ӘУРЕСI КӨП ҚАЗАҚТЫҢ ӘУЕДОБЫ-АЙ!
ӘУРЕСI КӨП ҚАЗАҚТЫҢ ӘУЕДОБЫ-АЙ!
Соңғы кездерi Олимпиада бағдарламасына кiретiн ойын түрлерiн дамыту қолға алынып келедi. Соның бiрi волейболды қолдау үшiн де бiршама игi iстер жасалынуда. Бiрақ бүгiнде ел әуедобы дамымақ түгiл, өз нанын өзi табатын жағдайдан әрi. Әжептеуiр iргесi берiк бұл спорттың шаңырағы шайқалып, жағдайының керi кеткенiн көзбен көрсек те қол ұшын созып, белшеден басқан батпаннан шығара алмай отырмыз.
Кеңес үкiметi ыдырағаннан кейiн елiмiз волейболы көзге көрiнбей нашарлай бастады. Бұрынғының үрдiсi күшiн жоғалтып, сол заманның мектеп-интернаттары құлап, жастар даярлау iсi де қабырғадан сөгiлiп жатты. Мұның бәрiнiң де өз себебi бар. Қазiргi күннiң өзiмен салыстырғанда да әлi сол қалыпқа түсе алмай келемiз. Ол кезде Қазақстанның жоғарғы лигасында жиырмадан астам команда бақ сынаса, қазiргi таңда олар бесеу. Тағы бiр түйткiл елге келiп жатқан келiмсектерде. Ел клубтарында әжептеуiр ойын көрсетiп жүрген сырттан келген спортшылар Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрама сапына iлiгiп жүр. Легионер тарту бұрыннан бар нәрсе. Алайда, бұрын командаларға шынымен өз iсiнiң шеберлерiн алатын, ал қазiр кiм болса сол жүр арамызда. Және ұлттық құрамаға да өз елiнiң басты командасына iлiге алмай жүрген екiншi деңгейдегi ойыншыларын қосудамыз. Мұндай әрекеттердi бiр күннiң қамы дейдi. Ертеңге, болашаққа жұмыс жасау үшiн сол келiмсектердiң кесiрiнен ойын тәжiрибесiнен айырылған жастарды демеу қажет. Әр ауылда, әр ауданда волейбол үйiрмесi ашылса, оған қазақтың қаракөз жастары барып жаттықса — мiне, құптарлық iс осы болмақ. Қазiр түрлi спорт түрлерiнде мектеп-интернаттар, академиялар ашылуда. Мысалы, футбол, теннистегi жағдайларға қарағанда әуедоп тоқалдан туған баланың кебiн кешуде. Тағы бiр айта кететiн жайт, бiздiң жастар құрамасы Азия бiрiншiлiктерiнде алғашқы ондықтан ғана көрiнiп жүр. Ал Азияның ерлер арасындағы волейболы өзге құрлықтардан деңгейi төменiрек. Сонда бiздiң ерлерiмiз әлемде төртiншi ондықтың ар-жақ, бер-жағында болғаны. Ертең ұлттық құраманың негiзгi құраушысы осы жастар болатыны айдан анық.
Соңғы жылдары волейболдан қыздар командасы жаман нәтиже көрсетiп жүрген жоқ. Ақтық демi қалғанша күресiп жүрiп Олимпиадаға берер жолдаманы да қалтаға басқан. Ендi, мiне, жақында ғана iрiктеу сындарын сәттi аяқтаған қыздарымыз Әлем бiрiншiлiгiне де қатыспақшы ойы бар. Өскеменде өткен ойындарда бiрiншi орынды талассыз алған бойжеткендер, екiншi кезеңде де табандылық танытып, екiншi орынға қол жеткiздi. Қытай Тайпэйi мен Жаңа Зеландияны сәйкесiнше 3:1, 3:0 есебiмен тұқыртқан қыздарымыз тек Оңтүстiк Кореядан ғана жеңiлiп қалды. "Е" тобының турнирлiк кестесiнде екi жеңiспен екiншi орынға ие болған Қазақстан командасы осылайша 2010 жылы Жапонияда өтетiн Әлем бiрiншiлiгiне жолдаманы қанжығаға байлады.
