ЕРКIНДIККЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

ЕРКIНДIККЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

ЕРКIНДIККЕ ҚҰШТАРЛЫҚ
ашық дереккөзі
310

Жазушы Жәлел Кеттебек биылғы наурыз айында 65 жасқа толар едi. Ол Алматыдан шыққан соңғы кiтабын көре алмай кеттi. "Көрем" деп үмiттенген де жоқ. Тек бойын билеген ауыр сырқатқа дес бермей, көкiрегiндегi асыл ойларын тездетiп ақ қағазға түсiруге асықты. Жарыққа шығуға деген ұмтылысы мен сартап сағынышын осылайша басып отырды.

Мен жазушыны соңғы рет өз үйiнде көрдiм. Көзi шүңiрейiп, жағы суалыңқырап қалған екен. Көкiрек тұсы жиi сырылдап тұрды. Бiз зиялы қауымның қоғамдағы орны туралы әңгiмелестiк.

Ол өзiне ғана тән еркiндiкпен, өзiне ғана тән айқындықпен әртүрлi ойлардың тиегiн бiртiндеп ағыта бастады. Әрине, ол әңгiмелердiң айтылар жерi бөлек, жөнi басқа. Қалың қатпарлы тiршiлiктiң тереңiнен гөрi беткейiне бейiмделiп алған бiз үшiн түсiнiксiздеу, түсiнсек те қабылдай бермейтiн Кеттебектiң күрделi феноменi бiрден байқалды. Мына дүниенiң асылы мен жасығы, маңызы мен мәнi мидай араласып, бар қымбатың мен қадiрлiң ұсақ саясаттың шылауынан шыға алмай жатқанда бағытыңнан жаңылып, мұрат-мақсатыңнан айнып қалу қиын емес. Сондайда мен үшiн Жәлел ағаның ойлары жазды күнi жартастан құлаған тау суындай әсер еттi. Сол әсер сенiң бойыңды да, ойыңды да сергiтiп, тұманды сәттi күн шапағы ысырып тастағандай болды. Негiзгi түйгенiм — қоғамның жан-жарасы ешуақытта өзiн зиялы қауым қатарына қосатын азаматтарды бейжай қалдырмауы тиiс екен. Адам немкеттiлiк танытты ма, ол адам зиялы емес. Тағы бiр түсiнгенiм — қоғам мен зиялылықтың бiр-бiрiмен етене жақындығы. Бiрiнсiз бiрi дами да алмайды, көркейе де алмайды. "Интеллигенция дегенiмiз, есiңде болсын, қай жер болса, сол жерде өсе беретiн арам шөп емес,— деген ол сонда бойындағы ой тасқындарын образбен бейнелеп. — Бұл өте бiр ғажайып өсiмдiк. Озық ой болмаған жерде интеллигент те болмайды. Жаңағы өсiмдiктер де өсе алмайды. Ауа жетпейдi оған. Өз-өзiнен солып қалады. Интеллигент үшiн ең бiрiншi керегi — Еркiндiк! Бостандық! Ойдың азаттығы!".

Жәлел Кеттебек те туған халқының тағдырына ықпал етер қоғамның iрi-iрi оқиғаларына тоқталмай кете алмады. Мұны жазушының "Түйсiк" атты жаңа жинағындағы көркем туындылардан да байқайсыз. Жиырма бес баспа табақ көлемiнде шығарылған бұл кiтапқа соңғы жылдары жазған шығармалары хикаяттары, әңгiмелерi, эсселерi топтастырылған.

Жазушы қаламының қуаты неде? Бұл, ең алдымен, өмiрдi шынайы бейнелеуiнен көрiнедi дер едiк. Нобель сыйлығының иегерi Эрнест Хемингуэйдiң "Шал мен теңiзi" несiмен құдiреттi едi? Әрине, көркемдiк қуатымен және шынайылығымен. Өйткенi, балықшы шалдың ашық теңiзде өткiзген үш күндiк арпалысына жазушы бүкiл өмiрдiң драмасын сыйғыза бiлдi. Мен Жәлел Кеттебектiң жаңа кiтабындағы "Қашқын" атты хикаядан да осы үндестiктi аңғардым. Рухани байланысты таптым. Рухани үндестiктiң алтын арқауы — адамның бостандыққа ұмтылысы, еркiндiкке құштарлығы.

