ӨҢ МЕН ТҮСТIҢ АРАСЫ...

ӨҢ МЕН ТҮСТIҢ АРАСЫ...

ӨҢ МЕН ТҮСТIҢ АРАСЫ...
ашық дереккөзі
435

(23 жылдан кейiн Димаш ағаға жорытқан бiр түсiм жөнiнде)

Бала күнiмiзде үлкендердiң аузынан "Адамның басы — Алланың добы", "Түс түлкiнiң боғы", "Қазақ ырым етедi, ырымы қырын кетедi" деген сияқты тұспал сөздер мен мақал-мәтелдердi жиi естушi едiк. Басқасын қайдам, дуалы ауыз қариялардың өзi аса мейiрбан, парасат иесi деп мадақтайтын жаратушы Алланы, адамның басын доп қып тебетiн ойын баласына теңегендей болғанына илана алмай, екiұдай күй кешушi едiк.

Өмiрдiң талай бел-белесiн артқа тастап, тауқыметтi тағдыр талқысына сан мәрте түсiп жүрiп "Лаухул Махфуз" кiтапшасының соңғы тараушаларын парақтап отырған мына шағымызда, әңгiме арасында өзiмiз де "Адамның басы — Алланың добы" дегендi шынымен-ақ өмiр ақиқаты ретiнде күмән-күдiксiз мойындайтындығымызды айтып жүрмiз.

“Көресiңдi көрмей көрге кiрмейсiң” дегендi қазақ қатыгездiгiнен емес, маңдайға жазылған тағдырға мойынсал болғандықтан айтқан болар.

Иә, сонымен, бүгiнгi әңгiмемiздiң тақырыбына орай айтар сөзiмiз қазағым қосарлай тақпақтайтын дидар ғайып, нәсiп ғайып дегендей, ел ағасы, жұрт мақтанышына айналған Димаш көкемiздi өз көзiмiзбен көрiп, өз құлағымызбен ұлағатты әңгiмесiн тыңдап қана қоймай, өз қолынан дәм тату мүмкiндiгi туған 1992 жылдың 25-қыркүйегi күнiне арналады.

Мен ол кезде Қазақстан теле-радио комитетiне қарасты "Алатау" каналында журналист болып iстеп жүрген едiм. Дәм айдап, сол жылдың 30-наурызынан 1-шiлдесiне дейiн Түркия жұмһриятының үшiншi астанасы болған Стамбұл қаласында болып түрiк тiлiн үйренiп қайтқан болатынмын. 90 күн бойы, күндiз-түнi дерлiк түрiк тiлiн үйренуге барымды салып, едәуiр сауаттанып қайтқан едiм. Баяғы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атамызша осы сапарда қайтсем де "түрiк тiлiн үйренем, һәм хатымен" деп өзiме-өзiм серт бергенмiн.

Түрiк тiлi – жалпы түрiк халықтары тiлдерiнiң көптеген ерекшелiктерiн бойына сiңiрген әрi түсiнiктi, әрi түсiнiкке өте ауыр тiлдердiң бiрi. Лексикалық жағынан қазақ тiлiне жақындығы басымдау болып көрiнсе де, грамматикалық жағынан ұйғыр, өзбек, әзiрбайжан тiлдерiне жақындығы айқын көрiнедi. Мен ол тiлдерден әсiресе, ұйғыр тiлiн жетiк бiлгендiктен түрiк тiлiн меңгеруге сонша зорлана қойған жоқпын.

Бiз Стамбұлда 45 күн түрiк тiлiнен бастауыш бiлiм курсынан өттiк те, 45 күн бойы бүкiл Түркияны оңтүстiктен солтүстiкке, шығысынан батысына дейiн аралап саяхат жасадық, оқу орындары мен теле-радио, газет редакцияларындағы әрiптестерiмiзбен кездесулерде болдық.

"Алатау" каналында бiрге iстейтiн Молдабек iнiмiз екеуiмiз "һәм зиярат, һәм тижәрәт" дегендей Түркияның көптеген тарихи орындарын камераға түсiрiп, сұхбаттар өткiзiп, Қазақстанға келген соң сол материалдар негiзiнде 4-5 құжатты түсiрiмдер берiп, түрiк елiн танытуға септiгiмiздi тигiздiк.

Мен сол кезде көп таралыммен шығып тұрған "Өркен" газетiнiң редакторы марқұм Алтынбек Сәрсенбайдың өтiнiшi бойынша "Түркия әсерлерi" деген айдармен газеттiң алты санына жолжазбаларымды жариялаған болатынмын.

Шынын айтқанда, сол тұста Алматыда Фадли Әлиден басқа қазақтан түрiкше сауатты адам жоқ дерлiк едi. Сондықтан да болар, сол тұста қазақ теле-радио комитетiнiң төрағасы Ғадiлбек Шалахметовтың шақыртуымен Түркиядан келген түрiк iскерi әрi ақын Ахмет Кочак (батыл, қайсар, жомарт деген мағынаны бiлдiредi) бастаған төрт адамдық делегацияға аудармашы ретiнде менi қосып берген едi. Мен олармен 10 күн бойы бiрге жүрiп көптеген мекемелердiң басшыларымен кездесулерiнде аудармашылық жасадым. Соның бiрi — Олжас Сүлейменовтың әйгiлi "Аз и Я-сының" марқұм Сәбетқазы Ахатаев қазақшалаған кiтабының тұсау кесерiне қатысудың сәтi түскендiгi.

Ахмет Кочак қазақтың жақсы жайсаңдары бас қосқан алқалы топтың алдында бiрiншi рет сөз сөйлегендiктен болар өте тебiренiп, толқи сөйледi. Менiң түрiкшем оның бар толқынысты, шабытты әсерiн бұзбай жеткiзуге жетпей жатқанын сезiнiп қатты толқыдым. Қамау терiм шықты бiлем.

Келесi күнi алдын ала келiсiлген уақытта — күндiзгi сағат 11-де, сол кезде теле-радио комитетiнде бас экономист болып iстейтiн Серiк Пiрiмбетов бастаған төрт түрiк, екi қазақ қадiрмендi ақсақалымыз Дiнмұхамед Ахметұлының үйiн бетке алдық.

Басқаны қайдам, мен ерекше толқып, пiрдiң қолын алуға бара жатқан мүриттей өзгеше күйге түсiп едiм. “Құдайым-ау, мен шынымен күнi кеше ғана теледидардан болмаса қарасын да көрмеген үлкен адаммен кездесетiн болғаным ба? Жақыннан көргенде қандай әсер қалдырар екен, қалай болар екен” деп қобалжумен болдым

Фурманов пен Қонаев көшелерiнiң аралығындағы Қонаев ескерткiшiнiң оңтүстiк батыс жағындағы кiреберiсi терiскейге қараған екi қабатты үйдiң екiншi қабатына көтерiлiп, қарсы есiктi ашқанда, iшiнен еңсегей бойлы iрi адам — кәдiмгi теледидардан көрiп жүрген Димаш ағаның өзi шығып көтерiңкi дауыспен:

— Ал, жiгiттер, бауырларым, хош келдiңiздер, төрлетiңiздер деп жағалай қол алысып, оң қол жақтағы есiктi ашып iшке кiргiздi.

Бұл, Димекеңнiң жұмыс бөлмесi екен. Оңтүстiктен солтүстiкке қарай созылған шағын бөлменiң бiр қабырғасы толған әр кездерде, әр ел басшылары сыйлаған бағалы сыйлықтар, қымбат оттықтар, аңшы мылтықтары, қанжарлар мен пышақ, бәкiлер екен. Ал, екiншi бiр қабырғада кiтап сөресi сiресiп тұр.

Димаш аға көсiле сөйлеп отырды. Әңгiме ауаны өзi басшылық еткен жылдарда Қазақстанда қандай өзгерiстер болды, қандай iрi құрылыстар салынып, кен орындары ашылды, ауылшаруашылығы мен малшаруашылығы қалай дамыды, оқу-ағарту мен мәдениет-әдебиет қалай қарқындап өркендедi, СОКП делегациясын бастап қандай елдерде болып қайтқаны, сол қатарда Түркияға да екi рет барып қайтқанын тәптiштеп айтып шықты.

Мен шамамның жеткенiнше ол кiсiнiң сөзiн толық жеткiзуге тырыстым, әрине қинала-қинала, осы барыста мен iштей:

“Бұларды мына түрiктерге тәптiштей әңгiмелеудiң не қажетi бар едi, одан да қазақ халқының басынан өткен зұлматтарды айтып, тәуелсiздiк жөнiнде неге мадақ сөз айтпады”, деп ренжiгендей болғаным рас едi.

Менiң ойымды дөп басқандай-ақ Димаш көкем қазақ халқының басынан өткен не бiр ауыртпалықтарды тiзбелей жөнелдi. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi жөнiнде, азамат соғысы тұсындағы ақ пен қызылдың табаны астында қалып қырылған, қорланған қазақтар жөнiнде. 1920, 1930-1933-жылдар аралығындағы қолдан жасалған ашаршылық барысында қынадай қырылған қазақтардың аянышты тағдыры жөнiнде, әсiресе 1937-1938 жылдардағы Сталиндiк қан-қасап жөнiнде нақты сараптамаға бергiсiз дәлдiкпен санды мәлiметтер келтiрдi.

— Бауырларым, қазақ халқы шынымен мың өлiп, мың тiрiлген халық, тапқанынан жоғалтқаны көптеу болған. Ең аяныштысы, қазақ ата дiнiнен, ата дәстүр салтынан, ана тiлiнен айрылып орыстанып, ұлттық қасиеттерiнен бiржола айрылып қала жаздадық. Мен билiк басында ширек ғасыр отырдым. Осылардың бәрi менiң көз алдымда болып жатты. "Сапты аяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған" заман едi ғой деген сөздiң түрiкше баламасын таба алмай қиналғаным әлi есiмде.

Менiң қолымнан бар келгенi, қазақ мәдениетiн көтеру үшiн қажеттi қаржылық, материалдық мүмкiндiктердi молынан қармап қалуға, сондай-ақ жоғарғы және орта оқу орындарындағы қазақ жастарының санын көбейтуге баса назар аудардым. Қазақ жастары Алматы сияқты орталық қалаларда тұрақтап тұрып қалуы үшiн қалаға уақытша тiркеуге алуға, сол үшiн жатақханаларды көптеп салуға Мәскеудiң келiсiмiн досым Л.Брежневтiң емеурiнi арқылы қол жеткiздiм. Бiрақ көп нәрсеге қолым жетпедi, жеткiзе алмадым Саясаттың әуенiне елтiп асыра сiлтеп жiберген кездерiмiз де аз болған жоқ.. Әсiресе, бiр өкiнiшiм, қой санын 50 миллионға жеткiзу деген көпiрме ұранмен қазақ жастарын жаппай "комсомолдық жастар бригадасы" дегенге жұмылдырып, исi қазақты қойшы халыққа айналдырып жiбере жаздағанымды кеш түсiнiп, қатты өкiндiм…

Димаш аға өз әңгiмесiне ынты-шынтымен берiлiп кеткенi сонша, менiң ол кiсiге iлесiп аударма жасауым тiптi қиындап кеттi. Ол кiсi одан әрi де талай әңгiменiң басын қайырды. Бiр кезде сағатына қарап:

— Ой жiгiттер, түскi тамақ уақыты өтiп барады екен ғой, қой, шалдың әңгiмесi сендердi зерiктiрiп те жiберген болар, сөздi доғарайын. Мұсылманшылықта "алдымен тағам, содан кейiн қалам" деген де сөз бар ғой, — деп күлiп кiрген есiгiмiзден шығып қарсымыздағы шығыстан батысқа қарай созылған ұзын столды қонақ бөлмесiне қарай жүрдiк.

Мен үй iшiне бiртүрлi таңданыспен, мынаны қайдан, қашан көрдiм деген сұраулы көзбен назар аудардым.

Иә, шынымен мына залда, жаңағы өзiмiз отырып шыққан бөлмеде бiр кезде болғаным анық…. Қиял құсым шартарапқа шарлап ұшып шарқ ұруда… "Қайдан көрдiм" дейтiн бұлдыр елес маза берер емес.

…Иә, мынау екiншi қабатта, дәл мына шығыс қабырғасымен түстiк қабырғасын тұтастай алып жатқан ақ торлама перденi, әйдiк терезелер, ұзын ас столы… iшкi бөлме бәр, бәрi маған таныс, иә, көргем, болғам… Бiрақ қашан, қай кезде?.. О, есiме түсейiн дедi, иә, сонда, сол кезде… мiне ғажап…

Мен өз ойыммен өзiм борлып кетiп, қайда тұрғанымды, аудармашылық қызметiмдi есiмнен шығарып алып ұятты бола жаздадым. Димаш аға сөйлеп тұр екен.

— Әй, түрiк бауырларым, сендерге Еуропа мен Азияның тiптi Америка мен қара Азияның тағамдары таңсық емес екенiн жақсы бiлемiн. Сондықтан мен сендерге қазақтың сүт өнiмдерiнен жасалған тап-таза қазақы тағамдармен шәйлендiргiм келдi. Бiздiң үйдегi шешелерiң о дүниелiк болып кеткелi бiраз болды. Ол кiсi болса ғой, жағдай тiптi басқаша болар едi. Мына дастарқан мәзiрiн дайындаған менiң келiнiм, балам Елдардың үйiндегi келiн ғой. Кәнеки, дәм ала отырыңдар деп өзi бастады.

Дастарқан мәзiрiне сол кезде назар аудардым, жент, ақталған тары, тары, жүгерi жармасы, құрт пен iрiмшiктiң түр-түрi, сары май, кiлегей, бал, жемiс-жидектiң түр-түрi, тәттiлер рет-ретiмен тiзiлiп қойылған екен.

Сәлден кейiн Димаш ағамыз маған күлiмдей қарап алды да:

— Өй мына жiгiттерiң Еуропаға жақындау елдiң азаматтары ғой, әлгiге қалай қарайды екен? — iшiмдiктiң ишарасын жасағаны сол екен, Ахмет Кочак бастап:

— Ағамыз у берсе де iшемiз,— деп ду ете түспесi бар ма?

Менiң аудармашылығым бұл тұста керек болмай қалғанына таң қалдым.

— Жөн, жөн, өздерiң бiлесiңдер, бiз 70 жыл бойы құдайсыз қоғамда, дiнсiз ортада өмiр сүрдiк. Орыстар бiздi әбден үйреттi жаман әдеттерге, әйтсе де, иншалла бiз де мұсылманбыз, ата-бабамыз да мұсылман болған. Бiз мұсылманшылықтың Қанафия мазһабын ұстанған халықтың ұрпағымыз.

Қазақта “ауру батпандап кiрiп, мысқылдап шығады, мұсылманшылық әсте-әсте” деген сөз бар. (Ой бұл сөздердiң түрiкше мағынасын жұлмалап жүрiп әрең жеткiзгендей болып едiм-ау), орыстардан үйренген әдетiмiз бойынша мына ащы судан да дәм татқызайын деп тұрмын, мынау, – деп пирамида тақiлеттi үш бұрышты бұж-бұж өрнектi ақ арақ шишасын көрсетiп тұрып, — мынау бiздiң кешегi "тiрi" кезiмiзде, Саяси Бюро мүшелерiне берiлетiн айрықша сыбаға болатын. Соның соңғы сарқытындай болып осы қалыпты, — деп шағын хрусталь рюмкаларға құя бастады. Өзi сөз бастады.

Димаш ағадан кейiнгi сөз кезегiн алған Ахмет ақындық леппен бiраз шалқи сөйлеп, Түркиядағы шеберлерге арнайы тапсырмамен асыл тастардан жасатқан Түрiк мемлекеттерiнiң картасы түсiрiлген қымбат тарту-таралғысын ұсынды. Сондай бағалы сыйлықтың бiреуiн Олжас Сүлейменовке, "Аз и Я-ның" тұсау кесерi өткен жыйында табыстаған болатын. Димаш көкем асыл бұйымды аялай сыйлап, алғысын бiлдiрдi.

Кезектi тостар көтерiп жатты. Кезектi сөз, әдеттегiдей аудармашыға ең соңында берiлдi. Мен залды көзiммен көктей шолып Димаш ағаға қарап тұрып былай дедiм:

— Аға, мен тос көтерiп, сөз сөйлемей-ақ қояйын, рұқсат етсеңiз осы үйге кiргелi мазамды алған бiр елес туралы, нақтылап айтқанда, осыдан тұп-тура 23 жыл бұрын көрген бiр ғажайып түсiмдегiлердi өңiмде көрiп тұрғанымды айтқым келiп тұр. Сiз түске сенесiз бе, ал менiң сенбеуге еш мүмкiндiгiм қалған жоқ,— дедiм елпiлдеп.

— Иә, айта ғой, ол қандай түс едi? Жалпы өз басым түс туралы өзгеше пiкiрдiң адамымын. Менiң әкем де, аталарым да дiн iлiмiне жетiк, тақуа адамдар болған. Менi де дiни сауаттылар қатарына жатқызуға болады. Ал, түс көру деген, түстi жору деген аса күрделi, тылсыматқа толы бiр құбылыс деп бiлем. Әдетте түс үшке бөлiнедi. Алланың рақым-шапағатынан хабар бере алатын сүйiндiрiп, қуандыратын түс, жын-шайтан араласып кеткен ренжiтушi түстер және адамдар күнделiктi көп ойлап, алаңдауларының жаңғырығындай болған қарапайым түстер болады деп отырушы едi, марқұм әкем. Ал, айта ғой, қарағым, ол қандай түс едi? — дедi ерекше iлтипат көрсете.

— Димаш, аға мен өзiм Қытайда туып-өскен адаммын. Жоғары бiлiмдi де сонда алдым. Өзiңiз Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы болып тұрған 1969 жылдың 2-сәуiрiнде шекара бұзып Қазақстанға өтiп едiм. Ол кездегi жағдайды жақсы бiлесiз. Бiздiң қалай, неге келгенiмiзден жақсы хабардарсыз…

— Е,е, есiмде, 1969 жылы Қытайдан бiраз жастар шекара бұзып өткенiнен хабардармын, солардың iшiнде келген екенсiң ғой… иә, сонымен түсiңдi айтшы,— дедi Димекең.

— Мен сол жылдың тамыз айының бiр түнiнде көрген түсiмде, осы залды, мына ақ перделi терезелердi, терезе алдындағы анау гүлдер мен ағаштарды көргенмiн. Мен осы зал арқылы сiздiң мынау жұмыс бөлмеңiзде Л.Брежнев екеуiңiз отырған столға алтын табаққа салынған қойдың басын апарып берген болатынмын, мiнеки, сол көрiнiстi 23 жыл өткеннен кейiн қайталай көрiп таң-тамаша болып тұрмын. Сол кезде көрген түсiмдi қасымдағы жолдастарма айтып беремiн деп бiраз күлкiге қала жаздағанмын. Олар:

— Өй, адам деген түс дегендi, артына қарап көрмей ме екен. Қонаев пен Брежнев кiм, сен кiм?— деп күлген едi.

— Иә, қызық түс екен. Аяни түс деуге де болар. Ал, айта қойшы. Содан берi өмiрiң, тiршiлiгiң қалай болды? Бала-шаға, келiн бар шығар, жұмысың қалай? Ойлаған ойларыңа, арман-тiлегiңе қол жеткiзе алдың ба? Әлгi түсiңде көрген екi шалдың бiр шарапаты тидi деп ойлайсың ба? — деп бастырмалата сұрады.

Мен өз өмiр кешiрмелерiмнен қысқаша мағлұмат бердiм: “Көп қиыншылық та көрдiм. Бiрақ, сүрiнген жерде жығылмай, жығылған жерде үйелеп жатып қалмай ылғи алға жылжып отырдым, шүкiршiлiк етем осыған да” дедiм.

— Е, онда жаман болмапсың, келiнге, балаларға менен сәлем айт. Мынау шақпақ құрттарды апаң көзi тiрiсiнде өзi жасатқан едi, балаларға ала барып ауыз тигiз, деп 3-4 құрт бердi.

— Рахмет, балаларыма, әсiресе келiнiңiзге мақтанып, әлдеқалай болып баратын болдым ғой,— деп күлдiм.

Бiздiң өздерiне түсiнiксiздеу әңгiмемiздiң аяқталуын тықырши күтiп тұрған Ахмет Кочак, тамағын кеней сөзге араласты:

— Аға, Сiз, қазақтың ғана емес, бәрiмiздiң, күллi түрiк халықтарының ағасысыз, қамқор әкесiсiз, бiз солай құрметтеймiз сiздi. Халқыңызға көп еңбек сiңiрдiңiз, осы барыста көп қиналып, көп азап та тарттыңыз. Орыстардың ойлағанындай болғанда сiз бұл уақытта түрмеде отырар ма едiңiз, әлде бұл өмiрде болмас та ма едiңiз. Аллаға мың шүкiр, мiнеки, сiзбен дидарласып қолыңыздан дәм тату нәсiп болыпты, бiздерге. Апамыз иманды болсын, жатқан жерi жайлы болсын! Ол кiсiнiң саусағы тиген құрт пен iрiмшiктен дәм таттық.

Сiз әбден шаршадыңыз ғой, қасыңызда апамыз да жоқ. Сондықтан бiз сiздiң көңiлiңiздi көтерiп, сергiту үшiн, демалдырып, денсаулығыңыздың жақсаруына септiгi тие ме деп Түркиямызға бiраз күнге қыдырып қайтуға шақыра келдiк. Қолымыздан келгенiнше бар жағдайды жасауға тырысамыз, тек сiздiң “мақұл” деген бiр ауыз сөзiңiз болса жетедi, — дедi.

Мен ол сөздердi толық аударып болғанша Димекең бiртүрлi таңданыс сезiмiн жасыра алмағандай тағатсыздана маған қарап:

— Өй, ол қалай болар екен, оның жөнi келмейтiн шығар, бiз, бiз деген, — деп күмiлжiгендей болған соң, мен дереу өзiнiң саяси сенiмсiздiктен әлi толық азат болмағанын, шетке шығуға рұқсат етпейтiнiн айта алмай тұрған шығар деп, оны қалай айтса болар екен деп, әре-тәре күй кешiп тұрғанымда, Димекең бәсең дауыспен:

— Әй, балам-ау, бiзде, әлгi шетке шыққандар жұмсайтын көк қағаз дегендерiң болған емес қой, оның қисыны жоқ та ғой, — деп күмiлжiгенiн түрiктер аудармасыз-ақ түсiне қойса керек. Мен де сол жайды түсiндiре бастап едiм, Ахмет Кочак асыға сөйлеп былай дедi:

— Сiз, ағаға жөндеп айтып берiңiз, мәселе былай, аға сiз бiзге келiсiмiңiздi берсеңiз болды, қалған жұмыстың бәрiн өзiмiз тындырамыз қашан, қанша уақытқа барғыңыз келедi, ұшақпен де, кемемен де, арбамен де, қысқасы қалаған көлiгiңiзбен, қалаған жерiңiзге апарып демалдыруға шамамыз келедi. Қаражат туралы ойланбай-ақ қойыңыз, ол – бiздiң шаруа,— дедi

— А, солай ма, сонда қанша адам болып барсақ болады екен, мәселенки, мен өзiмнiң жеке дәрiгерiмдi алып жүруiм керек болады. Елдар бiрге бара ала ма, жоқ па, оны бiлмеймiн. Ал, мына келiнiм ағылшын тiлiнiң маманы ғой, әрi менiң жағдайымды жасап, қас-қабағыма қарап жүрген қызым ғой, сонда 3-4 адам болып қалармыз,— деп саусағын бүге бастағанда Ахмет Кочак:

— Аға, кiммен барасыз, қанша адам болып барасыз, 10-15 адам болса да ауырламаймыз. Аға, онда келiстiк қой, өздерiңiз ақылдасып, нәтижесiн мына ағаларға айтсаңыздар болды. Сiздi демалдырып, елiмiздi, жерiмiздi көрсетiп, көңiлiңiздi көтеруге дайынбыз, бәрi ойдағыдай болады, — деп рахаттана күлiп қол алысты.

Димаш көкем, ризашылығын бiлдiрiп есiкке дейiн шығарып салып, қош айтысты.

Ахмет Кочак бастаған түрiк ағайындар сөзiнде тұрып Димекеңдi бала-шағаларымен Түркияға апарып, әбден қыдыртып, көңiлiн көтерiп, аман-есен сүйiктi Алматысына шығарып салыпты. Елдiк, азаматтық, туыстық деген сондай-ақ болар.

Димаш көкемiздiң үйiнен алған әсерiм ұлан-асыр мол едi. Сол арада мен өз ойыммен, өз әсерiммен болуды қалап келе жатқан болатынмын. Иә, сол минуттарда менiң қиял-құсым қайда-қайда шарықтамады дейсiң! Түсiмдегiнi өңiмде көру, онда да 23 жыл өткеннен кейiн, Димаш көкемнiң алдында, дастарқан басында, өзiне жорыта айту орайына ие боламын деп ойлаппын ба? Апыр-ау, неткен қарапайым, неткен ақ көңiл, неткен адал жан едi. Сонау 40-50 жылдардан бергi мансап баспалдақтарын айтпағанда, Қазақстан Компартиясын ширек ғасырға жуық басқарған уақыттарда "көк қағаз" дегендi ұстап көрмегенi, Мәскеуден келген жаналғыш тергеушiлер қанша қадалса да iлгiшек таппай ит болғаны ел басқарған азаматтың тазалығы мен адалдығының, имандылығы мен қанағатшылдығының айғағы ғой.

Бұл күндерi, 10-15 жылдың iшiнде миллионер, миллиардер аталып, бүкiл дүниенi дүрлiктiрiп жүрген жемқор басшылардың ұятсыз, ынсапсыздықтарын көрiп, бiлiп отырған халық Димаш көкемiздiң перiштедей пәк қалпын бұзбай бұл өмiрден абыроймен аттанғаны қандай құрметке де лайық емес пе?!

Академик Дiнмұхамед Қонаевтың: "Тiрiлер өлгендердiң көзiн жабады, ал өлгендер тiрiлердiң көзiн ашады" дейтiн ұлағатты сөзi бар едi. Бұл күндерi Димекең де арамыздан кеткенiмен өзiнiң ұлағатты өмiр өрнектерiмен өнегелi, тағылымды өсиет сөздерiмен тiрiлердiң — сiздер мен бiздердiң көкiрек көзiмiздi ашып, мына алмағайып аласапыраңға толы өтпелi кезеңнiң бұрағай бұрыс жолдарына нұр сәулесiн шашып тұрғанына шүкiршiлiк етемiз. Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат көрiп келе жатқан, жақсылықтан күдер үзбей, “малым жанымның садағасы, жаным, арымның садағасы” деп пәктiк пен мәрттiктi ту еткен ұлы қазақ халқы барда Димаш көкемнiң киелi рухы, перiште бейнесi өшпейдi, қайта асқақтап, аспандай бередi деп сенемiн.

Әлiмғазы ДӘУЛЕТХАН

Серіктес жаңалықтары