Осы тұста сәл артқа шегiнiс жасап, кезiнде сол iрiктеу турнирi туралы қозғалған әңгiменi еске салғымыз келiп отыр. Екiншi iрiктеу кезеңiн Өскеменде өткiзу үшiн елiмiзде жеткiлiктi қаржы табылмай қалғаны бар едi. Сол турнирды өткiзу үшiн 30 мың АҚШ доллары жеткiлiктi-тұғын. Мiне, сол қаржының өзiн ұйымшылдық көрсетiп таба алмадық. Бұл әрине елдiгiмiзге сын.
Ал ендi соның кесiрiнен сырт алаңда төрешiлер немесе спорттық емес күштердiң араласуымен бiздiң қыздар екiншi орынға жете алмағанда не болар едi? Бармақ шайнап, өзегiмiздi өкiнiш өртерi сөзсiз. Жанкүйердiң қолдауынсыз-ақ жат жерде қайсарлықтарын көрсетiп, ел намысын асқақтатқан қыздарға қуануға тиiспiз.
Қазақстанның ерлер құрамасы халықтың абыройын асырып, байрақты бәсекелерде атой салмағалы көп болды. Сонау 1993 жылы Азия бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдесiн олжалаған отандастарымыз содан берi қомақты табысқа жете алмай келедi. Соңғы жылдары Әлем бiрiншiлiктерiне үзбей қатысып келедi демесеңiз, ауыз толтырып айтар дәнеңе де тындырған жоқ. 2002 жылғы Аргентина мен 2006 жылғы Жапония жерiндегi қос бiрiншiлiкте де жарысты ерте аяқтап, елге қайтқан. Ендi биылғы Италия жерiнде өтетiн әлем кубогына iрiктеуде мүмкiндiктi мүлт жiбердi. Бiрiншi iрiктеу сынынан сүрiнбей өткен жерлестерiмiз, екiншi кезеңде опық жеп қалды. Онда Корея, Иран және жарыстың қожайындары Жапония командаларымен екi ғана жолдаманы сарапқа салған бiздiң жiгiттер бiрде-бiр жеңiске қол жеткiзе алмады. Жапония мен Ираннан 1:3 есебiмен ұтылған соң Оңтүстiк Кореядан 2:3 нәтижесiмен тiзе бүктi. Сөйтiп, жалпы есепте төрт команданың iшiнде төртiншi орынға табан тiредi.
Иә, Жапония мен Корея волейболы әлемдi мойындатқалы қашан. Азия құрлығында ойқастап жүрген Иранның өзi оңай шағылар жаңғақ емес екенiн тағы бiр көрсеттi. Бiрақ, қанша дегенмен, сол үш ойынның бiреуiнде жеңiске жетсек кiм бiледi, Италиядағы мундиалға да барып қалар ма едiк?
Әрине, осы бәсекеде өнер көрсеткен бiздiң ұлттық құрама өздерiнiң кем-кетiктерiн ендi асықпай тексерiп алса құба-құп. Әр жеңiлiс пен сәтсiздiктiң қайдан шыққанын да осындайда ойға түйе жүрген артық болмас. Бұл бiздiң команда үшiн үлкен сабақ болуы тиiс. Бас бапкер Паршиннiң айтуынша, ұлттық құраманың денi негiзiнен "Алматы" мен өзге клубтардың ойыншыларынан құралған. Олардың бiразының жастары 30-дан асқан. Ендi ары кетсе 2-3 жыл өнер көрсетуге жарар. Содан кейiнгi ұлттық құраманың бетбейнесi қандай боларын ешкiм де болжай алмайды. Мiне, осы мәселенiң түбегейлi шешiмiн табу үшiн, қазiрден бастап ел клубтары мен ұлттық құрамалар сапына жастарды көптеп шақыру дұрыс болатыны күмән тудырмайды.
Ермұхамед МӘУЛЕН