"Егер сен өз еңбегiңдi қорғай алсаң ғана адамсың. Ал егер еңбегiңдi қорғай алмасаң… онда құлсың!" — дейдi хикаяның бас кейiпкерi Қойшыбай шопан. Өзiнiң қоғамдағы құқығын әр адам әрқалай қорғайды. Мәселен, жекешелендiру саясатының ала құйын дауылына тап болған шопан жiгiт бiр түнде отарын алып, ауылдан қашып шығады. Сол арқылы ол өзiне көрсетiлген әдiлетсiздiкке, зорлық-зомбылыққа, қысастыққа қарсы тұрады. Өзiн де, ақ адал еңбегiн де таптап өткiсi келгендерге наразылығын осылайша сездiредi. Алайда, адамгершiлiк ар-ұят емес, күш пен билiк қана үстемдiк құрған кезде көздеген мақсатыңа жету де оңай тимейдi. Жолда өткен сегiз күн шопан жiгiт үшiн өмiр мен өлiм белдескен қиын асу болды. Бiр жұтым суға зар болған табиғат тауқыметi де, дала жыртқыштарымен айқасқан сәт те, әлдiнiң әлсiздi жұлып жеуге даяр қорқаулық өмiрдiң көрiнiстерi де жазушы шығармасында ешбiр боямасыз шынайы бейнеленген.

Осы хикаяны оқып отырып, жазушының көзi тiрiсiнде айтқан сөзi есiме түстi. "Менiң геройым шопан ғой. Оған қой – адам секiлдi, — деген болатын ол. — Ойланып көрсем олар да суық пен ыстықты тура адам құсап сезiнедi. Мал да тура адам құсап шөлдеп, өлiп қала жаздайды екен. Мал да ашыққан кезде ештеңеге қарамай, жан-жағын жұлып жеп қоюға да барады екен. Айырмашылығы жоқ малдың адамнан. Бiз малды осындай дәрежеде көрiп отырып, адамды да осындай дәрежеге түсiргiмiз келе ме?".

Кеттебек туындылары адамдықты, жоғары рухты, биiктiктi мұрат тұтады. "О дүниеден оралған адам" атты хикаяда жазушы қазақ тарихында ерекше орны бар Желтоқсан оқиғасының ащы шындығын жаңа бiр қырынан ашып көрсетедi. Егер адам құндылығы ескерiлмейтiн болса, бүкiл халықты мемлекеттiк машинаның табанына салып, қанжоса етiп, таптап шығудың қиындығы жоқ екен. Мұның өзi жазасыздықтың буына пiскен империялық пиғылдан туып отыр, — дейдi жазушы шығармасының лейтмотивы. Осындайда зұлымдық күштiң илеуiне көне бермейтiн адамның ұлы қасиетi — асқақ рухы екен. "Мен өзiме не жетпей келгенiн ендi ғана түсiнген тәрiздiмiн. Маған асқақтық жетiспеген екен. Жер бауырлап күн кешкенде мен ештеңе сезбес едiм", — дейдi хикаяның бас кейiпкерi, желтоқсаншы жiгiт Жантөре Бегiмбетов.

Жәлел Кеттебектiң әрбiр шығармасынан көркемдiк илеуi қандырылған, әбден пiсiп-жетiлген дүниелердi көресiз. Оның әрбiр туындысынан өз ұлтына терең сүйiспеншiлiгi мен жүрек лүпiлiн тануға болады. Кеттебектiң Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтында дәрiс алуы оның әлемдiк әдебиеттiң iнжу-маржандарынан оқып-үйренуiне, көркемдiк iзденiстерге деген шөлiн басуға мүмкiндiк бердi. Сол Әдебиет институтында қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевпен бiрге оқыған. Кейiн Жәлел осы бiр қимас шақтар туралы әдемi естелiк жазды. "Мақатаевтың бұлтты аспаны" деп аталатын сол эсседе: "…мен Мұқаңнан екi нәрсе үйрендiм. Мен өзiмнiң аспан мен жердiң арасындағы ең ғажайып құбылыс — қазақы дүниенiң стихиясынан шыққанымды ұмытқан жоқпын және мен де өнердi жанымнан безiп жасауға тырыстым", — дейдi.

Сол эсседе мынадай қызықты дерек келтiрiледi. Жетпiс үшiншi жылдың күзiнде Жәлел Мәскеуде кезектi сессиясы аяқталып, елге қайтар алдында Мұқағали Мақатаевпен қоштасуға бөлмесiне барады. Сонда ақиық ақын Ж.Кеттебектi шығарып салып тұрып, сөзiнiң соңында: "Айтпақшы, Қаныбек Сарыбаевқа сәлем айт. Қаныбек ұлы ақын ғой. Бiрақ бiз ұлылар құрметтелмейтiн заманда өмiр сүрiп отырмыз. Сау бол!" — дейдi.

Иә, Мұқағалидың өзi мойындаған марқұм Қаныбек ақын туралы не бiлемiз? Жазушы Жәлел Кеттебек жөнiнде ше? Бұлардың бәрi "өнердi жанынан безiп жасап жүргендер" емес пе едi? Ұлттық рухани қазынамыздың бiр бөлшегi емес пе? Оларды да кеңiнен насихаттайтын кез келдi-ау.

Суханбердi ОРАЗАЛЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары