ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРШЫСЫ ЕДI...

ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРШЫСЫ ЕДI...

ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРШЫСЫ ЕДI...
ашық дереккөзі
403

Әлi есiмде. Қала шетiндегi ауылда тұратынбыз. Мектептiң 3-сыныбын аяқтап, жаздыгүнi демалысқа шыққан кез. Сол 98-жылы Франция жерiнде бүкiл әлемдi аузына қаратқан футбол тойы болды.

Ол кездерi бүгiнгiдей, дамыған ақпараттық тасқын да жоқ. Аптасына бiр рет келетiн газеттер ғана бар. Күндiз-түнi сарнаған телеарнаның иiсi де шықпаған. Әйтеуiр ауылдың барлық ер-азаматтары егiн алқаптарынан зорыға шаршап келiп, кешкi астарын iшiсiмен "Хабар" арнасы көрсететiн футбол додасын тамашалайтын. Күнде емес, күнара да емес, 3-4 күн сайын бiр болатын футболды бiз де асыға күтетiнбiз. Әр мачтың әңгiмесiн келесi ойынға дейiн жыр қылып айтатынбыз.

Дәл сол жылы ағам Дiнмұхамметтiң "Спорт ks" газетiне жазылғаны бар едi. Оған дейiн аса мән берiп оқымасам да, дәл сол шақта газетке деген құрметiм артты. Әр аптаның сенбi күнi сайын орыс пошташы қызды асыға күтетiн болдым. Кейбiр күндерi кешке дейiн тосып, әлгi орыс қызға не болды екен деп уайымдайтынмын да. Кейде шыдамай үйiне барып, иттерiн шулатып жүрiп газетiмдi сұрап алам. Түнiмен жата-жастанып оқып тастаймын.

Газеттiң бас редакторы Несiп Жүнiсбаевтың дәл сол чемпионат өтiп жатқан Парижден жазған мақалалары қандай әсерлi едi. Төрткүл дүниенiң үздiк командалары, аңызға айналған аяқдопшылары, жанкүйерлерге лық толған стадиондары дәл бiздiң ауылға келгендей болатын. Теледидардан көрген футболға бiр табан жақындап, өзiмiз де сонда жүргендей сезiнушi едiк. Әсiресе, Несiп ағаның қонақ үйде француз жанкүйерлерiнiң ән шырқап тойлатқаны туралы жазғаны санама сiңiп қалыпты. Чемпион атанған Франция командасының, француз халқының тегiс мейрамына айналған сол күндер "Спорттан" оқыған бейнелi суреттер мен шынайы әңгiмелер арқылы көз алдыма әлi күнге дейiн оралады.

Осыдан кейiн менiң де қатарлас құрбы-құрдастарымның да спортқа деген ниеттерi артты. Ендi ойласам, шынымен де, ел спортын дамытуға, қазақ жастарының салауатты өмiр сүруiне, адам жанына толқыныс беретiн осындай насихат дүниелердiң жөнi бөлек екен-ау деймiн. Мен осылай түсiндiм.

Одан кейiн газеттi, ара-тұра оқитын болдым. Себебi басылымның жағдайы нашарлап, бұрынғы қалпынан тая бастады. Басы-қасында жүрген бас редакторы Несiп Жүнiсбаев та қызметiнен кеттi. Дүбiрлi додалардан жасалатын репортаждар да iзiн жоғалтты. Сол арада газет бөлшектенiп әлгi "Спорт Кs" "Спорт Айдыны" деген жаңа ат алды. Аты өзгерсе де, заты өзгермеген газеттiң құлдырау шегiне жеткен кез едi бұл.

Алматыға оқуға түскен соң iздегенiм сол газеттiң редакциясы едi. Қазақ футболына байланысты жазған мақаламды да ала бардым. Көз алдыма елестеткен қыж-қыж журналистер мен қайнаған редакция мұнда жоқ екен. Көштен қалған қара үйдiң кебiн кешiп тұрғандай болды. Сол күннен бастап мен газет жұмыстарына бел шеше кiрiстiм. Ұстазым Шалқар Естенiң берген тапсырмаларын бұлжытпай орындап, басылым өмiрiне етене араластым.

Бiрде редакцияға бас сұққан қазақтың тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев бұрынғы осы газеттiң өмiрiнен сыр шерттi. Қазақ спорт журналистикасының небiр тарландарын ұшырған бұл ұя шынымен де киелi едi. Барша Қазақстанға қазақ тiлiнде спорт хабарларын таратқан басылым редакциясына құшақ-құшақ хаттар келетiн. 300 мың данамен тараған газет тiптi көршiлес елдерге де жеткен. Ол кезде ел спортының дамуына газеттiң қосқан үлес салмағы орасан-тұғын. Осының барлығын көзбен көрген Сұлтекең маған қандай маңызды шаруаның басында жүргенiмдi түсiндiретiн. Басылымның қазiргi жағдайын көрiп қынжылғанымен ол кiсiнiң қолында билiк жоқ, айтып-айтып қоятын.

50 жылдық тарихы бар киелi шаңырақ – газет құлдырай бердi. Әншейiнде ауыз жаппайтын небiр шолақ белсендiлер де ара түсе алмады. Газет бiрде шығып, бiрде жабылып рәсуәсi шықты. Қаншама қазақ спортының қуанышы мен мақтанышының жаршысына айналған қарашаңырақтың тоғышар қоғамнан алған сыйы осы ма едi?

"Спорт Айдынының" орнына ашылатын газет қанша мықты болғанымен, дәл сондай тарихы, дәл сондай архивi болмасы анық. Сарғайған қаншама жылдық нөмiрлер жетiмсiреп қалды-ау ендi. Спорт журналистикасы саласында жүрген, осы газеттi жанымен сүйетiн ағаларымыз да орнына қандай газет ашылса да осы ат, осы тарихты жалғастырып жаңарта шығарайық деп ұсыныс та жасап көрдi. Бiрақ қайран "Спорт Айдыны" кiмнiң көңiлiне жақпады екен, әйтеуiр күйреп, шаңырағы ортаға түстi.

Қазiргi спорт басқармасындағыларға уақытша ғана нәтиже керек секiлдi. Сырттан келiмсектер тартып, қыруар қаржыны шетке төгуде. Жүйелi түрде ойлана алмайтын басшылық қазақ жастарын спортқа көптеп тарту жолдарын жөндi қарастыра алмай жүр. Ұлттық намыс, елдiк абырой, халықтық сенiмдi насихаттайтын газеттiң керектiгiн түсiне алмай ма? Аға буынның жеңiсi мен жетiстiгiне сүйсiнiп өскен, солардың батылдығы мен шеберлiктерiн көрiп келген жастар ғана сындарлы сәтте қазақ туын жерге түсiрмейтiнiн неге ұғынбаймыз? Дәл осы орайда жарты ғасыр жаршысы болған республикаға тарайтын жалғыз қазақтiлдi спорт газетiне немқұрайлы қарайтын құқымыз жоқ. Барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеген басылымның киесi ұрмаса екен…

Елжас ДӘУРЕН

Серіктес жаңалықтары