ТОЙ ЖАСАУ МӘДЕНИЕТI
ТОЙ ЖАСАУ МӘДЕНИЕТI
Өмiрге келгеннен кейiнгi бiрiншi той – Шiлдехана. Анасы қол-аяғын бауырына алғаннан кейiн, сәбиi ширап қырқынан шыққаннан соң, жақындарын шақырып қуаныш тойы – Шiлдехананы жасайды. Тойға келушiлер ата-анасына "Бөбектiң бауы берiк болсын" айтып, балаға керектi киiм-кешек, ойыншықтар сияқты сыйлықтар жасап құттықтайды. Балаға әркiм өзi лайық көрген аттарын ортаға салып, көпшiлiк талқылайды. Дауысқа салу арқылы бiреуi таңдалынып алынып, азан шақырылып ат қойылады. Ән айтылып, күй тартылып, би биленiп, той тамашасы қыза түседi.
Ат қою да үлкен сын. Оның жан-жақты мәнi бар. Ат – ата-ананың баланың болашағына қатысты тiлек-талабы, ой-арманы. Мәселен, ұлға Нұрлан, қызға Гүлден деп ат қойғанда сол сәбидiң келешек өмiрiнiң негiзiнен қандай болуы керектiгiн ата-ана алдын ала белгiлеп берiп тұрғандай. Нұрлан дегенде ұлының аспанының ашық, жүзiнiң жарық болуы көзделген. Ол заманы бейбiт, көңiлi көтерiңкi қуанышты болсын дегендiк. Бала алған бiлiмiмен нұрланады. Еткен еңбегiмен, жеткен табысымен нұрланады. Мiне, осылай аттың әрi қазақша, әрi мәндi-мағыналы, әрi қысқа, айтылуға, есте сақтауға жеңiл болғаны жөн. Көбiнше адамның аты өзiнiң өмiрлiк болмысымен сәйкес келiп жатады. Мысалды алыстан iздемей-ақ өзiмiздiң тұңғыш президентiмiздiң есiмiне назар аударып көрейiкшi?! Атына заты сай келе ме? Келгенде қандай! Осыдан кейiн Бесiк той, бала қаз тұрып,тәй-тәй басып жүре бастағанда Тұсау кесу, жасы алтыдан асып мектепке барғанда Тiлашар сияқты кiшi-гiрiм тойлар өтедi. Бұдан басқа әр жылы алдымен көбiнше отбасы көлемiнде баланың Туған күн тойы аталып өтедi. Бұл той қазақ салтында бұрын болмаған, шеттен енiп, кейiнгi кездерде қалыптаса бастаған жаңалық. Бұл тойдың өзге өркениеттi iрi елдерде той басталарда айтылатын меншiктi Әнұраны бар. Бiзде де туған күнге арналып жазылған әлденеше әндер бар болғанымен әлi ешқайсысы туған күнде жеке-дара айтылатын болып тұрақтанған жоқ. Бұл тойға кейбiр отбасыларында баланың аты жазылған арнайы торт пiсiрiлiп, оған баланың жас санымен бiрдей шырақ жағылып, оны бала үрлеп өшiрiп жатады. Бұл – да шеттен енген кiрме көрiнiс. Бұл бiздiң ұғымымыздағы, ұлттық санамызбен сыйыспайтын жат салт. Қазақта ежелден келе жатқан "Отың өшпесiн!", "Шырағың сөнбесiн!" деген киелi тiлек бар. Жоғарыдағы ойсыз елiктеу бұл қасиеттi ұғымымызға қайшы. Оның үстiне бiзде шырақ өлген кiсiнiң үйде соңғы жатқан орнына жағылады. Сондықтан бiздiң ұсынысымыз: баланың аты, жасы жазылған торт дайындағысы келгендер мейлi дайындай берсiн. Оған ешқандай шырақ шаншылмай, кiшкентай кезiнде бала ата-анасының көмегiмен, есейгенде