ТУРИЗМ – ТӘНГЕ ЛӘЗЗАТ, ЖАНFА АЗАП
ТУРИЗМ – ТӘНГЕ ЛӘЗЗАТ, ЖАНFА АЗАП
Таяуда Қазақстан әуе кеңiстiгiнде жантүршiгерлiк оқиға орын алды. Скат авиакомпаниясына қарасты "Боинг 757" ұшағының бортында ашуға булыққан жолаушылар стюардессаға пышақ кезенуге дейiн барған. Шатақ шығарушы Нұрмановаға әуедегi қызмет көрсету жақпай қалыпты. Оның сөзiн қолдай кеткен үш ер адам ұшақ жолаушыларының зәре-құтын алған. Алматы авиациялық көлiк прокуроры Николай Емның хабарлауынша, Таиландтан Алматыға ұшып келе жатқан ұшақта қазақстандық 4 азамат ұшақ экипажы мен 231 жолаушыға қоқан-лоққы көрсеткен. Сондықтан бұл ұшақ дереу қонуға мәжбүр болды. Әуе көлiгiн аэропортта полиция қызметкерлерi күтiп алды.
"Аталмыш оқиғаға қандай анықтама беруге болады? Әлде бұл оқиғаны мақсатсыз террорлық әрекетке жатқызамыз ба? Елiмiздегi туризмнiң түрi де осы деңгейде ме?" деген ой келедi. Шетел асқан елiмiздiң туристерi ылғи да осындай айқай-шумен оралатыны әдетке айналып бара жатқандай. Жақында отандастарымыз Мысыр мемлекетiнде бiраз даурығып қалды. Себебi, Қазақстан тарапы Мысырға ұшатын рейстердi тек Таиланд бағытына ауыстырғандықтан жат елде елеусiз қалып қойған туристер елге әрең оралған-ды. Сонда Қазақстанға келетiн туристер де осындай күй кеше ме?
"Мың рет естiгенше, бiр рет көр" деген қағиданы еске тұтқан ағайындарымыз жаһандық қаржы дағдарысын елеместен әлем елдерiн аралағанды жөн көруде. Әсiресе, отандастарымыздың басым көпшiлiгi Таиланд, Түркия, Египет, Араб Әмiрлiгi және Үндiстан бағытына сапар шегедi екен. Алайда туристердi қабылдаушы мемлекеттерде ортақ тiл – ағылшын тiлi болғандықтан, тiл бiлмеушiлiк үлкен кедергi болып отыр. Бiрақ дәп Қазақстанға келген туристер мен саяхатқа шыққан өз отандастарымыздың қатары сиреген жоқ.
Туризмге қатысты өткен жылдың қорытындылары әлемнiң қайбiр елiн алсаң да қуантарлықтай бола қоймаған. Бұл сала әлемнiң бiрталай мемлекеттерiнде қазынаның басты құраушы факторы болғандықтан, туризмнiң тоқырауының экономикаға әсерi айтарлықтай болды. Жоғарыда аталған елдердiң көпшiлiгi туристердiң есебiнен күн көрiп отырғанымен әлемдiк қаржы дағдарысының салдарынан жер шарының түкпiр-түкпiрiнен ағылатын саяхатшылар қатары кемiп қалды. Ресейдiң туроператорлары туризм нарқының 30 пайызға кемiгенiне өкiнiш бiлдiрiп отыр. Саяхатшылар да Сiбiр асуды қысқартқан көрiнедi. Бiрақ, бiзде жағдай мүлде бөлек сипат алып келедi. ҚР Туризм және спорт министрлiгiнiң басшысы Темiрхан Досмұхамедовтың айтуына қарағанда, 2009 жылдың соңғы 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанға келушiлер саны арта түскен. Әрине, бұл көңiлге үмiт ұялататын көрсеткiш. Сондай-ақ шетел асатын отандастарымыздың қатары да көбейiп, 10,7 пайызға жеткен. Бұл көрсеткiш былтырғы жылмен салыстырғанда әжептеуiр нәтижеге қол жеткiзгенiмiздi байқатады. Десе де шетел аттанатын туристер барған мемлекеттiң ғана қалтасын қампита түседi, бiрақ, жалпылама алғанда одан бiзге келер пайда аз. Отандастарымыздың басым көпшiлiгi Қытай мен Қырғызстан территориясына визасыз, күнделiктi өтiп келу мүмкiндiгiне ие. Сондықтан, бұл сапарды туристiк саяхат деп қарастырмайды. Ал Қорғас кеденi арқылы Қытайға күнделiктi 800-900 адам барып қайтады. Алайда, бұл сапардың бiрде-бiрi туризмге жатқызылмайды.
Айтқандай, Лондон қаласында жыл сайын өткiзiлетiн дәстүрлi "World Travel Market – 2009" көрмесiнде Қазақстандағы туризмнiң қанат жайып келе жатқаны баса назар аудартты. Әсiресе, кейiнгi онжылдықта этно және экстримтуризмның даму процесi үдере түскен, сондай-ақ Ұлы Жiбек жолының бағыттары шетелдiктердi қатты қызықтырғаны да тiлге тиек болды.
Ежелгi ұлы бабаларымыз иелiк еткен ұлы керуен жолы – Қытайдың Ши-ан деген жерiнен басталып, Шыңжаң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа, Кавказ бен Қара теңiз жағалаулары, Жерорта теңiзiне баратын керуендiк жол бағыты. Бұдан 3-4 мың жыл бұрын шығыс пен батыстың аралығындағы дәнекерге айналып, өркениеттердi өзара тоғыстырды. Кейiннен, яғни VII ғасырдан кейiн, теңiз қатынас-тасымалы қарқынды дами түстi де, "Жiбек жолы" бiртiндеп екiншi орынға сырғыды. Бiрақ ХIII ғасырға дейiн шығыс пен батыс қатынасының маңызды жолы болып қала бердi. Сандаған мың шақырымға созылған керуен жолы сауда-саттықты ғана дамытып қойған жоқ, елтану, жертану өркендедi. Қазiргi тiлмен айтқанда туризм саласы осы кезде оңтайлы жолға қойылды. Себебi, керуенге ешкiм қол тигiзе алмаған. Мiне, осы жол Қазақстан жерiн басып өтетiндiктен, шетелдiктер тарихи жол тармақтарын көруге асық.
Қазақстанға келушiлер қатарын көбейтiп отырғандар – iс сапармен келген шетелдiктер. Әйтсе де бұл жайтқа Туризм және спорт министрлiгi бәлендей бас қатырып отырған жоқ. Есесiне 2010-2011 жылдары Алматы-Астана қалаларында өтетiн қысқы олимпиада ойындарына шетелден туристердiң ағылары анық. Әлемнiң 30 елiнен спортшылар, сонымен қатар спортшысын бәйгеге қосқан елдерден көптеп туристер келетiнi бесенеден белгiлi. "Алдағы жылдары Қазақстанға 14 миллионға жуық туристер келуi мүмкiн", – дедi Қазақстан Президентi Н.Назарбаев Елордадағы Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында өткен Дүниежүзiлiк туризм ұйымы Бас Ассамблеясының 18-шi сессиясының ашылу рәсiмiнде. Сондай-ақ бұл жиында Н.Назарбаев 2008 жылы елiмiздегi туризмнен түскен жалпы кiрiс 74 миллиард теңгенi құрағанын айтты. Бұл көрсеткiш, әрине, алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Десе де дүниежүзiнде пайдасы жағынан туризм саласы үштiкке кiретiнiн естен шығармаған жөн.
Туристер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық ендi етек алып келедi. Әсiресе, Қытай, Жапония, АҚШ елдерiнiң саяхатшылары елiмiзге келмек ниет танытып отыр. Қазақстандық туристiк фирмалардың маркетингтiк зерттеулерi бойынша алдағы жылдары Қазақстанға Еуропадан және Азиядан он төрт миллионға тарта туристер келедi деп күтiлуде.
Аталмыш жайттардың iс-жүзiнде қандай сипат алып келе жатқанын бiлу үшiн "Аkzhol agency" турфирмасының бас менеджерi Светлана Дроздованы сөзге тарттық. Қазiргi таңда елiмiздегi туристер көп баратын орындар Шарын, Түрген, Ақсай және Есiк шатқалдары екенiн, қаланың төңiрегiнде орналасқан осы аумақтарға бару үшiн де жергiлiктi халық туроператорлар көмегiне сүйенетiндiгiн айтты. Сонымен қатар алдағы қысқы олимпиада дайындықтарына тоқталды. – Биыл қысқы олимпиада өтетiн Ванкувер қаласына дүниежүзi елдерiнен мыңдаған туристер ағылып жатыр. Бұл деген керемет қаржы көзi. Пекинде өткен олимпиададан кейiн жергiлiктi билiк қоржынына миллиардтаған пайда келдi. Сол сияқты елiмiзде өткiзiлетiн қысқы ойындарға келетiн туристерге жақсы қызмет көрсетiлу үшiн арнайы орталықтармен, қонақүйлермен және авиакомпаниялармен келiссөздер жүргiзiп жатырмыз, – дедi. Сондай-ақ, аталмыш фирманың мәлiметiнше, қазiргi таңда Алатау шатқалдары халықтың жиi баратын демалыс орындарына айналған. Ал шетелдiк, әсiресе, Таиланд, Түркия, Малайзияға барушылар саны жылдың қай мезгiлiнде де көптеп кездессе керек.
Ақниет ОСПАНБАЙ