«MADE IN CHINA» – БЕДЕЛСIЗ БРЕНД
«MADE IN CHINA» – БЕДЕЛСIЗ БРЕНД
Соңғы кездерi дамыған елдер қытайлық сапасыз тауарларды iшкi нарыққа енгiзуден бас тартуда. Арнайы тексеру жұмыстарын жүргiзiп, адам ағзасы мен қоршаған ортаға зиянды өнiмдер тiзiмiн жасаған Еуроодақ қытайлық кәсiпорындардан тауарлар сапасын жақсартуды талап етпекшi. Ал қытайлармен "ауылы аралас, қойы қоралас" отырған қазақ тұтынушыларының жайы қалай?
Өткен аптада Еуропалық комиссия батыстық тұтынушының өмiрiне қауiп төндiретiн 1993 тауардың тiзiмiн жариялады. Аталған өнiмдердiң 60 пайызы қытайлық тауарлар еншiсiнде. Тiзiмдегi екiншi орында "өндiрiлген жерi белгiсiз тауарлар" тұрса, үшiншi және төртiншi орынды Германия мен Италияның өнiмдерi иемденген. Сондай-ақ, кәрi құрлықта шығарылатын өнiмдердiң 20 пайызы қауiптiлер қатарында көрiнедi. ТМД елдерiнiң iшiнде еуропалық нарыққа жол тартатын ресейлiк тауардың 0,1 пайызы Еуропалық комиссия сүзгiсiнен өтпей қалған. Сарапшылардың айтуынша, тiзiмдi сапасыз ойыншықтар бастапты. Өйткенi, түскен арыз-шағымның 26 пайызы ойыншықтарға қатысты. Еурокомиссияның хабарлауынша, тауарлардың 1699 түрi тұтынушыларға, қоршаған орта мен қоғамдық қауiпсiздiкке айтарлықтай қатер төндiредi. Азық-түлiк түрiне жатпайтын тауарлардың қауiптiлiгi туралы ақпаратпен жедел алмасу жүйесi – RAPEX 2009 жылы жүргiзген зерттеу жұмыстарын қорытындылай келе, 2008 жылға қарағанда, көрсеткiш, яғни, қауiптi тауарлар саны 7 пайызға артқанын мәлiмдеген болатын.
2004 жылдан бастап iске қосылған RAPEX жүйесi жыл сайын нарықтағы тауарлар сапасын жiтi қадағалаумен айналысып келедi. Айналдырған 6 жыл iшiнде жалпы көрсеткiш 4 есеге өскен көрiнедi. Демек, сападан гөрi санға иек артатын кәсiпорындар қатары көбеюде. Еуропалық Комиссияның тұтынушылық саясат жөнiндегi қызметкерi Джон Далли 2010 жылдың маусымында Пекинге сапар шегiп, қытай билiгiне сапасыз әрi адам денсаулығы мен өмiрiне аса қауiптi тауарларды Қытай шекарасынан шығармауға ұсыныс айтпақшы: "Бiз Қытайдағы өндiрiс орындарын жабуды талап ете алмаймыз. Қытайлықтарға сақтық шараларын нығайтуды ескертемiз".
Қазақстанның iшкi нарығындағы тауарлар түрiнiң басым бөлiгi көршiлес Қытайдан әкелiнетiнi белгiлi. Отандық мамандар қауымы бiрнеше жылдан берi аспанасты елiнен әкелiнетiн тауарлардың көпшiлiгi халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтiнiн, сәбилер мен жас балалардың, жасөспiрiмдердiң денсаулығына, өмiрi мен келешегiне қатер төндiретiн тауарларды нарықтан алып тастау туралы ұсыныс айтқалы да бiраз жылдың жүзi болды. Мысалы, жылаған сәбидi жұбату үшiн пайдаланылатын сылдырмақтардың кейбiрi балалардың саңырау боп қалуына себеп болса, қытайлық аяқ киiмдердi киiп өскен баланың көбiсi майтабан ауруына ұшырап, аяғы шуаштан бiр ажырамайтыны тағы бар. Мұндайда балаларға арналған киiмдер туралы сөз қозғау артық. Осыдан үш жыл бұрын халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары Қытайда тiгiлген балалар киiмдерiнiң кейбiрiнiң құрамынан ағзаға аса қатерлi улы зат табылғанын, ол химиялық заттан бала терiсiнде қатерлi iсiк пайда болатынын айтып, дабыл қақты. Ал бiздiң базарлар мен дүкендердегi қытайлық киiмдердiң құрамын тексерген кiм бар? Сыртынан сүп-сүйкiмдi көрiнетiн бала киiмдерiнiң көпшiлiгiнде тiгiлген тауардың құрамы, күту ерекшелiгi туралы ақпарат жоқ. 100 пайыз мақтадан тiгiлген деп көрсетiлген көйлек-көншектi қолмен үйкеп көрсеңiз, кейде от шығады. Демек, кеденнен кедергiсiз өтiп кеткен сапасыз қытай тауарларын қайта сұрыптаған жөн. Ертеңгi ұрпақтың жарқын келешегi үшiн.
Сонымен қатар соңғы 10-20 жылда әлемдiк брендтер өнiмдерiн "көшiрiп басумен" белсендi түрде айналыса бастаған Қытай кәсiпорындары сапаға емес, санға назар аударады. Аспанасты елiндегi авторлық құқықты сақтамайтын, заңға мойынсұнбайтын кәсiпорындармен алысуға, оларды ауыздықтауға халықаралық компаниялардың өзi қауқарсыз. Тиынын үнемдеудi көздейтiн кейбiр ата-ана қытайлық тауарлардың қаншалықты сапасыз әрi қауiптi екендiгiн бiле тұра балаларына сатып әпередi. Мұндайда жауапкершiлiк пен қауiпсiздiк қағидаларына ұйымаған үлкендердiң немқұрайдылығына налисың.
Экономикасы қарыштап дамып келе жатқан Қытай сапа мәселесiнде көп жағдайда өзгеге үлгi бола алмайды. Осыдан екi жыл бұрынғы меламин дауы әлi басылған жоқ. Жаңа туылған сәбилер үшiн шығарылатын құрғақ сүттiң құрамына аса қауiптi улы зат – меламиндi қосқан 20-ға жуық кәсiпорынның бiрнеше қызметкерi сот алдында жауап берiп, олардың екеуi өлiм жазасына кесiлгенi белгiлi. Өкiнiшке қарай, меламиннiң арқасында оңай пайда табам деп арандап қалғандар саны әлi толас табар емес. Ит тамағына меламин қосқан қытайлық кәсiпорындарға шүйлiккен Вашингтон Пекинге наразылық танытып, екi ел арасында кәдiмгiдей дипломатиялық дау туындаған едi. Арада сәл уақыт өткенде улы тұшпарасын экспорттаған қытайлықтарға жапондар қысым жасады. Меламиндi сүттен кейiн аспанасты елiнен iш жиып қалған Еуропалық Одақ батыстық нарыққа келетiн тауарларды қайта қатаң сүзгiден өткiзуге кiрiстi. Нәтижесiнде, қытайлық шоколад, тiс пастасы, ойыншықтар, жұмыртқа, үй жануарларына арналған жем, ыдыс-аяқ т.б. көптеген тауар құрамынан меламиндi тауып, кәрi құрлыққа Қытайдан импортталатын заттарды шекарадан өткiзуге тыйым салды.
Жуырда Ресейде "Балалар ойыншықтарын шығару және тарату өндiрiсiнде бақылау мен қадағалау тиiмдiлiгiн арттыру туралы" жаңа заң күшiне ендi. Аталған құжат ойыншықтар нарығындағы қауiпсiздiк ережелерiн нығайтуға күш салуы тиiс. Iшкi нарықтағы ойыншықтар әлемiне арнайы тексеру жұмыстарын жүргiзген мамандар қауымы қытайлық ойыншықтардан төгiлетiн зиянды заттар адамдар мен қоршаған ортаға аса қауiптi екенiн дәлелдедi. Олар қытайлық ойыншықтар құрамындағы формальдегид пен фенолдың көрсеткiшi бiрнеше есе көптiгiне, шығаратын дыбыстардың талаптан асып түсетiнiне наразы. Сондай-ақ, жұмсақ резеңке ойыншықтарды бояйтын заттар құрамындағы кадмий мен қорғасын көлемi қалыпты деңгейден бiрнеше есеге көп. Мұндайда улы ойыншықтар баланы аллергиялық ауруларға шалдықтыратыны айтпаса да түсiнiктi. Ойыншықтардағы түстер неғұрлым көп әрi қанық болса, тауардың сапасыздығы мен қауiптiлiгi де соғұрлым арта түспек. Мамандар егер қытай ойыншықтарын сатып алғаннан кейiн ыстық сумен жақсылап жуғанда, бояуы оңып кетсе, оны бiрден қоқысқа лақтыруға кеңес бередi. Жуырда ғана отандық психолог мамандар қытай қуыршақтарының балалар бойындағы өзiн-өзi қорсыну сезiмiн күшейтетiнiне, өйткенi, қуыршақтардың көпшiлiгiнiң дене бiтiмi мен түр-әлпетi ересек әйелдiкi болғандықтан, балалардың психологиясына сай келмейтiнi туралы дабыл қағып, тез арада тиiстi шаралар қолдану керектiгiн айтқан болатын. Өкiнiшке қарай, қағылған дабыл жаңғырып барып басылды. Шыққан нәтиже жоқ. Бүгiнде құны тым қымбат тұратын ойыншықтарды ғана сататын арнайы дүкендердiң өзiнде сапасыз тауарлар көптеп кездесетiн көрiнедi. Сондықтан "супер", "гипер" дүкендердiң атына алданбай, сатушыдан өнiмдердiң кез келгенiне берiлетiн арнайы сертификатты талап еткен жөн.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