылды. Әскери құрама басшылығы Жамбылға хат арқылы жауап беру керек деп ұйғарды. "Хат өлеңмен жазылсын, мұны бригада ақыны Әзiлхан Нұршайықов жазатын болсын" деген шешiм қабылданды. Өзiне жүктелген жауапты тапсырманы Нұршайықов үш күнде орындап шығады. "Атамыз Жамбыл ақынға" деген ұзақ өлеңде жаяу әскер Қарабек Бұрышевтың, артиллеристер Әбдiрахман Баймурзин мен Мырзаби Ерназаровтың, бригада мергенi Ыбырайым Сүлейменовтың және басқалардың ерлiктерi баяндалды. Хаттың ең соңында осы ерлердiң есiмдерiн Жамбылдың өз жырына қосуын тiлек етiп, аяғын былай аяқтаған:
Сұм фашистi, атажан,
Қарыс сүйем iлгерi,
Бастырмаймыз, жеңемiз!
Сiз арқылы халыққа
Осылай серт беремiз!
Қош болыңыз қарт ата,
Ұсындық, мiне, қолымыз!
Талай жылдар тағы да
Сау-сәлемет болыңыз.
Ұлдарыңның жеңiсiн,
Көзiңiзбен көрiңiз.
Асыл сөзбен ерлердi
Елге жырлап берiңiз!
Хатқа 100-атқыштар бригадасының командирлерi мен жауангерлерiнiң, саяси қызметкерлерiнiң атынан 25 адамның қолы қойылып, Қазақстанға жiберiлдi. Екi айдан соң Жамбылдың "Жүз жасаған жүректен" деген өлеңi келiп, ол бригадалық газетте жарияланды.
Ел басына күн туған шақта азамат жүгiн арқалаған мыңдаған қыз-келiншектер уақыт сынынан, тарих талқысынан сүрiнбей өттi. Аяғына солдат етiгiн, үстiне солдат киiмiн киiп, Отанымыздың астанасы Мәскеуден Берлинге дейiн шеру тартты. Шынтуайтқа келгенде, Рейхстагта желбiреген Қызыл туда қазақ әйелдерiнiң де даңқ жолы, ерлiк дастаны баршылық. Оны бiр мақала түгiлi, бiр кiтапқа да сыйғызу мүмкiн емес.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Армиясы қатарында 800 мыңнан астам әйел жауынгерлер болды. Соңғы құжаттық мәлiметтерге қарағанда, Қазақстаннан майданға 5875 қыз-келiншек аттанған. Олар самолетпен майданға самғады. Танк жүргiздi, барлауға барып, ұрыс даласында мергендiк көрсеттi. Мергендер мектебiн бiтiрген әйелдер 50 мыңнан астам жаудың көзiн жойды.
Қазақстандық қаһарман қыздар жорық жылдарында қайыспады, майданда ер жiгiттермен иық тiрестiре ұрыс салды. Автомат шүрiппесiн нәзiк саусақтарымен саспай басып, оқ боратса, граната тұтқасын қыса ұстап, жауға лақтырды. Сөйтiп, айбарлы жауға ажал отын септi. Соның бiр айғағы ретiнде "Жауға қарсы аттан" газетiнiң (9 наурыз, 1944 ж.) "Жауынгер Кеңес әйелдерiнiң даңқы арта берсiн!" атты ортақ тақырыппен берiлген топтама материалдарын мысалға келтiруге болады. Аға лейтенант Асқар Закариннiң "Мәншүк" деген мақаласында Кеңестер Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлiк iстерi баяндалған. Невель қаласы үшiн болған шайқастың алғашқы бiр күнiнде Мәншүк өзiнiң күнделiгiнде: "августың 20-ы күнi немiс жауыздарының екеуiн өлтiрдiм, бұл бiрiншi адым деп жазып қойдым", делiнген. Әсiресе, Мәншүктiң 14 қазан күнi кескiлескен ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлiгi айна-қатесiз жазылды. Содан кейiн "Қазақтың қайратты қызы ауыр жараланып, сүйiктi "Максимдi" құшақтап қаза тапты. Оның пулеметтен атқан оғы фашистiң жетпiстен астам солдаты мен офицерiнiң көзiн құртып, жаудың бiрнеше қайтара жасаған шабуылын тойтарды, сөйтiп, бiздiң жауынгерлерге жол ашты. Оның жанын қиып қорғаған қаласы Невельдiң Приамур көшесi мен Торфяной бұрышы Мәншүк Мәметованың атына өттi" деген сөздер кеудеде мақтаныш отын маздатты. Сондай-ақ, газеттiң дәл осы санындағы "АҒИПА" атты мақалада адамды бей-жай қалдырмайды. Подполковник Карл Киттон басқаратын бөлiмшедегi жауынгер Ағипа Кенжеғалиеваның ерлiк iстерi кеңiнен сөз болады. "Репинодан Красноармейскийге өткел жасауда бөлiмшенiң ерлiк қимылы ересен болды, — дейдi газет, — жаңбырдай жауып тұрған жау оғына бой берместен, Сталинград түбiндегi ұрыстарда қаһармандық қимыл жасады. Бөлiмшенiң барлық жауынгерлерi мен командирлерi "Сталинградты қорғағаны үшiн" медалiмен наградталды, соның бiрi — Ағипа едi…".
Бiрiншi Украина майданының "Отан намысы үшiн" газетiнiң 1944 жылғы 8 қаңтар күнгi санында "Батыр қыз" атты мақалада: …Кеңестер ер азаматтарымен қатар қасиеттi Отанымызды қорғау үшiн Зура да майданға аттанды. Сержант Зура Досбергенова бiр саяси бөлiмде қызмет атқарып жүрдi. Ол бұл орнында әрi хатшы, әрi машинистка болып iстедi. Екi қызметтi бiрден мүлтiксiз атқарды. Он сегiзге жаңа жеткен Зура ақылымен де, iсiмен де қызмет iстейтiн бөлiмiне жағымды, сүйкiмдi болып алды.
Командованиенiң тапсырмасын үлгiлi орындағаны үшiн Зура II дәрежелi Отан соғысын орденiмен және "Ерлiгi үшiн" медалiмен наградталды. Зура атқарып жүрген қызметiн мiсе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебiне барып, ұрысқа араласқысы келдi. Осы арманына бой ұрған Зура бiр күнi өзiнiң командирiне келiп өтiнiш айтты.
Ақыры полковник Зураға рұқсат бердi. Ұрысқа бой ұрған өжет қыздың тiлегiн орындады. Зура батальон комсоргi болып тағайындалды. Қазақтың қайратты қызы бұл қызметте жап-жақсы ұйымдастырушы екенiн көрсеттi.
…Үлкен ұрыс болды. Осы ұрыста рота командирi саптан шықты. Осындай сын сағатта Зура үлкен батылдық жасады. Ол бәрiне тым жауапты қызмет жүктедi. Ұрыста ротаны басқарды. Батыр қыздың ерлiгiн көрген полковник:
– Жарайсың, Зура! Ерлiгiңе Отаның риза! Өркенiң өссiн дедi. Осы ұрыстағы ерлiгi үшiн Зура "Қызыл Жұлдыз" орденiмен наградталды…
Қызыләскер Көкен Әубәкiров Бiрiншi Прибалтика майданының "Жауға қарсы аттан" (1945 ж. 1 мамыр) газетiнде "Солдат қыз" деген мақаласында:
Сүр шинелдi, бүйрек бет солдат Алтын Мұхамеджанова 1924 жылы Солтүстiк Қазақстанда туған. Ол орта мектепте оқып жүргенде соғыс басталған. Комсомолка Алтын Отанды қорғау жұмысына сұранды. Бұл тiлегiн қабыл көрiп, комсомол ұйымы мұны оқуға жiбердi. Сол оқуды бiтiрiп, 1942 жылы Алтын соғыс самолеттерiн қамтамасыз етушi — кислородшы болып шықты. Истребитель және бомбардировщиктердi өмiрi көрмеген қырдың қызы олардың үстiнде аспанда ұшып, жауынгерлiк мiндетiн атқара бастады. Өз мiндетiн ойдағыдай орындады.
Қазiр де сержант Алтын Мұхамеджанова Германия жерiнде жауынгерлiк самолеттердi жорыққа даярлап, немiс жендеттерiн жоюға жәрдемдесiп жүр. Ол "Жауынгерлiк еңбегi үшiн" медалымен наградталды…" деп жазды.
"Жауға қарсы аттан" (1944 ж. 9 наурыз) газетiндегi журналист Үмбет Тiлемiсовтың "Байланысшы қыз" деген мақаласы да ерлiк шежiресiнен көп жайтты хабардар еттi. Яғни телефонистка Сағира Сағатованың жауынгерлiк жолының бiр сәтi былай елес бередi: "Жаңбырдай жауып тұрған жау оғының астында Сағира телефон сымын үшiншi рет жалғап қайтқанда, оның шинелiнiң сол жақ жеңi қанға боялып келдi.
— Жараланып қалыпсың ғой?
— Қазiр жара елейтiн уақыт па, жолдас майор.
