АЗИЯДАҒЫ СЕНIМ, "ЖИЫРМАЛЫҚ" ЖӘНЕ "ҮЙЛЕСIМДI АЙМАҚ"

АЗИЯДАҒЫ СЕНIМ, "ЖИЫРМАЛЫҚ" ЖӘНЕ "ҮЙЛЕСIМДI АЙМАҚ"

АЗИЯДАҒЫ СЕНIМ, "ЖИЫРМАЛЫҚ" ЖӘНЕ "ҮЙЛЕСIМДI АЙМАҚ"
ашық дереккөзі
248

Қазақстан сыртқы саясаттың көкжиектерiн бiрiктiре алар ма?

Қазақстан тәуелсiздiк алғалы уақыттан берi сыртқы саясатта бастамашылдығымен көзге түсiп жүр. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңес — Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастамалардың бiрi. Осы аптада Стамбұлда Азия кеңесiнiң III жиыны өткiзiлдi.

"АЗИЯДА СЕНIМ ӘЛСIРЕДI" МЕ?

Черчильдiң мемлекетке қаратып айтылған "Мәңгi дос болмайды, мәңгiлiк мүдде ғана бар" деген ұлағатты сөзiн сыртқы саясатта ұстанбайтын ел кемде-кем. Дегенмен, iрiлi-ұсақты түрлi басқосулар, кездесулер мен жиындарда әдетте алқалы отырысқа қатысқан мемлекет өкiлдерiнiң кездескенi, екiжақты, көпжақты келiсiмдер жайлы жалпы ақпарат қана берiледi. Ал халықаралық саясат қазанында "қайнап" жатқан мәселелер былайғы жұрттың назарынан тыс қалмақ. Стамбұлдағы жиынның да маңызды басқосулары түгел дерлiк "жабық есiк" жағдайында өттi. Бiрақ соның өзiнде кейбiр жайттарды жалпы жұртшылықтан жасырудың мүмкiндiгi болмаған сияқты.

Азия кеңесiнiң кезектi жиыны Түркия-Израиль қарым-қатынасындағы жағдайдың ушыққалы тұрған кезiнде өттi. Бiрақ осы жиынның қорытынды декларациясында Азия мемлекеттерi Израильдiң халықаралық әскери флотты шабуылдау әрекетiн айыптауға дәтi бармағаны өкiнiштi-ақ. Базбiр басылымдар осы оқиғадан соң "Азияда сенiм әлсiрей бастады" деп жазып жатты.

Оның үстiне, биылдан бастап Азия кеңесiне Түркия Республикасы төрағалық етпек. Төраға ретiнде өзi ұсынған резолюцияны мүше мемлекеттерге қабылдата алмағанының дипломатиялық ауыртпашылығының қандайлық екенiн бажайлау қиын емес.

31-мамырда Израильдiң арнаулы күштерi гуманитарлық жүк артқан "Бостандық флотилиясына" аяқ астынан шабуыл жасаған. Осы атыста көз жұмған тоғыз адамның сегiзi — түрiк азаматтары екен. Түркия президентi Абдулла Гүлдiң мәлiмдемесiне жүгiнсек, осы әрекеттi айыптауды Декларацияға қосуды 22 мүше мемлекеттiң 1-уi ғана қолдаған.

Ал қабылданған құжат Азия құрлығында қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жаңаша серпiн беруге шақырады…

“АЗИЯЛЫҚ 20-ЛЫҚ ҚҰРСАҚ…”

Дегенмен, Азия кеңесi ұйымының халықаралық саясаттағы ролi арта түскен сияқты. Соңғы кезде Азия кеңесi БҰҰ Бас ассамблеясы жанында бақылаушы мәртебесiне ие болды.

Осы күндерi ұйымға Вьетнам, Ирак мелекеттерi мүше болып, Бангладеш республикасы бақылаушы мәртебесiне ие болды.

