ШЕТЕЛДЕГI ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIН ЗЕРДЕЛЕУ

ШЕТЕЛДЕГI ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIН ЗЕРДЕЛЕУ

ШЕТЕЛДЕГI ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТIН ЗЕРДЕЛЕУ
ашық дереккөзі
463

Академик С.А.Қасқабасов басшылық ететiн М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шетте жүрген ағайындарымыздың әдебиетi мен мәдениетiнiң хал-жағдайын зерттеп, зерделеуге бар күш жiгерiн салып келедi. Мәселен, елбасымыз тiкелей басшылық ететiн Мемлекеттiк "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында, осы институттан шығып жатқан "Бабалар сөзi" сериясының 23-томынан 32-томына дейiн, Қытай қазақтарының "Фольклоры" реттелiп 10 том болып басылып жарыққа шықты (Баспаға дайындап, ғылыми түсiнiктерiн жазған осы институттың "Қолжазба" бөлiмi мен сол бөлiмде жұмыс iстеген Оразанбай Егеубайұлы).

Институт ғалымдарының ат салысуымен шыққан тағы бiр құнды еңбек – "Мәдени мұра" бағдарламасын өзiне өзек ете отырып, өнер саласында, соның iшiнде "Өнертану" бөлiмiнiң бас болып құрастыруымен шыққан "Қазақ музыкасының антологиясы" деп аталатын бес томдық еңбек. Бұл музыка тарихындағы бiрегей еңбектiң бiрiншi томында да шетелдегi қазақ диаспорасының көне музыкалық фольклоры жүйелi түрде жинақталған. Атап айтар болсақ, Моңғолиядағы қазақтар арасында тараған 40-тан астам сыбызғы күйлерi мен 10-нан астам домбыра күйлерiн нотаға түсiрiп, осы еңбекке кiргiзген.

Сондай-ақ, осы ұжымдағы ғалымдардың жекелеген монографиясы мен ұжымдық монографиясынан да, шетелден келген және сонда тұрып жатқан ақын-жазушыларымыздың шығармалары зерттеу қаламынан тыс қалып көрген жоқ. Оған дәлел, институт ғалымдарының құрастыруымен шыққан он томдық "Қазақ әдебиетi тарихы" деп аталатын iргелi зерттеу еңбектiң 1-томында ("Фольклортану" бөлiмi, жалпы редакциясын басқарған академик С.Қасқабасов) шетелдегi қазақтар арасында тараған фольклорлық үлгiлердi молынан ғылыми айналымға түсiрген. Мәселен, Қытайда шығатын фольклорлық шығармаларды жинап, бастырып отыратын "Шалғын", "Мұра" журналдарымен қатар, сол елде әр аймақтарда басылып шыққан көптеген фольклорлық шығармаға қатысы бар басылымдардың барлығын да, сонымен бiрге осы саланы зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың (Н.Мыңжани, Б.Кәсей, т.б.) еңбегiн де ғылыми айналымға салуға көптен көп еңбек сiңiрдi. Сонымен бiрге, ғалым Ақедiл Тойшанұлы бiрнеше мәрте Моңғолияда экспедицияда болып, көптеген фольклорлық үлгiлердi жинап, ғылыми айналымға салды. Он томдық "Қазақ әдебиетi тарихы" деп аталатын iргелi зерттеу еңбегiнiң 8-9-томдарында ("Қазiргi қазақ әдебиетi" бөлiмi, жалпы редакциясын басқарған академик С.Қирабаев) бiр тарау "Қытай және Моңғолия қазақтарының әдебиетi" деп аталады. (Осы тарауды жазған филология ғылымдарының докторы З.Сейiтжанұлы). Бұнда негiзiнен, Қытай мен Моңғолиядағы қазақ әдебиетiнiң даму үрдiсiн жекелеп талдап түсiндiрген. Автор 8-томда Қытайдағы қазақ әдебиетi бастауын фольклордан алатындығын айта келiп, жазба әдебиеттке ХХ-ғасырдың 20-жылдарынан бастап, 40-жылдарына дейiн тоқталады. Алғаш жазба әдебиеттiң негiзiн салушыларға, Айталық, Ақыт Үлiмжiұлы, Асқар Татанайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Арғынбек Апашбайұлы, Әрiпжан Жанұзақұлы, Әсет Найманбайұлы, Көдек Маралбайұлы, Нығымет Мыңжанұлы, Қаусылқан Қозыбайұлы, Қ.Оспанұлы, Бұқара Тышқанбаев, Қ.Шабданұлы және т.б. ақын-жазушылардың шындықты ту етiп сол дәуiрдiң ащы шындығын бейнелеген шығармаларына тоқталып, шолу жасайды. 9-томда-солақай саясаттың қазақ жазушыларының басына салған трагедиясы да тiлге тиек етiледi. Мәселен, О.Айтанұлы, Д.Зияданұлы, Ғ.Бiләлұлы, М.Разданұлы, Т.Ырскелдин, О.Егеубай, З.Мыңбай, О.Ахыметұлы, Б.Құсбегин, К.Нұрсадық, М.Иманбатыр, Қ.Зейтiнғазыұлы, Қ.Шабданұлы т.б. алды "Тарымда", "Еңбекпен өзгерту" лагерiнде болып жазу құқығынан айырылады. Мiне, осылардың барлығы да назардан тыс қалмайды. О.Айтанұлы, Ш.Қызырұлы, Ш.Құмарұлы шығармаларына да баса тоқталады. Жалпы, Қытайдағы қазақ әдебиетiнiң 1950-1980 жылдары арасындағы даму барысын тiлге тиек еткен. Ал, Моңғолиядағы қазақ әдебиетiнiң де даму сатысын Қытайдағы қазақ әдебиетiнiң дамуымен ұштастыра баяндайды. Мұнда да 1920 жылдан 1980 жылға дейiнгi жазба әдебиеттiң даму сатысын, оның қалыптасу барысындағы ақын-жазушылар шығармалары мен олардың шығармашылық өмiрiне талдау жасаған. Айталық, 1955 жылы аймақтық жазушылар үйiрмесi құрылып, 1957 жылы "Жаңа талап" атты әдеби алманақ жарық көредi. Осы үйiрме 1969 жылы МХР жазушылар одағының қазақ бөлiмшесi болып қайта құрылады да, Қазақстанмен тығыз шығармашылық байланыста болады. Осы кезде жаңа бiр топ есiмдер пайда болады. Олар М.Құлыбекұлы, Ш.Нығышұлы, М.Сұлтанияұлы, Б.Қабанұлы, Қ.Қабылқақұлы, Ш.Шотпақұлы, Ж.Шәпенұлы және т.б. Моңғолияда 1970-1980 жылдар аралығында жүзден астам әңгiме-повес, оннан астам роман жарық көрген. Осылардың iшiнде, ақын Ақтан Бабиұлы, Құрманхан Мұқамедиұлы, аудармашы Даниял Дiкейұлы, Имашхан Байбатырұлы, Шабдарбай Қатшаұлы, Арғынбай Жұмажанұлы сонымен бiрге "Қобда қойнауында" атты алғашқы романымен таныс Елеусiз Мұқамәдиұлының шығармашылығына айрықша назар аударады. Жоғарыдағы ақын-жазушылардың атын тiзбелеп отырудағы негiзгi мақсатымыз – соның барлығы да ғалымдардың қаламынан қағыс қалмағандығын аңғартады.

Ендi монографиялардағы зерттеулерге назар аударып көрелiк. Ғалым Шерияздан Елеукеновтың "Қазақ әдебиетi тәуелсiздiк кезеңiнде" (2006) деп аталатын еңбегiнде Т.Зәкенұлының, Ж.Ахмадиұлының, С.Әбiлхасымұлының шығармаларына баға берген. Мәселен, "Көк бөрiлердiң көз жасы" деп аталатын тарихи роман туралы былайша пiкiр бiлдiредi: "Бiз көп уақыт бойы сәулеттi болашақты алдан, коммунизмнен дәметiп келдiк. Өткен қоғам атаулының бәрi қараңғылық, надандық тұманы басқан, халықты, елдi-жұртты қан қақсатқан, шетiнен қарғыс атқан дүние көрiнетiн. Мiне, осы түсiнiктi, көзқарасты "Көк бөрiлердiң көз жасы" романы ескiргенге санайды. Жерұйық қиял дүние емес, қой үстiне боз торғай жұмыртқалаған тiрлiк ертеде, реалды шындық болғанына ден қойғызады. Жерұйық дегенiмiз алдымен жомарт табиғат пен мәрт жүректi адамның ұйыған жарастығы деп аталады". Сонымен бiрге Алтайда болған бiр ат бәйгесiнде бәйгеге мал мен бiрге жетiм қызды да тiккен оқиғаны шығармасында бейнелеп жазған Ж.Ахмадиұлының "Шырғалаң" романы туралы ғалым: "Бұл сөздiң төркiнiнде бiздiң прозамызда әлi өрiсiн таппаған кенеулi ой жатыр. "Тәуелсiздiк, азаттық бар кеселдi жоятын әмбебап құрал емес, бостандық туы мен қатар адамдық туы да көтеруi керек" деген ой айтады" деп тұжырымдайды. Ғалым С.Әблiхасымұлының шығармасына да төмендегiдей ой тұжырымын ұсынады: "Өзге елдiң жерi саналса да, қазақтың қалың бiр шоғырын құрайтын Шығыс Түркiстандағы бауырларымыздың мұңы, зары, жыры қазiргi әдебиетiмiздiң жайылып өскен жемiстi бiр бұтағы. Заман тарихы, ел өмiрiнiң беделдi-беделдi оқиғалары, қым-қиғаш қайшылықтары реалистiк бояуы қанық көркем шығармаларда өрнектелуде, сондай туындыларымыздың бiрi еңiреп туған ер Оспан батырға арналған. Романның аты да "Оспан батыр". С.Әбiлхасымұлы қасықтай қаны қалғанша ел бостандығы үшiн алысып өткен қас батырдың жарқын бейнесiн жаратқан". Жоғарыдағы зерттеу еңбектерiмен қоса төмендегi ұжымдық монографияда да арқалы ақын-жазушыларымен қоса, жас буын ақындардың шығармалары зерттеушiлердiң назарына iлiккенi белгiлi. "Қазiргi әдебиет және фольклор" деп аталатын ұжымдық монография назарынан жастар шығармашылығының қағыс қалмағанын бiрден байқауға болады. Оған дәлел ретiнде аты қазаққа мәлiм ақын-жазушыларды айтпағанда, ендi ғана жарқырап шығып келе жатқан жас ақындардың шығармаларына да тоқталып, өз ой-тұжырымдарын ұсынған. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн бiлiктi ғалым Ш.Елеукеновтың мына пiкiрiн келтiрiп көрелiк: "Жалпы, Шығыс Түркiстаннан келiп қосылған жазушыларымыз тiлiмiзге өзiндiк көзқарасымен, бiзден ұмыт қалып көп уақыт бойы қолданылмай келген қазақы сөздердi жаңғыртумен ұлт лексикасы қорына мол олжа салғанын мойындауымыз керек" деген ой айтады.

Жалпы алғанда, бұл институт ақын-жазушылардың шығармаларын зерттеп қана қоймай, шеттегi жүрген қазақ диаспорасын арнаулы түрде қарастыратын, оны зерттеп, жүйелейтiн мамандарды даярлауға да өз үлесiн қосып келедi. Мәселен, Қ.Жұмақанұлы, Секей Жанбота, Ұлболсын Аязбаева және т.б. ғалымдардың ғылымға бет бұруына жөн сiлтеп, ғылым кандидаты дәрежесiн алуына тiкелей жетекшiлiк еттi. Атажұртқа оралып жатқан қандастарымыздың да ғылыммен шұғылдануына өзiндiк үлесiн қосып келедi.

Набиолла НАСИХАТ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институтының кiшi ғылыми қызметкерi

Серіктес жаңалықтары