АБЫЛАЙ АЛАҢЫНДА

АБЫЛАЙ АЛАҢЫНДА

АБЫЛАЙ АЛАҢЫНДА
ашық дереккөзі
213

(МҰҢТОЛҒАУ)

Сұлулықтан өлке бұл жанған бағы,

Сұқтантар ойдым-ойдым ормандары.

Суретшiнiң самғаған қиялымен,

Салынған суреттей қолдан бәрi.

Шыңға шықсаң, кетесiң тұлғаланып,

Көп көлдiң көк суынан сырға қанып.

Оқжетпестiң үстiнде дараланып,

Басыңа келедi ойлар бiр қаралық.

Әр келген сайын. Бiр жыр ала кетем,

Көкше, сырға қандыр деп талап етем.

Қалың ойға жiберер шын батырып,

Абылайдың алаңы алабөтен.

Ойға қалай батпайсың орманында,

Себеп көп толғануға, долдануға.

Ойларына не келсе, соны iстеуде.

Тұрғандар билiк тiзгiн қолдарында.

Шындықты айтпай қалай дамылдаймын,

Ақынның ақ жолынан жаңылмаймын.

Үш жүз боп не түйiндi шешкен елiм.

Ақ сөйлеп алаңында Абылайдың.

Абылай ақыл-ойы өрiстi адам,

Елдiкте жасамаған терiс қадам.

Хан кеңесте үш биге билiк берiп,

Алаламай Үш жүздi тең ұстаған.

Бар қазақ бiр-бiрiмен ағайын деп,

Өшiрмеген тұрғанды жанайын деп.

Бiр жүздi өзгесiнен артық қойып,

Бөлмеген Адай, Арғын, Жалайыр деп.

Дәлелдеп керегi жоқ ұқтырудың,

Ағайынды алалау шықты бүгiн.

Қазанның қос құлағын ұстағандар,

Шөмiштен қысып жасар "мықтылығын".

Шындықты ат байлайтын қазық еттiм,

Белгiлi өкпесi мен назы көптiң:

"Төле би" мен "Әйтеке" аман тұрып,

Жабылған неге ауданы Қазыбектiң.

Бабалар бiлген бiрлiк қасиетiн,

Аталы сөзге бұрын бас иетiн.

Ұрпағы неге бүгiн сақтамайды,

Ұлы би — Төле бидiң өсиетiн.

Жасырмасты жасырып қаламын ба?

Малсыз қап жатқаны анау дала мұнда.

Ерiксiз еске түстi жанға батып,

Осы ойлар Абылайдың алаңында.

Қамыққан билер халық қамын ойлап,

Ас iшiп жүрмеген тек малын айдап.

Бiр сүйем жердi жатқа бермеймiз деп,

Үш жүз боп жауға шапқан "Абылайлап".

Жер саудада. Несiне шаттанамын,

Ұлы далам – мақтаным, бақ таланым.

Жатқан жоқ орыс жаулап, қытай шауып,

Сатып жатқан өзiмнiң датқаларым.

Айтатын жыр-мұңым көп тұрған ойда,

Бiр құмалақ бар майды былғамай ма?

Казинолар шұбырып көшiп келмек,

Қауiп төндi жәннат жер Бурабайға.

Казиноға қалталы төре келер,

Iлесiп жезөкшелiк ере келер.

Киелi жер айналып жынойнаққа,

Жамандық өрттей қаулап өре берер.

Батпасын халық қайғы, дала мұңға,

Орнасын дұрыс қоғам қала-қырда.

Шешейiк Үш жүз болып түйiндi бұл,

Бас қосып Абылайдың алаңында!!!

Кемсiтуден арқам бұл жауыр әлi,

Жүрек сыздап, бас мәңгiп ауырады.

Қолдасын жердi жатқан жiберткiзбей,

Абылай мен үш Бидiң аруағы!!!

САЙТАННЫҢ СОЙҚАНЫНАН САҚТАН, ҚАЗАҚ!

Сатуда дiнiн жастар үгiтке ерiп,

Сұмдықты бұрын мұндай бiлiп пе едiк.

Шабуылды үдеттi жатдiндiктер,

Қойнында – тас, ал өзi күлiп келiп.

Адасқан қайран қазақ ұл-қыздары,

Жайнаған жағадағы құндыздары.

Халқымның қалай болар болашағы,

Бiр-бiрлеп сөнiп жатса жұлдыздары.

Бейқамдықтан жол қайсы арылатын?

Ызадан боп отырмын жарылатын.

Таптауда кiргiзiп өз дiндерiне,

Миссионер ұлтымыздың ар-ұятын.

Өз дiнiнен безуде ұялы ұлдар,

Не масқара!

Қазақтар, ұялыңдар.

Қайтемiз?

Ортаға ойды салсаңдаршы,

Халқының қамын ойлар зиялылар.

Бұзып жатыр күйiң мен өлеңiңдi,

Жұлып жатыр шымылдық-желегiңдi.

Түнде емес, күндiз келiп, көз алдыңда,

Қиып жатыр ақ қайың, терегiңдi.

Маңқиып тұрғанда бiз – түйе қазақ,

Иектеп, қамап қайғы, жүредi азап.

Қыңқ етпей қанша жүндеп жатсадағы,

Қоймаймыз қоймiнездi,

Мiне, ғажап!

Әлi де шала ұйқыда жатқан қазақ,

Аңқаулықтан сор-қайғы тартқан қазақ.

Қашанғы жүресiңдер ауыз ашып,

Сайтанның сойқанынан сақтан қазақ!!!

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК

Серіктес жаңалықтары