Ал Түркия төрағалығы "Азиядағы саясат пен қауiпсiздiк жөнiндегi кеңейтiлген диалог: қауiпсiздiктiң кооперативтiк ұстанымдарын әзiрлеудiң кiлтi" атты тақырыбы аясында жүзеге аспақ.

Бүгiнгi таңда Азия Кеңесiне мүше мемлекеттер әлемдiк iшкi жалпы өнiмiнiң үштен бiрiн қамтамасыз етiп отыр.

Жиынды Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты. Елбасы осы жолы тағы бiр бастама көтердi: ЕҚЫҰ — Азия Кеңесi форумын құруды ұсынды. "Бұл екi ұйымның ынтымақтастығы мен әрiптестiгi Азия құрлығындағы қауiпсiздiк платформасын қалыптастыруға жол ашуы тиiс”, – дедi Назарбаев. “Азия Кеңесi көпжақты форматта Ислам Конференциясы Ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтуi тиiс” деп те атап өттi.

Былтыр сәуiр айында Боаода өткен Азия форумында Қазақстан Президентi индустриясы дамыған мемлекеттер кiретiн "Азиялық жиырмалық" бiрлестiгiн құру жөнiнде бастама көтерген едi. Саясаттағы және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi өзара ықпалдастық пен сенiм шараларын, сонымен қатар қаржы-валюта саласына қатысты бастамаларды бiрiктiрудi көздеген.

Дамыған мемлекеттер құрған "Үлкен сегiздiк" жиыны аясында жүргiзiлген келiссөздер ғаламдық саясат пен экономика жағдайына ықпал ететiнi анық. Дегенмен, сарапшылар алдағы уақытта ғаламдық экономикадағы Азиялық мемлекеттердiң ролi басымырақ болады деседi. Ендеше, Азия көшбасшыларының ынтымақта болғаны құба-құп. Бiрақ ынтымақтастықтың алғышарты — мүдденiң ортақтығы емес пе?

ҚЫТАЙДЫҢ ЫҚЫЛАСЫ АРТА ТҮСТI

Ертең Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстандағы ресми сапары басталады. Сыртқы iстер министрлiгiнiң ресми өкiлi Асқар Әбдрахмановтың айтуынша, екi ел басшылары қазақ-қытай қарым-қатынасының бүгiнгi жағдайы мен алдағы iс-жоспарларын талқылап, халықаралық саясаттағы өзектi мәселелер жөнiнде ой бөлiспек. Ху Цзиньтао осы жолы Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовпен, сондай-ақ Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевпен және Мәжiлiс төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездеседi. СIМ таратқан ресми мәлiмдемеде бұл iссапарға "екi ел арасындағы сауда-экономикалық әрiптестiкке жаңаша серпiн бередi" деп баға берiлiптi.

Ал Қытай елiнiң сыртқы iстер министрiнiң көмекшiсi Чэн Гопин Пекинде былай деп мәлiмдеме таратты: "ҚХР төрағасының Ху Цзиньтаоның Орталық Азия аймағына алдағы сапары Шанхай ынтымақтастық ұйымының қалыпты, дұрыс және тұрақты дамуына ықпал ететiн маңызы бар, сондай-ақ Қытайдың Қазақстан мен Өзбекстанмен екiжақты қарым-қатынасын дамытуға ықпал етпек".

Ху Цзиньтао Ислам Каримовтың шақыртуы бойынша кеше Өзбекстанға келдi. Оның iссапары Ташкентте өтетiн Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше-мемлекеттерiнiң елбасшыларының 10-шы кеңесiне орайластырылған.

Қытай Қазақстанға "тату көршi" деп ресми баға беруiнен жаңылған емес. "Өзбекстан мен Қазақстан ҚХР-ның тату көршiсi әрi маңызды әрiптесi. Қытай мен бұл екi мемлекет адал достықты, үйлесiмдi әрiптестiктi және тығыз жеке тұлғалық байланысты үнемi жүргiзiп отыр" дедi Чэн Гопин.

"Жеке тұлғалық байланыстар" аясында қытайлық дипломат ненi меңзедi екен? Әдетте, қытайдың саясаткерлерi кесек сөйлеуден бойын аулақ ұстайтыны белгiлi ғой. Дегенмен, осы бiр ауыз сөзбен Гопин мемлекет басшылары арасындағы жақсы әрiптестiктi ғана меңземеген сияқты…

Осыдан бiр жарым ай бұрын Шанхайда iссапармен болған Кәрiм Мәсiмовке Ху Цзиньтаоның ыстық ықыласты лебiзiн барлық әлемнiң ақпарат құралдары таратып шықты. Қазақстаннан ресми сапармен барған делегацияны қабылдау кезiнде Қытай басшысы Қазақстанды ғаламдық дағдарысқа тойтарыс берiп, биылғы жылдың бiрiншi жарты жылдығын экономикалық өсiммен аяқтауымен құттықтады. Осыдан-ақ тату көршiмiздiң бiздiң елдегi жағдайды жiтi бақылап, қалт етпей қадағалап отырғаны байқалса керек.

Чэн Гопин "ШЫҰ дамуы алдында жаңа мүмкiндiктер мен қауiптер бар, осы ұйымға мүше мемлекеттердiң тiзе бiрiктiре отырып дамуға деген ынта-ықыласы бұрынғыға қарағанда арта түстi" деп мәлiмдедi.

Алдағы саммит те "Тiзе бiрiктiру және әрiптестiк, тұрақтылықты сақтау мен бiрлесе дамудың жолын iздеу" ұраны аясында өтпек.

ШЫҰ мүше мемлекеттерi арасында "Ұзақ мерзiмдi тату көршiлiк, достық және әрiптестiк туралы келiсiмшарт" бар.

Бұл жиынға мүше мемлекеттермен қатар, бақылаушы мемлекеттер, сондай-ақ арнайы шақыртумен өзбек елiнiң өкiлдерi, БҰҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ және Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiмшарт ұйымы өкiлдерi қатысады. Бұл жиынның маңызы ортақ дөңгелек үстел барысындағы келiссөздер ғана емес, екеуара, үшеуара кездесулердiң өзектiлiгiнде болмақ.

Оныншы жиынның декларациясында онда мүше мемлекеттердiң халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша ортақ ұстанымдары анықталмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта ұйымға мүше болудың жаңа ережелерi қабылданады.

Чэн Гопиннiң тағы бiр сөзiне айрықша мән берген жөн болар. Оның айтуынша: “бұл iссапардың бейбiтшiлiк мықтап орнаған және бiрлескен күшпен дамуға бет алған "үйлесiмдi" аймақты қалыптастырудағы маңызы зор" дедi.

"Үйлесiмдi" аймақты қалыптастырудың" маңызын айту арқылы Қытай өкiлi өз мемлекетiнiң Орталық Азиядағы саяси-экономикалық, қауiпсiздiк мәселелерiн шешуде тiзгiндi қолға алғысы келетiнiн меңзеген сияқты.

Жалпы, соңғы кезде Қытай Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымын нығайтуға бел шеше кiрiскенге ұқсайды. Бұл ұйым әу баста әскери одақ ретiнде құрылмаса да, экономикалық, саяси, әлеуметтiк-мәдени байланыстарды түгел қамтитын ұйым аясында әскери ойындар өткiзiлетiнi жасырын емес. Ендеше, бұл ұйымның саяси-экономикалық әрi әскери әрiптестiк одаққа айналу мүмкiндiгiн жоққа шығаруға болмас. Ал оның нығаюына да ҚХР-дың үлесi де, ықпалы да зор болмақ. Дәл қазiргi кезде ШЫҰ-ның нығаюы Орталық Азия аймағында Қытай үстемдiгiнiң беки түсуiне әкелуi ғажап емес.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары