ҚАЗАҚ ПОРТРЕТТЕРIНIҢ ЖОҚШЫСЫ
ҚАЗАҚ ПОРТРЕТТЕРIНIҢ ЖОҚШЫСЫ
Бұл кiсiнiң қарапайымдылығы ерекше ендi. Онысы әрбiр iсiнен, әрбiр сөзiнен, тiптi, киiм киiсi мен жүрiс-тұрысынан да көрiнiп, бiлiнiп тұрады. Екiнiң бiрiнде бар кандидаттықты да қорғамаған. Бiрақ, шын мәнiндегi ғалым екенiн ғылыми орта әлдеқашан мойындаған. Ахмет Байтұрсынұлының: "Бұл қазақ – жоқшы, жоғын iздеген қуғыншы" деген сөзiн осы бiз әңгiмелеп отырған белгiлi музейтанушы Марат Әбдеш ағамыздың жеке басына қаратып айтсақ та болар. Қазақ тарихындағы тұлғалардың портреттерiн iздестiрiп, оны жарыққа шығаруда бұл кiсiдей табанды еңбек етiп жүргендер бар ма екен, бар болса да некен-саяқ шығар…
Таяуда бiз арнайы "Түркiстан" газетi үшiн Марат ағамызбен жеке дидарласып, қазақ тарихы, оның iшiнде тұлғаларымыздың портреттерi жөнiнде бiраз жайттың басын қайырып қайтқан едiк.
– Бұдан екi жыл бұрын "Алматыкiтаптан" сiздiң "Қазақ портреттерiнiң тарихы" атты кiтабыңыз жарық көрген екен. Мұнда халқымыздың сурет, фото тарихынан сыр берер өте көп деректер бар. Мәселен, Көлбай Төгiсовтiң суретiн таптыңыз. Ол туралы деректi қайдан алдыңыз?
– Көлбай Төгiсов туралы алғаш рет "Егемен Қазақстанға" жарияладым. Ол жөнiнде алғашқы деректi Сәкен Сейфуллиннiң "Тар жол, тайғақ кешуiнен" оқыдым. Осы жерде бiр сөздiң ыңғайы келiп тұр – Сәкеннiң осы кiтабында көптеген Алаш қайраткерлерiнiң аты аталады. Кейiннен репрессия болған кезде Сәкеннiң сол кiтабы арқылы "үш әрiптiң" адамдары бiраз Алаш қайраткерлерiн тұтқындады. Осыдан кейiн Сәкендi жазғырады, Алаш қайраткерлерiн "ұстап бердi" деп. Иә, Сәкен жазды, бiрақ, таяқтың екi ұшы бар екенiн ұмытпау керек. Менiңше, Сәкен оларды жазарда аттары жойылмасын, келешек ұрпақ iздесiн деген iшкi ойы да болған сияқты. Расында да, "Тар жол тайғақ кешу" арқылы Алаш қайраткерлерiнiң атын бiлдiк немесе Кеңес үкiметi олар туралы жазбақ түгiлi дерек те қалдырмас едi. Осы жағынан алғанда Сәкен Алаш қайраткерлерiн қанша жамандап, қаралап жазса да, келешек ұрпаққа қалдырған еңбегi зор болды деп бiлемiн.
– Бұл сөздi Сәбит Мұқановқа да қатыстырып айтуымызға болады, яғни, "Өмiр мектебi", "Есею жылдары" атты мемуарлық романдары турасында…
– Иә, дұрыс айтасыз. Сондықтан да, бiр адам жөнiнде сөз қозғағанда ылғи бiржақты пiкiр айтпау керек. Мысалы, Есенберлин Кенесарыны жамандаған болып көрiнгенiмен, шын мәнiнде iш тарту бар екенiн оқығанда бiрден ұғынасың. Әуезовтiң Құнанбайы да солай. Бұл Кеңестiк кезеңде, сол саяси құрылымға жығыла отырып, тарихи тұлғаларды келешек ұрпаққа жеткiзудiң бiр тәсiлi болды. Осы жерде бiр қызық жайтты айтайын. Мен музейде талай жылдар қызмет iстедiм. Музейдiң алғашқы кездердегi, яғни, өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы құжаттары бар. Ал 30-шы жылдың ортасынан бастап, 1946 жылға дейiнгi құжаттар жоқ. Ол қайда? Мен iздестiрдiм, архивте сақталмаған. Кезiнде музей шiркеуде болған. Сол шiркеудiң бiр бұрышында керексiз деп табылған құжаттар жататын. Оларды нұсқау бойынша өртетiп тастап отырған. Мысалы, Шәкәрiмнiң құжаттары мен суреттерiн өртетуге бұйрық келген. Сол кезде от жағушы бiр мылқау болыпты. Сол мылқау жан-жағына бажайлап қарап, ешкiм жоқта Шәкәрiмнiң суретiн қойнына тығып алып қалыпты. Ол сурет – бiзге жеткен Шәкәрiмнiң жалғыз суретi. Әлгi мылқау кiсi суреттi сақтап, өзiнiң қолында Шәкәрiмнiң суретi бар екенiн ешкiмге айтпай келген. Кезiнде ол суреттiң бар екенiн естiп, Әуезов сұрап барыпты. Оған да бермептi. Артынан Шәкәрiмнiң ұлы Ахат түрмеге түсерде соған берген екен. Мiне, музейде құнды деректер осылай жоғалған. Түрлi жолмен сақталып қалғаны да бар. Мысалы, 17-шi жылғы Алашорданың екi съезiнiң протоколы тiгiлген құжаттар сақталынып қалған. Оны 1928 жылы Ахмет Байтұрсынов өзi қол қойып, архивке тапсырған. Ол кезде де музейде ұлтжанды азаматтар болған шығар. Ахаңның тапсырған құжаты елеусiз дүние ретiнде музейде тұра берген. Мұны 70-жылдары мемлекеттiк есепке алғызып, бiр орыстың атынан өткiздiм. Өйткенi, Алашордашылар ол кезде әлi ақталмаған болатын.
Сосын Ахмет Байтұрсыновтың суретшi Николай Хлудовтың картинасына жазған рецензиясы сақталыпты. Ахаңның бұл рецензиясының кейбiр тұстарына келiспеймiн. "Қазақтың көшi анадай емес, мынадай" деп дау айтудың қажетi жоқ едi. Хлудов көзiмен не көрдi, соны салды. Ал әр ауыл өз шама-шарқынша көшедi ғой. Жә, рецензияның қалай сақталып қалғаны турасында әңгiмемiзге қайта оралсақ. Бұл рецензия Хлудовтың жеке iстерiнiң iшiнде болған. Оның құжаттарын, жазған-сызғандарын жойып жiберетiндей, ол "халық жауы" емес. Сондықтан да, ол бүгiнге дейiн жеттi.
– Сiз бұл рецензияны қалай таптыңыз? Сонда сiзге дейiн мұны ешкiм көрмеген бе?
– "Мен таптым" деп асылық айтпай-ақ қояйын. Маған дейiн де бiреулер көрген шығар. Бiрақ мен көрiп, музейдегi Тоқтасын Өмiрзақов деген жас қызметкер жiгiтке бұл турасында айттым. Ол мұны сол кезде институттың ғылыми қызметкерлерi Ғарифолла Есiм мен Аманқос Мектептегiне айтыпты. Содан мұны Ғарифолла мен Аманқос маған айтпай iздеген. Таба алмаған. Тоқтасын менен қайта сұрады. Мен құжаттың қайда тұрғанын айттым. Содан кейiн Ғарифолла мен Аманқос "Өркен" газетiне "Ахмет Байтұрсыновтың Хлудовтың картинасына жазған рецензиясы" деп жарқ еткiзiп, өз аттарынан жариялаған.
– Қазақтың бiртуар азаматтарына, тұлғаларына қатысты мол мағлұмат берер құжаттар мен материалдар негiзiнен қай жерлерде, қай мұрағат қорларында сақталған? Республикадан тыс жерде жатқан құнды дүниелердi өз елiмiзге алдырудың қандай мүмкiндiктерi бар?
– Негiзi орыс халқы құжаттарды жинап, сақтауға құнтты келедi. Мысалы, Шоқан Уәлихановтың қолжазбаларының түпнұсқасы қарапайым орыс әйелiнiң еңбегiнiң арқасында бiзге жеттi. Бұл Ресей архивiнде. Азамат соғысы жылдарында Владивостоктан жiберген екен орталыққа. Тiлшедей қағазға "Тағдыр-тауқыметiмнiң арқасында тағдырымның қалай болатыны белгiсiз. Мына қолымдағы дүние жоғалып кетпесiн деп, архивке жiберiп отырмын" деп жазылған.
– Бұл деректi қайдан алдыңыз?
– Сәбит Мұқановтан алдым. Сәбит бұл туралы жазды, алғаш көрген де сол кiсi.
– Шоқанның қолжазбаларын Мұқанов жаңағы тiлхат арқылы тапқан ғой?
– Жо-жоқ, Ресейдiң Ғылым акеадемиясының архивiнде "Шоқан Уәлихановтың жазбалары" деп тұрғасын қызығып қараған.
– Шоқанның фотографтар түсiрген неше тарихи суретi бар?
– Достоевскиймен түскен суретi бар. Бұл – бiр. Екiншi, 1868 жылы Петерборда түскен суретi сақталған. Жалпы алғанда төрт фотосы бар бүгiнге дейiн жеткен.
– Ал мына кiтаптағы Ыбырай Алтынсариннiң жалғыз суретi ме?
– Жоқ, жалғыз суретi емес. Оның баласымен түскен суретi, 1889 жылы оқушылармен, сосын отбасымен түскен суретi бар болған.
– Соңғысы қайда қазiр?
– Ол көп жарияланбады. Менде бiр көшiрмесi сақталған. Содан Ыбырай Алтынсарин музейiне бiр көшiрмесiн жасап өткiзгем. Энциклопедияда баласымен, әйелiмен, яғни отбасымен түскен суретi кiшкентай болып жарияланды. Оны бүгiнге жеткiзiп сақтап келген Әбдiғали Балғынбаев. Әбдiғали бұл суреттi (атын атамай-ақ қояйын – М.Ә.) бiреуге берген екен. Одан Мәриям Хакiмжанова көшiрме жасап алыпты. Мен Хакiмжановадан көшiрме жасап алдым. Ал түпнұсқасын жоқ қылып жiберген.
– Басқа кiмдердiң суреттерiн таптыңыз?
– Алғаш рет Сұлтанмахмұт Торайғыровтың суретiн таптым, жанында бiр кiсi бар. Ол "Қазақ әдебиетiне" шықты. Бұл суреттiң құндылығы – Сұлтанмахмұттың қолтаңбасы барлығында. Ол қолтаңба – Торайғыровтың жалғыз қолтаңбасы, осы күнге жеткен. Сұлтанмахмұт қолтаңбасын 1913 жылы Мұхамеджан Сералиннiң баласы Сәлiмге суретiнiң сыртына жазып берген екен. Ол кезде Сералин "Айқаптың" бас редакторы, Торайғыров хатшысы. Олар үй-iшiмен араласып тұрған болуы керек.
Бiрде директор: "Марат, берi кел. Сенi бiр апай iздеп келiп отыр", – дедi. Барсам, Сералиннiң келiнi екен. Сырттай әбден бақылап, зерттеп, сенгесiн барып, директордың көзiнше "Мына балаға сенiп, Торайғыровтың суретiн тапсырамын" деп менiң қолыма Торайғыровтың фотосын тапсырды. Иманды болғыр, апайымыз былтырғы жылы дүниеден өттi. Сералиннiң де материалдарын да сол кiсi арқылы алдым.
90-жылдары музейде iстеп жүрген кезiмде бiр полковник келдi, бұрынғы "үш әрiптiң" адамы. Ол кiсi қолында "Айқапқа" шыққан материалдардың толық қолжазба нұсқасы бар екенiн айтты. Бiрақ, аты-жөнiн жасырды. Қорқақтап тұрды. Әлгi құнды деректердi өткiзiп ақша аламын ба деген ойы болса керек. Алайда, ол уақытта ақшаға архив қорын толықтырмақ түгiлi, айлығымыздың өзiн бiрде алып, бiрде алмай жүрген кезiмiз едi. Содан әлгi полковник "өзiм хабарласам" деп жоқ болып кеттi.
– Тағы қандай архив қорларында болдыңыз?
– Қазан қаласының архив қорлары мен музейiнде болдым. Ол жерден көбiнесе, сол қалада оқыған қазақтардың iстерiн қарадым. 70-жылдары аттары аталмайтын адамдар болды. Бiрақ мен сонда оқыған қырық шақты адамның тiзiмiн жасадым. Ол менiң жеке архив қорымда бар. Түпнұсқасы сол жақта.
– Осындай шетелдегi тарихымызға қатысты деректердi өзiмiзге алдырудың мүмкiншiлiгi бар ма?
– Тәуелсiздiк алғаннан соң, олар бiзден ақша сұрайтын болды. Мен олардың тiзiмiн тәуелсiздiк алғанға дейiн жасаған едiм. Сосын қалталы азаматтардың ататегiн тауып беру арқылы ақша жасап, өзге елдердегi азын-аулақ тарихи деректердi алдырдым. Мемлекет тарапынан бөлiнiп жатқан ақша жоқ. Томск, Омск, Варшава қалаларында тарихымызға қатысты бiраз дүниелер бар. Киевтiң архивiнен сонда оқыған қазақтардың құжаттарын алдырмақшы болғам, 2005 жылы. Оған 500 АҚШ долларын сұрады. Өзi толтыратын құжаты көп дүние. Бiр ауқатты жiгiттi демеушi ретiнде келiстiрiп, құжаттарды елге алдыру үшiн ақша алатын болғам. Сөйтсем, сомасы тағы өзгерiп кеттi. Әлгi демеушiм берген ақшасын менiң жеке қалтама басып қалады деп ойлады ма, демеушiлiктен бас тартты. Соңында өзiм ұялып қалдым. Қазiр 2 мың еуро сұрайды. Бiзге өткен тарихымыз құнды болған сайын, олар бағасын да өсiруде.
– Атап айтқанда, Киевте кiмдер оқыған?
– Киевте… кезiнде мұсылман студенттерiнiң жиналысы болған. Соған Иманбаев, Мырзағалиев, Жақыпбаев т.б. қазақ студенттерi қатысқан. Солар туралы деректер бар.
– Дәл қазiргi кезде сiзден басқа шетелдегi архив қорларын құмартып, iздестiрiп, ақтарып жүрген кiм бар?
– Шынын айтсам, тап сол жақта отырып, iзденiп жүрген кiсiлердi бiлмеймiн. Бiрақ, тиiп-қашып барып жүрген кiсiлер бар деп естимiн.
Шетелде бiздiң тарихымызға қатысты құнды деректер өте көп. 90-жылдары Мәскеудiң Мәдениет министрлiгiндегi кiсiлермен таныс-бiлiс, аралас-құралас болып тұрдық. Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапханада қазақтың құнды кiтаптары болған. Бiрақ тiзiм бойынша "Киргизкий книги" деп жазылған ғой. Мәскеудiң Орталық кiтапханасын су алғанда, кiтаптарды Бiшкекке жiберiптi. Маған оны Мәдениет министрлiгiнде инспектор болып iстейтiн танысым хабарлап: "Сендерге тиесiлi дүниенi Бiшкекке жiберiп қойыпты. Өздерiң сұрап алыңдар" дедi. Мен ұлттық кiтапхананың директорына хабарладым.
– Әйтеуiр, ол кiтаптарды өзiмiзге қайтарып алдық па, жоқ па?
– Кiтапхана басшылығы "қайтарып алдық" деп хабарлады ғой. Инспектордың айтқаны жақсы болды.
– Ғалым Ахметов ағамызды нағыз энтуазист болған дейдi. Революцияға дейiн оқыған бiрнеше жүз адамның тiзiмiн жасаған екен сол кiсi.
– Иә, жасаған.
– Сол кiсi туралы айтып берiңiзшi…
– Ғалым Ахметов – Алаш зиялыларын көрген, солардың тәлiмiн алған соңғы тұяқ. Өте зиялы, мәдениеттi жан едi. Тоқсаннан асқанша тiп-тiк жүретiн. Тоқсан алты жасында дүниеден өтiптi ғой. Қазақ зиялыларының тiзiмiн ауызша дерекпен жасаған. Ол кiсiнiң ерекшелiгi – архивтерде айтылмаған жайларды қозғады, яғни, ол кiсiнiң өзi тiрi архив едi. Мысалы, Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсыновтың 50-жылдығын Орынборда өткiзбей қойды десе, Ғалым ағай тойлады дейдi. Шындыққа Ғалым ағайдың сөзi жанасады, Мұқановтыкi емес.
Ахметов ақтөбелiк Арынғазиевтiң қызымен кездескенiн айтады. Арынғазиев хирург-дәрiгер болған. Мәскеуде тұрған. Алайда, шоқынып кеткен. Ұрпағы да орыстанып, әкесiнiң күйiн кешкен. Мiне, қазақтың оқығандарының арасында осындайлар да болғанын жазады Ғалым ағай. Бiр сөзбен айтқанда, Ғалым ағай ауызша болса да, көп деректер жасап, еңбектендi. Алайда, қазақ оқығандарын танытуда Сәкен Сейфуллиннiң "Тар жол, тайғақ кешуi" мен "Қазақ" газетiнiң ролi зор.
– Осы "Қазақ", "Түркiстан уәлаяты", "Дала уәлаяты" газеттерiнiң материалдарын жинастыруда Үшкүлтай Субханбердина апамыздың сiңiрген еңбегi зор ғой…
– Иә, ол кiсiнiң еңбегi ерен осы тұста. Аннотациясын жазды, материалдарды жинастырды. Бiрақ, Үшкүлтай апамыздың бiр әттеген-айы бар.
– Қандай?
– "Дала уәлаятында" да, "Түркiстан уәлаятында" да ресми хабарлама болды. "Кiм қай жерге қандай қызметке тағайындалды" деген мәселелер сол газеттерде жарияланған. Нағыз тарихи дерек мiне, осылар. Бiрақ, оны Үшкүлтай апамыз жинақтамады, өкiнiшке қарай. Дегенмен, ол кiсi өзiнiң бастапқы қойған мақсатына (ауыз әдебиетiн жинастыру М.Ә.) жеттi. Ол үшiн рахметтен басқа айтарымыз жоқ.
– Жеке архив қорыңызда не бар?
– Мен көп жинадым. Бiрақ, әлi ретке келтiрiлген жоқ. Егер, топтастырып айтар болсам – Ресейдегi және басқа жерлердегi архив қорларындағы қайраткерлерiмiздiң жеке iстерi. Ол нағыз тарихи мәлiмет. Бұл – бiр. Екiншi, әр түрлi iстерге байланысты материалдарды жазып алғам. Ол бiрнеше дәптер болды. Үшiншi, түрлi баспасөзге шыққан мақалаларды қолмен жазып алғам.
– Әлi елiмiзге әкеле алмай жатқан "әттеген-ай" дейтiн материалдар бар ма?
– Ондай көп. Әттеген-айдың бiреуi – Құрманғазының суретi, Савишев салған. Бiрақ, оның түбiн қуған ешкiм жоқ. Савишев "Уральские ведомости" газетiнде журналист болып iстеген Орал казагы. Ол Құрманғазыны "нота бiлсе, Еуропалық классик музыканттардың қатарында тұрар едi" деп жазып, суретiн салады. Бiрақ, ол портрет сақталды ма, жоқ па, қайда екенi белгiсiз.
– Қай жылдардан бастап архив материалдарын жинай бастадыңыз?
– Музейге кiрген 70-жылдардан бастап. 70-жылдан 2001 жылға дейiн музейде қызмет iстедiм.
– Неге кандидаттық қорғамадыңыз?
– Менде ондай мақсат болған жоқ. Егер кандидаттық қорғаймын деп бiр тақырып алсам, сол тақырыптың шеңберiнен аса алмай қалар едiм. Кезiнде "Қазақ интеллигенциясы" деген тақырыпқа қызыққам, осы тақырыпта қорғамақ та болғам. Бiрақ, бұл тақырыпты ол кезде бекiткiзе алмадық. Басқа ұсақ-түйек тақырыптар менi қызықтырмады.
Музейде iстеп жүргенде маған кiлең жасы үлкен кiсiлер келетiн, жас болсам да. Сонда бәрi күлушi едi: "Сенi кемпiр-шалдар жақсы көредi" деп.
– Аға сұлтандардан кiмдердiң суреттерi бар? Осы Әлкей Марғұланның Құнанбайдың суретi деп жариялаған суретi түпнұсқа ма?
– Құнанбайдың түпнұсқа суретi жоқ. Әлкей Марғұланның тапқан суретi Құнанбайдыкi емес.
Шыңғыстың, Мұса Шорманның суреттерi бары – ақиқат. Ерден Сандыбайдың суретi барлығына күмәнмен қараймын.
– Алаш қайраткерлерiнiң барлығы дерлiк ұлтын сүйген ұлы азаматтар болғанын бiлемiз. Не үшiн олар осындай дәрежеге жеттi деп ойлайсыз? Қысқасы, ұлтшыл болудың басты себебi неде?
– Әлихан Бөкейхановтың жазғаны бар: "Қазақтың алғаш оқығандары ұлтқа қызмет етейiн деп ойлаған жоқ едi. XX ғасырдың басында ғана қазақ оқығандары халқына қызмет етудi ойлай бастады" деп. Себебi, осы кездерi қазақтың жерi талан-таражға түсе бастаған едi. Оқыған адамның көзi ашық болады ғой.
– Мәселе оқығандықта болса, қазiргi қазақ зиялысы деп жүргенiмiздiң бәрi оқыған ғой…
– Қазақ халқы барлығын табиғаттан дайын күйiнде алып үйренген. "Құдай сақтасын!" деп жағасы кең жайлау болғанға үйренiп қалған. Қазақтың басында үнемi бiр проблема болу керек. Сол проблемамен күресiп қана, жұдырықтай жұмыла алады. Қазiргi қазақ тiлiнiң проблемасын бiрден "Үйренсең үйрен, үйренбесең, жұмыстан шығасың" деп шешуге болмайды. Бiрiншiден, зорлықпен үйрету арқылы ұшпаққа шықпайсың, екiншiден, қазақтың проблемасы таусылып қалады. Қазақ проблемасы бiтсе, арқасын кеңге салып кетедi. Бiр мысал айтайын, еврейлердi құлдық санадан құтқару үшiн, олардың басшылары не iстедi? Қырық жыл халқымен шөл далада жүрдi. Санасы ояна бастаған халық "Бiз сенiң соңыңнан қашанғы ере беремiз?" деп қарсылық бiлдiрдi. Мiне, бiз осындай мысалдардан үйренуiмiз керек. Бiрақ, мен арабтардан келiп жатқан мәдениеттi соншалықты қолдай қоймаймын. Мәселен, "қазақтың қыздары бет-әлпетiн көрсетпейдi" деп, хиджап киiп алады. Алла тағала әдемiлiктi де жаратты. Оны тұмшалай беруге болмайтын шығар? Әурекi жерiн жауып жүрсе де болды емес пе? Жарайды, тұмшаланып жүргiсi келген екен, онда неге қазақтың ұлттық кимешегiн, бешпентiн, қос етек көйлегiн кимейдi?! Мұсылман болу үшiн, неге араб болуымыз керек?! Мен осыны түсiнбеймiн.
– "Түркiстанның" оқырмандарына не айтасыз?
– "Түркiстан" – қазақты имандылыққа шақырған газет. Тұтас түрiкке ортақ газет. Осындай газеттердiң арқасында қазақ түзелiп келедi. Бұрынғыдай көшеде қонып, iшiмдiкке бой алдырып кеткен қазақ жоқ. Әйтеуiр бәрi тырбаңдап еңбектенуде. Осының бәрi сiздердiң жеңiстерiңiз.
Әңгiмелескен Жадыра НАРМАХАНОВА