өзi-ақ тортты бөлiп қонақтарға ұсынса, дұрыс болар едi. Адам өмiрiндегi Шiлдеханадан кейiнгi ең үлкен той – Үйлену тойы. Қазақта "Он үште отау иесi" деген байырғы ұғым бар. Демек ертеде балиғатқа толғаннан кейiн үйлене беруге болады екен. Осы күнгiлер көбiнше жиырмадан асып барып үйленедi. Сонда күйеу үкiлi түлкi тұмақ немесе құндыз бөрiк, жазда айыр абылайша немесе ақ қалпақ киiп, келiн сәукеле киiп, екеуi де жарасымды ұлттық киiммен мешiтке барып некелерiн қиып, тiптi АХАТ-тан да неке куәлiктерiн алып үйленсе, оны көрген шетелдiктер "Өздерiне тән ата дәстүрi бар байырғы ел екен" дейдi. Әйтпесе "Үйленудi де бiзден үйренген тексiз халық екен" демей ме? "Көп ғасырлық тарихымыз бар байырғы елмiз" деп құр сөзбен айтқаннан гөрi, сол ежелгi елдiгiмiздiң дәлелi, салтанат-сәнi еш жұрттардан кем емес, әр әдет-ғұрып салттарымыздан көрiнiс тауып жатса, өзге ел таңдана, сүйсiне қарар, өзiмiздiң мақтанышымыз емес пе? Қалыптасқан әдет бойынша, алдын ала белгiленген уақытта тойға ел жиналып болғанда, серуендеуге кеткен күйеу мен қалыңдық нөкерлерiмен қайта оралғанда көпшiлiк жұрт жар-жар айтып, шашу шашып қарсы алады. Беташар айту барысында қайын атасының, енесiнiң, қайын ағасының, қайын бике, абысын-ажынының аттарын атап, келiнге қатысын түсiндiредi. Оларға келiн жеке-жеке сәлем жасайды. Бұл әдеттегi кiшiнiң үлкенге алдымен сәлем беруiмен бiрдей. Яғни кiшiнiң үлкенге iзетi. Ал, қазiр бұл үрдiс бұзылып, келiнге келген жерiнiң үлкен-кiшiсiне қарамай бәрiне тiптi бесiктегi баласына дейiн түк қалдырмай түгел атын атап сәлем бергiзедi. Оның үстiне кей жерлерде тойға келген кiсiлердiң бәрiне сәлем жасатады. Келiн беташарда сәлем жасаған кiсiлерiн есiнде сақтап, тойдан кейiн де, тiптi өмiр бойы соларды көрген жерде сәлем жасап жүруi керек. Сонда қазiргi беташардың мiндеттеуi бойынша келiн сәлем жасайтын кiсiлерiн қайтып ойында сақтамақ. Ойға сақтаған күнде бәрiне сәлем жасай берсе, келiннiң өзге қыруар мiндеттерi қайда қалмақ. Бұл қайдан шыққан әдепсiз әдет десек, әр аты аталып келiн сәлем жасаған кiсi, бесiктегi балаға дейiн бет ашушының алдындағы табаққа теңге тастайды екен. Сол ақша аспа-төк көп болуы үшiн жасалған жалған қылық көрiнедi. Қазақта бұрын қай заман, қай дәуiрде келiннiң сәлем-iзетi сатулы болып едi!!! Бет ашушыға той иесi өз сый-сияпатын онсыз да жасайды ғой. Елдi де жалықтырған, келiндi де шаршатқан ұзақ сонар беташар – жылу жинау қазақтың әдет-ғұрпында жоқ, жолдан қосылған пайдакүнемдiк. Ал той басталды дейiк.Бұл рас. Баяндамаға бергiсiз жарыс сөздер. Бiрiн-бiрi қайталаулар. Бұл сөз сөйлеуге құмарлықтың да шығу тегi белгiлi. Бұл арақ-шарап, iшiмдiктi көп iшудiң амалы. Әр сөз – бiр тост. Әр тост – бiр iшу. Сөйлеушi қанша көп болса, iшу де сонша еселене түседi. Тойға келген бүкiл көпшiлiк тегiс сөйлеп болғанша тiкесiнен тiк тұратын жас жұбайларды да аз да болса аяу керек қой. Үлкен сөйлесе де тұрады, кiшi сөйлесе де тұрады. Жеке кiсiнiң ұзақ сөзi бiткенше, топтасып сөзге шыққандардың бәрi сөйлеп болғанша сарылып аяқтарынан тiк тұрғаны. Құдайға шүкiр, қазiр iшiмдiк құмарлық саябырлады. Той дастарқанына қымыз, шұбат араласа бастады. Ендi топтастырып құдаларға бiр бөлек, нағашыларға бiр бөлек, бiрге оқығандарға бiр бөлек сөз берiп, әр топтан өздерi ақылдасып бiр кiсi ғана сөйлеп, қалғандары ән салып, күй тартып, би билеп дегендей өнер көрсетсе нұр үстiне нұр емес пе? Би демекшi, тойда жеке билеу, топтасып билеу түрлерi өрiс алған. Әсiресе жалпылама биде жеке-жеке жер тепкiлеп, солқылдап, былқылдаулар басым да, "Қамажай" сияқты халық билерi түгiл, "Қазақ вальсi", "Махаббат вальсi" сияқты классикалық билер ығыстырылып барады. Жалпылама биде батыстың құлақжарды даңғырлақ әуендерi, орыс билерi, тәжiк, өзбек, кавказ билерi өрiс алуда. Бұл жағынан бiз әлдеқашан жаһанданып бiткен сияқтымыз. Осы үрдiске қарсы қоятын бiр ежелгi қазақтың халықтық биiн шетелден келген оралмандар алып келдi. Ол да жеке-жеке жер тепiiлеп, былқылдап, сылқылдайтын, қиқаңдаудың көкесiн танытатын жалпылама би. Өзге ешкiмнiң билерiнен бұл жағынан да кем емес. Не де болса өз ән- биiмiзге ырғалып, тербелейiк те! Оның аты: "Қаражорға". Оның:
Қозып бүкiл делебе, Қан тарасын денеге. Қара жорға билемей Тойдың сәнi келе ме, – деп басталатын ұзақ өлеңi де, ырғақты көңiлдi әнi де бар. Қазiргi шектен шыға шiренетiн шетелдiк билердiң шекесiн шеруен атқызатын қазақы ұлттық адуын би осы болмақ. Тарихи кiтаптардан, мұражайлардан кезiгiп, байырғы ерте заманда қазақта да би болғанын дәлелдейтiн, бiр саяхатшы шетелдiк суретшi салған тарихи суретте көпшiлiк ортасында домбыраға билеп тұрған қазақ жiгiтiнiң құбылысы да осы биге сәйкес келедi. Әңгiме би туралы болғандықтан сол бидiң әуенiне, әнiне, жалпы тойдағы музыкаға тоқтала кетейiк. Барлық тойларда музыка құлақ тұндыратындай шамадан тыс қатты ойналады. Тойға келген елдiң тынышын кетiредi. Бұл дұрыс емес. Дұрысында ән сөздi сүйемелдейдi, музыкалық аспап әндi сүйемелдейдi. Бiздiң тойларда бәрi керiсiнше. Музыка әндi дұрыс естiртудiң орнына бәрiн ащы үнiмен басып тұншықтырады. Сөзiн былай қойғанда әннiң "құлақтан кiрiп бойды алар" қасиетiн мүлде жойып, керiсiнше құлақтан бұзып кiрiп, жүрек жарып, миды шайқайды. Музыка өзiнiң жүгенсiз, дарақы дауысымен емес, баяу нәзiк үнiмен жан тербеп, тыңдаушысын мақпал үнiмен баурап ләззатқа бөлеуге тиiс. Сондықтан музыканы басқарушылар оның үнiн той болып жатқан залдың көлемiне өлшеп, елдiң мазасын алмайтындай дәрежеге баяулатып, мөлшермен жағымды қызмет етуге жеткiзгенi жөн. Сонда ғана той құдайдың қазынасы дәрежесiн сақтап тойшыларды рахаттандыратын болады. Қазiргi кейбiр тойларда ас-тағамдар желiнiп, шай-сусын iшiлiп ендi бiраз ән тыңдап, билеп, тарағалы отырған елдiң ортасына, шам сөндiрiлiп, лапылдаған отқа оранған әлдебiр белгiсiз малдың етiн арбашамен алып келiп, жеңi түрiлген жүндi бiлек қолымен атпал жiгiттер түтiндете мыжғылап, паршалап табаққа салып таратады. Бұл аз болғандай, тағы да қай елдiң әдет-ғұрпы екенi белгiсiз, шырақпен нұрландырылған бунақ-бунақ мұнаралы торт келедi. Оны ендi жас жұбайлар паршалап, алдымен ата-енелерiне табақшаға салып алып барады. Iзетпен ұсынып қойса бiр- сәрi, кейбiр тойларда жас келiн ақ сақалды, сары тiстi атасының, кемсеңдеп отырған ақ шашты енесiнiң ауызына қасықпен тыққыштайды. Ата-енесiнiң аузына күйеу бала да сөйтедi. Күйеу мен қалыңдық осы ерсi қылықтарын өзге той қонақтарына да iстейдi. Бұл да қай ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр?! Мұның бәрi мән-мағынасыз дарақылық. Құнттап, көңiл бөлiп ұқсата алсақ қазақы тағамдар: ет, қуырдақ, қазы-қарта, жал-жая, шұжық, шыж-быж, сiрне, жаубүйрек, күлше, құймақ, құрт-iрiмшiк, қатық-сүзбе, жент, ежiгей, мейiз, қаймақ, бәлiш, тосап, қуырылған бидай, бөрттiрiлген тары, майға шыланған талқан, шелпек-бауырсақ. Сусындардан: қымыз, шұбат, айран, қымыран, шырын, шалап сияқты өзiмiздiң ұлттық тағамдарымыз да дастарқанды берекелендiруге жетiп жатқан жоқ па?! Кейбiр қалаларымызда сирек болса да ашылып жатқан ұлттық тағамдар асханаларына бас сұққан шетелдiктер жоғарыда аталған тағамдардың кейбiреуiнен ауыз тие қалса,"Неткен керемет, еш қоспасыз алғашқы, табиғи ас" деп ауыздарының суы құриды екен… Ас желiнiп, шай iшiлiп, сусынға қанғаннан кейiн той басталады. Дастарқанға "Тойбастар" кәдесi қойылады. Әр жерден "Тойбастардың" өзiне тән қара өлеңi халық әндерiмен шырқалады. Қазiргi кезде "Тойбастар" айтылғаннан кейiн ел тарай бастайды. Тойға тек қарын тойғызу үшiн келген сияқты. "Тойбастар" той бастау үшiн емес, тойды тарқату үшiн айтылғандай. Жоқ, ағайын, мұнымыз дұрыс емес. Бұрын тойға ел жиналып, тойдың асын iшкеннен кейiн "Тойбастар" айтылатын. Ол "қарын тойды, ендi тойды бастаймыз" деген сөз. Ел үйден той алаңына шығады. Күрес, бәйге, көкпар, сайыс, жамбы ату, арқан тарту, аударыспақ сияқты той қызықтары бiрiнен соң бiрi болып, ел соларды күнi бойы тамашалайтын. Өздерi де қатынасатын. Ал, кешке бiрнеше үйде айтыс басталатын. Ол таңға созылатын. Бұларды орындау ауылды жерлерде ғана мүмкiн болар. Ал, қалаларда қазiр де тойбастар айтылып болғаннан кейiн де тойбастар атына сай ел бiраз аялдаса, әлгi едәуiр ақы төленiп шақырылатын әншi, бишiлер өнерлерiн дүйiм жұртқа осы кезде көрсетсе, тойшылардың өздерi де iшiнара өз таланттарын да осы кезде танытса, орындаушылар да ықыластана айтып, тыңдаушылар да берiле қабылдап рахаттанар едi. Әңгiме ән айтуға ойысқанда оның қазiргi тойлардағы ахуалына тоқтала кетейiк. Басқа әндердi былай қойғанда, қазiргi тойларда "Тойбастардың" өзi айтылмауға айналып барады. Тойларда "Тойбастар" рәсiмi iлiкке алынған екен, оны орындау керек. Сонымен бiрге iлгерiректе тойда жекелеп те хормен де тойға келген елдiң өздерiнiң қатынасуымен әндер айтылатын едi. Ол да қалып барады. Арнайы аздаған ақылы әншiлердi тыңдаумен ғана шектеледi… Негiзiнен тойшылардың өздерiнiң хормен болса да халық әндерiн, сазгерлердiң таңдаулы әндерiн айтқандары тойда көңiл көтерудiң баға жетпес шыңы. Алғанымнан бергенiм көп Болсын әркез халыққа. Тамақ үшiн келгенiм жоқ, Келдiм ойын-сауыққа, – демеушi ме едiк. Өйстiп тойларды жалпылама жаһанданған арамшөптерден тазартып, ұлттық үлгiге жақындатудың осы заманға дәстүрлiк негiзде лайықталған жаңаша түрлерiн қалыптастыру қажет. Сонымен, жоғарыда бiз атап өткен тойлардың бәрiнiң айналып келгенде тiлегi – батаға келiп тiрелетiнiн бiлемiз.Елбасымыз алысты көрсiн,
Ел-жұртымыз табысты болсын. Қыздарымыз сұлу, Ұлдарымыз намысты болсын. Көршiлерiмiз тыныш болсын, Таңдайтынымыз жұмыс болсын. Малымыз төлдеп, егiнiмiз көктеп, Дастарқанымызға ырыс толсын. Қалада болсын, қырда болсын, Келген, кеткен ырза болсын. "Жолдастан" жерiп, "мырзаны" телiп Алғандар нағыз мырза болсын. Нарық қалтаны қақпайтын болсын, Теңгемiз теңдiк сақтайтын болсын. Қазақстанның барлық азаматтары Қазақша сөйлеп алға аттайтын болсын. Соғыстың бетi болсыншы әрi, Ренжiмейтiн болсын өмiрiне кәрi. Бауыр етiмiз балалар түгiл, Сатылмасын құс балапандары. Румен бiрге ұлт өзiн сыйлап, Қастерлесiн асылын жинап. Алаштың азаматтары бiр ауызды болсын, Шығара бермей бүйректен сирақ. Банктер теңге топтайтын болсын, Сыбайлас жемқорлық тоқтайтын болсын. Ұлтараздық әсте болмағанындай Дағдарыс та бiзге соқпайтын болсын. Еркектер де темекi тартпайтын болсын, Әйелдер иба сақтайтын болсын. Өз үйi – өлең төсегi барлар Кез келген жерге жатпайтын болсын. Балаларымыздың бағы жансын, Қалаған бiлiмiн алсын. Тiлiн, дiнiн, дәстүрiн бiлiп, Он саусағынан өнерi тамсын. Мәдениетiмiз мәндi болсын, Тұрмысымыз сәндi болсын. Бәрiн айт та бiрiн айт, Дербестiгiмiз мәңгi болсын!!! Аллаһу әкпар.