Сүйек бүтiн болса, етi жетiсе жатар! — деп Сағира таңулы қолын асынып, мiндетiн атқара бердi.
Жер бауырлап жылжыған қыз тiсiмен телефон желiсiн жалғап, жарадар жүректерге командир бұйрығын жеткiзуге асық. Бiр ауыз сөздiң талай тағдыр түйiнiн шешiп кетер кездерi көп. Сонда байланысшы қызметiнiң қаншалықты қымбатқа түсерiн түсiну қиын емес. Ендеше, Сағира жүрегiнiң лүпiлi бүкiл майдангерлермен жiпсiз жалғасып жатқаны сөзсiз. Сол үшiн жаралы қолын ерен санамай, өз мiндетiн атқара бердi…
1944 жылдың 20 ақпаны күнi Бiрiншi Украин майданының "Отан намысы үшiн" газетiнде Сәбит Мұқановтың "Халық батыры — Амангелдi" деген көлемдi өлеңi жарық көрдi. Ақын Амангелдiнiң ұмытылмас ерлiгiн сөз ете келiп:
…Бүгiнгi ұрпақ! Фашист жауыңменен,
Майданда Амангелдiң батырша алыс, — деп батыр мүрагерлерiне — Кеңес жауынгерлерiне қайырыла сөйлеп, үлгi етерлiк өнеге ұсынады. Дәл осындай ойлар газеттiң сол жылғы сандарында жарияланған журналист Тынбай Мұқановтың "Қазақ жауынгерлерiне", ақын Қалижан Бекхожиннiң "Қазақ ұлына" (12 ақпан, 1945 ж.), Жұбан Молдағалиевтың "Қазақ" (14 мамыр 1944 ж.) атты көлемдi өлеңдерiнiң де негiзгi арқауы болғанын байқаймыз.
Ақындар шығармаларынан басты орынға ие тақырыптардың бiрi — кеңес халқының интернационалдық сезiмiнiң сырын ашу. Майданда жүрген қазақ жауынгерлерiнiң қатысқан халықтар өлкесiн өзi туған жердей сүйiп, оны азат ету жолында жанын аямай күресуiн суреттеген Дихан Әбiлевтiң "Дон", "Кубань", "Неман", Әбу Сәрсенбаевтың "Днепр жиегiнде", "Ой, Днипро, Днипро", Қалижан Бекхожиннiң "Днепрде" сияқты өлеңдерi бұған айғақ.
Соғыс кезiнде басқа ұлттардың өкiлдерiмен қоян-қолтық соғысқан қазақ халқының ұл-қыздары ерлiк iсiмен елдi сүйсiнттi. Олардың есiмi халық мақтанышына айналды. Майдан газеттерiнiң бетiнде жарық көрген Асқар Тоқмағамбетовтiң "Габдулхай", "Хабибулла", Асқар Лекеровтiң "Зиядос Қасымов", Жұмағали Саинның "Мәлiкке", Дихан Әбiлевтiң "Қыр қызы" өлеңдерi — мұның куәсi.
Лейтенант Құланбай Көпiшевтiң "Сегiзiншi тiл" ("Жауға қарсы аттан", 24 желтоқсан, 1944 ж.) деген очеркi гвардия сержанты Сағат Құрманәлиевтiң, оның жолдастарының барлаушылық жұмысын, бiр жолғы "тiл" әкелу көрiнiсiн паш еткен. Сағат сонау Тарбағатай тауынын аясындағы Ақсуат ауданында туып-өскен сондағы Көкжыра орта мектебiнде оқып, тәрбие алған. 1942 жылдан майданда жүрiп сан ұрыстарда болды, 8 рет "тiл" әкелуге қатысады.
"Дабыл" атты майдандық қазақ газетi 1944 жылы 22 тамыздағы санында "Комбаттың ерлiгi" деген мақала жарияланды:
"…Белая церковь қаласы маңында Сабырдың танктерi жауды көп шығынға ұшыратты. Ол басқарған танк батальоны Зибраш, Шумек қаласына алдымен кiрдi. Сабырдың автоматшылары үйдi айнала қоршап алды. Үйдiң әрбiр терезесi алдына граната ұстаған автоматшыларды қойды да, Сабыр өзi бiрнеше жауынгерлерiн ертiп үйге кiрдi. Берекелi столда немiс жандармериясының 20-30-дай адамдары отыр екен. Iшiнде полковнигi де бар болып шықты. Бәрi тұтқынға алынды.
Сабыр бұл жолы өз қолымен немiстiң 9 танкiсiн, 17 зеңбiрегiн, 8 бронетехникасын жойып, 73 немiстi қолға түсiрдi. Ол бұдан бұрын да талай рет жау тылына өтiп өзiне тапсырылған барлау iсiн ойдағыдай орындап қайтқан едi. Сол кезде Сабыр Құрманәлин — танк батальонының командирi, гвардия майоры болатын.
1944 жылы II Белоруссия майданында қазақ тiлiнде "Майдан ақиқаты" деген газет шығып тұрды. Редакторы соғысқа дейiн "Социалистiк Қазақстан" газетi редакторының орынбасары болған Ахмет Елшiбеков. Редакцияда Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейiтов қызмет iстедi.
"Майдан ақиқаты" газетiнiң 1944 жылғы 28 қыркүйектегi санында Құрманбек Сағындықовтың "Жұмабектiң жүректiлiгi" деген мақаласы жарияланды. Ондағы қатардағы Жұмабек Кожахметовтың ерлiгi жөнiнде баяндалды. Ол Армияға дейiн Алматы облысы, Қаскелен ауданының Киров атындағы колхозында жүргiзушi болып жұмыс iстептi. Әскерге 1939 жылы шақырылған. Отан алдындағы мiндетiн атқарып, елге қайтамын деп жүргенде, соғыс басталған. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерiнен бастап майданда.
…Шабуылды ұрыс кезiнде Жұмабек қызмет iстейтiн ротаның жауынгерлерi iрi елдi мекендi жаудан азат етедi. Жаудың танкiлерi бiздiң жауынгерлердi екi бүйiрден қыспаққа алып, қоршамақ болады. Бiр танк дәл Жұмабек бекiнiп жатқан үйдiң жанынан өтедi. Ол танкiнi алға өткiзiп жiбередi де, оны қалқалап келе жатқан солдаттарды өзiне 100 метрдей жақындатып автомат оғының астына алды. Небәрi он минутқа созылған осы ұрыста Қожахметов бiр взводқа жуық немiстердi жайратып салады.
Ұлы Отан соғысының әртүрлi майдандарында қаламы ұшталған қазақ журналистерi көп болды. Олардың қатарында белгiлi жазушы Қалмахан Әбдiқадыров, журналистер Әнуар Ипмағамбетов, Төлеутай Ақшолақов, Мұса Дiнiшев, Төлеу Құлжин,Әнуар Омарбеков, Жолдас Аймұратов, Шынықұл Қарамергенов, Сабыр Зәкiржанов, Әбу Сәрсенбаев, Ысқақ Дүйсенбаев, Сабыр Ильясов, Жақия Сейiтқазиев, Нығмет Адарғалиев, Қапан Сатыбалдин, Зәбира Айтқожина, Таңсық Мәткәрiмова, Түймебай Әшiмбаев, Кәрiм Османов, Асылхан Тұрғанов, Ақмұқан Сыздықбаев, Бисен Жұмағалиев, Павел Кузнецов, Леонид Макеев, Арсений Петрашко, Баубек Бұлқышев, Рамазан Амангелдиев, Аманғали Сегiзбаев, Михаил Калистратов, Бори Линов, Молдажан Толғанбаев, Сәуiрбек Бақбергенов, Асқар Закарин, Қасым Шәрiпов, Нияз Әбдiрашитов, Павел Гончаров, Евсей Барда, Дмитрий Снегин, Ғазиз Әбiшев, Андрей Дубовицкий, Сағынғали Сейiтов, Әбзәiлi Егiзбаев, Өтебай Қанахин, Сырбай Мәуленов, Абдолла Жұмағалиев, Амантай Байтанаев, Несiпбай Манашев, Зәкiр Құсайынов, Мұхаметқали Сламқұлов, Сергей Мартьянов, Кемел Тоңаев та бар едi.
Майдандық қазақ газеттерiндегi очерктерде Берлин үшiн болған ұрыстар, Берлиннiң алынуы, Германияның тiзе бүгуi, Кеңес Одағының ұлы жеңiсiнiң салтанаты туралы да кең көлемде жазылған. Оларда халқымыздың қаһарман тұлғасын, соғыстың соңғы кезеңдерi жайлы, Берлин үшiн болған ұрыстардағы ерлiк жайлы деректер табамыз.
Ұлы Отан соғысы кеңес халқының Жеңiсiмен аяқталып, әлемде бейбiтшiлiк туы желбiрегенiне 65 жыл толып отыр.
Осы күндерде майдандық қазақ газеттерiнiң беттерiне тағы бiр үңiлiп, Отан үшiн, бүгiнгi өмiр үшiн жанын қиған ерлердiң асыл бейнесiн еске түсiргенiмiз абзал.
Тiлеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы