ПАРАҚОРЛЫҚТЫ ТЕКТIЛIК ҚАНА ЖЕҢЕДI

ПАРАҚОРЛЫҚТЫ ТЕКТIЛIК ҚАНА ЖЕҢЕДI

ПАРАҚОРЛЫҚТЫ ТЕКТIЛIК ҚАНА ЖЕҢЕДI
ашық дереккөзі
379

Бүгiнгi күннiң тәртiбiнен түспей тұрған бiр мәселе сыбайлас жемқорлық екенi баршаға белгiлi. Ал сыбайлас жемқорлықтың негiзi пара алуға келiп тiреледi. Қазiр пара туралы әңгiме айтылса, ешкiм де таң қалмайды. Пара қоғамның барлық саласын жаулап алғаны соншалық, қоғамдық орындарда кәдiмгi үйреншiктi әңгiме сияқты бейтаныс адамдардың ортасында отырып ашық айтыла беретiн болды. Бiреулерi бермесiңе қоймайды десе, екiншiлерi алмауға амалың жоқ дейдi. Бiр таңқаларлығы, пiкiр бiлдiрушiлердiң ешқайсысы ешқашан өзiн кiнәлi санамайды. Сонда қоғамның бұл дертi қылтамақ кеселi сияқты емi қашан табылары белгiсiз болғаны ма?

Парақорлықтың шынында да өте өмiршең құбылыс екенiн тарих та растайды. Әлем өркениетiнiң танымал тұлғаларының бiрi – бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 100-44 жылдары өмiр сүрген Гай Юлий Цезарьдiң өзi билiк басына келгенге дейiн диктатор Сулланың қуғынында жүрiп, соңына түскендерден пара берiп құтылып отырғаны белгiлi. Кейiн император болған шағында байып кеткенi соншалық, өзiнiң жұмсаған қаражат мөлшерiн есеп кiтабына жазбауды бұйырған. Бұндай бұйрықтардың неге пайда болатыны айтпаса да түсiнiктi. Рим империясының басқа азаматтары да қылмыстық әрекеттен алыс жүрмеген. Бiрде Публий Сулла мен Луций Атроний сайлаушылардың дауысын пара беру арқылы сатып алғаны анықталған. Бұл бүгiнде тарих оқулықтарында "адамзат дамуының үлгiлi өркениетi" деп оқытылатын үлкен империяның тiршiлiгiнiң азғана көрiнiстерi. Осы және басқа да жағдайлар туралы Тай Светоний Транквилдiң "Он екi патшаның өмiрi" атты кiтабында молынан жазылған.

Тарихқа белгiлi венециялық саяхатшы Марко Поло өзiнiң 1298 жылы жазған "Әлем түрлiлiгi" атты кiтабында Ханбалық қаласындағы бiр Ахмах деген кiсiнiң өзiнiң ханға жақындығын қалай пайдаланғанын әңгiмелейдi. Ахмах егер бiреудiң әдемi қызы барын естiсе, оған өзiнiң шабармандарын жiбередi екен. Олар сен қызыңды Ахмахқа берсең ол саған қалаған лауазымыңды әпередi деп хабар жеткiзетiн болған. Осылайша қыздарын параға бергендер ертеңiне жоғары лауазым иелерi болып шыға келедi екен. Бiрақ ақыр соңында бұл әрекеттерi насырға шапқан Ахмах әбден зығырданы қайнаған қытайлардың қолынан қаза тапқан.

Алысқа бармай-ақ көршi Ресейдi алайық. Бұл елдiң де тарихы былыққа толы. Басқа елдердi басып алу саясатын ұстанған Ресей билiгiнiң басындағылар пара берудi мемлекеттiк деңгейде жүргiзген. Бұл туралы Ресейдiң ең мықты тарихшысы Н.Карамзин өзiнiң "Ресей мемлекетiнiң тарихы" атты үлкен еңбегiнде 1587 жылы Ресей патшасы Борис Годунов Көшiм ханға "егер Мәскеуге келiп маған бағынсаң көп ақша төлеймiн, Ресейдiң бiрнеше қаласы мен аймақтарын құзырыңа беремiн, әрi Сiбiрдiң патшасы деп жариялаймын" деп хат жолдағаны туралы тайға таңба басқандай етiп жазған. Бiрақ Көшiм хан оның бұнысына көнбеген. Орыстың тағы бiр тарихшысы Н.Ядринцев 1882 жылы өзiнiң "Сiбiр колония ретiнде" атты еңбегiнде мынадай деректердi келтiрген: "По распоряжению Сперанского за грабежи и взятничество были преданы суду два губернатора, 48 чиновников, а всего замешанных в преступлениях было 681 человек. Кроме того, с виновных в должностных преступлениях, прежде всего, – взятках, были взысканы деньги на сумму 22847000 (жиырма екi миллион сегiз жүз қырық жетi мың!) рублей".

2004 жылы "Өлке" баспасынан шыққан "Русские писатели о Казахстане" атты кiтаптың 98-бетiнде ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потаниннiң мынадай естелiктерi бар:

"При Госфорте в крае царил дикий произвол подчиненных ему властей. Все должности были оценены и продавались за определенные суммы, львиная часть которых доставалось советнику Главного управления Почекунину, приближенному Госфорта. Взятки брались просто открыто. Мелкие власти, зная что им все пройдет безнаказанно, чинили всяческие безобразия. И все это делалось у всех на виду. Вся администрация Омска жила в богатстве, имела хорошие дома, комфорт, а низы страдали".

Ресейдiң АҚШ Алясканы сатып алсын деп сол елдiң жоғарғы лауазым иелерiне 7200000 доллар пара бергенi белгiлi, бұл сома қазiргiше 8 млрд. 355 млн. (6 наурыз 2007 жыл. НТК телеарнасы).

Патшалық Ресей пара алуда алдына жан салмаған секiлдi. Бұған тағы бiр дәлел ретiнде қазақстандық жазушы Медеу Сәрсекенiң 2003 жылы Мәскеу қаласының "Молодая гвардия" баспасынан академик Қаныш Сәтбаев туралы шыққан "Сатпаев" атты кiтабының 41-бетiнен Павлодар қаласы туралы мынадай деректi оқуға болады: "…купцы не пожалели денег на подкуп, подсунули кому надо немало взяток, добиваясь позволения назвать желанный им город именем годовалого ребенка царского наследника Павла".

Мәдениеттiлiктiң ошағы делiнетiн Франция да Ресейден алысқа ұзай қоймаған. Жазушы Роберт Гриннiң "Билiктiң 48 заңы" атты кiтабында Люстиг есiмдi бiр алаяқ өзiн мемлекеттiк шенеунiкпiн деп таныстырып бiр iскердi "атақты Эйфель мұнарасы аукцион арқылы сатылады, соны сiздiң сатып алуыңызға көмектесе аламын" деп сендiрiп, пара алғаны туралы жазылған. Бұл оқиға француз шенеунiктерiнiң қандай болғанын аңғартады.

Пара алу әдiсiн қазақ халқының өкiлдерiнiң де өз мүмкiндiгiнше меңгергенi белгiлi. Оған уақыттың шаңы басқан тарих атты көне кiтаптың беттерiн ашып көз жеткiзуге болады.

"Өздерiңдей хандардың,

Қарны жуан билердiң,

Атандай дауысын ақыртып,

Лауазымын көкке шақыртып,

Басын кессем деп едiм," –

деп Махамбет Өтемiсұлы бекер айтпаған ғой. Қоқан ханының жандайшабы, халыққа тырнағын әбден батырған Мырзаби бектi өлтiрген қазақтың тағы бiр батыр әрi ақын ұлы Мәделiқожаның: "Бұл күнде болыс болмас ақшасы жоқ" деуi сол кезгi өмiрдiң нақты келбетiн айқын көрсетедi. ХIХ ғасырда пара алып басқаларға қиянат жасаудың қаншалықты күнделiктi iске айналғаны 2001 жылы Астанадағы "Елорда" баспасы шығарған "Жыр мұра" кiтабының 14-бетiнде басылған жоғарыда аты аталған Мәделiқожа Жүсiпқожаұлының "Қанай датқаға" атты өлең жолдарынан анық көрiнедi:

"Датқа еке, басың пiскен асқабақтай,

Дау келсе сөйлемейсiң жасқалақтай,

Жаппастың жүз дiлдәсiн қарпығанда

Көк ұлын соғыстырдың тастабақтай".

Қазақ халқы үшiн жанын қинай-қинай өткен ғұлама ақын Абайдың өмiр сүрген ортасы да параға белшесiнен батқан. Бұны заңғар жазушы Мұхтар ағамыздың нақты тарихи деректерге сүйене отырып жазған "Абай жолы" роман-эпопеясын оқыған әрбiр қазақ бiледi. Осы шығармасымен қазақтың жақсы жағын барша әлемге паш еткен кемеңгер туған халқының болмысының келеңсiз жақтарын Абай мен досы Ерболдың пiкiрлесуi арқылы әшкерелейдi:

"– Билер ше? Бидiң бәрi жемтiктес пе?

– Бидiң көбiн барлай алмадым. Бiрақ олардың да жеп жатқанында шек-шүба жоқ. Өзiң ойласаңшы, Керей-Тобықтының, Сыбан-Тобықтының, Бура-Тобықтының дауы болса, оны әуелi болыстар арқылы айтысады. Биге болыстар айдап беретiн болса, сол болыс алдын ала ым-жымды өзi жайлайды. Биге бергенде жең ұшынан жалғасып, "анаған кессең аламыз", "мынаның кiнә сұмдығын кешсең аламыз" демей отыр ма! Сөйтiп, болыстың да парасы билiктен келедi. Содан түседi. Ал билiк би аузымен айтылады. Аузымен адалдықты айтам деп ас жемей, әулиелiк iстеп отыратын бiздiң Жиренше, Әбдiлда, Оразбайлар ма?

– Өй, шыныңды айтшы, Жиренше мен Оразбай да жей ме?

– Бәлi, ол не дегенiң?

– Бiр кезде ел сөзiне сол екеуiнiң араласуына менiң өзiм себепшi болып едiм. Кiсiлiк абыройды ерте алып екеуi де қатты малданды деп естимiн. Тым құрыса арам жемесе несi кетер едi! Әлде сенiкi үстiрт болар. Әлi де соларды адал дегiм келедi. Ал оларың тағы жемiт болса, онда кiмiң қалды? – деп Абай үлкен бiр дағдарыс ойға тiрелгендей. Өзiнен өзi сұрағандай бiр сөздi айтты да ары қарай әңгiмелеспедi".

Абайдың замандасы, Оңтүстiктен шыққан ақиық ақын Майлықожаның:

"Құрдас деп үйiр болмаңыз

Өзiңнен күштi ұлықты," –

деуiнде де көп астар жатыр.

Пара алу iндетiнiң құрығының қаншалықты ұзын екенiн қазақ халқының мақал-мәтелдерiнен де көруге болады:

Ақша ашпайтын құлып жоқ.

Ақшада көз жоқ.

Алтын көрген перiште жолдан таяр.

Бара бергенше пара бер.

Берген перде бұзар.

Шенеунiктер саны 18000000-ға (он сегiз миллион!) жеткен кешегi Кеңес өкiметiнiң тұсында да парақорлық кеңiнен дамығаны соншалық "шенеунiктiк мәдениет" деген ұғым пайда болды. Қазiргi таңда бұл сөз тiркесi басқа ұғымдармен қатар сөздiктерде орын тапты. "Шенеунiктiк мәдениет" мемлекеттiк басқару құрылымдарында қызмет ететiн қызметкерлердiң жұмыс iстеу әдiсi. Олар көбiнесе барлық мәселенiң шешiмiн "жоғары жаққа" тiреп қойып өз мойындарына ешқандай жауапкершiлiктi алмайтындар. Осылайша олар өздерiнiң қандас бауырларын, отандастарын пара беруге мәжбүрлейдi. Қазiр пара алу мен берудiң жолдары да көп. Сондықтан, қоғамның қай саласын алсаң да:

" Жаман адамға iсiң түссе

Жаныңды сұрар шешуге," –

деген жағдайға келiп тұрғаны да рас.

Парақорлықтың кең етек жаюының себебi неде? Көпшiлiк бұл сұраққа тiршiлiк ету қымбат, ал жалақы төмен деп жауап бередi. Басқа да түрлi пiкiрлер жеткiлiктi. Бұлардың бәрiн ести отырып, бiр ойдың ең аз айтылатыны таң қалдырады. Ол адамгершiлiк құндылықтары беделiнiң ақшаның беделiнен төмен қойылуы. Менiңше, бүгiнгi қоғамның парақорлық дертiнiң ең бiр басты себебi осы.

Ал ендi бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Менiңше, ондай жол бар. Ол үшiн елiмiздiң әр азаматы өзiн Қазақстанның бiр бөлшегiмiн деп танып, мемлекеттiк мүдденi ту етiп, өзiнiң қоғам алдындағы құқы мен жауапкершiлiгiн қоғамдық өмiрде заң шеңберiнде қолданылуын талап етiп өмiр сүруi қажет. Себебi, әдiл қоғам өзiнен өзi құрылмайды.

Римдi өзiне қаратқан Аттила-Едiл батырдан Теодоз деген римдiк ақсүйек: "– Сiз қай тектi атаның ұлысыз?" – деп сұрапты. Сонда Атилла бабамыз: "– Мен тектi ұлттың ұлымын!" – деп жауап берiптi. Егер Қазақстанның әр азаматы өзiн Аттила бабасындай тектi ұлттың перзентiмiн деп таныса алынбайтын қамал, шешiлмейтiн мәселе жоқ.

Бердалы ОСПАН

Серіктес жаңалықтары